Главная » Статьи » Қазақ тілі және тіл білімі |
Қазақ сөз мәдениеті туралы түсінік, ұғым, пайымдаулар ғылыми пән ретінде өмірге кездейсоқ келмегені белгілі. Тілдің қасиеті, сөз құдіреті жөніндегі өмірден түйген түйінді ойларын (тіл туралы мақал-мәтел, фразеологиялық сөз орамдарын т.б.) халықтың метатілдік рефлексиясы деуге болады. Әсіресе сөз мәдениетіне қатысты мақал-мәтелдердің мазмұнындағы терең пайымдаулар тілдің қоғамдық-әлеуметтік тіршілігімен байланысты екенін айқын аңғартады. Сөз мәдениеті: советтік және постсоветтік кезең. Сөз мәдениеті жөнінде ғылыми ұғым, пайымдаулардың дүниеге келуі, сөз мәдениетінің жеке пән ретіндегі объектісі, көтеретін мәселелері, терминологиясы, зерттеу әдістері, бір жағынан, тілдің этос, пафос, логос тәрізді қоғамдық тіршілігімен, екінші жағынан, қазақ тіл біліміндегі лингвистикалық ойдың өрістеуімен байланысты қарастырылады. Сөз мәдениетінің коммуникативтік аспектісі. Сөздің коммуникативтік сапасына "дұрыс” – "бұрыс”, "орынды” – "орынсыз”, "сөзі бай” – "сөзі жұтаң”, "бедерлі” – "бедерсіз” деп баға беруде (Р.Сыздықова, Х.Нұрмақанов, М.Серғалиев, Н.Уәлиев т.б.) мәтіннен (сөз құрылымынан) сәтті немесе сәтсіз фактіні бөліп алып, талдау негізгі әдістің бірі болды. Бірақ бұлайша талдау, бір жағынан, дұрыс болғанмен, екінші жағынан, мәтіннің тұтастай алғандағы коммуникативтік сапасының бағасы емес, оның үзігі жөнінде ғана баға. Алайда мәтінде кездесетін формалды құрылымдық сәтсіздік кездейсоқ, жекелеген ғана факті болуы ықтимал. Сондықтан сөздің коммуникативтік сапасы сөз актісінің аяқталған нәтижесіне қатысы болуға тиіс. Мұндай талап тілдік фактіні тек сөздің құрылымының құрамында қарау жеткіліксіз екенін көрсетеді. Сөз айтылғанға (жазылғанға) дейін де, яғни вербалданғанға дейін адресант-автордың "айтсам”, "жазсам” деген діттемі, "нені айтсам” (жазсам), "қалай айтсам” (жазсам), "кімге айтсам” (жазсам) деген мақсаты, қызығушылығы болады. Алдымен, сөйлеушінің/жазушының санасында болашақ сөздің ішкі нобайы жасалады. Сонымен, коммуникация теориясында коммуникация тек вербалды кезеңнен ғана емес, коммуникацияға дейінгі кезеңнен, коммуникациядан кейінгі кезеңнен тұратынын, бұлардың ішінде вербалды кезең формалды тілдік құрылымға, ал коммуникацияға дейінгі және кейінгі кезеңдер тілдік емес құрылымдар екеніне көңіл бөлу қажет. Осымен байланысты белгілі бір мәтіннің сөз сапасын талдап, сипаттау, тексеруді ойдағыдай жүзеге асырып, сенімді нәтижелерге қол жеткізу үшін тілдік құрылымдарды объективті ақиқат, психология, когниция, әлеуметтік, эстетикалық, этикалық т.б. тілдік емес мәнділіктермен байланысты қарау негізге алынды [7, 24]. Мұның өзі сөз актісінің нәтижесі болып табылатын, мәтінмен ғана шектелмей, коммуникацияға қатысушылар факторына көңіл бөлудің, коммуникативтік ситуацияны мәтінмен байланысты қараудың қажеттілігін көрсетеді. Әдетте адресант өзінің сөзін көздеген коммуникативтік мақсатына, діттеміне, сөз стратегиясына, тыңдаушымен өзара ықпалдастық тактикасына, қарым-қатынас ситуациясына, уақиғаның барысына қарай құрады. Сөйлеушінің алдына қойған мақсатына жетуі, оның коммуникативтік діттемін тыңдаушының зерделеуі (интерпретациялауы) тілдесудің ойдағыдай өтуінің негізгі белгісі болып саналады. Коммуникацияға қатысушылардың өзара ықпалдастығы, коммуникативтік құзіретті қалыптастыра білу сөз актісіндегі ерекше маңызды жайт болып табылады. Адресаттың айтылған сөз бен сөйлеушінің нені айтқысы келіп отырғанын салыстырып, сөз ауанын түсінуі адресаттың тілдік, әрі коммуникативтік құзіреттілігіне жатады. Осымен байланысты зерттеуде коммуникациядағы сөз субъектілері (адресант/адресат) түпқазық категория ретінде алынады. Адресаттың айтылған сөзді ұғынуы тек тілдік құзіретпен шектелмейді. Сөйлеушінің интонациясын, пресупозициялық, аялық білімін, уақиғаны, т.б. салыстыра отырып, коммуникатордың коммуникативтік діттемін зерделеуі (интерпретациялауы) коммуникативтік құзіреттілікке жатады. Адресант өз сөзінің тигізер ықпалын болжай отырып, өзінің түпкі мақсатына жету үшін тыңдарман/оқырманның қабылдауына тиімді баяндау стратегиясын ойластырады және адресаттың білім дүниелерімен санасады. Сөз субъектісінің мәртебесі қарым-қатынас мақсатына, адресаттың кім екендігіне қарай, қарым-қатынас жағдайына қарай өзгеріп отырады [8, 98-100]. Автордың қайсыбір құбылысты (затты, уақиғаны т.б.) өзіндік көзбен көруі, оған баға беруі, оған қатысуы, қысқасы, өзін көрсетуі адресатқа ықпал етудің бір тетігі. Ал автордың "өзіндік беті” болмаса, мәтін "иесіз” қалып, ажары солғындай түседі. Сөздің бұлайша "иесізденуі” адресаттың қызығушылығын бәсеңдетеді. Керісінше, адресанттың өз пікірін көрсетуі, оның жеке тұлға ретіндегі сапасының шынайылығын таныта түседі. Ал мұның өзі сөз актісі теориясындағы кооперация принципі бойынша адресатты өзімен ынтымақтаса түсуіне әсер етеді. Автор өзінің айтпақ ой-сезімінің адресатқа мүмкіндігінше толық жеткізу мақсатын көздейді. Реципиент мәтінді толық түсінуі үшін, автордың реципиент білімінің деңгейімен санасуына тура келеді. Реципиентте коммуникативтік акті шеңберіне сай білім мөлшері, көлемі жеткілікті болуға тиіс. Оған реципиенттің тезаурус көлемі, вербалді ойлау аппараты, белгілі бір ақиқат туралы қажетті білімнің мазмұны кіреді. Адресаттың іс-әрекеті белсінділік таныту, ден қою, назар аудару, қабылдау фреймдерін қалыптастыру болып табылады. Адресат "түсіну стратегиясын” басшылыққа алады. Түсіну стратегиясы, бірінен кейін бірі ретімен айтылған таңбалар тізбектерінің қандай мағынада екенін түсінуден басталып, сөйлеушінің нені айтпақ болғанын ұғынумен, ой елегінен өткізумен аяқталады. Сөзді мұқият ұйып тыңдаушының "образын” жасау – сөздің ойдағыдай өрбуіне ықпал ететін негізгі шарттардың бірі. Мәтінді тек автор туғызбайды, мәтін автормен адресаттың тілдік ойлауының өзара әрекеті. Мәтін – коммуникацияның нәтижесі, әрі коммуникациялық бірлік. Н.Д. Арутюнова адресат факторын есепке алу, сөз актісінің тиімді болуының шарты деп көрсетеді. Мәтін мен оқырман арасындағы диалог, яғни мәтін тасасында тұрған автормен диалог, олардың ақиқат өмір туралы, айнала қоршаған әлеуметтік ақиқат туралы, олардың санасындағы әлеуметтік психологиялық стереотиптердің түйісуі шарт. Ал бұл түйісу стереотиптер жүйесі ортақ болғанда ғана жүзеге асады. Адресат факторын ескеру сөздің (речь) тілдік құрылымына енетін таңбаларды дұрыс, тиімді, діттеген мақсатқа орай таңдауға ықпал етеді. Когнитивтік санасында белгілі бір ой-пікір, сезім тілдік тұрғыдан объективтенгенге дейін адресант адресаттың әлеуметтік статусы, жас, жыныс ерекшелігі, таныс, бейтаныстығы т.б. жөнінде азды-көпті "байыптап” алады. Адресант-автордың бұл "байыптауы” коммуникацияның құрылымына кіреді. Адресат факторы, әсіресе сөйлеген (жазған) сөздің орындылығы деген коммуникативтік сапаны айқындап тұрады. Сөйлеген (жазған) сөздің тілдік құрылымы қаншалықты дұрыс, шеберлігі жағынан мінсіз болғанмен, адресат факторының ескерілмей қалуы сөздің коммуникативтік сапасын төмендетіп, тілдік қарым-қатынасқа кедергі келтіруі мүмкін. Адресат факторының функционалдық стильдердің бәрінде бірдей еместігі байқалады. Әсіресе сөйлеу тілінде, ауызша сөзде адресат факторына мән берудің өзінше ерекшелігі бар, өйткені адресаттың әлеуметтік сипатына бетпе-бет сөзде ерекше мән беріледі; шаршысөзде, радио=,телехабарларда адресат факторына ерекше көңіл бөлуге тура келеді: адресат (көпшілік) айтылған сөзді ықыласпен тыңдап отыр ма, әлде сөзден жалыға бастады ма? Адресаттың сөзге деген ынта-зейіні, сөйлеушіге деген назары коммуникатордың үнемі бақылауында болып отыруға тиіс; көрермен, тыңдармандарды коммуникатор экран, қабылдағыш алдынан кетіп қалмай, қызыға тыңдау үшін сөзді диалогтендіру, интимдендіру сияқты тілдік тәсілдерді қолдануға мәжбүр болады. Сондай-ақ іскери сөзде де адресат факторының өзіндік функциясы бар. Сөйлеуші адресаттың әлеуметтік рөліне қарай сөзді демократияландырып, я болмаса әкімшілдендіріп отырады немесе тепе-теңдікті (паритеттілікті) сақтайды. Адресат факторы көркем әдебиет стилінде де ескеріледі. Қайсібір көркем сөз шеберлерінің шығармаларында автор арнайы тілдік тәсілдер арқылы оқырманмен сырласып отырғандай, оқырманның жанында отырғандай әсер қалдырады. Ғылыми стильде адресат факторы "маман” – "маман” деген формулаға сай қолданылады, адресаттың білім деңгейлері шамалас болады, екеуіне де ортақ білім қоры болады. Сөз актісінде екі сана – адресанттың және адресаттың санасы жұмыс істейді. Осы екі сананың мүмкіндігінше бір-біріне сәйкес келуі коммуникацияның сәтті болуына оң әсерін тигізеді [9, 136]. Сөз авторы өзінің санасында қорытылып, өңделген ақпаратты кодқа салады. Ал адресант кодқа салынған әртүрлі ақпаратты (мазмұндық, эмоционалдық, бағалауыштық т.б.) мүмкіндігінше дұрыс ашуға тырысады. Автордың когнитивтік санасында өңделген ақпарат пен адресаттың санасында қабылданған ақпарат мүмкіндігінше алшақ болмауға тиіс. Ол үшін автор мен адресаттың білім қорында біршама ортақтық болуға тиіс. Алайда тілдік ұжым мүшелерінің когнитивтік санасындағы білім қорының құрылымы күрделі болып келеді. Олар тілдік білім, тілдік емес білім, аялық білім деп үлкен үш топқа бөлінеді. Тілдік білім "сөйлеушінің (жазушының) тілдік құзіреті” деген ұғымды аңғартады. Белгілі бір тілді тұтынушы тілдік таңбалардың мағынасын жақсы білуге, тілдік бірліктерді бір-бірімен байланыстырып, ой-сезімін білдіре алатындай болуы шарт. Тілдік таңбалардың мағынасы адресант-сана мен адресат-санада бірдей ұғынылуға тиіс. Бұл – коммуникацияның ойдағыдай өтуінің алғышарттарының бірі. Автор мен адресаттың арасындағы коммуникацияның ойдағыдай болмағы тілдік емес факторларға да байланысты болады. Әсіресе "маман” + "маман” (дәрігер) арасындағы коммуникацияда бұл жағынан "қиындық” бола бермейді, өйткені арнаулы сөздер, терминдер, номенклатуралық атаулар тәрізді тілдік таңбалардың мазмұнмежесі екі санада бірдей түсініліп, бірдей ұғынылады. Коммуникация кезінде тілдік конфликт көбіне "маман” – "маман еместің” арасында жиірек кездеседі. Мысалы, "маман” (дәрігер) мен "маман еместің” (науқастың), "сатушы мен сатып алушының” арасындағы коммуникацияда түсініспестік жағдай көбіне тілмен байланысты болады. Бұл қауіптің алдын алу үшін "коммуникатор-маман” "коммуникант-маман еместің” когнитивтік санасымен, яғни оның тілдік, тілдік емес білім қорымен санасып, сөйлеген (жазған) сөзін маман емес коммуниканттың санасына қарай бейімдеуі қажет. Мысалы, дәрігер мамандар арасындағы тарөрісті емес, жұртшылыққа танымал медицина терминдерін қолдануға тиіс. Сөз ыңғайы "дәрігер – науқас” формуласына қарай құрылуға тиіс. Олай болмаған жағдайда науқасқа берілуге тиісті ақпараттың көлемі толық болмай шығады. Дәрігердің "маман – маман” арасындағы қолданатын терминдер тізбегі мен номенклатуралық атаулар легінің бәрін науқас түсіне бермейді. Сатып алушының көбірек қолданатын дейксистеріне (ананы, мынаны, анау тұрғанды, мына біреуді т.б.) сатушы ерекше мән беруі қажет, өйткені сатып алушы тауардың маркасының, сортының қалай аталатынын біле бермеуі мүмкін. Зерттеудің "Сөз мәдениетінің когнитивтік және лингвомәдени аспектілері” деген тараушасы сөз мәдениетінің когнитивтік негіздері; тіл мен мәдениеттің өзара байланысы; тілдік тұлғаның мәдени-тілдік құзіреті деген тақырыпшалардан тұрады. Когнитивтік лингвистикада білім ұғымымен бірге таным, ақпарат, сана, ойлау тәрізді ұғымдық категориялар жиі қолданылады. Ақиқат туралы білімді санада сақтау, оны игеру – күрделі процесс. Бұрын алынған білім индивид санасында тәртіпке келтіріліп, жаңа алынған білім бұрынғымен байланыстырылады. Аса маңызды, мәнді деген фактілер, деректер жинақталып, концептілік жүйеге түседі [10, 151]. Концепт индивид санасында сәулеленген сезімдік-заттық образдың (перцевтивті модус) негізінде пайда болады. Концепт негізінде сезімдік тәжірибе жатады. Сезімдік-заттық образ (код) концептің ядросы болып табылады. Осы заттық код белгілі бір объектіні терең, жан-жақты білген сайын жаңа мәндік белгілермен байи түседі. Осының нәтижесінде концептің мазмұны ұлғаяды, мазмұны кеңи түседі. Әлгі белгілердің қайсыбірінің мәнділігі күшейе түсуі, қайсыбірінің көмескіленуі ықтимал. Концепт ретсіз нәрсе емес. Оның компоненттері (белгілері) белгілі бір тәртіпте болады. Заттық-образдық ядро нақты болады, ал ядродан алшақтау жатқан белгілер дерексіз, абстрактілі болуы мүмкін [11, 34-43]. Концептінің әртүрлі қабаттары бір-бірінен туындап жатады. Бұл жайт концепт ұғымының өзгеше сипатын көрсетеді. Концептінің жасалуына ұғым емес, заттық образдар (заттың бейнесі) негіз болады. Мысалы, ат жалын тартып мінді (ержетті) дегенге ат, мін=, жал деген (субъект-предикат) ұғымдар емес, ақиқат өмірден алынған сенсорлық-перцептивті образ негіз болып тұр. Ұғым мен концептінің мағынасы тепе-тең емес. Ұғым белгілі бір объектінің танылған аса мәнді белгілерінің жиынтығы болса, концепт-мазмұн межесі жағынан объект туралы барлық білімнің жиынтығы, ал тұрпат меже тұрғысынан тілдік бірліктердің (лексикалық, фразеологиялық, паремеологиялық тб.), құралдардың жиынтығы болып табылатын ментальды, ұлттық ерекшеліктерді танытатын құрылым. Ұғымнан концептінің айырмасы, түптеп келгенде, мынаған саяды: концепт – денотат туралы бастапқы түсінік (представление). Денотат туралы осы түсінік жалпыланған инвариант-образ түрінде болады да, ол сөздің тууына түрткі, ұйтқы болады. Бұл – заттық-бейнелік концепт. Тілдік санада концепт форматына түскен бұл құрылым лингвокреативті ойлаудың негізінде әрі қарай өңдеуден өтіп, ұлттық-мәдени концепті пайда болуы мүмкін. Заттық-бейнелік концептіде (перцептивті модуста) этномәдени сипат бола қоймайды. Мысалы, қазан ошаққа, тасошаққа, жерошаққа т.б. құрылғының үстіне қойылатын, астына от жағылатын, беті қақпақпен жабылатын түбі қара күйе ыдыс. Ошақ, ошақтың үсті, от жағу, беті, қақпақ, жабу, түбі, қара күйе, ыдыс дегендер – ақпарат. Осы ақпараттардың реттелген жүйесінен заттық-бейнелік концепт жасалып тұр. Бірақ заттық-бейнелік концептісінің ономосологиялық құрылымы мәдени этностық санада әрі қарай өңдеуден өтеді де, басқа бір таңбаланушының таңбасына айналады. Ендігі жерде қазақ түсінігінде қазан отбасының, ағайын-туыстың, ауыл-аймақтың, ел жұрттың басын біріктіретін, басын қосатын, ынтымақтастыратын қасиетті мүлік болып табылады. Қазаны бүтін; қазаны қақ айырылу, қара қазан сарбаланың қамы, қазанын сындыру (кек алудың бір түрі) т.б. дегендер ұжымдық санадағы мәдени-ұлттық семантиканың тілдік таңба арқылы жарыққа шығуы қазанның ұлттық мәдени концептіге айналғанын көрсетеді. Мұндай концептілер (инферентті модус түріндегілер) этномәдениеттің тірек элементі болып, концепт-кеңістікке енеді. Зат-бейнелік концепті (перцептивті модус) мен мәдени-ұлттық концепт (инферентті модус) когнитивтік әрекеттің екі фазасы болып саналады; бастапқы таңбаланушы мен таңбалаушы әртүрлі модификацияда сөз таңба ретінде қалыптасу кезеңінен өтеді. Аяққы кезде сөз белгілі бір этномәдени кеңістікке енеді де, сол мәдениетті түсінудің (ұғынудың) және түсіндірудің (ұғындырудың) құралына айналады. М.Минский фреймді стереотипті ситуацияның ойбейнесі деп атайды. Осы аталған когнитивті жасалым стереотипті денотаттық ситуациямен байланысты. Мысалы, ашішектей созылды деген фразеологизм "ұзаққа созылған, бас-аяғы көрінбейтін, адамды ығыр қылатын баяу іс, әрекет туралы” айтылады. Фразеологиялық мағына ақиқат дүниедегі денотаттық ситуацияның тілдік ұжымның санасында фреймдік құрылым ретінде қалыптасуымен байланысты. Когнитивтік санада фреймдік форматқа түскен құрылымды таратып айтатын болсақ, – жаңа сойылған малдың ішек-қарны тазаланады, әсіресе аш ішек ұзын, жіңішкелеу болғандықтан, ши жүгіртіп, сумен шаю ұзаққа созылып, баяу істеледі. Ақиқат өмірдегі осы стереотипті денотаттық ситуация тілдік ұжымның когнитивтік санасында фреймдік құрылым түрінде орныққан. Ендігі тұста осы фреймдік формат "ұзақ, баяулық” сияқты басқа бір концептімен ассоцацияланып, ұзаққа созылған, баяу, адамды ығыр қылатын істі атайтын екінші реттегі номинацияға айналған. Белгілі бір мәтінде фразеологизмдердің дұрыс/бұрыс қолданылғанын олардың ақиқаттағы денотатымен, сол денотаттың санадағы құрылымымен байланыста қарай отырып айқындауға болатыны байқалады. Когнитивтік тұрғыдан қарасақ, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай тәрізді фразеологизмнің сөз мәдениеті тұрғысынан қазақ тіліне жат екені байқалып тұрады. Өйткені жаңбыр шелектеп жауса да, қазақ даласында саңырауқұлақ қаптап кетпейді, яғни ақиқат өмірде ондай стереотипті ситуация жоқ, денотаты болмағандықтан, ұлттық санада фреймдік құрылымы да жоқ. Диірменіне су құйды деген қолданыс та қазақша емес. "Бір нәрсені өршіте түсу” деген ұғым қазақ тілінде "Отына май құйды” деген фразеологизммен бейнеленеді, өйткені ақиқат өмірде отқа май құйып ырымдайтын стереотипті ситуация болған. Осы денотатпен байланысты тілдік ұжымның санасында фреймдік құрылым түзілген. Сондай-ақ ақиқат өмірде болғанмен, фреймдік құрылымға түспеген денотат, денотаттық стереотиптік ситуациялар да болады. Мысалы, судың, жаңбырдың тамшысы перцептивті образ түрінде кез келген тілдік ұжымның санасында болуы ықтимал. Бірақ бәрінде бірдей "егіз тамшы” деген фреймдік құрылым кездесе бермейді. Орыс тілінде "өте ұқсас, бірінен бірін ажыратуға болмайтын нәрсені” как две капли воды деген екінші реттегі номинациямен береді. Ал қазақ тұрмысында егіз қозы біріне-бірі өте ұқсас, оларды бір-бірінен айыру, тәжірибелі адам болмаса, өте қиын. Ақиқат дүниедегі осындай перцептивті типтік ситуация ұжымның когнитивтік санасында фреймдік құрылымға айналып, соның негізінде егіз қозыдай деген екінші реттегі атау пайда болған. Қазіргі кезде баспа беттеріндегі егіз тамшыдай деген қолданысты бөтен тілдің дүниелік картинасы болғандықтан сөз мәдениеті тұрғысынан мақұлдауға болмайды. "Тіл мен мәдениеттің өзара байланысы” деп аталатын тақырыпшада Тіл мен мәдениеттің байланысы жөнінде кейбір көзқарастарға қысқаша тоқталдық. Ақиқат дүниедегі заттар, құбылыстар, уақиғалар т.б. адамға қалай әсер етсе, тіл де солай әсер етеді. Адамның ішкі әлемі (эмоционалдық, интеллектуальдық әлемі) мен сыртқы әлемнің аралығында тіл әлемі бар. Индивид, субъект белгілі бір тіл әлемінде өмір сүреді. Сондай-ақ тіл индивидтің, субъектінің ішкі әлемінде (санада да) орын тепкен. Тіл тек қоғамда ғана өмір сүрмейді, ол индивидтің санасында өмір сүреді. Э.Сэпир, Б.Уорф т.б. неогумбольдшылдар мектебінің теориясы осы ұстанымды негізге алады. Адамдар ақиқат дүниені өзінің ана тілі арқылы ғана тани алады, біле алады және көре алады. Ақиқат өмірді тілде бейнеленгендіктен ғана көре аламыз, тани аламыз. Тілде бейнеленбеген нәрсе ақиқатта да жоқ. Әрбір тіл ақиқат дүниені өзіне тән ерекше тәсіл арқылы бейнелейді. Мысалы, қадамыңа гүл бітсін деген тұрақты тіркестің фразеологиялық мағынасы "жүрген жерің құт, берекелі болсын” дегенді білдіреді. Бұл фразеологизмдердің әуелдегі протосемантикасы жүрген жерің көгорай шалғын болсын деген мәнде болу керек. Өйткені қазақтың жері көбіне шөлейт шөл болып келеді де орманды алқап аз кездеседі. Жақсы тілек мәнді аталмыш фразеологизм қазаққа тән дүниенің тілдік бейнесі арқылы қалыптасқан. Сондай-ақ қарғыс мәнді жүрген жеріңе шөп шықпасын деген фразеологизмнің ұлттық семантикасы орманды алқапты мекендейтін халықтар үшін, олардағы дүниенің тілдік бейнесі басқа болғандықтан, мүлде қисынға келмейтіндей көрінеді. Дүниенің тілдік бейнесі эмпирикалық таныммен байланыста. Әрбір тіл, Б.Уорф-Сепирдің тұжырымдауы бойынша, дүниені өзінше жүйелеп бөледі, яғни оны концептуализациялаудың өзіне тән тәсілдері болады. Ақиқат дүниедегі заттарды, құбылыстарды, уақиғаларды белгілі бір концептіге топтастырады [12, 209]. Тілдік бейне түріндегі концептуалды жүйе этностың заттық, мәдени тәжірибесіне тәуелді. Дүниенің концептуалды бейнесі логикалық-прагматикалық позитивтік танымға, әлеуметтік тәжірибеге негізделеді. Концептуалды бейне дүниенің тілдік бейнесінің бір бөлігі болып табылады. Дүниенің тілдік бейнесінде мифологиялық, діни, логикалық-позитивті танымның бәрі де болады. Дүниенің қарапайым бейнесінде дәмбейне, иісбейне, көзбейне, тәнбейне (ыстық, суық, қатты, жұмсақ т.б.), естілімбейне, яғни сенсорлық қабылдау басым болады. Тіл әрдайым ұжымдық стереотипті, эталонды, түсінікті тіркеп, көрсетіп тұрады. Әрбір табиғи тіл ақиқат дүниені өзінше тәсілмен концептуализациялайды. Сөйтіп сөйлеушілердің бәріне ортақ ұжымдық философиясы тәрізді көзқарастар жүйесін жасайды. Мысалы, қамшының сабындай қысқа өмір; дүниедегі ең жаман нәрсе – жалғыздық пен жаяулық; бала – бақыт, ер қанаты – ат, т.б. Осылайша тілдік ұжымның когнитивтік санасында мағыналар кеңістігі, яғни дүние туралы тілде бекітілген дәстүрлі білімдер типі пайда болады. Әр халық дүние алуандығын өз таным-түсінігінше таптастырып, топтастырады, дүниенің үзіктерін өздерінше атайды. Дүниенің өзіндік конструкцияланған бейнесінде индивидуалды, топтық және ұлттық тәжірибенің табы жатады. Дүниеде ең жаман – жаяулық деген тұжырым, қазаққа түсінікті, ал жер көлемі атшаптырым ғана шағын ел (тілдік ұжым) оны түсінбес еді. Тілдік бірліктерде мәдени ақпарат мәдени семалар; мәдени ая (фон), мәдени концепт және мәдени коннотация арқылы беріледі. Мысалы, көш, айтыс қарашаңырақ, аға, батыр, би, жылқы, тары, босаға т.б. концептілік құрылымдардың қамтитын ұғымдары әр алуан әрі күрделі болуы олардың ұлттық мәдени өрістегі алатын орны мен үлесінің ерекше екенін байқатады. Өйткені "мәдени мәні айрықша объектілер мен концептілердің тілдегі сөздік қоры мейлінше бай болады” [13, 71]. Байырғы қазақ мәдениетінде қазақ қызының ең бақытты шағы оң жақта, әкенің үйіндегі кезі (құдай-ау, оң жақтағы күнім қайда?), сондықтан күйеуге ұзатылып бара жатқан қыз үшін әкенің үйі – алтын босаға, ал атастырып қойған күйеуінің үйі болашақта келін болып түсетін үй – жат босаға, келін болып түсіп, оң аяғымен аттаған босағасы – ақ босаға. Жұмыстың "Тілдік тұлға және оның мәдени-тілдік құзіреті” деп аталатын тармағында адамды, оның жан дүниесін тілінен тыс зерттеуге болмайтынына, сондай-ақ тілді де адам арқылы, адамның жан дүниесі арқылы зерттемей болмайтынына назар аудара отырып адам өз сөзінің иесі, өз сөзінің қожасы болса, тілдің иесі де, қожасы да халық деген ұстанымды негізге алынды. Тілді халық арқылы, халықты тілі арқылы, сондай-ақ адамды тілі (сөзі) арқылы, сөзі арқылы адамды тану идеясы әр дәуірдегі ұлы ойшылдарда да айтылған. "Адамына қарап сөзін алма, сөзіне қарап адамын ал” дейтін Абайдың философиялық ойы субъектінің сөзі арқылы оның әлеуметтік, білімдік, психологиялық тұлғасын тану жөніндегі антропоцентристік идеямен үндес екені айқын аңғарылып тұрады. Тілдік тұлға тек тілдің ғана субъектісі емес, адресант және адресат ретінде сөздің де субъектісі. Дәстүрлі парадигма сөз мәдениеттің түп қазығы, орталық ұғым тілдік норма болса, ендігі жерде, жаңа парадигмада сөз мәдениетінің түпқазығы тілдік тұлға болуға тиіс. | |
Просмотров: 2732 | Рейтинг: 0.0/0 |
Всего комментариев: 0 | |
Бизнес, менеджмент, финанс т.б [2] |
Патриоттық және мерекелер т.б [16] |
Шет ел әдебиеті мен тарихы [31] |
Шағын көлемді шығармалар [60] |
Әлеуметтану, саясаттану [69] |
Философия және логика [13] |
Қазақ тілі және тіл білімі [104] |
Елді мекендер, қалалар [2] |
Агро,шаруашылықтар [9] |
Курстык жумыстар [17] |
Ғылыми жұмыстар [62] |
Қазақстан тарихы [114] |
Тарихи тұлғалар [132] |
Еуразияшылдык [16] |
Ашық сабақтар [56] |
Дүние тарихы [30] |
Мәдениеттану [7] |
Информатика [68] |
Астрономия [61] |
Психология [6] |
Переводчик [4] |
Математика [14] |
Педагогика [77] |
Дипломдар [10] |
География [82] |
Биология [133] |
Экология [3] |
Дінтану [32] |
Физика [33] |
Химия [13] |
Құқық [27] |
Еңбек [7] |