Сабақ жоспарлары
Мысалы: Бейнелеу 1-6 сыныпқа сабақ жоспарлары
Главная » Статьи » Қазақ тілі және тіл білімі

Қазақ ономапоэтикасы. сатиралық-юморлық кейіпкер аттары
Кейіпкер аттарының лексикалық құрамы жағынан талдауымыз, яғни СЮП-тердің жасалуының қайнар көзі "жалқы есімдер ішінде көне атаулардан басқа едәуір орынды кірме және жасанды атаулар алады” [4, 6] деген пікірді дәлелдейді. Қазақ әдебиеті бойынша жиналған материалдың тілдік табиғатын тануда әдебиет – тіл – сатира үштігімен ұластырдық. "Әдебиеттен тілді бөле қарау "ала қойды бөле қырқу” тәрізді ғой. Бұл екеуі бірінсіз бірі күн көре алмас керек. Сондықтан да біз әдеби әсерді айтқанда, тілге тіреліп, ал тіл қорын зерттегенде, әдеби туындыларға сілтеп отырамыз” [5, 36].
1.4.1. Көне сөздерден жасалған СЮП-тер (90). Академик Р.Сыздықованың "архаизмдерді екі-үш топқа бөліп қарастыру керек” деген принципі бойынша, кейіпкер аттарын 1.мүлде қолданылмайтын (Білте, Мыршым, Сопықұл, Пырақбаев, Тәңірқұл), 2.қолданыстан шығып қалған, бірақ мағынасы түсінікті (Сайтанбек, Жебе, Пірімқұл, Жамбы, Жосын, Садақ), 3. қазіргі қолданыста бар, бірақ өзгеше мағынаға ие болған сөздерден жасалған кейіпкер аттары (Бақсы, Құдайқұл, Шатыраш, Шырбітпес, Молдабай) деп бөлдік. Теофорлық аттар қазақ бір нәрсеге табынғанда, сыйынғанда, жалбарынғанда аузына жалғыз құдайды алмайды, бұл қатарды "тәңірім”, "жаратқан ием”, "алла тағалам”, "пірім” тәріздес сөздер толықтырады. Зерттеу барысында Апырай, Берқұдай, Құдайқұлов, Әулиебайұлы, Тәңірқұлов, Пірбайұлы, Пірманов, Мұсылманов, Тақуаұлы, Бақсыбаев, Япыраевич тәріздес патронимдер кездесті.
1.4.2 Диалектілік негіздегі СЮП-тер (120) – диалектілік лексемалар мен форманттар негізінде туған жалқы есімдер. СЮП-тердің шамамен 5%-і тіліміздегі жергілікті құбылыс ретінде ұғынылып жүрген сөздердің қатысымен жасалған: Аппаз "жиырма тиын”, Алқынды " сабынның қалдығы, Ауыш " есінен ауысқан, Ауқатжан "тамақ, Әпкіш "иінағаш, Әбиіркүл "абырой, Әйдік "үлкен, Әуей көңілдес, Бозымгүл "түйе, Бақыраштай ыдыс, Бәдірең "қияр, Балқаймақ "тағам түрі, Бөстек "текемет, Дәлдүріш – "ақымақ, алаңғасар Долы "бұршақты жаңбыр, Далбай құлақшын, Доқ "бұйрық, Елпек "жұмсақ, Иісмай "крем, Кібіт "қойма, Көпек "еркек күшік, Кәржік " мұрын, Кәубас "үлкен бас, Кекіре "арам шөп, Киеңкі "ауру, Қойтан "ақымақ, Құлжа” сақа, Қоспақ "ақымақ, Қақпыш” текпішек, Қырпық "тері, Қырт” мылжың, Қыпық " бидай, Лақы "күлдіргіш, әзілкеш адам, Ләмбөк "мата, Пәшек " шырмауық, Пістебек, Шөлмекбай "арақ, Тайқар екі жастағы ұрғашы есек. Сипанский < сипан+ский ауызекі тілде сипап кету "ұрлап кету” дегенді білдіреді, - ский орыстың аффиксін қосып сөйлеу жалпы халықтық сөйлеу тіліндегі ерекшелік болып табылады.
1.4.3 Шет тілден енген кірме сөздерден жасалған СЮП-тер (110).
Кейіпкер аттарын сөздік құрамы жағынан шығыс тілі (араб, парсы, иран), орыс тілі (грек, латын, француз, неміс, ағылшын т.б) және алтай тілдері арқылы енген сөздерден жасалғандығы анықталды. Түркі – Әпенде, татар – Башмачкин, Мәшура, Колбаса, өзбек –Тәшкенбай, Узбекулла, Ташматов. Башмачкин дейтін кейіпкердің аталуындағы башмак сөзі о баста орыс тіліне татар тілі арқылы өтіп, уақыт келе, түркі тіліне қайта оралып "башмақ” мағынасында жұмсалады.Монғол тілінен - Ойрат+хан, Cояу+бай< соео-азу тіс, Келеке< хэлгий –сақау, Дом+бай<дом –ем, бақсылық. Қытай тілінен – Әпелсин< appel+ Chіna –Қытай алмасы, Заң+ғой, Шай+кұяр, Шай+бике, Әтір+шай өсімдіктің кептірілген жапырағы, Сипаң, Шыныбек. Сипаң+бай сөзінің шығуы жөнінде жазушы Б.Қыдырбекұлы мынандай қызықты дерек келтіреді: "Сипаң - қазақ жеріне діндар болып келген қытайлықтың аты. Жүрген жерінде елді алдап, маймөңкелеп, жаманның өзін әдемілеп жіберуге бейім болған”. Сипаң сөзіндегі маймөңке коннатациясынан ЖқЕ Сипаңбай жасалған деуге негіз бар.
Араб тілінен енген сөздерден жасалған СЮП-тер (100).
Академик Р.Сыздықова "көп сөздердің түп-негізі араб-парсыныкі болғанымен, халық тіліне сіңіп, қазақ лексикасының байлығына әлдеқашан айналған” деп санайды [6,154]. "Қазақ тіліндегі араб-парсы сөздігі (Е.Бекмұханбетов) және "Қазіргі қазақ тіліндегі араб-парсы кірме сөздері” (Л.Рүстемов) пайдаландық. Арақ, Әзәзіл, Әбілет, Әулиебайулы, Әліпби, Әлқисса, Бәрекелде, Бейберекет, Дүлей, Дұғай, Дұғакүл, Жалақор, Зәрубике, Зәреқұт, Зікір, Запыран, Ләм, Мим, Молдабай, Мұсылманұлы, Қыдыр, Нашабек, Надан, Натрибек, Пайдабек, Пәтуасыз, Пәлеқор, Пырак, Пірімқұл, Сайтан, Сауық, Сүндет, Сұрқия, Талак, Тәспиық, Таһуа, Тұмар, Тұмарбек, Хақымбар, Шарапбике, Шүкір, Ібіліс т.б.
Парсы тілінен енген сөздерден жасалған СЮП-тер (50): Барабдал, Бадал, Албасты, Әбігер, Әмпей, Бетпақ, Дырау, Жадыгөй, Дуанбек, Зәре, Зікір, Қалжа, Далбаса, Алуа, Орамалова, Дардана, Гүлдария, Меймангүл, Мұнтаз, Жорабай, Найсап, Кебіс, Пәлек, Орамалова, Бетперде, Шілдебай, Шарбақбай т.б.
Орыс тілі арқылы енген СЮП-тер саны (120), сөздердің шығу тегін анықтау үшін "Краткий этимологический словарь русского языка” және В.И.Дальдің "Толковый словарь русского языка” сөздіктері қолданылды.
Славян тілінен - Сорокбай < сорокъ - қап, көйлек; Сусликкөз < сусьлъ < сусати - ысылдау; Көржік < коржик тәтті нан; Сөлке+бай < целковый < целый -бүтін сом; Айболит < ай, болит< Айболит - аң дәрігері (К.Чуковский); Самогон < дәнді дақылдардан, жасалатын ішімдік; Мұжықбай < мужик < қара шекпен; Пожарский <пожаръ-ыстық; Латыннан - Бетонбет betumen - битум, Виноқұл <вино < vіnum- ветвь, Спиртбай < спирт < spіrіtus - дем, дем алу, Насеком < Дефицитұлы<дефицит-тапшылық, Актішілов < асtus , Алиментшин < alіmentum - асырау-бағу, Папиросбек < papyrus – қағаз; Кереует < krabbtіon, Металті< фонетика phone - дыбыс ; Неміс тілінен - Рәпира < рапира - сайыс қылыш, Вагонбек < wagen -арба, Князов < kunіng - ру басы, Долларбек < taler -ақша өлшемі; Поляк тілінен - Бөтелке <бутылка < botelka < лат. buttіs- кеспек; Итальян - Кәмпит < confetto< лат. confectum - дайындалған дәрі, Тенорбек < tenore- еркектің биік даусы, Cонета <сонет- лирикалық өлең, Шарлатан < сіarlare - алдаушы, көз бояушы; Француз тілінен - Ботинка< ботинка, Коньяк <коньяк, Шампан+гүл, < vіn de Champagne < Шампань -провинцияның аты, Скелетбай < скелет, Панфлетхан < панфлет; Испан тілінен - sіgarro < Сигаретин; Ағылшын - Футболбай < foof - аяқ, ball – доп.
*Иванқұл, Ивангүл, Иван Ішуді біз үйрендік, Иван менен Бористан (Н.Төлепбергенұлы). Иван аты- тұтас бір ұлттың бейнесінің өкілі ассоциациялық образ түрінде алынған. Иван – прецедентті атау. Қазақ сықақшыларының өзге елдің күлкілі персонаждарын алуы сол аттардың халық арасында тым танымал болуынан ба дейміз. Иван - бүкіл Азия, Түркі жұртында Дунайдан Кубаньға, Оралдан Амурға дейінгі аралықта орыс деген ұғымды білдіреді. Иван - орыс халқының алаңғасар, аңқау, ақымақ, әпенді кейіпкері әрі сүйікті ұлттық бейнесі. Иван - орыс сөзі болып көрінгенімен, түп негізі - Иоанн көне еврей тіліндегі құдайдың сыйы дегенді білдіреді. Иван аты Европаға да кең тараған: Иоганн (неміс), Жан (француз), Джон (ағылшын), Юхан (фин), Ян (поляк), Иванэ (грузин).
Біраз СЮП-тер дыбыстық жағынан өзгеріске түскендігі байқалады: ботинка Бәтіңкеқызы, Егор Жәгөр, кореец Кәрісбай, кровать Кереует, купец Көпесбай поезд Пойызбек, сумка Сөмкебай, совет Сәбетбай, спирт Спіртқали, артист Әртісбай, целковый Сөлкебай, монпансье Мәмпәси, бутылка Бөтелке, конфета Кәмпит, Москва Мәскеубай, мужик  Мұжықбай, генерал Жандаралин, рапира Рәпира, завод Зауытбек, коржик Көржік, фонетика Понетекэ.
Әдеби кейіпкерге ат беруді ұлы еңбек деп қарау керек, өйткені көркем шығармада кездейсоқ аттардың болуы мүмкін емес. Жазушы Л.Успенский: "Егер Л.Толстойдың басына өзінің геройларының фамилияларын айталық, Ростовтың фамилиясын Перепенияға өзгертер ойы келсе, "Соғыс пен бейбітшіліктің” мықты ғимараты теңселген болар еді” деген сөзін тек ғана жеңіл әзілге құрылған деп санауға болмас. Шынында, Ростов, Облонский немесе Иртеньевке Перепения, Чичиков немесе Плюшкин секілді фамилияларды беру бейнелеп айтқанда, миға сыймас дүниелер ғой. В.Гоголь өз кейіпкерлерін Башмаков, Башмакеевич, Башмачкин деп өзгерткен.
ІІ тарау "Кейіпкер аттарының лексика-грамматикалық құрылымы” деп аталады. Бұл тарауда СЮП-дің морфологиялық-синтаксистік тәсілмен жасалған, гендерлік негізді, антоним және синоним мағынасындағы, қос сөз түріндегі, сөйлем типтес, тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдер құрамындағы аттар сөз етіледі.
2.1 Морфологиялық-синтаксистік жолмен жасалған СЮП-тер түбір тұлғалы, туынды тұлғалы, біріккен тұлғалы болып келеді.
1. Аппозитив аттар: Зат.е + зат.е: Ақыл+қалта, Әтір+шай, Бал+қаймақ, Бетон+бет, Дәу+пері, Есек+тас, Жорға+гүл, Метал+тіс, Күл+бет, Қыз+бала, Қыл+мойын, Сері+жігіт, Су+мұрын, Тас+маңдай, Теке+көз, Ит+аяқ, Қырық+сақина Шөп+желке Квалитатив аттар: Зат.е + сын.е: Кек+ала, Күкірт+сары, Ұйқы+сары, Үкі+сары, Мес+қара, Тас+қара, Қабан+қара, Ши+қара, Шот+қара, Ми+сыз, Май+лы, т.б. Зат.е + етістік: Ат+келтір, Бас+имес, Бас+бұзар, Бой+бермес, Дым+білмес, Жамбас+сипар, Қыз+тумас, Май+басар, Май+жеген, Мөр+басар, Пұл+жеген, Тай+жұтқан, Тас+жарған, Теңге+жұтқан, Той+болсын, Ұл+емес, Ұл+табар, Ұл+шығар, Шай+құяр, Тай+шабар(ов) т.б.
2. Сын.е + сын.е: Асау+қара, Дәу+қара, Шала+қызу, Арам+қара, Семіз+қара, Қара+ала, Шой+қара т.б. Сын.е + зат.е: Ақ+долы, Ақ+балдақ, Ақ+кемпір, Ақ+қу, Ақ+сом, Ақ+туша, Ақ+тайлақ, Ақ+көз, Ақ+жем, Ақ+тайлақ, Ала+бас, Арзан+гүл, Аш+гүл, Әрлі+гүл, Бейпіл+ауыз, Жыртық+гүл, Көк+аяз, Көк+қасқа, Көк+ми, Көк+долы, Көк+тиын, Көк+шақа, Көк+жал, Көк+байтал, Көк+аяқ, Көк+қас(ов), Күрең+көз, Қара+қатын, Қара+бұқа, Қара+кемік, Қара+шаруа, Қара+бет, Қолаң+шаш, Қоңыр+құлжа, Қызыл+тазы, Майлы+жігіт, Майлы+тон, Сәнді+гүл, Сойдақ+тіс, Сұр+сұлу, .Сын.е + үстеу: Егеу+әлі, Тыртық+әлі.
3. Сан.е + сан.е: Қырық+бес, Елу+бес+бай, Отыз+бір+бай, Сан.е + зат.е: Бес+бике, Бес+қара, Бес+тиын, Бес+балуан, Бесті+айғыр, Бес+қарын, Бір+ай, Бір+жамбас, Жалғыз+гүл, Жүз+тайлақ, Қырық+қабат, Қос+орай, Жалғыз+бике, Мың+жылқы, Мың+жігіт, Үш+кемпір, Төрт+қара,
4. Есімдік + зат.е. Есімдіктің тілімізде атқаратын қызметі орасан болғанмен, сан жағынан айтарлықтай көп емес. Дегенмен аз да болса кездеседі; сілтеу: Анау+бай, Мынау мырза, Анау+бек, Мынау+бек, Мынау+гүл, Сол+зада; белгісіз мәнді: Пәленше Түгеншиев, Пәленбаев, Әлдекім, Бірдеңкеев, Бірдібірге Шағыстырғанова; сұрау мәнді: Кімов < кім?, Қайзада < қай? өздік: Өзге, Өзден, Өзгегүл, Өздебай; болымсыз мәнді: Ешкім Жоққұлов, Ештеңе Ешкімбілмесов, Ештеңе Айтпайтынов, Іштеңкей Іштеңкеевич.
Императив аттар: етістік+зат.е: Азына+гүл, Бөсер+бай, Жөнде+гүл, Көнген+бас, Күлмес+жан, Қаңғы+бике, Қопар+гүл, Қойқой+бек, Қысқар+бек, Қайра+ғали, Сипа+гүл, Зытты+ғали; есімше: ған: Жұт+қан, Түрт+кен, Ұм+тыл+ған, Үр+ген, Көр+ген, Кез+ер+ген, Мас+ыл+ған, Той+ған, Асап Күйсе+генович, Той+ган+гүл Семір+геновна, Тілепал+ған Көсем+болған, Ғашық+болған+ұлы; -ар: Ал+да+р, Жет+ер, Қу+ан+ар, Бөс+ір, Қосып+айтар; -с: Ес+кер+ме+с, Дес+бер+ме+с, Ел+еме+с, Күл+ме+с, Той+ма+с, Жалық+па+с, Қи+мас, Қап+па+с, Тап+тыр+ма+с; -ты: Әлім+жетті, Алды+жытты, бұйрық райлы: Кой+бақ, Ұрда+жық, Кел+кел, Көңіл+жықпас, Кой+кой, Іліп+тарт, Жалтарма, Түлкі+бақ, Қой+болды, Жандай+шап, Барып+кел, Бар+бол, Жоқ+бол, Жөнде+гүл.
в) етістік + сын.е: Де+гіш
6. Үстеуден туындаған СЮП-тер аз: Әлі+бала, Әлі+қыз, Әлі+тірі, Егеу+әлі, Екеу+әлі, Нақ+тан, Бірді+бірге , Нағыз.
7. Еліктеу сөздер – дыбыстық жағынан, яғни дауыс ырғағына қарай одағай сөздер сияқты құбылып, түрленіп отырады. Академик Ш.Сарыбаев дыбыстық құрамын шартты белгілермен таңбалап, дауыстыны –V, дауыссызды – C, сонар дыбысты – L деп бөлген, осы үлгі бойынша топтастырдық:
І CVLC – тырқ Тырқай, шіңк Шіңкей, қоңқ Қоңқай, дыңқ Дыңқыш
ІІ CVLVL – бұлаң Бұлаңбай, жымың Жымыңғайша, жалаң Жалаңгүл
ІІІ CVC – жып Жыпбике, Қытқытбек, пыш Пышпыл, күп Күпілдек  т.б.
ІV CVLCVL – даңғыр Даңғырбай, шүлдір Шүлдір, сылдыр Сылдыргүл т.б.
V CVCCLV – бұлтаң Бұлтаңбек, сыпсың Сыпсыңгүл, қылтың Қылтың т.б.
VІ CVCVL – дедек дедек, шошаң шошаң, сусыл сусыл т.б.
VІІ CVL – даң даңғой, дал далбай, бұл бұлдыр т.б.
.жүріс-тұрыс: Алшаңбай, Алаңбай, Бұлтаңбек, Дікдік, Дікілдековна, Дедекбай, Дыңқыш, Еңкіш, Жыпбике, Зырбике, Зыпбике, Зырдай, Қисаңбай, Қалтқұлт Еткенов, Қисайғановқ, Лыпбике, Майпаң, Митың, Салпаңбаев т.б.
.сөйлеу: Әкіреңбай, Бұлдыр, Быдық, Діңгірбай, Дүңкілдек, Жыпылдақ, Зузула, Күпілдек, Қомпылдақ, Лепірбай, Міңгір, Міңкілдек, Міңкей, Өкірешбай, Пышпыл, Сақылдақ, Тақылдақ, Шүлдір, Шіңкей, Ыңыранбай, Ызбаркүл, т.б.
.көңіл-күй: Бұрқан Балқанович ашулану, Жымыңғайша қуану, Дүңкілдек (дөрекі), Күлімкөз, Күлдір, Күлегеш күлу, Күңкілдек ренжу, Сұңқибек жылау, Сыпылықгүл, күлу, Шытырлақ ашулану, Сықылықгүл күлу, Әңкі, Тәңкі ашулану, Шақар ызалану.
.мінез: Аңғалақ аңқау, Даңғой даукес, Былжыр, ынжық, Даңғырбай ақкөңіл, Болбыр бос, Елпекбай жұмсақ, Шайпаугүл долы, Қылтың, Сылтың жеңілтек, Жалтақ қорқақ, Жайнаң көңілді, Дәлду ерке.
.пішін: Мыржық ұсқынсыз, Іркілдек семіз, Маймақ қисық аяқ, Мыртық тапал, Адыраңбай дөрекі, Ыржалақ күлегеш, Қомпылдақ мақтаншақ, Суқылдақ өтірікші, Судырбай суайт, Суайтбек алдампаз, Шақшақай ызақор, Шыңқетпе жылауық, Шіңкілдек мазасыз, Ыңқылдақ жанаяр, Селтеңбай қыдырымпаз,
.ән-күй: Әридаш әри - әри, Әләулай әл -әу -лай, Гәкку гәк-гәк, гәк -ку, гәк-гәк, Бипыл бип- ыл, бип -ыл, Әупілдек әуп-әуп, Дәйдім дәй-дім, дәй-дім-ай, Тамтарам там-тарам -тарам, Діңгірбай -діңгір – діңгір (домбыраның дыбысы), Тыңқыбай тыңқ – тыңқ (домбыра шерту)т.б.
Одағайлардан жасалған СЮП-тер: көңіл-күй одағайлары: Алақай (қуану), Апырай (таңырқау), Әупірім (қиналу), Әлеуләй (әндету), Ахахау Одағаев (қатты қуану), Уау (ұнатпау), Әлди (еркелету), Бәрекелді (көтермелеу), Итуахи (таңқалу), Мейлі Бәрібір+ович (селқостық таныту), Ойбай+қызы (шошынғанда), Обал+ай (мүсіркеу), Ұят+ай (ұялу), Ай+қап (өкіну) хайуанаттарды шақыру, жекіру, тыйым салу мәнінде Айтақ (итті қосақтау), Ауқау (сиырды шақыру), Ләпірләй (ләп-қазды шақыру), Мияужан, Піштән (піш-мысыққа жекіру), Мыршым (мысыққа жекіру), ишарат одағайлары адамға тікелей бағытталатындықтан, мағыналарында экспрессиялық мән күштірек болады. Ахахау Одағаев < ах+ах+ау < ах'таңдану, опық жеу', ахау өлең айтқанда дауысты көтеріп шырқау үшін айтылатын сөз. А+ха+ха – күлудің бір түрі, осыдан аха+хау ырду-дырду, ойын-сауық, сауық-сайран дейтін ұғым қалыптасқан. Одағай сөзі кейде тұрпайы, анайы, өрескел дегенді білдіріп, тұтастай алғанда Ахахау Одағаев – ерсі, дөрекі, өрескел, оғаш істермен ерекшеленген кейіпкер аты. Айдабол, Ұрдажық, Бәрекелді сияқты СЮП-тер - ұлттық ерекшелікті білдіретін одағайлар.
9. Шылау сөздерден жасалған СЮП-тер: -ай – Обал+ай, Ұят+й, Елім+ай; -екеш – кемсіту, қомсыну, мұқату реңктерін білдіреді: Сом+екеш, Құл+еке; -да – Айдабол < ай+да+бол, Ұрдажық' дөрекі, дөкір, төбелесқұмар < ұр+да+жық < ұр сабау, соғу, түйгіштеу, жық құлату, сұлату, алып ұру, жеңу. Айдабол атын жіктесек, айда, бол деген императив тұлғалы сөз шығады. Ұятай – көп балалы ана Ақкүміс әже Кенжебек, Кенжегүлден кейін туған баланы "ел-жұрттан ұят болды, осы да жетер, қызалақтың атын ұятай қойыңдар”дейді (Ш.Смаханұлы).
10.Акроним (гр.сыртқы, шет+оним) Әпербақан < алып+бер+бақанды, Совхозбек < советское хозяйство, Колхоз+бек < коллективное хозяйство, Спидбек <СПИД+бек.
2.2 Күрделі тұлғалы ер адам мен әйел аттары екі не үш сөздерден құралған күрделі тұлғалы болып келеді.Ер адам аттары - бай (150), -бек (100), -хан (20), -қожа, -ғали, -құл, -тай, -жан, -патша сыңарларымен келетінін анықтадық. "Бай” сөзімен келетін аттар қолданыста өте көп, оның себебі "бай” сөзі көп мағыналы. Профессор Е.Жанпейісов "Дағдылы ауызекі тілде кекесінді, юморлық сарында кейбір адам жөнінде сөлпекбай немесе бөспебай деп те өзара айтылады. Осы әдісті кейбір автор таза стильдік мақсатқа, көркемдік ұтымдылық үшін пайдаланады” дейді [7,151].Расында, ауызекі тілде бос жүрген адам – Селтеңбай, бұзақы – Содырбай, сараң – Шығайбай, дөрекі – Дөкірбай, қорқақ - Қоянбай, қу – Түлкібай, сараң - Қарынбай, жеңіл-Елпекбай, семіз-Бөшкебай. .Мінез-құлық: Адыраңбай, Аңғалбай, Босаңбай, Бөсербай, Дөкірбай, Мырқымбай, Судырбай, Ылаңбай .Мамандық, кәсіп Әртісбай, Бақсыбай, Көпесбаев, Молдабай .Зоофорлық: Аюбай, Бақабай, Бестібай, Битбаевич, Борсықбай, Есекбай, Баспақбай, Бүргебай, Інгенбаев .Зат атаулары: Адырнабай, Елтірбай, Бөрікбай, Қалпақбай, Ноқтабай, Пышақбай, Түбекбай, Тіреубай, Шақша+бай .Соматикалық: Арқабай, Мойынбай, Мұртбай, Жатырбай, .Саяси-әлеуметтік атаулар: Әкімбай, Бұйрықбаевич, Елімбаев, Салықбай, Оңшылбаев, Солшылбаев, Үкімбай, Хатшыбай .Этнонимдік: Ауғанбай, Кәрісбай, Қалмақбай, Өзбекбай, Сәбетбай, Қырғызбай, Тәжікбай, .Абстрактілі ұғымдар: Жансаубай, Мәнсізбай, Пұлбай, Ұйқасбай, Шоңбай, .Фольклорлық: Быршымбай, Қарабай Қарынбай .Астионимдік: Мәскеубай, Тәшкенбай,
Елпекбай елпек+бай Елпекбай, бауырым, аңғалсың. Елпеңдейсің де жүресің. Одан да тарихта қалудың қамын жаса.Жігін тауып, жібін білдірмей, жіліктің майындай тамызып айта білсең, өтіріктің өзі де әңгіме бола береді,–деп ақыл айтады досы Телпекбай. Бай сөзі байлық, молшылық мағынасында емес, кейіпкер атын жасаушы антрополексема түрінде жұмсалып, неше түрлі мағынада жұмсалады.
Қазақ халқы тарихындағы ақсүйектер өздерінің әлеуметтік тегін көрсету мақсатымен бек, би сияқты титул сөздерді өз есімдеріне қосарлап айтып отырған. Бек – бұлар есім жасайтын арқау сөздер боп саналады. Осы үлгідегі жасалған СЮП-тер: Айтқышбеков, Есербек, Бұлтаңбек, Жанжалбек, Қойқойбек, Сабазбек, Суайтбек, Бытшытбек, Топасбек, Төбелесбек, Әуенбек, Әріпбек, Тенорбек, Модабек Коньякбек, Шампанбек, Спиртбек, Жұтқынбек, Нашабек, Ішкішбек, Шылымбек, Бытырабек, Пушкабек, Патронбек, Магнибек, Натрибек, Беделбек, Лауазымбек, Нөкербек, Уәкілбек, Шағымбек, Пысықбек, Шымшықбек, Қытқытбек, Атанбек, Сайтанбек. Бұкпабек бұкпа "Еркектің ең пысығы деп бастығының үстінен домалақ арыз боратып жүрген Бұқпабекті айтар едім”. Кірме аттарға бек сөзі көп жалғанған: Вагонбек, Зауытбеков Магнитбек, Патронбек, Тенорбек, Марксбек, Миллиардбек, Натрибек, Цементбек т.б. Осы кейіпкерлер арасынан Шимайбек "мен мұндалап” тұр, өйткені ол – сатирик Ш.Смаханұлының ғана емес, бүкіл қазақ балалар әдебиетінде сәтті шыққан күлкілі де сүйікті кейіпкер. Шимайбек деп аталуы – партасын, кітабын, дәптерін, жүрген жерін бос шимайлап жаза бергеннен балалар қойған лақап ат. Өзі жалқау, сотқар, нансоғар –"Шимайбектің портфелі, Іші толған нан екен” деп басталатын өлеңді сол заманның балалары жатқа білетін. Есіміндегі ерекшелік пен әрекетіндегі өзгешелігімен ел есіндегі Қожа, Шимайбек, Шыңқетпе, Бүлдірген, Күлдірген т.б өзіндік орын алады.
-жан: Артық+жан, Ауқат+жан, Жалқау+жан, Жұмсақ+жан (ов), Зыттыбай+жан, Қамыр+жан, Күлмес+жан, Мақта+жан, Мысал+жан, Мияу+жан, Нәшау+жан, Тірі+жан, Саупай+жан, Сұрау+жан, Ракета+жан, Космонавт+жан. Ғалым М.Малбақовтың бұл жұрнақ туралы "Әрі кішірейту, әрі еркелету мәніндегі тұлғалардың дәстүрлі қолданыс аясы бар. Олар сөздің бәріне бірдей жалғана бермейді. Сондықтан ұлттық дүниетаным ерекшеліктерінен хабар беретін, кең таралған түрлерін алу қажет деп ойлаймыз” [8,143] деген пікірі осы кейіпкер аттарына да қатысты, өйткені оны ойлап тапқан қаламгерлердің ой-танымын, стильдік мақсатын тануға болады.
Туынды тұлғалы әйел аттары (300) мынандай үлгіде жасалған: 1. Түбір тұлғалы: Әтеш, Мейіз, Шекер, Гүбі, 2. Туынды тұлғалы: Ләпірләй, Зузула, Зымыра, Балшекер, Қиқу, Ұятай, Тұйғын т.б. 3. Біріккен сөз тұлғалы: -гүл, -бике, -қыз,
-бала, -зада, -ғайша, ай. "Тіл-тілде не көп – сөз көп, сөздің түрі көп: …көне де, жаңа да, бір текті де, әр текті де, біріккен де, кіріккен де, мағынасы айқын да, күңгірт те, өлі де, тірі де –бәрі-бәрі тілде бар” [9,31] деп профессор Ж.Манкеева айтқандай, осы түбірлерден небір сиқырлы мағыналы сөздер туған.
Әр халықтың танымында әйел есімдерінде жиі қолданыс табатын сөздер болады. Мысалы, қытайлықтар - өрікті, латыштар - құсты, қазақтар - гүлді жақсы көреді. Гүл – иран сөзі, түрлі түсті, үлбіреген хош иісті өсімдіктің жалпы аты. Қазақ қызды ерекше қастерлеп, әсем гүлге теңеген, гүл қыз есіміне жалғанар антролексемаға айналған.
Белгілі түрколог Н.А.Баскаков "Впрочем элемент gьl "роза, цветок” в составе женских имен широко употребителен не только у каракалпаков, но и у других тюркских народов, главным образом Средней Азии” [10,95] дегеніне қарағанда, "гүлдің” кең сипатқа ие болғанын дәлелдейді. Өмірде кездесетін есімдер сияқты сатира мен юморлық туындыларда "гүл” антрополексемасы поэтононимдердің әйел, не ер екенін ажыратқыш белгі ретінде ретінде жұмсалады. Мысалы, Содыргүл - Содырбек, Модагүл - Модабай, Жалпақгүл - Жалпақбай, Опагүл - Опағали, Шишагүл - Шишабай, Ызбаркүл - Ызбарбек т.б.
"Гүл” арқылы жасалған СЮП-тер–100: Ашгүл, Бәдіккүл, Біргүл, Дәңкісгүл, Даукүл, Долыгүл, Жалпақгүл, Желдігүл, Жалғызгүл, Жөндегүл, Жылпылгүл, Жәнегүл, Зәргүл, Итгүл, Құлқынгүл, Құрақгүл, Қылқангүл, Қотыргүл, Қырғигүл, Көкекгүл, Модагүл, Мынаугүл, Ойнакүл, Ойпаңгүл, Ойбайкүл, Өзгегүл, Өңешгүл, Саунагүл, Селдіргүл, Сыбыргүл, Сыпсыңгүл, Сыпылықгүл, Теміргүл, Таңқыгүл, Түтінгүл, Түймегүл, Тамшыгүл, Шайгүл, Шампангүл, Шәлдіркүл, Шишагүл, Шошаңгүл, Шылдыргүл.
"Гүл” компонентімен келген есімдер әйел - есімдеріне ғана тән құбылыс десек те, басқа халықта ерлер есімдерінде, мысалы, тәжіктерде Гүлмұхаммад, Гүлмиддин, Гүлмырза, Гүлназар, тіпті Тазагүл есімдерінің қойылуы үйреншікті құбылыс, олар үшін таңғаларлық нәрсе емес. Гүл сөзінен басталатыны санаулы: Гүлдерайым, Гүлдерай Гүлбазар, Гүлжапырақ, Гүлбазар, Гүлелпек, Гүлтура
Долыгүл Бетпақова "Енелерге қарсы күрес” курсын Шатақ ғылымының докторы, профессор, Енелерді қан қақсату ғылым академиясының академигі, Жезтырнақ сыйлығының лауреаты Долыгүл Бетпақова жүргізеді. Милау кемпір атындағы Мазақ академиясы(Е.Шайқы). Сықақшылар қыздар мен әйелдердің бейнесін жасауда барлық сатиралық-юморлық тәсілдерді қолданған. Ертегідегі Жалмауыз кемпірді де, Жезтырнақты да елестете отырып, көкбет, бетпақ, долы әйел бейнелерін атына заты сай етіп бере білген.
Бике сөзі мен тіркескен СЮП-тер саны (70): Аңқаубике, Әтірбике, Барқытбике, Бесбике, Бекбике, Бытбике, Елбике, Жалғызбике, Жалаңашбике, Жыпбике, Зәрубике, Зыпбике, Зырбике, Иісбике, Күлбике, Күнбике, Кердеңбике, Құйысқан бике, Лыпбике, Мақалбике, Маздаубике, Мұзбике, Насбике, Ойбике, Пернебике, Салбике, Сұлубике, Сыбысбике, Сырғабике, Сыпбике, Тасбике, Тәуірбике, Түлкібике, Топарбике, Тоқбике, Тойбике, Торымбике, Тауықбике, Танабике, Тырылбике, Ұлбике, Шарапбике, Шәйбике, Шүйкебике, Шылымбике.
"Бике” сөзімен тіркескен кейіпкер - бізге аңыз әңгімелерден (Алдар көсе оқиғалары) Бізбике атты Шық бермес Шығайбайдың қызы арқылы таныс. Бике – алғашқы мағынасында, яғни тума ат болып тұрғанда қыздарға, әсіресе ханшайым, бай қыздарға қосымша берілген ат, атақ іспетті. Сатира мен юморлық кейіпкер аттарында бике ерке пейоратив кесір, жеңілтек мәнінде жұмсалып, әйел жынысы екенін білдіретін мағынаны білдіретін суффикске айналған. Бике сөзімен келетін аттар некен саяқ кездеседі, тілімізде қайынбике туыстық қатынасты білдіретін сөз. Ғайша сөзімен жасалған экзонимдер тілімізде ұлтқа тән дыбыстық ерекшелігіне қарай қалыптасқан: Азанқайша, Жанқайша, Жымыңқайша, Зілқайша, Миниқайша.
Қыз сөзімен тіркескен СЮП-тер саны: Аққыз, Әліқыз, Дәріқыз, Мырзақыз, Мыстанқыз, Қарақыз, Кенжеқыз, Пернеқыз, Үкісарықыз, Қыз Жүлік (Қыз Жібек).
Қыз Жүлік "Азан шақырып қойған аты – Қыз Жүлік. Атына заты сай, бетіне "сорпасы” шыққан сорақының жоғары сорты. Отырған жері айқай-шу, ұрыс шыққан жерде шаштан жұлу, бет жырту. Күйеуін көктен алып, көрге салатын көкбеттер арасында жарыс өтсе, "бас бәйгені шаппай бер ” дейтіннің нағыз өзі” (Тұрымбет А).
Ай сөзімен тіркескен СЮП-тер: Ай+күміс, Гүлдер+ай+ым, Гүлдер+ай,
Жоғарыда көрсетілген гүл, -бике, -қыз, -бала, -зада, -ғайша, ай антропонегіздерден басқа екі түбірдің бірігуінен көптеген ойдан шығарылған аттар ерекшеленіп тұрады: Әпитөк, Күлшашар, Қиқу, Байсүйер, Шөпжелке, Зырбике,
Қиқу қиқу айғай, шу. Осы қиқу дыбыс жүрген жері айғай-шу, долы, бетпақ әйел атының қойылуына уәж болған. "Дәлізден шыққан дүрсілден Қиқу апайдың келе жатқанын білдік. Салыңқы бұғақ, шүріппе ерін Қиқу апамыз кіріп келді. Кіре сала орындықты ырғап-ырғап бажылдатты. Апайдың жыны уақыт, жер таңдамайды. Еден екі рет солқ етті...Стол үш рет бұрқ етті. Екі көпіршік екі езуге жарыса ытып шықты да, шарланып барып жоқ болды. Кабинет есігі қалай Қиқу апайдың қолында кетпегеніне таңырқадық. Терезеден қарасақ, асфальттың көбесін сөгіп жіберердей тарпи басып тартып барады” (Сабыржанов Ж).

Категория: Қазақ тілі және тіл білімі | Добавил: nauriz (18.10.2012)
Просмотров: 1823 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Сағат

Сауалнама
Сайтта сізге не ұнайды !!!!!!!
Результаты
Всего ответов: 4013
Сайт мәзірі
Сайт көрсеткіші
Қазір online
Қазір сайтта: 3
Қонақтар: 3
Қолданушылар: 0

Лучшая рип студия!