Сабақ жоспарлары
Мысалы: Бейнелеу 1-6 сыныпқа сабақ жоспарлары
Главная » Статьи » Қазақстан тарихы

Қазақ халқының ежелгі үйі - Киіз үй
Қазақ халқының ежелгі үйі - Киіз үй

Адамзат мыңдаған жылдар бойы тіршілік үшін табиғатпен күресіп келеді. Бұл күресте өмір сүруді қамтамасыз ететін үш фактор маңызды орын алады. Олар: тағам, киім-кешек, тұрғын үй . 

Тұрғын үй- тарихи категория. Ол да адамзаттың дамуымен бірге күрделі, эволюциялық даму жолынан өтті. Тұрғын үй - адамның қоршаған орта мен өмір сүру тәсіліне сай таңдалынып алынды. 

Ондаған ғасырлар бойы қазақтардың негізгі шаруашылығы көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы болып келді. Сонымен қатар ірі өзендер мен көлдер маңында жартылай егіншілікпен айналысатын аудандар да кездесті. 

Көшпенділер өмір бойы жыл мезгілдеріне сәйкес көшіп-қонып жүруге мәжбүр болды. Негізгі тұрғын үй қыстауда 163.jpg. Олар жылдың жылы мезгілдерін көктеу мен жайлауда өткізіп, күн салқындаған кезде күздеуге көшті. Осы жерде көктемде егіп кеткен егінін жинап, қыстауға қайта оралды. Көшпенділердің осындай өмір салтына ыңғайлы тұрғын үй-киіз үй болып табылды . Мал-адамға қорек болумен қатар, қолөнерге қажетті шикізат өнімдерін де берді. Көшпенділер теріден тондар, тұлыптар, бас киімдер, шалбарлар, аяқ киімдер тікті . Ал жүннен киіз басты. Жүн иіріп мата, кілем тоқыды. Сондай-ақ жүннен тұрғын үйге қажет киіздер мен үйдің ішіне қажетті жасаулар дайындалды . Сондықтан да көшіп қонуға ыңғайлы, жиналмалы үйдің көп бөлігі киізден дайындалғандықтан, халық арасында "киіз үй" деген атқа ие болды. Киіз үйдің сүйегі ағаштан жасалды . 

"Киіз үйдің көшпелі тұрмысқа бейімділігі жайлы" қазақ жерінде болған жат жұрттық саяхатшылар көп жазған еді. XYIII ғ. екінші жартысында әскери құрылысшы, капитан И.Г. Андреев "қазақ қолөнерінің басты саласы - киіз үй жасау" - деп жазған еді. Ресей және Рим Ғылым Академиялары мен Корольдік ағылшын ғылыми жиналысының мүшесі П.С.Паллас 1766 және 1769 ж.ж. Батыс Қазақстанда болып, Жайықтың шығыс жағына көшіп бара жатқан қазақтардың тұрмыс-тіршілігіне байланысты "қазақтар киіз үйлерде тұрады, оған жиырма адам еркін сиып отырады", - деп атап өткен еді. Санкт - Петербургтегі американ дипломатиялық миссиясының хатшысы 1873 жылы Самарадан Орта Азияға барар жолда қазақ жерінде болып, кейіннен "қазақ киіз үйі жайлы әсерін" тәпіштеп жазып, баспасөз бетінде жариялаған болатын киіз үй жайлы, көптеген авторлар түрлі жазбалар, мақалалар, зерттеулер жазып, киіз үйдің құрылысына таңданыс білдірген еді . 

Бір көзбен қарағанда киіз үй-ескіліктің көзі, ал оның жеке бөліктері оңай жасалатындай көрінеді . Алайда киіз үй бізге ғасырлар шегінен жетті және осы уақыт ішінде оның жеке бөліктеріне түрлі өзгертулер мен өзгерістер енгізілген болатын. Тіпті бүгінгі күннің өзінде киіз үй малшылар мен ыстық аймақтағы отбасыларға қажетті тұрғын үй болып табылады. Қазіргі заманда киіз үй жасағаннан, кірпіштен үй тұрғызу жеңіл. ¤йткені, киіз үйді жасалу тәсілін ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан арнайы шеберлер ғана арнайы құрал-жабдықтармен жасай алады. 

Киіз үйді жасауда әр түрлі шеберлер тартылды. Ағаш шеберлері үйдің сүйегін жасаса, әйелдер киіз бастырды. Ал үй іші жиһаздарынсыз киіз үйді көз алдымызға елестету қиын . Киіз үйдің жиһаздарына қажетті ілінетін түрлі заттарды тоқымашылар, киіз басушылар, тері өңдеуші шеберлер дайындады . 

Киіз үйдің сүйектерін дайындаумен арнайы үйшілер айналысты. Мұндай шеберлер әрбір көшпелі қауымда, әрбір ауылда дерлік болды. Киіз үйдің қаңқасы келесі бөліктерден тұрды: 

1) Кереге - киіз үйдің қабырғасын құрайтын жиналмалы, тор көз тәріздес қанаттардан тұрады. Қанаттар жартылай шеңбер тәріздес орналасып, бір-біріне жалғаса отырып, киіз үйдің қабырғасын құрайды. үйдің көлемі қанаттың санына сәйкес болады. Киіз үйде 4-5-тен 12-ге дейін қанат қолданылады. Кереге бір-біріне қиылыстыра орналасып, қайыспен өз ара бекітілген сағанақтардан тұрады. Сол себепті, ол оп-оңай керіліп, қайта жиналып отырады. 

2) Уық - кереге мен шаңырақты жалғастырып, киіз үйдің төбесін құрайтын сырық ағаштар. үйдің қанаты көп болған сайын, оған байланатын уықтың саны көбейіп, уықтарының ұзындығы ұзарады. 

3) Шаңырақ - шеңбер тәріздес, иілген ағашпен жалғастырылып, ортасынан күмбез тәрізденіп бір-біріне қиылыстыра орналасқан сырық ағаштармен бекітілген конструкция. Шаңырақтың көлемі (диаметрі мен ағашының қалыңдығы) киіз үйдің көлемімен (қанат санына сәйкес) тығыз байланысты. Сонымен бірге шаңырақ киіз үйдің терезесі, түтін шығатын орынның қызметін атқарады. 

4) Есік (сықырлауық) - екі жаққа айқара ашылатын табалдырыққа бекітілген қос қанаттан, маңдайша, босағадан тұрады. 

Киіз үйдің аталған бөліктерін жасауға ағаштың түрлі сорттары пайдаланылды. Киіз үйдің қанаттары мен уықтары шеберлердің қолында оңай майыстыруға ыңғайлы ағаштың жеңіл сорты-талдан жасалды. Шаңырақ жас қайыңнан жасалса, босаға мен есіктер қарағайдан жасалды. Жарма есік пен шаңырақ ойылған өрнекпен өрнектелді. 

Киіз үйдің киіз бөліктері көлемі мен түрі жағынан әр түрлі төрт кесіндіден тұрады. 
1) Туырлық - киіз үйдің қабырғасын жауып тұратын киіз кесінді. Туырлықтың саны - киіз үйдің көлемімен тығыз байланысты. Мысалы: алты қанатты киіз үйге төрт туырлық жабылады. 
2) үзік - киіз үйдің төбесін жауып тұрады. үзіктің саны туырлықтың санымен бара-бар келеді. 
3) Түндік - шаңырақтың үстін жауып тұратын төрт бұрышты киіз кесінді. 
4) Киіз есік - есіктің сыртынан жауып тұратын тік бұрышты киіз кесінді. 

Киіз үйдің маңызды көрсеткіштерінің бірі ішкі көрінісі. Ішкі жиһаздары киіз үй күмбезінің иінішіне киіз астынан берілетін, иірілген жіптен тоқылатын кілем , басқұрдан , кереге мен уықтың қиысатын тұсында тұтылатын терме басқұрдан , сәндікке ілетін шаңырақ бау, уықбау, желбау салпыншақтарынан, шаңырақ қоршау, туырлық, үздік жолақтарынан, тіптен керегенің сыртына туырлық астынан тұтылатын орама шеден және т.б. тұрады. 

Киіз үйдің ішінде, ағаштан жасалған бұйымдар: тесағаш , ыдыс жинайтын - асадал , азық-түлік сақтауға арналған - кебеже , киім кешекке арналған - сандық , сондай-ақ ет жейтін астау, табақ, тостаған, шара, ожау және т.б. болды. Ал, теріден жасалған ыдыстар қатарында, түскиіз, торсық, саба, жағлан және т.б. кездесті. 

Темір ұсталары киіз үйге қажет бұйымдардан, атап айтқанда қазанға арналған мосы, шәйнек пен шәугімді мыстан дайындады. Ал қолөнер шеберлері түскиіз, көрпе-төсек жапқыш, шымылдық, жастық дайындаса, тоқымашылар түрлі төсеніштер тоқыды. 

Бір көзбен қарағанда киіз үйдің іші ешқандай бөлікке бөлінбейтін көрінгенмен, ондағы барлық заттардың өз орны бар. Ғасырлар бойы қалыптасқан киіз үйдің ішкі көрінісі бүгінгі күнге дейін еш өзгеріссіз жетті. Біздің ата-бабаларымыздың киіз үйдегі тұрмысы жайлы этнографиялық материалдар мен өткен замандағы авторлар мәліметтерінен білуге болады.

Киіз үйдің ортасында қазақтар үшін қасиетті орын-ошақ орналасады. Киіз үйдің еденіне киіз немесе кілем төселеді. Жетісу қазақтарында ошақтың айналасына төселетін киіз - "откиіз" - деп аталады екен. 

Кіре беріске қарама-қарсы орын "төр" - деп аталады. Төрге ең сыйлы қонақ немесе жасы үлкен адам отырады. Төрдің артын алып үстіне көрпе-төсек жиналған жүкаяқ орналасады. үйге қонақ келгенде төрге ең жақсы көрпелер мен жастықтар төселеді. 

Кіре беріс босағаның екі жағының екі түрлі шаруашылық маңызы бар. Оң жақта азық-түлік (ет салынған - кебеже, қымыз құйылған - саба), ас үйлік ыдыс-аяқтар орналасса, сол жақта аттың әбзелдері мен ер-тұрман орналасты. Оң жақ босағадан жоғарырақ үй иелері демалатын арнайы шымылдық ұсталған төсек ағаш қойылатын. Ал сол жақ босағадан жоғарырақ жерде отбасының жас мүшелері орналасты. Бұдан көретініміз киіз үйге қойылатын жиһаздар керегенің бойын ала орналасатын болған. 

Қазақ жерінде болған жат жерлік авторлардың пайымдауынша қазақтар ою-өрнек әлемінде өмір сүрген. Кез-келген зат, оның көлеміне қарамастан, шәйнек қаптан текемет, кілемге дейін ою-өрнекпен әрленетін. Бояуларының қанықтылығы, заттың жасалу техникасы - қазақтың қолданбалы қолөнерінің негізгі ерекшеліктері болып табылады. Сондай-ақ, ою өрнекпен аяқ қап, жастық, төсек қап, абдыра жапқыш, кесе қаптар да әрленді. ¤рнекті салуда түрлі технологиялар: сыру, құрау, кестелеу, бастыру қолданылды. Текеметтер мен сырмақтар киіз үйдің еденіне төселсе, қоржындар керегеге ілінді. 

Киіз үйдің ішкі жасауында тоқыма бұйымдар ерекше орын алады. Кереге мен уықтың қиысатын тұсына ені 30-50 см-лік термебасқұр тартылады. Одан бөлек, қанаттардың аралығын байланыстыратын таңғыш, уыққа байланатын жүннен тоқылған уықбау, сәндікке ілінетін шаңырақбау, желбау салпыншақтары, туырлық, үзік жолақтары - қолдан тоқылған бұйымдар болып табылады. 

Алайда тоқыма бұйымдары арасында тықыр және түкті кілемдер, алаша, қоржындар ерекше орын алады. Әсіресе көшпелі тұрмыста қоржындардың орны ерекше болды. Олар азық-түлік, түрлі бұйымдар салуға ыңғайлы болды. Орта ғасырларда бабаларымыз қыпшақтар Кавказға, атап айтқанда Грузияға қоржынды алып барды. Бүгінде грузиндердің ұлттық тұрмысында "хуржун" деген атпен белгілі. Алаша киіз үйдің еденінде, киіздің үстіне төселсе, кілемдер киіз үйдің төріне жайылды. Алаша мен кілемді керегелерге айналдыра да ілетін болған. Ал, ұсталынбайтын кілемдер арнайы жасалған түктерде сақталынған. 

Қазақтың дәстүрлі өнерінің көне нұсқаларының бірі - түскиіз, төсек жапқыш .Түскиіз екі түрлі барқыттан, мәуіті немесе шұғадан ойылған өрнектерді шеті әдіптелген, биіктігімен салыстырғанда ені созылыңқы етіп пішілетін ақ киіздің шаршысына жапсырып, айналасын сетінемейтін етіп көктейтін төсем. Түскиіз де әдемілік үшін киіз үйдің керегесін айналдыра ілінеді. 

Киіз үйдің ішіне қойылатын ағаштан жасалған жиһаздардың қатарында сандықты ерекше атап өтуге болады. Қазақстанның әр түрлі өңірлерінде оны кейде "кебеже" немесе "әбдіре" деп те атайды. Сандықтар арнайы жүк аяқтың үстіне орналасатын болған. Сандықта түрлі заттар сақталынды. Сол себепті, олар көбіне төрдің артын ала орналасатын. Ал, киіз үйдің шаруашылық бөлігінде ыдыс-аяқ қоятын-асадал, жатаған орындық, айран пісетін күбі, ет жейтін ағаш астау, қымыз ішуге қажетті тостағандар қойылды . 

Ағаш жиһаздардың қатарында төсек ағаш (төс ағаш), сондай-ақ қазақтың ұлттық музыкалық аспабы домбыраны ерекше атап өткен жөн . 

Ағаштан жасалған ерлер мен аттың әбзелдерін дайындау да аса жоғары шеберлікті қажет етті . 

Керегенің сыртына туырлық астынан тұтылатын орама шиге түсірілген ою-өрнек киіз үйге ерекше әр беріп тұрды. Мұндай ши орамалар есіктің сыртынан ұсталынатын киізге де қосымша ілінетін. 

Қазақтар өздерінің киіз үйлерін тұрмысы мен табиғи ортаға ғана бейімдеп қоймай, оған өзіне тән әдемілік те берді. Қазақ қоғамындағы экономикалық теңсіздік әлеуметтік жағдаймен байланыса отырып,тұрғын үйге де әсерін тигізді. Киіз үйдің сыртқы көрінісі мен ішкі жасауы үй иесінің тұрмыс жағдайымен тығыз байланысты болды. 

Қарапайым қазақтардың киіз үйі алты қанатты болып келсе, байлардың киіз үйлері сегіз-тоғыз қанатты болып жасалды. Ірі байлар киіз үйлері мен хан ордалары он екі қанатқа дейін жетті. Әрине, олардың ішкі жасауында да соншалықты көп айырмашылық болды. 

Осындай ерекшеліктеріне қарамастан киіз үй ғасырлар бойы қазақтардың негізгі тұрғын үйі қызметін атқарып келді. Белгілі шығыстанушы Л.Н.Гумилев киіз үй жайлы: "Тастан немесе саздан жасалған үйдің киіз үйден көп артықшылығы бар деген пікірді әлі ешкім дәлелдеген емес. Киіз үй жылы, әрі кен керек кезінде бір жерден екінші жерге оңай көшіріледі. Тұрмыс тіршілігі тікелей табиғатпен байланысты көшпенділер үшін мұндай үйде тұрудың аса қажеттілігі бар", - деген екен . Көшпенділік тұрмыста киіз үйдің ролін басқа ешқандай тұрғын үй атқара алмайды.

Категория: Қазақстан тарихы | Добавил: nauriz (31.01.2014)
Просмотров: 2585 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Сағат

Сауалнама
Сайтта сізге не ұнайды !!!!!!!
Результаты
Всего ответов: 4010
Сайт мәзірі
Сайт көрсеткіші
Қазір online
Қазір сайтта: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0

Лучшая рип студия!