Сабақ жоспарлары
Мысалы: Бейнелеу 1-6 сыныпқа сабақ жоспарлары
Главная » Статьи » Ғылыми жұмыстар

Ұлт-азаттық көтерілістері туралы Қытай қазақтарының тарихи жырлар
"Тарихи жыр мен шындықтың арақатынасы” деп аталатын екінші бөлімде Демежан, Зуқа, Жақыпберді, Елісқан сынды батырлардың өмірін өзек еткен "Демежан батыр”, "Зуқа батыр”, "Жақыпберді батыр”, "Үркін-қорқын” жырларының тарихи шындыққа жанасымдылығы қарастырылды. Аталған жырлардың бәрі де ұлт азаттығын көксеп, елі үшін басын бәйгеге тіккен асыл ерлер жайында. Бұл жырлардың қай-қайсысын алсақ та, жыр кейіпкерлері тарихи өмір кешкен ерлігімен дараланған қарапайым жандар. Мысалы, "Демежан батыр” жырындағы Демежан – керей, найманның үш мың үйлі жанын билеген, айналасындағыларға өте сыйлы болған жан, әрі мәнжүр-қытай отаршылдарының озбырлығына, ел ішіндегі жемқор, мәнсапқұмар басшылардың кері әрекеттеріне қарсы күрескен өз дәуірінің саяси қайраткері болған. Әке-шешеден ерте айрылып, нағашы жұртында тәлім-тәрбие алған. Жастайынан өжет, қайсар болып өсіп, ел ісіне ерте араласады. Отаршыл үстем тап өкілдері шонжарларының талап еткен ауыр алым-салығына, озбырлығына қарсы күреседі. Осы тұста қазақ пен мәнжүр, сібе, солаң, дағұр шонжарлары арасында бір-бірімен қырғи қабақ жиі болып тұратын. Мал үшін, жер үшін дау-дамайдың өрбіп тұрған дәуірі еді. Мұның үстіне мәнжүр билеушілерінің қазақ пен қазақтың арасына іріткі салып, бірін-біріне айдап салу тәсілін қолданып отырғанын қазақтар өзара білмей, түсінбей қырқысып жатқан заман болатын. Демежан осы екі қыспақтың екеуін де көрген, әсіресе, мәнжүр билеушілерінің әділетсіз айла-сұмдығына қарсы күрескен халық қаһарманы, ел ардағы. Ел қорғаны бола білген асыл ер әділетсіз басшылардың тарапынан дарға тартылып өлтірілген. Зерттеуші Зейнолла Сәнік: "Архивте Демежан 1861жылы дүниеге келіп, 1908 жылы шаһит болғандығы мәлім. Бұл деректі Тарбағатайда өткен үлкен ағартушы Сұлтан Қанапин өзінің "Демежан үкірдай хақында естелік” деген қолжазбасында да анық жазып кеткен. Қолжазба Шәуешектің бұрынғы "ортақ тіл” деп аталатын аралас тілінде жазылған, онда былай делінеді: Демежан 1908 жылы 47 жасында өлтірілді. Сүйегін консул көшесінде тұратын Жақыпжан ақсақалдың қорасына (өзбек) әкеліп, денесінен қан шығып кеткендіктен имам-моллалары "шаһит” деп бағалап, жаназасын шығарып, қанды киіммен қойды [27, Б.192-193]” – деп көрсеткен дерегіне сүйенеді. Ал зерттеуші Мәкен Баймоллаұлы: «Демежан 1907 жылы қазанның 9-ы күні өлтірілді» - деп жазады. [28,166-б.] Қалай болғанда да: 
- Ойласам өз күнімді бүйтер ме едім, 
Қайғысыз рахатта өтер едім. 
Жамандық ардан безіп ойлағанмен 
Дүниеден өлмей тірі кетер ме едім. 
Жұртым-ау, ел сасқанша жан қияйын, 
Өлместей із қалдырып, сөз болайын. 
Берсем егер жеріңді сұрағанда 
Берсем егер малыңды тілегенге 
Абырой бұдан артық табар едім. 
Мәтендер қияр жанын мен дегенде. 
Қорғадым қорқаулардан байлығыңды, 
Жүргіздім қайтпай қарсы билігімді. 
Ел үшін өлсем шейіт боламын деп 
Сақтаймын өле-өлгенше ерлігімді [29] - 
деп өткен Демежанның артында қалған ұрпағы әке ерлігін мадақ тұтып, зерттеушілерге құнды мәліметтер беріп келеді. 
Демежанның тарихи өмір кешкен ел азаттығы үшін өмірін қиған асыл ер екенін батырдың тұстасы, жақын жүрген досы Әсет пен Әріпжан ақындардың жоқтауларынан көруге болады. Әсет ақын: 
Ассалаумағалейкум, беу Қарағаш, 
Саяңа шұбырған ед тамам алаш… 
…Жәйіліп төрт тарапқа даңқы кеткен 
Кешегі ер Демежан иең қайда? 
…Қарадан хан боп туған қайран Декем, 
Бір саған қас қылғанды құдай атар. 
Жарасқан ақ ордаға қайран Боздақ, 
Көшірді-ау құдайдан соң солаң қозғап. 
Ханым мен ханыша болған қатын-балаң 
Қолында әлде кімнің кетті-ау боздап… 
[27, 111-б.] 
- деп жоқтаса, Әріпжан Жанұзақұлы жанына жара салған қайғылы қазаға өкінеді. Демежанды халықтың қалаулы азаматы ретінде жоқтайды: 
Сабазым, артық туған кемеңгерім, 
Солаңның тұмсыққа ұрған жемеңгерін. 
Көре алмай төрт үкірдай болды күндес 
Мәртебең дутыңменен теңелгенін. 
Ханзудың ерте біліп тіл мен заңын, 
Халықтың жоқтап едің мұң мен зарын. 
Түбінде маған сенен бір зауал деп 
Түбіңе жетті ақыры Мәтен залым. 
Жазықсыз дарға асып төкті ғой қан, 
Қайысты қабырғасы естіген жан. 
Ат байлап ағашыңның саясына 
Жоқтаған күңіреніп мен Әріпжан, - 
деп ақын өз күйінішін білдіреді. 
«Зуқа батыр» жырының бас кейіпкері Зуқа қажы да нақтылы өмірде болған адам. Тарихи деректерге сүйенсек, ХХ ғасырдың 20-жылдарының аяқ шеніне келгенде Алтай өңірінің қоғамдық жағдайы тіпті де асқына түсті. 1928 жылы жазда Алтайдың дау иыңы (қосымша қорғаныс елшісі) болып Ви Жыңго дейтін біреу келді. Ол келе сала Алтай халқына қанды шеңгелін салды. Халықты қан қақсатты. Әскери күшпен озбырлық жүргізіп, алман-салықты шектен тыс ауырлатып, елді ерекше қатты күйзелтті. [3,86 б.] Ви Жыңгоның бұл зұлымдығына шыдамай қарсы күрескендердің бірі – Зуха Сәбитұлы болды. Зуха Сәбитұлы 1866 жылы шығыстағы Қалба тауының етегінде дүниеге келген. Абақ керейдің Ителі руынан шыққан ол - аталарының жолын қуып, діни дәріс алған. Атасы Нұрмұхаммед бүкіл орта жүзге таныс абыз атанған. Өз әкесі Сәбит те абақ керейдің ішінде мешіт-медресе салып, бала оқытқан, «Дамолла» деген атақ алған діни оқымысты адам болған. Солтүстік Шыңжаңның ұлан-ғайыр елінде 40 жылға жуық имамдық жолында ұстаздық еткен. Төрт ұлы - Зуха, Білжай, Дәкен, Шәкірат әкеден жастай қалып, көзі ашық, көкірегі ояу шешесі татар қызы Бәтиманың тәрбиесінде өседі. Зуха 1903 жылы Меккеге қажылыққа барып, сонда біраз жүріп, 1906 жылы 40 жасында қажылықтан оралады. Қажылықтан кейін 23 жыл өмір сүріп, 1929 жылы басы алынып шейіт болған. 
Енді Зуқа батырдың жырдағы бейнесін жыршылар: 
…Ішінен бұл керейдің бір ер шықты, 
Дұшпанын ерегескен жерге жастап. 
...Келгенде жиырма жасқа атқа мініп, 
Ішінен өз елінің шыққан екен, [30, 301-б.] - 
деп хабарлайды. 
Жырда Зуха тек батыр ретінде ғана емес, әр қырынан көрініс береді. Мәселен, ел ішінде беделді адам екендігін: 
Алтай, Боғда, Үрімжі, Жайыр, Сауыр, 
Тұрушы ед ортасында бір асқар бел, - 
- деп сипаттайды. Оның халық қамын ойлаған, әділетсіздікке қарсы шығып, бай-шонжарлармен, билік басындағылармен үзеңгі қағыстыруларын: 
Пақырлар күліп қайтар, жылап барып. 
Шаһит қой Зуха батыр жүзі жарық. 
Қорлығы өткен халықтың қас жауынан 
Еліне берем деуші ед теңдік алып, - 
- деп суреттейді. 
Жырда болған оқиға бұрмаланбаған. Қайта жыр мен дерек бірін-бірі толықтырып отырады. Жырда Зуқа қажының басын денесінен бөліп алып кеткендігі турасында мынадай жолдар бар: 
Қауіпсіз жатқан шағында 
Шеріктің қамап алғаны. 
Басын кесіп қажының 
Қу қоржынға салғаны [30, 305-б.]. 
"Зуханың басын денесінен бөліп алып, қоржынға сала қашқан Ма дарын тізгін ұшымен Сарысүмбеге жетеді. …Уи дауиң Сарысүмбенің Қыран өзеніне салынған үлкен көпірдің кіре берісіне Зуханың басын іліп қойып, "кім бағынбаса осыны көреді” деп үгіт жүргізеді” [18, Б.174-178] . Міне, тарихи жыр мен шындықтың арасы алшақ емес екендігі осы жырда да көрініс берген. 
"Жақыпберді батыр” жыры – Қазақстан қазақтарының 1916 жылғы ақ патшаның "Июнь жарлығына” қарсы бас көтергені үшін қудалауға түсіп, лажсыз Қытайға кеткен Жақыпберді атты ердің Қытай жеріне барғандағы көрген қиыншылықтары мен азаптарын бейнелейді. Бұл да тарихи шындық. 
Қытай билеушілері қазақтардың арасына арнайы тыңшылар жіберіп, Қазақстаннан қашып барған барлық азаматтарды "ел арасына іріткі салғалы келген арандатушылар” деп, шетінен абақтыға жауып, артынан ату жазасына бұйырады. Жақыпбердіге де "саяси қашқын” деген жала жабылып, сол жазықсыз атылғандардың қатарында кетеді. Ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан батырдың басына қауіп төнеді. Жырдағы мына жолдарды оқып көрелік: 
Сөзінің қалеті жоқ анығында, 
Тұрмайды ешбір ағаш қабығында. 
Жерінен Ресейдің қашып келдік, 
Орыстың бала алатын салығында. 
Құдірет осы іске бастадың ба, 
Ақ патша қатаң келді салығы да, - 
деген жолдар тарихи құжаттардай әсер етеді. Батыр қорқақтықпен қашып келген жоқ. Патша жарлығына қарсы көтеріліс жеңіліс тапты. Патшаның жазалаушы әскерлері көтеріліске қатысқандарды аяусыз жазалап, тұтқындай бастады. Ұзақ, Жәмеңкелерді Қарақол абақтысына қамады. Көп адамдарды қызыл қырғынға ұшыратты. Осындай сәтте Жақыпберді батыр белгісіз елге бел асты. Бірақ батыр сатқындықтың құрбаны болды. 
Отыр ек Ақбұлақта бие байлап, 
Жүруші ек ел ішінде күліп-ойнап. 
Қайтейін қапияда қолға түстім 
Қарусыз тұрып қалдым көзім жайнап. 
Қылмаспа ем ақ патшаның шерігіндей 
Қолымда құрал болса оқпен жайлап…[31, 21-б.] 
Немесе: 
Кешегі жорық тартқан қайран күндер, 
Жау болса беттемеген сарыныма [31, 25-б.] - 
деген сөздерінен Жақыпбердінің ақ патшаның жарлығы мен салығына қарсы бас көтеріп, қару алып соғыс майданына шыққанын білуге болады. 
Гоминдаң өкіметінің қазақтарға жасаған отарлық-озбырлық саясаты шектен асып кеткендіктен халық көтерілістерге шығып отырды. Бірақ көтеріліс жеңіліс тапқан жағдайда билеушілер халықты аямай қырғындап отырды. Мұндай қырғынға шыдамаған ел лажсыз басқа жаққа аууына тура келді. Қанды қыспаққа төзбей ел мен жерден еріксіз үдере көшу, босу - өз алдына бір тарихи қасірет. Әрине, ел мен жерді тастап, көз көріп, құлақ естімеген жаһанға көш басын бұру - ауырдың ауыры еді. Оңайшылықпен ауа коймайтын ел лажсыз босқын болуға тура келді. Олар келер ұрпағының қамы үшін, елді аман алып қалу мақсатымен туған жер, атамекеннен шеткерледі. Бұл нәубет қазақ баласының басына түскен 1-нәубет емес-ті. Жоңғар қырғынында Қаратауды асып, ақтабанмен шұбырған көштен еш айырмасы болмады. Яғни, басы 1723-жылдан басталған шұбыру ақ патшаның қара жұмысқа бала алу Жарлығының тұсында, одан кейін Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ашаршылықта үшінші реткі қайталанса, Шың Шысай тұсында қытайдағы қазақтардың бұл босуы қазақтың 4-реткі шұбыруы болды. Біз "Үркін-қорқын” жырын Қытайдағы қазақтардың шет елдерге ақтабан болып шұбырып, босқын болған тарихынан бөліп қарамауымыз керек. Өйткені, біз жырдан „Қытайдағы қазақтардың шет елдерге босуы" немесе „Шың Шысайдың нәубеті" деген үлкен маңызды мәселені аңғарамыз. Жыр белгілі қоғам қайраткерлері, әрі саясаттанушы Халифа Алтайдың "Атажұрттан Анадолыға дейін”, "Алтайдан ауған ел” және Хасан Оралтайдың „Елім-айлап өткен өмір" деген атпен жариялаған өз бастарынан өткізген өткендері жайындағы естелік жазбалары дәл осы жырмен мазмұндас. Жырда да, деректемелерде де бір кездері Шыңжаңды мекендеп, кейін Такламакан шөлін басып, Тибет асып, одан Үндістанға келіп, кейбірі осында қалып, кейбірі – Пәкістанға, кейбірі – Стамбулға, енді кейбірі атамекені – Алтайға қайта оралғандығы сөз болады. Демек, Халифа Алтай мен Хасан Оралтайдың деректі шығармаларымен салыстыра отырып, "Үркін-қорқын” жырын нақты тарихи туынды деп қарауымызға әбден болады деген шешімге келдік. 
Олай болса, "Үркін-қорқын” жыры сол 1932-жылдардан басталған Жың Шоурын мен Шың Шисайдың зорлық-зомбылығы мен қырғынынан атамекенін еріксіз тастап шет елдерге босқын болып, бас сауғалап көш түзеген қазақтардың қайғылы күйі мен зарынан мәлімет беретін маңызы зор тарихи туынды. Жырда Қытай өкіметінің қорлықтарына шыдамай, ашық қарсы шығып, ездік өмірден ерлік өлімді артық көрген Елісхан батырдың ел бастап Алтай топырағынан бір жола ауған қаралы да қасіретті көшінің бастан өткерген қиын-қыспақтары нанымды баяндалады, әрі жыр оқиғасын тарихи құжаттар да растайды. Белгілі ғалым Р.Бердібаев: "Түркиядағы қазақтардың алғашқы тобы сонау қырқыншы жылдардың бас кезінде Қытай билеушілерінің қорлығына шыдамай, бірнеше мемлекеттің шекарасын басып өтіп, орасан шығынға ұшырап, Үндістан жерінде тұйыққа тіреліп, "жер ортасы Көктөбе” деп қайда барарын білмей дағдарып қалған елден құралған. Оларға жәрдем қолын созып, көшіріп әкеп қоныс берген, орналастырған, ес жиып, етек жиюға көмектескен Түрік үкіметінің мұндай қамқорлығын ешқашан да естен шығаруға болмайды” - деп ескертеді. [32, 160-б.] 
Қытайдағы қазақтардың бір бөлегі қорлық қысымға, озбырлыққа шыдамай, еркіндік, тыныштық көздеп, жаңа мекенді шарқ ұрып іздегенінің қасіретке толы тарихы осы "Үркін-қорқын” жырының негізін құрайды. Жыр қорқыныш, үрейден үрке ауған қайғылы ел өмірінің қатал шындығын шынайы көрсете алғандығымен құнды. 
Сонымен қорыта келгенде, бұл бөлімде нысанаға алған тарихи жырлардың тарихи шындықтан алшақ кетпейтіні тарихи құжаттар арқылы анықталып отырды. Ал, осы тараудың "«Демежан батыр» жыры нұсқаларының өзіндік ерекшеліктері” деп аталатын ІІ.І тармақшасында Демежан батыр жайындағы жырлардың бес нұсқасы (Қ.Орынбасарұлы, Т.Құсайынұлы, А.Татанайұлы, Ә.Қоңқаұлы, Ә.Әмірұлының нұсқалары) салыстырылып, текстологиялық талдау жасалынады. 
Жырдың барлық нұсқаларында оқиға желісінің баяндалуы әрқалай болғанымен, ішкі мазмұны ұқсас. Әр нұсқада оқиғаларды баяндауда өзіндік айырмашылықтары кездесіп отырады, 1-оқиғаның баяндалуында /толық, толық емес/, 2-оқиғаның орын тәртібінде, 3-тіл көркемдігінде. Жырдың композициялық сюжетінде кездесетін оқиғалар жырдың көп нұсқасында кездеседі. Мысалы жырдағы мына эпизодтар нұсқалардың бәрінде де ұшырасады. 
1. Демежанды таныстыру; 
2. Мәтеннің Шәуешекке амбы болып келуі; 
3. Мәтен мен Ысқақтың жақтас болып, елді азғыруы; 
4. Мәтеннің алым-салығы, Демежанның қарсы келуі; 
5. Демежанның Ішбетіден Алтайға кетпек болуы; 
6. Демежанның Мәтенге келуі, қолға алынуы; 
7. Демежанның елге хаты, абақтыдан қашуы; 
8. Батырдың қайта ұсталуы; 
9.Мәтеннің Демежанды дарға асу үкімі, консулдың араша түсуі; 
10. Демежан өлімі. Батырды жоқтау, оған деген халық құрметі; 11. Жыр соңы. 
Біз сөз еткен нұсқалардың бәрінде кейіпкерді таныстыратын шағын кіріспе бар. Ақын-жыршылар батырлардың елі мен жері жайында қысқаша мәлімет береді. Әр жыршы білгенін–естігенін өзінше баяндағандықтан кіріспенің көлемі де әртүрлі болып келеді. Сондай-ақ бейнелеу құралдарын пайдалану шеберлігі, ұйқасы, көлемі, баяндау стилі жағынан да нұсқалардың айтарлықтай айырмашылықтары бар. Дегенмен Мәтеннің Шәуешекке амбы болып келуінде, Мәтеннің алым-салығында, Демежанның елге хатында, Бітіридің жоқтауында жол ұқсастықтары жиі кездесіп жатады. Ал, шумақ ұқсастықтары сирек кездеседі. Сонымен қатар біз сөз етіп отырған бес нұсқаны бес түрлі вариант деуге келмейді. Жырлардың вариантталуы турасында ғалым З.Сейітжановтың: "Жыршылар – белгілі бір оқиға жайында бір ғана емес, бірнеше өлең-жырды білуі мүмкін; жыршы оларды қатарынан жырлаған кезде, бір батырға немесе сол оқиға болған бір жерге байланысты бірнеше өлең-жырдың тобы пайда болады” [12] деген пікірін негізге алып, жырдағы оқиғалардың бір-біріне өте жақын екенін анықтап, оларды бірнеше версия, екі нұсқа деп қараймыз. 
Т.Құсайынұлы, Ә.Қоңқаұлы, А.Татанайұлы, Қ.Орынбасарұлының нұсқалары версиялық нұсқалар да, яғни бір вариант, ал, Ә.Әмірұлы нұсқасын өз алдына дербес вариант деп қарауымызға болады. Демек, нұсқа, версиялардың болуы халық әдебиетіне тән құбылыс. Екіншіден, жырдың халық арасына кең тарағандығын да көрсетеді. Елім деген ерді халық ардақ тұтып, оның іс-әрекетін жырға айналдырған. Әр ақын-жыршы өзінше толғап, кейінгі ұрпаққа өнеге еткен. Бірақ жыр нұсқаларында орасан айырмашылықтар жоқ. 
"Зерттеу нысанындағы жырлардың поэтикасы” деп аталатын үшінші бөлімде фольклор поэтикасы турасында айтқан ғалымдар еңбегін назарда ұстай отырып, зерттеу нысанына айналған тарихи жырлардың поэтикалық ерекшеліктері анықталды. 
Поэтиканың сан түрлі қыры болатынын айта келіп, "Поэтика - әдебиет пен фольклортану ғылымының аса бір қиын да күрделі саласы. Өйткені кез-келген шығарманың көркемдігі мен оның тіл кестесін, яғни поэтикасын зерттеу сөз өнерінің ішкі қыр-сырына тереңдеп барып тексеруді қажет етеді. Поэтика – гректің "poietine” – поэтикалық өнер деген сөзінен шыққан” – деген ғалым Б.Уахатов тұжырымын негізге алдық [33, 113-б.]. Бұдан шығатын қорытынды фольклор поэтикасы дегеніміз сөз өнерінің көркем формаларының: сюжет, композиция, образ, бейнелеу құралдары, тіл кестесі, әуен, ырғақ, өлшем сияқты компоненттерін қамтумен қатар, ауыз әдебиеті шығармаларының жанры мен шындықты бейнелеу принциптері мен методтары да осы ұғымға кіретінін көрдік. 
Фольклор шығармаларының әрбір жанрының жанрлық ерекшелігін айтып, пікір білдірген ғалымдар аз емес./Ш.Уәлиханов, А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, С.Қасқабасов, Р.Бердібаев, Е.Тұрсынов, Б.Уахатов, З.Сейтжанов, Т.Сыдықов, Ш.Керім, Б.Рахымов т.б./ Аталған ғалымдар поэтиканы тұтастай алып қарастырмаса да, өз зерттеулерінде фольклор поэтикасының әр қырын қарастырған. 
Біз сол себепті тарихи жырлардың поэтикасын зерттеуде мынадай үш түрлі шартпен қарастырдық 1) тұтастану, (сюжет пен мотив) және композиция; 2) көркем образ; 3) бейнелеу құралдары. 
Фольклорлық шығарма оқиғаларының тұтастануын білу шарт. Бұл дегеніңіз - бүкіл шығармадағы оқиғалардың орындалуы мен орындау барысы. Шығармадағы тұтастану мәселесі С.Қасқабасов, В.Жирмунский, С.Садырбаев қатарлы ғалымдардың еңбектерінде жан-жақты қарастырылды. Академик В.Жирмунский тұтастану орыс былиналарында кездеседі десе [34, ст.37-43], профессорлар С.Қасқабасов [35, Б.8-63] пен С.Садырбаев[24,105 б.] мұндай тұтастану заңдылығы қазақ фольклорында да кездесетінін дәлелдеген. 
Академик С.Қасқабасов тұтастану - фольклор поэтикасының заңдылығы деп қарап, фольклорлық шығармалардың өзіндік әдіс-тәсілдері, көркемдеу құралдары мен олардың атқаратын қызметі болатынын атап көрсетеді. Өз қаһарманын ерен ерлік иесі етіп көрсету үшін романтикалық дәріптеу мен жинақтауды қолданатынын баса айтады. Ғалым: "Көркем жинақтау - өмірді, қаһарманды фольклорлық түсінікпен дәріптеуге қызмет етеді және тұтастану құбылысын күшейтеді. Өйткені тұтастанудың өзі, түптеп келгенде жинақтаудың бір түрі десе де болады, себебі мұнда да тарихи оқиғалар кейіпкердің өмір жолы мен іс-әрекеттері, оның ұрпағының ғұмыры мен қимыл-ерліктері түгел жинақталып, топталып, біртұтас дүние құрайды”- дейді [34, 9-б.]. 
Тарихи жырлардың композициясы, сюжеттік желісі классикалық жырларға ұқсамайды. Басқаша айтқанда, мұнда негізгі оқиғаға мән беріледі. Батырлық жырлар сюжетінің бөлшектері ұлт-азаттық қозғалысына байланысты туған тарихи жырларда өзгеріске ұшырайды. Басқаша айтқанда батырлық жырларда кездесетін (перзентсіз ата-ана, олардың хал жағдайы, кейіпкердің керемет болып туылуы, баланың өте күшті батыр болып ерекше өсуі, батырдың әйел іздеп шығуы, ғашығын (қалыңдығын) іздеп табуы) ғұмырнамалық эпизодтар тарихи жырда айтылмайды, батырлардың жас кезі, мекен жайынан қысқаша мәлімет беретін шағын кіріспе болады. Негізінен ел азаттығы жолындағы іс-әрекеттері айтылады. Ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты туған жырларда ұлан-асыр той да жоқ. Керісінше, басты кейіпкерлер мерт болады. Оқиға қайғылы аяқталады. Оқиға қалай болса, сюжеттік желі де солай болады. Қалыптасып тұрақтанған сюжет жоқ. Оқиға өмірдің өзінен туындайды. 
Батырлар образын ашуда көркемдік бейнелеу құралдарының қызметі зор. Өйткені, "батыр образы – халықтың ең асыл арман-мұратының көркем жинақталуы” [35, 54-б.]. Ал, тарихи жырларда батырын асыра мақтау жоқ. Сондай-ақ, тарихи жырлардың мазмұндары өмірде нақты болған оқиғаларға не тура, не жанамалай болса да, байланысып жатады. Сондықтан тарихи жырларда суреттелген оқиғалардың қай дәуірде, қай кездерде болғандығына, тарихи құжаттар мен шежіре айғақтарына сүйеніп, анықтауға болады. Демек, тарихи жырларды белгілі бір оқиғалар жөніндегі халықтың айтқан сөзі, пікірі деп айтуымызға негіз бар. Сол себепті, тарихи жырды - тарихи оқиғалардың дәлме-дәл көрінісі деуге келмейді, әйтсе де, қаһармандық эпостарға қарағанда оқиғалар тарихи шындықтың айналасында өрбиді. Сондықтан тарихи жырларда аз мөлшерде болса да ұлғайтудың болатынын жоққа шығаруға болмайды. Өйткені тарихи жыр классикалық эпостың поэтикасын пайдаланады. Мысалы, біз нысанаға алған жырларда («Демежан батыр», «Зуха батыр», «Жақыпберді», «Үркін-қорқын») гипербола кездеседі, бірақ батырлық жырмен салыстырмалы түрде алғанда жоқтың қасы деуге болады. Демежандай ерін эпикалық батыр дәрежесіне көтергісі келген. Жыршы Ә.Әукіш Демежанды дарға асып өлтіруінде: 
Тартқанда жеті қайта шықты жаны 
Тәнінің әр жерінен ақты қаны. [36, 231-б.] 
Немесе, Мәтеннің Демежанға салған салығы: 
Бай дейді жұрттан асқан ер Демежан 
Төрт жүз ат, бес пұт алтын берсін, - дейді. [37, 104-б.] 
Әрине, Демежанның ауқатты екені де рас, Мәтеннің Демежанға салған салығы да тарихи шындық, бірақ, төрт жүз ат, бес пұт алтын сұратуы мүмкін емес. Жыршы Мәтеннің ерекше жемқорлығын көрсетпек болған оймен тым асырмалап жіберген. Олай дейтініміз, бір пұт алтын он алты келеге тең болғанда, бес пұт алтын сексен келеге тең болады. Әрине, мұнда жыршы батырдың мықтылығын дәлелдеу мақсатында дарға жеті рет тартқызса, Мәтеннің елден асқан жемқорлығын төрт жүз ат, бес пұт алтын сұратуымен әсірелеп ұлғайта көрсеткен. Біз Демежан салықты төлей алмағаннан емес, салыққа қарсы келгендіктен абақтыға алынғанын ескерсек жетіп жатыр. 
Мұндай гиперболалық тәсіл Зуха, Жақыпберді, Елісқандардың іс-әрекеттерінде аздап ұшырасады. Мысалы, "Жақыпберді батырдың” С.Далдабаев нұсқасында: 
"Көздің жасын көл қылып қатын-бала 
Ешкімнен рахым келіп қарамаған” 
Осы жырдың екінші нұсқасында: 
"Жер жарған Будутыңның құр атағы, 
Қанымен төрт дауалды сылатады” - 
деген сыпатты әсірелеулер кездеседі. 
"Үркін-қорқында”: 
Дүние өтер, соққан жел, 
Көздің жасы болды-ау сел. 
Айдынды шалқар көл едік, 
Қаңғырлыған болдық шөл. 
Талайын опат таптырған 
Мүрдеге толды-ау құба бел. 
Немесе: 
Адамда санат қалмады, 
Жез қармақтай иіліп 
- деген жолдарда әсірелей айтқандық байқалады. Бұл мақсатсыз қолданылған тәсіл емес, мұндай әсірелеулер адамның көңіл-күйі мен шығарманың әсерлілігін арттыруға септігін тигізеді. 
Халықтың ауыр күйі ауыз әдебиетінің қай жанрын болса да айналып өтпеген. «Халық поэзиясында ежелден ауыр жағдайды, апатты, қайғыны, қазаны «айдын көл су алды», «қас бәйтерек құлады», «жаңған шырақ өшті» деген сияқты тұспалдап айтып келген» - дейді ғалым З.Ахметов. [38, 38-б.] Классикалық жырларда кездесетін мұндай көріністер біз нысанаға алған жырларда да кездеседі. Мысалы, Демежанды жоқтаған әйелінің жоқтауында: 
Сарғайып зағпырандай қайғы жедім 
Гүлім солып, заманым қуырылды ғой, 
Есілім, тірі болсаң бүйтер ме едім. 
[39, 235-б.] 
Немесе: 
Күнім батып, заманым қуырылып, 
Қайтейін арт жағыңның тайды бағы. 
[40, 235-б.] 
Немесе: 
Қорғанымыз құлады, 
Бәйтерегім сұлады 
[37, 414-б.] - 
деп келетін жолдар көп. 
Ал, "Үркін-қорқын” жырында Елісхандай ер тағдыр тауқыметімен дұшпанының көңілінде болса да көзінде болмауға тырысып, соңына ерген халқын ертіп, көз көріп, құлақ естімеген жапанға көш түзейді. Көш барысында ауыр күйлерді бастан өткереді. Дәл осы жырды, яғни өрбіген Алтайын амалсыз тастап ауып бара жатқан мына бір көштің бастан өткерген қиын кезеңдерін айна-қатесіз бейнелеген шығарма ХҮІІІ ғасырдағы Жоңғар ойранында Қаратауды тастап бет-бетіне ауған елдің халық арасына "Елім-ай” деген атпен танылған "Қаратаудың басынан көш келеді” тарихи өлеңімен салыстыра қараған жөн. Алғашқы тарихи өлең мен біз сөз етіп отырған жырдың негізгі мазмұны қара қазан, сары баланың қамы үшін қалың ел жылап-сықтап жан-жаққа бытырап күн көру қамын ойлағаны айтылады. Ел бір-бірімен, ағайын-туысымен туған жерімен қош айтыса айырылысады. Мысалы, "Қаратаудың басынан көш келедіде” 
Қаратау, қош аман бол, ата мүлкі, 
Малменен, елмен екен жердің көркі. 
Тәңірінің тағдырына көнбейміз бе, 
Дәм бітсе, дем сағатта өлмейміз бе? 
Баласы үш момынның қоныс ауды 
Қош енді, көреміз бе, көрмейміз бе? 
-десе, " Үркін-қорқында”: 
Шуылдап айырылысарда көп жыласты, 
Төгісті көздерінен қанды жасты. 
Пәниде көре алмасақ ғаріп жолдас 
Көрейік хикмет күні, - деп жыласты. 
… "Қош”, "Қош”- деп екі жақ та айрылғанда 
Қайғылы көкіректен шықты түтін. 
Айрылып бір-бірінен егілген ел, 
Көз жасы қойынына төгілген сел. 
Қайғырып қатын-бала жүре алмайды, 
Айырылған әрбір жаққа болды кесел. 
немесе: 
… Не секілді маңғаздар 
Санаменен сарғайды 
Сонда да ойлап сағындық 
Өрбіген мекен Алтайды – 
- деп, атамекеніне деген сүйіспеншілігі мен қимастығын ашына айтады, шерленеді. 
Міне, халық мұңының бір-бірінен еш айырмасы жоқ. Ата қонысын, жер-суын тастап, көз көріп, құлақ естімеген жаһанға бет бұрған қайғылылардың мұң-зары. Тіпті, елдің жағдайы ауырлағанда тарихи өлеңде: 
Қаңғырып жүргенінде көп қазақтың, 
Көмусіз қала ма, алла, талайлары 
- десе, "Үркін-қорқында”: 
Ел көшіп, бір қарлы тау тағы асты, 
Ыс тиіп, күндіз-түні өлім басты… 
…Жер қатты, күні суық көмілмейді 
От өртеп, жер жібітіп жанталасқан.
Қарасаң жонда қалған біткен малдар, 
Көмілмей қалып жатыр өлген жандар. 
Ғаріптің жетім-жесір қисабы жоқ 
Тірідей қалып жатыр кемпір-шалдар. 
Кейбіреу есеңгіреп жарылып жүр 
Боялып түйе үстінде қызыл қандар – 
деп, көздің жасын көл етеді. Тіпті аурудан зәресі ұшқаны сондай: 
Тамтығымыз ел болып, 
Қосылар ма екен санатқа?! [41, Б.310-378]– 
деп зарланады. 
Жыршылар мұнда елдің мұңын айтқанда ұлғайту формасын пайдаланған. Мұндай ұлғайту тәсілін пайдалану арқылы шығарманың көркемдік және идеялық мазмұнын ашып қана қоймай, халық басына түскен нәубетті әсірелей түскен. Белгілі бір тарихи оқиғаға байланысты туған екі түрлі шығарма болса да, үндестік байқалады. 
Жыр қаһармандары қарапайым болғандықтан олардың әйелдері де елден асқан сұлу немесе пері қызы да емес. Сонымен қатар бұл батырларда орасан динамикалық қимылдар жоқ. Өйткені, олардың жаулары да алып күштің адамы емес, қатардағы адамдардан алшақ кетпейді. Яғни, тарихи жырлардың бас кейіпкерлері "типтік” образдағы сипатқа енбеген. Демежан Қобыланды сияқты қырық мың қызылбаспен жалғыз айқасқа келмейді. Қобыланды: 
… Жалғыз өзі батырдың, 
Жойып кетіп барады. 
Қойға тиген қасқырдай 
Сойып кетіп барады. 
Үш мың атты бір сайға, 
Төрт мың атты бір сайға 
Аламын деп қайтарда 
Қойып кетіп барады. 
Ал, Демежан бір Мәтеннің алдына барғанда: 
Боларын бір сұмдықтың біліп алды, 
Қасына он бес жігіт ертіп алды. 
Демек, Демежан алдына келген қырық мың жасақты жайпап салатын Қобыланды емес, ол кәдімгі қарапайым жанша күдіктенеді, қорқады. Дұшпанына жалғыз бармайды, тіпті барған күнде де: 
Келген соң Мәтен амбы ашуланды, 
Сары таяқ жерде жатқан қолына алды. 
Мәтен Демежанды шоқпармен немесе айбалтамен емес, кәдімгі сары таяқпен ұрып абақтыға жабады. Зуха да бар ауылы болып Ма дарын бастап келген 150 әскерге соққы бере алмайды. Ауылдағы "алпыс адамның” бәрі қарулы шеріктердің қолынан қаза табады. Ал, Жақыпберді болса, 
Қауіпсіз еш нәрседен отырғанда, 
Ат қойды қырық шерік андағайлап. 
Амал не, көпке қылар қайрат қайсы 
Арқанмен түсе-түсе алды байлап - 
дейді. "Үркін-қорқында” сәл өзгешелеу келеді. Алдыңғы жырларда батырлар еш қауіпсіз жатқан жерде қолға түсірсе, соңғы жырда артымызда жау бар деп сезіктенген ел әркез дайын тұрады. Елісхан Фулужияңның алдауына түсіп қалғанында да оны босатып алатын ел-жұрты бар. Дұшпанын жеңеді. Әрине, мұнда тек Елісханның күші емес, ел бірлігінің жемісі. Демек, тарихи жырлардың қаһармандары дұшпанына жалғыз қарсы келе алмайды. Қырық мың әскерді былай қойғанда, қырық әскерге де төтеп бере алмайды. 
Сонымен, көріп отырғанымыздай, тұтастанудың барлық сатыларынан батырлық эпостар толық өткен, ал, тарихи жырлар әлі де болса өте қоймаған деген қорытындыға келуге болады. Себебі, батырлар жырында "батырлар қандай кездейсоқтық болса да жеңімпаз ретінде көрінеді” [42, Б.125-165]. 
Қорыта келгенде, біз бірінші, тарихи жырлар мен батырлық жырларды салыстыра отырып, сюжеттік, композициялық айырмашылықтарын анықтадық. Батырлық жырлардың кейбірі ("Қырымның қырық батыры” т.б.) тұтастанудың барлық сатысынан өткен, тарихи жырлармен салыстырғанда оқиғасы мен құрылысы ертегіге жақын. Тарихи жырлардың жанрлық ерекшеліктеріне, кейіпкерлеріне қысқаша сипаттама беріліп, тұтастанудың сатыларынан әлі толық өте қоймауының себептері ашылды. Этнографиялық құндылықтардың тарихи жырларда да көп көрініс беретіні байқалады. Ұлттық наным-сенімдер мен дүниетанымы, әдет-ғұрпы мен тұрмыс-тіршілігі өмірлік шындық деңгейінде көрініс тапқан. Жыр оқиғасы тарихи шындықпен орайлас бейнеленген. Жырлардағы көркемдік бейнелеу құралдарында дәстүр сабақтастығы байқалады, ақын-жыршылар ертеден келе жатқан эпикалық жырлардың бейнелеу құралдарын пайдаланған. Батырлық жырларда қолданылатын ұлғайтулар біз сөз еткен жырларда кездеспейді десе де болады, дегенмен аз ұшырасады. Өйткені мұнда кейіпкерлер қиял-ғажайып түрде дүниеге келмеген қарапайым адамдар болып табылады. Бұл жырларда қиялдың орнын тарихи шындық басқанын әрі қаһармандар да, оның жаулары да алып күш иесі емес. Кейіпкерлердің қарапайым қатардағы адамдардан алшақ кетпейтінін, көркемдеуіш құралдардың ішінде ұлғайту-әсірелеудің мөлшері аз болатынын аңғардық. 
Қорытындыда жұмыста жасалған түйіндер нақтыланып, негізгі нәтижелер көрсетілді. 
Шет елдегі қазақтардың халық әдебиетін зерттеу, ғылыми айналымға енгізу бүгінгі күн ғылымының басты талаптарының бірі екендігі баса айтылды. Соның ішінде Қытайдағы қазақ фольклорының жиналу, жариялану қарқыны жоғары болғанымен, зерттелу деңгейінің теориялық жағынан әлі де төмен екендігі нақтылай қарастырылды. Сондай-ақ, Қытайдағы қазақтар арасында кейіннен туған тарихи жырлардың тарихи мәні мен маңызы тарихи деректермен салыстырыла зерттелді. 
Зерттеу нысанындағы жырлардың поэтикалық құрылымы, тұтастану мәселелері, бейнелеу құралдарының ерекшеліктері анықталды. 
Қытайдағы қазақтардың арасында кейіннен туған жырлардың қазақ фольклорынан алар орны зор.
Категория: Ғылыми жұмыстар | Добавил: Frenzy (16.12.2012)
Просмотров: 1669 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Сағат

Сауалнама
Сайтта сізге не ұнайды !!!!!!!
Результаты
Всего ответов: 4010
Сайт мәзірі
Сайт көрсеткіші
Қазір online
Қазір сайтта: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0

Лучшая рип студия!