Сабақ жоспарлары
Мысалы: Бейнелеу 1-6 сыныпқа сабақ жоспарлары
Главная » Статьи » Дүние тарихы

Шығыс немесе Мұсылман ренессансы
Скачать реферат с сервера


Шығыс немесе Мұсылман ренессансы 

Мен жанбасам жалындап, 
Сен жанбасаң жалындап, 
Ол жанбаса жалындап, 
Аспан қалай ашылмақ. 
Назым Хикмет

Орта Азия мен Қазақстан жері VIII ғасырдан бастап, араб халифатының құрамына кіріп, онда өмір сүретін халықтар ислам дінін қабылдай бастады. Сол кезден бастап түркі халықтарының жүз мыңдаған томдық рухани мұрасы мың жылдан астам уақыт бойы араб әріпімен жазылды. Сол дәуір туралы академик Әлкей Марғұлан: "Бұл саяси, мәдени тіршілікті айқын түрде суреттейтін, араб әрпімен тасқа жазылған сөздер Бетпақдала сахарада XI ғасырдан XIX ғасырға дейінгі дәуірдің таңбалары кездесіп отырады” деп жазған102. 
Британ энциклопедиясында "Түркі халықтарын біріктіріп тұрған ең басты күш, тарихи және тілдік байланыстармен қоса Исламият” дейді230. 
Түркілер исламға дейін әртүрлі діндерді қабылдағанымен Тәңір дінінен басқа ешқайсысы олардың менталитетіне сай келе берген жоқ. Академик Н.Трубецкой арабтар мен түркілер сенімдерінің ерекшеліктері туралы: "Вера, попавшая в тюркскую среду, неминуемо застывает и кристаллизуется, ибо она там призвана играть роль незыблемого центра тяжести-главного условия устойчивого равновесия. На этой особенности тюркской психологии основано странное явление: притяжение между психикой тюркской и семитской (арабской). Трудно найти более различные прямо противоположные друг другу психики. Но в этой противоположности и причина притяжения. 
"Туранская" (тюркская) психика сообщает нации культурную устойчивость и силу, утверждает культурно-историческую преемственность и создает условия экономии национальных сил, благоприятствующие всякому строительству” дейді151. 
Ислам дінін қабылдаған түркілер X ғасырдың соңында Ауғаныстан, Шығыс Иран және Солтүстік Үндістанда Шығыстағы ең күшті империя Газнавидтердің мамлюктік сұлтандығын құрып, сол елдерде сауданы өсіріп, экономиканы дамытып және қала құрылысын өркендетті. Ол туралы К.Э.Босворт: «Қорытындысында XI ғасырдың басына дейін түркілер Египеттің шығысынан Үндістанға дейінгі жердегі барлық мұсылман елдерінің әскери және мемлекеттік мекемелеріне терең еніп кетті» дейді38. 
Ол кездегі араб халифатында ғылым мен өнердің барлық салалары дамып, соңынан латындық еуропаның ұстазы болған "Мұсылман ренессансының” отанына айналды. 
Ғұмыры қысқа болған "Мұсылман ренессансы” кезеңінде және одан кейінгі бірнеше ғасыр бойы түркінің ғалымдары, ойшылдары және ақындары адамзат өркениетінің дамуында өшпес із қалдырды. Сонымен қатар, осы кезең "түркі елі идеясының” негізінде мәдениеттің дамуы, түркі әлемі дүниетанымдық көзқарасын қалыптастырды. 
Осы кезде түркіден шыққан ұлы ғұламалар – энциклопедист - ойшыл Әл-Фараби185, «түркі сөздері жинағының» жүйесін жасаған Махмуд Қашқари, алгебраның негізін салған Әл-Хорезми, Әбу Райхан әл-Бируни, қасиетті «Құранды» түркіше тәржімалап, исламды түркі халықтарының ішіне таратушы Қожа Ахмет Иассауи... соңынан астроном Ұлықбек, Ұлы түркі поэзиясының негізін салғандар – Жүсіп Баласағұн, Әлішер Науаи, Физули, Жалаледдин Руми, Гянжеви Низамилардың75 дәстүрі Алтын Орда кезінде жалғасты. 
Дүниежүзілік ғылым, әдебиет және Шығыс Ренесансын дамытудағы Ұлы түркілердің еңбектерін толық баяндау біздің міндетіміз емес. Сондықтан біз оларға қысқаша шолу жасаумен шектелеміз. 
Әл - Фараби мен Әбу Райхан Бируни, Ибн Синамен бірге шығыстағы Қайта өрлеудің (Ренессанс) философиялық көзқарасын қалыптастырып, оның идеологиялық негізін қалады. Шіркеу догмасы мен сословиелік құрылымға оппозициядағы осы идеологияның негізін қалаған олардың философиялық көзқарастары мен мистик-күпірлік ойлары әлеуметтік бір бағытта дамыды173. Олай дейтініміз В.К.Чалоян «Армянский Ренессанс» деген еңбегінде: "Шығыс мәдениеті, өз кезегінде одан кейін жаңа әлеуметтік-экономикалық қатынастар жағдайында пайда болған, мәдениеттің жаңа сатысын қалыптастыруға дайын Батыстың Қайта өрлеуінің ізашары болды. Шығыстың жетістіктері батыс әлеміне таяу шығыс халықтары мен елдері және византия-кавказ өркениеті арқылы берілгені тарихи дәлелденген. Сондықтан, феодалдық қоғамнан буржуазиялық қоғамға өту мәселесін зерттегенде оған Шығыстың әсері болмады деп, оның рөлін ескермеу дұрыс емес. Осындай өзгерістің алғышарты шығыс болды” деп дәлелдеген172. Сонымен қатар, Әл-Фараби мен Ибн Сина Шығыс Ренессансын қалыптастырған парсы-түркі поэзиясының ареопагиттік негізінің идеологиялық концепциясын жасады. Бұл мәселені зерттеген Ш.И.Нуцубидзе: "Махаббат дегеніміз әлемнің баспалдақтарымен ең жоғарғы бастауға ұмтылған, жоғары сатыға жету идеалы. Ол баспалдақтардың (сеира, немесе сира) өзі жетілгендіктің бейнесі, яғни сұлулық пен махаббат және жердегі махаббат пен сұлулық осы қатарларға, немесе "сеирлерге” жетумен, яғни жоғарғы бастауларға жақындау немесе ұқсаумен өлшенеді. Махаббат пен сұлулықты ақтаған осы концепция б.д. V ғасырында Сирияда жетіліп Шығыс пен Батыстағы Ренессанстың идеологиялық негізі болды. Қайырымдылық және ақиқат идеясымен ынталанған махаббат пен сұлулық идеясы көркем философиялық идеяның іске асуына ықпал етті. Мұсылмандық Шығыста әртүрлі қабылданған осы идея олардың көркемөнерінде іске асты”123. Омар Хайямның мол мұрасындағы махаббат пен сұлулық идеясы, одан әрі орта ғасырлардағы Орта Азия поэзиясының классиктері Низами мен Науаидың поэзиясының арқауы болды. 
Яғни, философиялық (Әл-Фараби, Ибн Сина) және түпкілікті ғылыми өрлеу (Бируни) поэзияның (Хайям) негізін салды және жаңа гуманизм рухымен қаруланған Орта ғасырдағы шіркеудің догмасын бұзып, мұсылман және христиан діндерінің ортодосальдық шеңберінен шыққан парсы, түркі және араб тілді әдебиеттің ерекше шарықтау жолын дайындады. 
Әл-Фараби, Әбу Райхан Бируни және Әбу Әли Ибн Синалар Орта Азиядағы Ренессанс мәдениетінің философиялық негізін салды және шығыс Ренессансының поэзиялық мәдениетінің ұлы ғимаратын құрды. Олардың дүниежүзі мәдениетінің дамуындағы рөлі мен адамзат дамуы тарихындағы өшпес іздері осындай өлшеммен бағалануы тиіс. 
Орта ғасырлардағы музыка дәстүрін жалғастырған Әл-Фарабидің "Музыка туралы” трактаты XVII ғасырға дейін еуропадағы музыка теориясындағы ең үздік шығарма болып саналса201, оның христиан дінін дамытудағы шығармасы XVIII ғасырға дейін батыстың және ресейдің шіркеулерінде қолданылғаны белгілі. Егер Әл - Фараби мұсылман болмағанда, ол Августин, Аквинскийлер сияқты христиан дінінің пайғамбары болар еді. Сонымен қатар, Әл - Фараби мемлекет басқару өнерінің негізін салған ұлы ғалым. Ал, XX ғасырдағы немістің ұлы ойшылы, "Закат Европаның” авторы О.Шпенглер Әл-Фарабидің философиялық туындыларын ұлы неміс философтары Гегель мен Канттардан жоғары қойды. Жаңа дәуірдегі батыс ойының биік шыңы немістің классикалық философиясы екені белгілі. Ал, Гегель мен Канттар осы шыңның төбесіне шығып тұрған алыптар. Ұлы Шпенглердің біздің жерлесімізді осы алыптардан жоғары қоюы – ол түркінің ғылымы мен мәдениетінің жетістіктеріне берген жоғары баға179. Әл-Фарабидің "Екінші ұстаз” немесе "Шығыстың Аристотелі” аталуы Стагирит Аристотельден дәреже жағынан кейін болғанынан емес, дүниеге тарихи кезек жағынан кейін келгенінен. Әл-Фараби энциклопедист ойшыл ретінде заманындағы ғылым, философия және өнердің барлық салаларына атсалысып, өшпес із қалдырды. Оның философиялық шығармалары осы уақытқа дейін толық зерттеліп болған жоқ. Осы ұлы бабамыз туралы біздің білетініміз – ол алдағы мыңжылдықта да адамзатқа жол көрсететін жарық жұлдыз - Темірқазықтай болатыны. 
Адамзат тарихында мәдениет қатынастарының дамып, өзара бірігуіне және интеграциялануына жол ашқан Ислам діні болды. Мұсылман ренессансы бір жағынан ертедегі гректердің ғылымы мен мәдениетін тәржімалау арқылы шығыс пен батыстың мәдениеттерін қосып, еуропадағы ренессансқа жол ашса, екінші жағынан оған дейінгі бір мәдениетке ғана тән болып келген жетістіктер мұсылмандар арқасында бүкіл әлемге тарады. Мысалы араб цифры деп атағы шыққан сандардың ежелгі дәуірде Үндістанда ғана мәлім болғаны белгілі. Мұсылмандар осы цифрларды жетілдірумен қатар оларды құр символдықтан шығарып, мағыналы белгілерге айналдырды. Нөлді (арабша: сыфыр) алғаш рет ойлап тауып, сан ретінде қолданған, Арал теңізі маңында дүниеге келген түркі ғалымы Мұхаммед Мұсаұлы әл-Хорезми болды221. Осы бабамыз сонымен қатар 1-ден төменгі – ондық, жүздік, мыңдықтарды жүйелеп жазуды алғаш көрсетті. Бұл жаңалықтарсыз қазіргі ғылымның жетістіктерін елестету мүмкін емес. Латынша "cipher”, орыс тіліндегі "цифр” деген сөздер арабша нөл дегенді білдіретін "сыфыр” сөзінен алынған. Араб сандары рим сандарымен салыстырғанда қолданымы жағынан өте икемді, оңай болғандықтан ғылым, экономика, сауда мен өмірде кеңінен қолданылатын қазіргі адамдардың дүниетанымын өзгерткен ұлы құбылыс болды. Әл-Хорезмидің "Kитаб әл-жәбір уә-л Мұқабала” (Алгебра мен теңдіктер кітабы) атты еңбегі ХІІ ғасырда латын тіліне аударылғанда "әл-жәбір” сөзі "алгебра” деп аударылғандықтан осы сөз термин ретінде қалыптасты. Оның екінші кітабы латыншаға "Aigorithmi de numero Indorum” деп аударылғандықтан, "алгоритм” сөзі де терминге айналды. Бұл жерде Бертран Рассел және т.б. философтар мен ғалымдардың "орта ғасырлардағы мұсылман реннесансы ертедегі Греция мен орта ғасырлардағы Еуропаны қосқан көпір қызметін атқарды” деген пікірлерінің толық зерттеліп дәлелденбеген теріс тұжырым екенін айту керек. Себебі, мұсылман философтары көптеген ойша құрылған тұжырымдарын қорғайтын дәлелдер ұсынғандықтан, ислам философиясын мойындамау Батыстың өз дәстүріне сенімсіздік тудырады48a. 
Батыс ойшылдары мен ғалымдарының арасында кең тараған ондай атүсті пікірлердің Шығысты зерттеуде пайдасынан көрі зияны көп. Олардан гөрі жалпы ғылым мен философия үшін Шығысты зерттеп түсінуге талпынған Г.В.Ф.Гегель, А.Шопенгауер, Т. де Шарден, Р.Генон және т.б. еңбектері құнды. 
Ұлықбек Шаhрұхұлы Самарқандағы әйгілі расатханасындағы (обсерватория) зерттеулерінде сол күнге дейін қолданылып келген Птоломей есебіндегі қателіктерді анықтады және ол жасаған ғарыш кестесі Шығыс пен Батыста бірнеше ғасыр пайдаланылды. 
Махмуд Қашқари "Түркі тілдерінің лұғатын” ("Диуану луғат ит-турк”) жазуды былай деп негіздейді: "Мен Тәңірдің гүлденген мемлекетті түркілердің топырағында жаратқанын, өмір біліктерімен сол топырақты ғажайып өрнектегенін көрдім. Тәңір оларды түркілер деп атап, асқан сән-салтанатқа ие қылды. Дәуіріміздің хақандарын солардан таңдап, замана құбылысының еркін тізгінін қолдарына ұстатты. Сан мыңдаған адамды басқартып, адалдық істерін қолдады. Олармен бір сапта күрескендерді бек құрметтеді. 
Түркілер өздерінің қатарына қосылғандарды барлық игі тілектеріне ортақтастырып, залымдардың зорлық-зомбылықтарынан сақтады. Олардың қаhарынан сақтану үшін түркілердің салты мен жолын ұстау сол заманның ақыл иелеріне дәстүр болып қалыптасты. Қасірет-мұңын түсіндіріп, шағыну үшін түркілерге өз тілінде сөйлеуден басқа жол жоқ. Өзінің ортасындағы жауларынан жерініп, сыйынып келгендерді түркілер әрқашан қамқор қанатының астына алып, төнген қауіп-қатерден құтқарды. Олармен бірге басқалар да пана тапты. Сол себепті түркі тілін үйренудің қажеттілігін өмір талабы мен ақыл таразысы әбден дәлелдеді”85. Ұлы бабамыздың осыдан мың жыл бұрын жазған бұл мұрасы қазіргі түркі халықтары, оның ішінде қазақтар үшін де маңызын жоймаған дүние. Академик А.Н.Кононовтың дәлелдеуі бойынша, "оны жазудағы Махмудтың негізгі мақсаты түркі тілінің мәртебесін жоғары көтеріп, оның араб тілінен ешқандай кемдігі жоқ екендігін дәлелдеу болған”. 
"7500 сөзден тұратын "Диуан...” жай сөздіктің шеңберінен шыққан туынды. Оның салыстырмалы - тарихи әдіс ретіндегі қолданылуының қарапайым формасының өзі үндіеуропалықтардың тілтануынан бірнеше ғасырға озып кетті” дейді белгілі тіл маманы А.Д.Демирчизаде.

Бір ғажабы ұлы данышпанның "Диуанға” енген 875 сөзі мен 60 мақал-мәтелі қазіргі қазақ тілінде қаз-қалпында қолданылып келеді.

Түркі халықтарының бірлігі мен адамгершілік қасиеттерін көрсетуде, ел басқару мен мемлекет жүйесін қалыптастыруда және түркі тілінің мол мүмкіндіктерін ашуда орта ғасырлардағы ұлы философиялық шығарма - Ж.Баласағұнның "Құтты білігінің” маңызы зор. 
...Бұл кітапты қабыл алып, қарарсың, 
Түркі тілі ғажабына қанарсың. 
...Байқап көрсем, жеңілдеді жүгім де, 
Айтсам дедім сөзімді ана тілімде, 
деп аяқталатын осы дастанның маңызы А.Дантенің "Құдайдың комедиясы” мен Н.Макиавеллидің "Государларымен” қатар тұрған дүние. 
Түркі тілінің байлығын көрсетіп, оның поэзиясының дамуында Әлішер Науаи шығармаларының маңызы ерекше. Оқып көрейік: 
............................................................................ 
Бірақ, бірақ қалың ру, қалың қауым түркілер, 
Менің ғана сөзімді естіп іркілер.

...Шираз бенен түркіменнің даласы, 
Хорасан мен Қытай шебі арасы.

Қайда жүрсін, түркі сөзін ту етіп, 
Сап түзеуге түркілерде бар ерік.

Бұл қиссаны шетсіз, шексіз мұң толы, 
Жан азабы, биік сезім, сыр толы.

Жаздым үлкен шабытпенен күніге, 
Жанға жылы түркі ана тілімде, 
деп "Фархад пен Шырын” поэмасында жазғандай, сол кездегі түркілердің ана тілін ардақтайтын, іргесі бұзылмаған біртұтас ел екенін аңғарамыз. Ал, ұлы ақынның тілдер туралы трактатындағы: "Қалыптасқан ...дәстүр бойынша мен парсы тіліне назар аудардым. Бірақ, есейіп ақыл-есім толысқанда және жаратқан маған табиғи бейімділігімді ерекше дүниелерге талпыну мен күрделі және нәзік құбылыстарды түсіну қабілетін берген кезде түркі тілінде ойлау қажеттілігі пайда болды. Сол кезде менің алдымда он сегіз мың ғаламнан да көп әлем ашылды. ...Сонда мен інжу маржаны жұлдыздардың бриллиантынан да жарқын, асқар да мол байлыққа тап болдым” деген тұжырымынан түркі тілінің дүниедегі ең бай тілдердің бірі екенін көреміз. 
Бұны батыс мәдениетінің рухы – "Фаустың” авторы И.В.Гетенің, "Рудаки, Фирдоуси, Низами, Саади, Хафиз, Хайям, Руми, Физули, Науаи, содан кейін мен” деп түркі мен парсы әдебиетінің ғұламаларын өзіне ұстаз санап, оларға бас игені де дәлелдейді76. 
Батыстағы ренессанстың алғышарты және ұстазы болған "араб тілі басты тіл, парсы тілі тәтті тіл, түркі тілі өнерлі тіл” еді десе, М.Барманқұлов "Түркілер арабтардан Исламды, ирандықтардан көркем әдебиетті ала тұра, өздері мемлекеттің іргетасы бола білді” деп толықтырады24. 
Орта ғасырдағы түркі мен қазақ әдебиетіне қысқаша тоқталғанда А.С.Пушкиннің Орал қаласында болған кезінде "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу” эпосын жазып алып, оның сюжетін У.Шекспир шығармаларынан жоғары бағалағанын ұмытпағанымыз дұрыс. 
Мұсылман ренессансының дәуірі адам табиғатына сай, жан-жақты мәдениеттің немесе адамзат өркениетінің шарықтау кезеңі болып табылады232. 
Батыстың көптеген ойшылдары (Хартман т.б.) құдайдың жалғыз екені сенімді түрде исламда ғана іске асқанын дәлелдесе, неміс ғалымы Карл Беккер, "біздің орта ғасыр дегеніміз, Батыстың Шығысқа еліктеуі” десе194, оны Осфальд Шпенглер осыдан сегіз ғасыр бұрын "араб өркениеті шығыс қалаларынан күн сияқты шығып батыс елдерінің үстінен өтті” дейді227. Академик Н.И.Конрадтың пайымдауынша, "Қайта өрлеу (ренессанс) дегеніміз әлемдік гуманизмнің дәуірі. Ол VIII-XII ғасырларда Қытайда басталып, IX-XV ғасырларда Орта Азия мен Иран және оған іргелес жатқан Үндістан жерінде жалғасып, XIV-XVI ғасырларда Еуропада аяқталды”93. 
Шығыс ренессансының Атланттары болған түркі халықтары данышпандарының есімдері адамзат өркениеті тарихында мәңгі ескерткіш болып қалды. 
Дешті Қыпшақта негізі қаланған Түркі мемлекеті - Алтын Орда мен мәмлүктік Египет мемлекеті XIII-XV ғасырларда өзара тығыз байланыста болған. Кезінде Египетке кеткен қыпшақ жасақтары - мәмлүктер өздерінің ежелгі отаны Дешті Қыпшақпен туыстық байланыстарын үзбей Мысыр әмірлері Алтын Ордамен қарым-қатынас жасап, құда-жекжат болып жүрген. Мәселен, өзі Еділ бойында туып, кейінірек Мысыр елінің әмірі болған сұлтан әл-Мәлік әз-Захар Бейбарыс (1217-1277) Алтын Орданың ханы Беркенің қызына үйленеді. Ол екі ел арасындағы түрлі байланыстарды жақсарта түсуге зор ықпал етті226. Каир мен Алтын Орда екі ғасырда елу рет өзара елшілермен алмасты. 
Ол кезде Алтын Орда мен Египеттегі негізгі қолданылатын тіл – қыпшақ тілі болды. 
Сұлтан Бейбарыстың ықпалымен Алтын Ордада мұсылман дінін қабылдау Беркенің кезінде басталып Өзбектің хандық құрған кезінде аяқталды.

Араб тарихшысы ибн-Тагри-барди өзінің "Мысыр елі мен Каир үстіндегі жарқыраған жұлдыздар” атты кітабында: "Египетті мәмлүктер билеп тұрған кезде біздің елде қыпшақ тілі басым болды. Ел билеген әмірлер, әскери адамдар, елшілер, әкімдер, өнер және әдебиет қайраткерлері негізінен қыпшақ тілінде сөйледі. Мәмлүктерге жағыну үшін тіпті қарапайым арабтар да қыпшақ тілінде сөйлейтін еді. Ал, Египет пен Сирияны билеген кейбір мәмлүк сұлтандары араб тілін білмейтін. Мәселен, Сұлтан Бейбарыс, атақты Хаджіб Алмас айналасындағы арабтармен тәржімән-тілмәш арқылы сөйлесетін” деп жазды71. 
Сол кезде мәмлүктік Египетте қыпшақ тілінде тамаша туындылар қалдырған шайырлар туралы белгілі араб ақыны: 
Көзі менен кірпігіне түркілердің қарашы; 
Таңдандырған, тамсандырған сиқыршыға санашы. 
Түркілердің бар сиқыры - көзінде емес сөзінде, 
Намаз оқып тұрғандай ғой жыр жазатын кезінде, - дейді71. 
"Сол кездегі Мысырдағы түркілерден шыққан дарынды ақындар Ат-Танбага әл-Жавали мен Әмір ақын Ала ал-Дин ибн Абдаллах. Олармен қатар Каир қаласында Шәхаб ад-Дин Сараи, Махмұд ибн Фаттаһ ас-Сараи, Абдуллах әбу т-Тина ас-Сараи сияқты Алтын Орда астанасы Еділдің бойындағы Сарай қаласынан шыққан (сондықтан лақап аттары "Сараи” болып келетін) ақындар, философтар, тарихшылар, дін қайраткерлері және т.б. еңбек етсе, Сарай қаласында Аргун наиб, Халиль ибн Никлади аль-Алаи, Махмұд ибн Ахмед ибн Мұса, Мұхтар ибн Махмұд әз-Зәкиди сияқты арабтың ғалымдары өздерінің мәңгі өлмес шығармаларын жазды” дейді профессор Н.Келімбетов86. 
Сол замандағы Каир мен Сарай қалаларының арасы бір айлық жер болғанымен ағайындардың арасындағы саяси, әлеуметтік, рухани байланыстар интернет заманындағы іргелес отырған Қазақстан және Орта Азиядағы республикалар арасындағы байланыстардан гөрі жақын және тұрақты болғанын көреміз. "Бармасаң, келмесең жат боласың” дейді қазақ мақалы. 
Орта ғасырдағы Таяу Шығыс пен Египеттің дамуына египеттегі қыпшақ-мәмлүктердің маңызы зор болды. Олардың орта ғасырдағы мұсылман әлеміндегі рөлі туралы Ибн Халдун: "күрес пен ерлікке жігерсіз, қайғы – қамсыз жатқан мұсылмандарға қарсы крест жорығы мен монғол-татарлардың шапқыншылығы басталған кезде Алла көптеген түркі тайпаларынан тұратын күшті мәмүліктер басқарған Египетті кәпірлерден қорғайтын бастионға айналдырды. Мұсылмандар арасында енжарлық пен бейғам өмір әдетке айналып кетпес үшін Алла өзінің құдіретімен түркінің ұрпақтарын бірінен кейін бірі, лек-легімен мұсылман әлеміне келетін қылды”29. 
Әлемді осы уақытқа дейін таңқалдырып келе жатқан Египеттегі мұсылманның сәулет өнері осы елді қыпшақ-мәмлүктер билеген кезде салынды. Cол кезде Египет пен Сирияда салынған Ибн Тұлұн, Қайтбай және Қалаун мешіттері, Ихуан Жүсіп мазары және т.б. ерекше атауға болады. Сол кезде салынған мұсылманның тамаша мешіттері мен сарайларын Виктор Гюго "сазды әуенге толы алтын түс” деп бағалаған216. Қыпшақ-мәмлүктер билеген екі ғасырдан астам уақытта Египет мемлекеті жан-жақты дамып осы ел тарихында фараондар дәуірінен бергі кезеңдегі екінші өрлеуді басынан кешірді. 
Алтын Орда мен мамлүктік Египет мемлекеттерінің арақатынасы түркі халықтарында және халықаралық саясатта сирек кездесетін ынтымақтастықтың классикалық үлгісі. Оны қазіргі кездегі АҚШ пен Британия арасындағы байланыспен салыстыруға болады. 
XIV ғасырдың екінші жартысындағы Алтын Орданың ханы Тоқтамыс пен Мауранахрдің билеушісі Ақсақ Темір және Осман мемлекетінің сұлтаны Баязид, осы үшеуі Қытай мен Византияның айдап салғанына ермей, түркі халықтарын біріктіре білгенде бүгінгі Еуразияның демографиялық жағдайы мен саяси картасы басқаша болар еді – ау. Түркі тайпалары мен олардың басшылары арасында бірлік анау айтқандай бола қойған жоқ. Көп жағдайларда олар бастары бірікпей, өзара жиі соғысып, басқаларға жем болып отырған. Адамзат тарихында белгілі із қалдырған ел бастайтын қаған-хандарға, қол бастайтын қолбасшылар мен батырларға, сөз бастайтын ұлы ойшылдар мен ақын-шешендерге кенде болмағанымен, түркілердің ұлттық идеясы мен біртұтас мемлекеттік институтының қалыптаспауы, бір ұлттан тұратын әртүрлі тайпалар арасында бірлікті қамтамасыз ете алмады. Сондықтан да олар "ағайын алтау болса, ауыздағы кетер” деген жайды ұдайы бастан кешіре берді. 
Орта ғасырдағы түркі сәулет өнерінің тамаша үлгілері Агр, Самарқан, Бұхара, Түркістан, Каир, Стамбул сықылды ежелгі мәдениет орталықтарында салынған мешіттер, мазарлар, медресселер, сарайлар, кітапханалар және расатханалар еді. 
Мазар салу идеясы дәстүрлі исламда болмаған. Мазардың кірпіштен қаланып, күмбезбен аяқталатын порталды-күмбездік типінің архитектуралық пішіні түркілердің әуелі өлген адамды жерлейтін қорғанынан, одан соң киіз үйдің құрылымынан ауысып мазар-мавзолейлерде пайдаланғанын көрсетеді. 
Киіз үйдің цилиндрлік негізі мен сфералық күмбезі (ол Үндістандағы будданың Мирандағы әйгілі Санчи келісінде \ступа\ және басқа келілерде қолданылған) 122 және Қарахан дәуірінде Орта Азия мен Жетісудағы түркі тайпаларында пайда болып "түркі рухы” аталған портал-күмбез қыш кірпіштегі ою-өрнек, орнаментальдық кірпіш қалау, жонылған тас, құйылған көк кірпіш т.б. алдымен Жетісудағы соғдылықтарға, сосын Мауранахрға, одан кейін Орта және Таяу Шығысқа тарап дамыды34. Портал-күмбезді архитектура, көшпенділердің тұрағы – киіз үйдің "тасқа айналған нұсқасы” болып тарихқа енді. 
Түркілер батысқа өздерімен бірге "жануарлар стилін” таратса115, арабтар қыпшақ-мәмлүктерді "күмбез салушылар”163 деп атады. 
Белгілі тарихшы В.Н.Татищев Владимирдегі және Юрьев-Польскийдегі православ храмдарын бұлғарлар \түркілер\ Еділ Бұлгариясынан әкелінген тасты пайдаланып салғанын жазса, ғалым М.Худяков Қызыл алаңдағы Василий Блаженный соборының храмындағы сегіз мұнара Қазанның Құл-Шариф мешіті минареттерінің бейнесін қайталайтынын айтады145. Сол ғалым татар архитектурасының басқа халықтардың сәулетін дамытудағы маңызын: "Отголоски татарской архитектурной традиции, нашедшие выражение в декоративных формах и стилевых чертах так называемого восточного барокко, видны в пестрой раскраске русских церквей и теремов, росписях, изразцах и надписях на фасадах в сталактитах, подковообразных формах, килевидных и стрельчатых арках. Строительно-конструктивные традиции татар были заимствованы в ярусных сооружениях с шатровыми завершениями” деп пайымдалды145. 
Дәстүрлі орыс архитектурасына тән "романдық стильде” кездесетін күмбез-кресті византия типтес храм жобасын византиялықтар Шығыстан алған. Ол Орта Азиядағы түркі халықтарының бізге жеткен көне архитектураларында кездеседі. 
Түркілердің Үндістандағы Ұлы Моғол мемлекетін құрған Барлас руынан шыққан Захириддин Бабыр мен оның ұрпақтары сол елді түркі тілінде сөйлетіп, оларды мұсылман дініне енгізді. Бабырдың әулеті Ұлы моғол мемлекетін үш ғасырдан астам (1526-1858 жж.) уақыт билеп тұрды. Сонда үнділермен қатар ағылшындар да Бабыр әулетін "Ұлы моғолдар” деп олардың ұлы істерін мойындап, салық төлеп тұрған. Шет жерде жүрген Бабыр өзінің туған жерге деген сезімін бір өлеңінде былайша жеткізіпті. 
Бөтен елде, жат жерде қаңғып жүрміз, 
Жемтік іздеп, қасқырдай аңдып жүрміз. 
Төбемізден сары алтын құйса дағы, 
Туған жерді сағынып, мәңгіп жүрміз. 
Ол одан әрі: 
Аллаға жүз мәрте "тәуба” дегін, 
Құдай саған сыйлады Үнді жерін. 
Ыстыққа шыдай алмай қиналғанда, 
Күтемін туған жердің салқын желін, 
деп туған жердің қасиетті әрі қадірлі екенін аңғартады. 

Категория: Дүние тарихы | Добавил: nauriz (01.09.2013)
Просмотров: 1991 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Сағат

Сауалнама
Сайтта сізге не ұнайды !!!!!!!
Результаты
Всего ответов: 4008
Сайт мәзірі
Сайт көрсеткіші
Қазір online
Қазір сайтта: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0

Лучшая рип студия!