Скачать реферат с сервера
Үйсіндер мемлекетіҮйсіндер ең ежелгі қазақ руларының бірі болып табылады , олардың тарихы уақыт жөнінен ұзақ және оқиғаларға өте бай .
Тарихи куәліктер мен құжаттарға жүгінейік. Тұңғыш рет үйсіндер аты Мөде қағанның (б.д.дейінгі 176 ж.) қытай императорына жазған хатында еске алынады. "Хань әулетінің кітабында", ғұндарға қатысты бөлімінде былай делінеді: "Біз оң қанат уәзіріне тапсырма бердік, оны батыс юечжилерді жаулап алуға аттандырдық. Тәңір біздің жағымызда болды, қолбасшы шебер, әскер батыл, атты әскер ұшқыр болды, юечжилерді ол жойды ... Лоуландарды, үйсіндерді, юечжилерді, ал солармен бірге 26 көрші халықтарды ол хуштарға толық бағындырды. Осылайша садақ тартатын халықтар (көшпенділер) біріктірілген еді. Жапон ғалымы К.Ширатари: "үйсіндер Лоулан халықтарымен бірге аталғандықтан, үйсіндер Лобнор (қазір ол жерде қытай атом полигоны бар) жерінде өмір сүрген болып шығады",-деп жазады.
Жапонияның басқа бір ғалымы Х.Маңуда: "Юечжилер-гансу жерлерінде, лауландар-Шығыс Түркстанда, үйсіндер Тянь-Шанның cолтүстік-шығысында өмір сүреді. Б.д.дейінгі 177-176 жылдары ғұндардың қарамағына енді. Құдыретті Мөде Тянь-Шанның шығыс жағын өзіне бағындырды ... Ал оның ұлы Лаушань Іле өзені алқабын өзіне қосып алды",-дейді.
Сол "Хань әулетінің кітабында" Жан Шаньнің өмірбаянында үйсіндер туралы: "ұлы юечжилер шапқыншылық жасады, Нанди биді өлтірді, оның жерін тартып алды. Оның халқы ғұндарға қашып барды",-деп жазылған.
үйсіндер ғұндардың қол астында болғандықтан, Нанди бидің мұрагері Елжау би ержетіп, қолбасшы атанады және бірнеше жорықтарға бастап шығып, ұзақ уақыт оларға мінсіз қызмет етеді.
"Жылнамалар кітабында", Ферғана туралы бөлімінде ежелгі қытай ғалымдары былайша жазады: "Дәл осы уақытта үйсіндер жетекшісі еркек жасына келіп, ер жетеді. Ол әкесі үшін юечжилерден кек қайтармақ болып шешеді де, Тәңірдің қолдауымен Батысқа жорыққа аттанды. Олардан жасқанған юечжилер Тоқарыстанға шегінді, үйсіндер басшысы өз төңірегіне өз халқын жинап, юечжилердің қармағында болған және Ыстықкөл төңірегіндегі халықтарды өзіне бағындырды және өмір сүруге сонда қалды" - алыстағы уақыттар туралы осылайша баяндалды. Дәл сол сәтте Жетісу үйсіндерінің ұзақ та күрделі тарихы басталады. Ертедегі қытай тарихшылары үйсіндер туралы "Уйсун гуо", яғни "үйсіндер мемлекеті" деп жазады. Анық әрі түсінікті. "Хань әулетінің кітабындағы" 66 бөлімінде мынандай деректер бар: "ұлы қағанның астанасы Қызыл қорған деп аталады, қала, 120 мың түтін бар, жандарының саны - 630 мың, әскері 188 мың 800 ..., олардың жері кең көсілген және құнарлы, тауларында қарағай мен шырша қалың өседі ... әдет-ғұрыптары мен тұрмыстағы қылықтары ғұндардікіне өте ұқсайды. Бұл халықта жылқы көп, байларында 4-6 мыңнан ат бар. Халқы жауынгер, батыл, батырлары көп. Сатқындарды өте қатаң жазалайды. Ең күшті мемлекет. Бұрын ғұндардың ықпалында болды. Күшейіп алғаннан кейін оларға бағынудан босады, бостандық алды. Шығысында ғұндармен, солтүстік-батысында қаңлы тайпаларымен, батысында Ферғанамен шектеседі".
Қазақ халқы құрылғанда үйсін тайпалары ұлы жүзде басты әрі елеулісі болған, оларға бізге белгілі Албан, Суан, Дулат, Шапырашты, Сарыүйсін, Ошақты және Ысты рулары жатады.
үйсіндердің арқасында алыстағы, әлі біздің дәуірлерге дейінгі ғасырлардан қазақ мемлекеттерінің жыл санауын әбден жүргізуге болады. Ерте дүниенің аса ірі мемлекеттері мен халықтары: Қытай, Тибет, ғұндар, ферғаналықтар, қаңлылар үйсіндермен қатынас жасады, олармен санасты, елшіліктер алмасты, сауда жүргізді. үйсіндер мемлекеті Еуразияның ең ежелгі мемлекеттерінің бірі саналады.
Түрік халықтарында қасиетті көк бөрі туралы аңыздар, ертегілер, жырлар, шежірелік дастандар өте көп, біздің заманымызға жеткен сол аңыз-ертегілердің ең ежелгілері үйсіндерге тиісті. Кейбір аңыздар Нанди бидің ұлы Елжаубиге қатысты. Мұны растау үшін тарихи жәдігерлер мен құжаттарға жүгінейік.
Ертедегі қытай саяхатшысы Жан Чиян (б.д.дейінгі 139-126 жылдар) "Батысқа саяхат" деген өзінің жазбаларында былай деп жазады: "Мен ғұндар арасында болғанымда, мен мыналарды естідім: үйсіндер ханы-Кунмо (Күнби) (оның аты Елжауби, ал оның әкесі Нанди би деп аталады), олардың мемлекеті Чилян мен Дунхуан арасында орналасты, ұлы юечжилермен көршілес отырды, сонда олар басқарушылар болды. ұлы юечжилер оларға шабуыл жасады, Нанди биді өлтірді, олардың жерін тартып алды. Бас сауғалаған халық қашты және ғұндардан барып пана тапты". ("Хан әулетінің кітабы").
Ол кездерде юечжилер Ганьсуда өмір сүрді (Тибет пен Моңғолияның арасы), ал үйсіндер қатар, тәңір тауларының (Тянь-Шань) солтүстік жағында, ғұндар елінен батысырақ тұрды және олар, үйсіндер, көлемі мен саны жөнінен шағын мемлекет болды.
үйсіндер туралы әңгімеден кейін қытай жылнамасы қасқыр туралы әдемі аңыздың мазмұнын баяндайды . Юечжилер шабуылы кезінде Нанди би өлтіріліп, ал оның сәби баласы Елжау шөптің арсына тірідей тасталады. "Хань әулетінің кітабында", 61, бұл туралы былайша баяндалады:" Осы кезде жаңа ғана дүниеге келген баланы (Күн биді - болашақ Елжауды) әкесінің туысқаны Бөже оңқа (ағасы) қалың шөптің арасына апарып, тығып қояды. Балаға тамақ іздеген Бөже оңқа қайтып оралса , сәбиді сұр қасқырдың өз емшегін емізіп жатқанын көреді, ал олардың үстінде тұмсығына бір кесек еті бар әлдебір құс ұшып жүреді. Және құс баланың басынан айналып ұшады. Мұны көрген оңқа баланы "Құдыретті сәби" деп атады, содан кейін оны қолтығына қысып, ғұндардың басшысына апарып береді. Ғұн көсемі баланы тәрбиелеп, өсіреді". Одан әрі жылнамада мына төмендегідей баяндалады: "Уақыты жетіп, Күнби ер жетеді, ересек тартады. Ол ғұндардың Қасиетті императорынан рұқсат сұрап, әкесінің кегін қайтару үшін, юечжилермен соғысуға батысқа қарай аттанады. Ол юечжилерге шабуыл жасап, оларды талқандайды. Бұдан кейін юечжилер бұдан да батысқа, Бақтрияға қашады.үйсіндер көсемі болған Күнби оларды төңірегіне жинап, Ыстықкөл көлінің төңірегіндегі юечжилердің жеріне иелік етеді және сонда мемлекет құрады. Ол өз әскерін көбейтеді және оны әрқашан жауынгерлік даярлықта ұстайды".
үйсіндер күшейген сәтінен бай халыққа айналады . Олар ғұндарға бағынуды қояды. үйсіндер арасында Сах халқының адамдары өте көп болып шығады, олар юечжилермен бірге батысқа кетпей қалған, бұған дейін олар юечжилерге бағынған және солармен бірге тұрған. Бәлкім, содан бері үйсіндер туралы әңгіме бола қалса қазақ шежірелерінде "ұлы жүз - үйсін" деп айтылады. Ал көкжал қасқыр оларды сүтімен асыраған анасы, құтқарушысы саналады. үйсіндер де өз кезегінде оны қасиетті санайды, анамыз деп ардақтайды. үйсіндерде қасқырды жырлаған әндер мен жырлар көп. Мысалы, үйсіннен шыққан атақты ақындардың бірі Сүйінбай Аронұлы шапырашты руынан, ол "Бөрілі менің байрағым" деген толғауында көкжал бөріні жырлайды.
Шапырашты руының туында ерте кездерден бері қасқырды бейнелеу қабылданған, қасқыр басының мұндай бейнесін найза ұшының түбіне салған . Сәби Елжауды өз сүтімен қасқыр құтқарған сол кезден бері біздерге жеткен дәстүр бұл. Ерте түріктік "Оғыз қаған" поэмасында сұр қасқыр Оғыз қағанның алдында жүгіріп отырады және оған, оның әскеріне жол көрсетеді. Көк түріктер найзаларының ұшы мен жалауларын алтындаған қасқырдың басымен бейнелеген, ұйғыр қағанаттары кезінде сол қасқыр басы тулар мен жалауларды әшекейлейді. Бұл дәстүр ХХ ғасырға дейін жетті және түрік халықтарында, әсіресе Шапырашты руында ол кең белгілі.ф
|