Сабақ жоспарлары
Мысалы: Бейнелеу 1-6 сыныпқа сабақ жоспарлары
Главная » Статьи » Дүние тарихы

Ұлы иозылар және Құшан патшалығы
Скачать реферат с сервера


Ұлы иозылар және Құшан патшалығы 

"Ex Oriente lux”(Свет с Востока) 
Ертедегі римдіктер

Ежелгі түркі тайпалары, оның ішінде "Ұлы иозылардың” тайпалар одағы құрамындағы кердері, мойтұн (қарақалпақ) және басқа тайпалар б.д.д. II - б.д. IV ғасыр аралығында Орта Азияда, Ауғаныстанда, Үндістанда Құшан мемлекетін құруға атсалысқан және осы мемлекеттің ақсүйектері болған27. 
К.Ақышевтың және басқа да ғалымдардың деректерінде ұлы иозылар (юечжи), андрон тайпалары, ассылар, сақтар, савромат-сарматтар, аримаспылар (атты арийлер), исседондар және аландар Қазақстан аумағындағы ең көне тайпаларға жатады11. 
Қытай династиясының хроникасын: "Б.д.д. I мыңжылдық соңында сэ, иозылар, үйсіндер және сюнн (ғұндар) ертедегі қытай мемлекетінің солтүстік-батысында орналасқан” дейді. Инь (б.д.д. XIII-XIғғ.) дәуірі кезінде Қытай қола дәуірінің өнердегі түпкілікті сапалы өзгеруі және көлік ретінде тұрмысқа дөңгелекті арбаның енуі иозылардың пайда болуымен түсіндіріледі. Куньлунь тауының шыңдарында орналасқан шеттен келген құдай "Батыстың Ана-патшасы” Си-ван-муды да осы иозылардың пайда болуымен түсіндіреді69. 
Иозылардың шығу тегі толық зерттелмегендіктен кейбір ғалымдар оларды ирантілді десе, екіншілері тохартілділерге жатқызады. Клавдий Птоломей (Птол., VI. 14) сияқты ертедегі авторларға сүйенген Ф.Хирт (Hirth, 1885, S.139), А.Гутшмидт (Gutschmit, 1888, S.69) және Э.Пуллейблэнк (Pulleyblank, 1962, pt.1, p.99) оларды яньцайлар немесе ятий тайпасы дейді. Сөйтіп, құшандарды этникалық жағынан сарматтарға жатқызады. Ертедегі қытайша сармат тайпасының аты янь және яньцай. Оны қытай тілінің мамандары сармат этнонимінің берілуімен түсіндірді. IV ғасырдағы автор Кумарадживи әрқашанда «кіші иозылар» терминін тохар этнонимін атағанда пайдаланған. 
И.Маркверт (Markwart, 1938, S.65) бойынша «үлкен иозы» термині ертедегі гректердің массагет формасының этнониміне сай келеді. Себебі, оның болжамынша, иозы формасы гот, гет мағынасын береді. Цэнь Чжунмянь (Цэнь Чжунмянь, 1935, С.1-6) және К.Сиратори (Сиратори, 1941, С.633-644) яньцайларды қыпшақтармен салыстырады. О.Мэнхен-Хэлфен (Maenchen-Helfen, 1945, p. 250) мен Х.В.Хауссиг (Haussig, 1953, S. 321) яньцай транскрипциясынан эфталит белгісінің бір формасын көреді. 
Б.д.д. I мыңжылдықта гректер Алтайды мекендеген тайпаларды «алтын күзеткен қырандар» деген даңқты атпен білген. Біз бұдан Алтайда, яғни ұлы иозылар елінде алтынның көп болғанын және ұлы иозылардың батыр халық болғанын көреміз. Иозылардың негізгі бөлігі Монғұл Алтайының оңтүстігінде, Бей-Шаньге дейін, ал шағын бөлігі Ресей Алтайында болуы мүмкін. С.Кляшторный90 иозыларды үйсіндермен бірге шығысскиф \сақ\ тайпаларына жатқызады. Гобий Алтайы Цагандол шатқалындағы қара тастарда табылған иозы тайпалары көсемінің таңбасына (геральдикалық белгі) қарап мамандар олардың оңтүстік шегарасын анықтады. Батыс монғұл және Саян-Алтай аймағындағы б.д.д. V-III ғасырлардағы қорған молаларды иозылар мен үйсін тайпаларының қорған морлалары дейді. Кейбір деректерде ұлы иозылар б.д.д. II ғасырға дейін бірнеше ғасыр бойы Хуаньхэ өзені мен Пекин қаласының солтүстігіндегі қытай территориясын билеген және ғұндарға салық салғаны айтылады. Сондықтан да басқа көшпенділерді "жабайылар” деп келген қытайлықтар иозыларды – "Ұлы иозылар” деп құрметпен атаған. Сымь Цянь ғұндардың ұлы қолбасшысы Мөденің иозыларда аманатта болғанын жазады. 
С.Руденко136 бастаған ғалымдар Алтайдағы Пазырық қорғандарына жүргізген археологиялық қазбалардан табылған адамдардың бас сүйектерін зерттей келе б.д.д. V-II ғғ. иозылар тайпасының құрамында еуропалықтармен қатар, түркілердің де болғанын айтады. "Барлық зерттелген адамның бас сүйектерінен Г.Ф.Дебец №6 қорғаннан тапқан ер адамның бас сүйегінің қазаққа өте ұқсас екенін айтады” дейді С.Руденко. Осыдан 22-25 ғасыр бұрынғы бас сүйектердің монғұл мен түркі ғана емес, тек қазақтың ғана бас сүйегіне ұқсауы кездейсоқ емес. С.Руденко бастаған ғалымдар зерттеген қорғандар тайпа басшыларының немесе ақсүйектерінің моласы еді. Академик В.В.Бартольдтың "... құшандықтардың немесе "ұлы иозылардың” ақсүйектері кердерілер болған” дегенінің жауабы осында сияқты. Алтайда жүргізілген археологиялық қазбалардан табылған деректерге қарап мынадай қорытындылар жасауға болады: 
а\ иозы тайпалар одағы, оның ішінде ақсүйектері, яғни қорғанда жерленгендер – түркілер мен еуропеидтер; 
ә\ қорғандардағы жылқыға қатысты құрал-саймандар, тұскиіздер мен текеметтердегі ою-өрнектер қазақтың-құрал саймандары мен ою-өрнектеріне өте ұқсас. 
б\ Пазырық және Есік қорғандарындағы жерлеу рәсімдерінде қабір бетін жабуға, қорған архитектурасына Тянь-Шань шыршаларын пайдалану секілді т.б. көптеген ұқсастықтар кездеседі. 
Ұлы иозылар тайпасы ертедегі түркілер мен үндіеуропалықтардың арасында тұрғандықтан, әртүрлі нәсілден құралған. Ертедегі көшпенді түркі және арий тайпаларының әлеуметтік құрамы негізгі үш топқа бөлінген; абыздар (би, сұлтан, ақындар), батырлар мен сарбаздар және жұмысшы шаруалар. Ұлы иозылар ішіндегі түркілер негізінен әскербасшы және сарбаздар болуы керек. Себебі, соғыста түркілер мен монғұлдарға тең келетін ешкім болмаған. Көне заманнан бастап біздің дәуіріміздің XV-XVI ғасырларына дейінгі Еуразия құрлығындағы ұлы жеңістер осы екі халықтың есімімен байланысты. Әртүрлі тайпалар немесе нәсілдер одағынан тұратын көшпенді және отырықшы мемлекеттер көп жағдайда, әсіресе соғыс кезінде бір текті халықтан тұратын мемлекеттерден берік болғаны белгілі. Оның мысалы қыпшақтар билеген Мысырдағы мамлюк мемлекеті, Алтын Орданы билеген төрелер (монғолдар) және т.б. бола алады. Ал, көшпенділер тайпасының өмірі жартылай әскери, қашан да көшіп-қону мен соғыс жағдайында өтеді. Сондықтан, түркілер мен үндіеуропалықтар ұлы иозылардың тайпалар одағын құрауы заңды. 
"Шицзи” және "Ханьшу” дерегі бойынша, б.д.д. II ғасырға дейін иозылар Дуньхуан мен Тянь-Шанның арасында орналасқан екен. 
Хан патшалығының дерегінде ұлы иозылар б.д.д. 160-174 жылдары ғұндардан жеңілгеннен кейін батысқа қарай ауған. Сонда олардың көше алмай қалған екі тайпадан тұратын бөлігі "кіші иозылар” Тянь-Шань тауына шегініп ол жердегі тайпалармен араласып кетті. "Кіші Иозылар” (қытайша Хяо-юе-чжы) туралы "Батыс өлкесінің сипаттамасында”37: "Кіші Иозылардың резиденциясы Фулэуша қаласында. Олардың басшысы Ұлы Иозылардың патшасы болған Кидолудың (кердері) баласынан тарайды. Кидолу ғұндардан жеңіліп батысқа кеткенде резиденцияны басқаруды баласына тапсырған. Оны Кіші Иозы деп атайды. Олардың киімдері танғұттарға ұқсас. Алтын және күміс ақшаны пайдаланады. Олар ғұндар сияқты мал соңына еріп бір жерден екінші жерге көшіп отырады ...” 37 дейді. 
Соған қарағанда иозылардың негізгі бөлігі "Ұлы иозылар” уақытша Іле өзені өңіріне қоныстанып, одан кейін оңтүстік-батысқа көшіп, Орта Азияға орныққанда оның құрамында бес ірі тайпа болған. Ұлы иозылардан Алтайда, Қазақстанда, Орта Азияда және Ауғаныстанда көптеген мәдени ескерткіштер қалды. Оған осы аймақтардағы будда храмдары мен ескерткіштері және т.б. жатады. Алтайдағы мәңгілік мұзда С.И.Руденко тапқан қазбалар иозылардікі деп есептеледі136. Осы уақытқа дейін сақ тайпаларынікі деп келген Есік қорғанынан табылған "Алтын адамды” ғалымдар ұлы иозылардан қалған ескерткіш екенін айтады. 
Өз заманының деректерінде ұлы иозылар "жылқы елі” деп аталды. "Шайхайжиың” атты шығармада «ұлы иозылар елінде жақсы аттар көп» десе, Шұй Сұң: "ұлы иозы елінде неше жүз мың мініс аты бар” дейді. Б.д.д. I ғасырға дейін қытай әскері санының көптігіне қарамай көшпенділерден жеңіліп келгені белгілі. Көшпенділерге тосқауыл болу үшін олар ұзындығы төрт мың шақырым "Ұлы Қытай қорғанын” салды. Бірақ ол көшпенділерге кедергі бола алмады. Атты әскерін күшейту үшін қытай иозылар еліне елші жіберіп, жыл сайын мыңдап мініс ат сатып алып отырған. Көшпенділерге тойтарыс бергендер - иозылар мен үйсіндердің "Аспан аттарына" мінген, негізінен қытайланған түркілерден тұратын атты әскер болды. 
Сол кездегі деректерде "ұлы иозылардың тегене құйрық қойларының үлкендігі есектей” деп жазылған. Памирдегі қылшық жүнді гиссар қойының тұқымы осы иозылар қойынан тараған болса керек. Бұл қойдың аталық тұқымының салмағы 160-180 келіге дейін жетеді. 
"Олар баққан сиырдың даңқы әлемге әйгілі. Ол сиырлардың денесінен ет кесіп алса, ертеңіне қайта жетіліп кетеді’ дейді "Иуанжұңжи” атты шығармада. Бұл олардың сиырының "кессе кемімейтін” семіздігін айтқаны. 
"Ұлы иозы елі жалғыз өркешті нар түйе өсіреді. Асылында түйе екі өркешті болады, ал жалғыз өркешті нар - түйенің асылы” дейді "Ұлы иозы тарихында”. Сонымен қатар, "Шайхайжиң” шығармасында: "Ұлы иозылар елінде таңғажайып жеміс мол, олар мекендеген жердің күн райы жылы, топырағы құнарлы» екені суреттелген. Жұңғоның тарихи жинағында «Ұлы иозылар елі төрт дөңгелекті арбамен көшеді, арбаның үлкен-кішілігіне қарай оған төрт, алты, немесе сегіз өгіз жегіледі” дейді. 
Тарихшы Зор Бекан Исфахани "Бұқара мейманының естелігінде” 16-ғасырдағы қазақтар дөңгелек орнатылған жылжымалы үй - үлкен күймемен көшетінін жазған болатын. Бұл ежелгі ұлы иозылардың өмір тіршілігі орта ғасырдағы қазақтарға өте ұқсас екенін көрсетеді. 
Олар Орта Азияға орныққаннан кейін б.д.д. 140-130 жылдары Бактрияны басып алды. Қытай елшісі Чжан-Цзянь б.д.д. 128-126 жылдары оларға түгелдей бағынған Бактрияны көрген. 
Төрт княздықты бағындырған құшан ягбуы Құджула Кадфизұлы иозының бір тайпасының атымен аталған Құшан мемлекетін құрды. Ол туралы "Батыс Өлкенің сипаттамасында”: "... Иозылар үйі бес княздыққа бөлінді: Хюми, Шуанми, Гуйшуан, Хисйе және Думи. Жүз жылдан астам уақыт өткен соң гуйшуан князы Киоцзюкю басқа төрт княздықты бағындырды да, өзін гуйшуан (немесе Құшан) мемлекетінің басшысымын деп жариялады. Ол Аньсиге қарсы соғыс бастады, Гаофуды жаулады, Пуду мен Гибинді жоқ қылып, олардың жерін басып алды. Ол өлгеннен кейін орнын басқан баласы Үндістанды жаулап алып, оны басқаруды әскербасшыларының біріне тапсырды. Одан кейін Иозылар бай да күшті Үйге (мемлекет) айналды. Көрші мемлекеттер оны гуйшуан (Құшан) мемлекеті деп атады, бірақ қытай Сарайында оны бұрынғы аты: Үлкен Иозы деп атады”37 деп жазылған. 
Құшан мемлекетінің ішіндегі саяси жағдай бір мезгілде емес, ұзақ уақытта қалыптасты. Алдымен Бактрияның солтүстігіндегі княздық қалыптасып, ол оңтүстікті жаулап алды. Бес княздықтың екеуінің өз ақшалары болды. Құшан иелігі Үлкен иозылар үйінің жоғарғы басшысына тәуелді болды. Яғни, мемлекеттегі әртүрлі княздықтар конфедерация формасындағы тәуелсіздікте болғанымен күшті бір орталықтан басқарған. Бұл мемлекет құрылымы жағынан эфталиттер мен түркі ягбуларының Тохарыстан мемлекетіне ұқсас. Бұларға ортақ ұқсастық – олар жартылай тәуелсіз княздықтардан тұрады және монета шығаратын жерлері орталықтанбаған, сонымен қатар, шығарған монеталарында елбасыларының есімі мен атағы жазылған. 
Қытай хроникасына сүйенсек, Қадфиз алдымен иозылардың қалған төрт княздығын бағындырып, өзін құшанның елбасшысымын деп жариялады да, содан кейін сырт елдерді: Аньси \үнді-парфян елі\, Кабул, Арахозия және Кашмирді жаулап алды. Кадфизден кейін оның орнын басқан баласы Вима Кадфиз Үндістанды жаулап алды. Оның орнына атақты құшан патшасы Канишка келді. Ол басқа тайпадан болуы керек. Оның кезінде Құшан мемлекеті өзінің шарықтау шегіне жетіп, империя аумағы оңтүстігінде Үндістаннан солтүстігінде Орталық Қазақстанға дейін, шығысында Қашғардан батысында Каспий теңізіне дейінгі жерді алып жатты. Көптеген қалалар мен қорғандар, дамыған ирригациялық каналдар салынып суармалы егін мен бау-бақша дамыды. Сол кезде Құшаннан шетке мақта шығарылып, сұлының мәдени түрі Қытайға тарады. 
Қытай жылнамаларында Құшан мемлекетінде заманындағы ең озық технология – әйнек шығару өндірістік жолға қойылғаны жазылған. Ол туралы "Батыс Өңірінің сипаттамасында” мынадай деректер бар: "...Дай елінің астанасында сауда жасаған иозылықтар тастан әртүрлі әйнек құятынын айтқан. Ол үшін таудағы кен орнынан кен алып, астанада қалыпқа құйған. Тәжірибе сәтті өтіп, алынған әйнектің жалтырлығы батыс елдерден әкелінетіннен де асып түсті: сондықтан елбасы сол әйнектен тақ құйдырған. Әйнек құю өнерін жүзден астам адам үйренді. Әйнектің бояуы жалтыр және мөлдір болды. Көргендер таң қалып, оны құдайдың ісі деп ойлады. Сол уақыттан бастап Орталық мемлекетте (Қытай) түрлі-түсті әйнектің құны төмендеп, ол құнды зат болудан қалды”37. 
Құшан дәуірінде осы мемлекеттің провинциясы болған Үндістанда көп сектаның бірі болған буддизм енді дүниежүзілік дінге айналды. Канишка буддизмді Қытай, Орта және Орталық Азияның ондаған елдеріне таратып, миллиондаған адамды соған табындырды. Буддизмнің сонша тез қарқынмен тарауының бір себебі, оны құтқарудың жолын жариялаған жаңа Махаяна \"Үлкен Колесница”\ ілімінің пайда болуы еді. Өз пантеонында басқа дін құдайларына орын таба білген Махаяна жаңа ортаға жатсынбай сіңе білді. Буддизмнің дәстүрі толығымен қалыптасқан Махаянаның ұстанымдары орныққан будда соборын жинау, сонымен қатар ең атақты монастырлар мен буддистерде қасиетті саналатын ғимарат – қалының (ступ) салыну дәстүрін де Канишканың есімімен байланыстырады. Канишка буддизм дінінің реформаторы және әлемге таратушы ретінде тарихта өз орнын алды. Канишканың монеталарында иранның, гректің, үндінің және тағы басқалардың құдайларының суреттері бейнеленген. 
Құшан мемлекетінің қоғамдық көзқарасында патшаға табыну айрықша орнықты. Мемлекеттің көптеген жерлерінде статуямен безендірілген зәулім архитектуралық сәулетпен салынған патшаның немесе династияның қасиетті орындары пайда болды. Канишкадан бастап династиямен бірге басқарушы топта үнділену үрдісі күшейіп, соңынан патшалардың есімдері де үндіше аталатын болды. 
Құшан-бактрия жазуы сол кезде пайда болды. Ол үшін грек алфавитіне өзгеріс енгізу арқылы бактрий тілін жетілдіріп, жергілікті халық тіліне бейімдеді. Канишка мен оның ізбасарларының монеталарындағы жазулар жаңа алфавитпен жазылды. 
Құшан мәдениетін екі кезеңге және бірнеше стильге бөлуге болады. Бірінші кезең б.д.д. I ғасыры мен б.д. I ғасыры аралығындағы жаңа Тұран өнерінің қалыптасуы. Екінші кезең б.д. II ғасырының басы мен IV ғасырдағы өнерде буддизм дәстүрін дамыту. Құшандағы үлкен жетістік мүсін өнері (скульптура). Құшандықтар мазар (храмовый) өнерімен қатар, бейнелеу өнеріндегі ерекше жанр – кейіпкерлері белгілі батырлар, елбасылар, уәзірлер болған сарай-династиялық мүсіндерінің негізін салды. Құшан өнері осыдан басталады. Сухандарияның (Өзбекстан) жағасындағы Халчаян қалашығындағы сарайды зерттегенде ондағы адам бойындай етіп жасалған құшан басшыларының, туысқандарымен, әйелдерімен арақатынасын сол күйінде бейнелеген мүсіндерді көреміз. Онда этникалық ерекшеліктерді сақтай отырып, патшалардың ел басқару өнері мен ерлігін мадақтап, бабалар аруағы мен батырларға табыну бейнеленген. Ондай скульптураның еш жерде ұқсасы кездеспейді. Бұдан Халчаян өнерінде зороастризмнің әсерінің, сонымен қатар, оның грек, үндістанмен байланысының болмағанын көреміз. Ол даланың немесе скифтердің "жануарлар стиліне” де ұқсамайды. Құшандар өз өмірін бейнелеу арқылы, өз тарихына бейімделген көркемсуреттік жүйе - жаңа Тұран өнерінің негізін салды. 
Құшан өнерінің, оның ішінде мүсін мен сәулет өнерінің одан әрі дамуы буддизм тақырыбымен, онда да Ауғаныстанның Бамиан даласындағы будда храмдарымен тікелей байланысты. Оның маңайындағы тау шатқалдарында екі мыңнан астам үңгірдің орналасуы аспанға салынған қалаға ұқсайды. Оның жанында Будданың екі алып ескерткіші тұр. Б.д.д. II ғасырда жасалған биіктігі 35 метр Кіші Будда және одан үш ғасырдан кейін жасалған биіктігі 53 метр Үлкен Будда ескерткіштері тұр. 
Қазақстан жерінде құшан дәуіріндегі будда храмдары Жетісуда, Үстіртте және басқа жердерде табылуда. 
Құшандықтар мүсін өнерін тамаша игеріп, Орта Азияда алғашқы болып қабырға (настенный) живописінің негізін салды. Сонымен қатар, олар қала жоспарын жасауда да, сәулет гармониясын үйлестіруде де жақсы жетістіктерге жетті. 
Құшан патшалығы IV ғасырдың соңғы онжылдығында ыдырап кетті. Олардың тамаша қалалары мен сарайлары жер астында мың жарым жыл бойы белгісіз болып жатты. Халчаян, Айыртам, Сурхкотал, Беграмдардың аттары өнер зерттеушілері үшін Микен, Кносстардай болса, біздер үшін көне Отырар мен Есік қорғандарындай бағалы. 
Қазірге дейін Құшан мемлекетінің ыдырау себебі туралы ғалымдар мынадай екі түрлі тұжырым айтып жүр. Біреулері оның себебін сасанид әскерінен жеңілуімен және шығыста күшейген үнді державасы Гуптының әсерінен десе, басқалары осы Ұлы империяны жан-жаққа тартқан әртүрлі діндер мен конфессиялардың әсерінен болды дейді. Оған монеталарда Канишка патшаны қоршаған 30 құдайдың суреті мен патша кеңесінде отырған әртүрлі дін өкілдерінің мемлекеттік ортақ мәселені шешудегі немқұрайлы жүзі бейнеленген суреттер дәлел. Үшінші ғасырдың ортасында Қашғарда қытай әскерімен, одан кейінгі IV ғасырдың отызыншы жылдары сасанидтерден жеңіліп қалуы ыдыраудың басты себебі болатындай соғыстар емес еді. Сондықтан, әртүрлі діндер өкілдерінің ел басқаруға араласуы осы мемлекеттің ыдырауының негізгі себебі болды деген ғалымдардың дәлелдері ақиқатқа бір табан жақын. Ұлы империяның бұл жағдайы тәуелсіз ел бола тұрып ондаған діні мен конфессиялары бар біздің ел үшін сабақ болатын-ақ жағдай. Жалпы қай уақытта да елдің дамуы мен іргесінің беріктігі ондағы көпдінділіктен емес, керісінше мемлекеттегі азаматтардың бір тілде сөйлеп, бір дінді ұстануына тікелей байланысты. Себебі, ондай халықтың ой-арманы мен мақсаты бір, яғни ортақ ұлттық идеясы болады. 
Түркі тайпалары – кердерілер, мойтұндар және т.б. атсалысқан Құшан мемлекетінің жетістігі, түркілердің жалпы цивилизацияға қосқан үлесі болып саналады. Осы уақытқа дейін біздің ғалымдардың бұл мәселемен айналыспауы түсініксіз. Қазақтың тарихы алдымен қазаққа, қала берді басқа түркі халықтарына керек. Ертедегі гректер мен қытайдан бастап осы уақытқа дейін барлық тарих оқулықтарында көшпенділерді "жабайылар” деп түсіндіреді. Жабайылар аз уақытта Құшан сияқты өркениетті мемлекет құра алар ма еді? 
Құшан мемлекеті ыдырағаннан кейін де түркі тайпалары тарихтан ізсіз кетпеді. Оның басында тұрған түркі тайпалары ғұнкидариттер Иран, Ауғаныстан мен Үндістанды қайта басып алып біраз уақыт үстемдік жүргізді. 
Құшан мемлекетінің тарихтағы орнын Қытай энциклопедиясында87 "Ертедегі әлем және ортағасыр тарихында Грециямен, Византиямен және Хан империясымен қатар Сақ – Құшандар да өшпес із қалдырды” деп бағалаған. 
"Кіші Хан династиясының тарихына” және т.б. деректерге сүйенген ғалымдар Құшан мемлекетінің негізін салған ұлы иозылар екенін, олардың құрамында, кейінірек қазақ пен қарақалпақтың құрамына кірген түркі тайпалары болғанын дәлелдеді. Сондықтан, Құшан мемлекеті түркі халықтары тарихының бір бөлігі болып саналады.

Категория: Дүние тарихы | Добавил: nauriz (01.09.2013)
Просмотров: 1174 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Сағат

Сауалнама
Сайтта сізге не ұнайды !!!!!!!
Результаты
Всего ответов: 4013
Сайт мәзірі
Сайт көрсеткіші
Қазір online
Қазір сайтта: 3
Қонақтар: 3
Қолданушылар: 0

Лучшая рип студия!