Бүгінгі археология, антропология ғылымдары діни сенім-наным жолдары мен жүйелерінің тым ерте дәуірлерден бері адамзаттың даму, өркендеу және кемелдену барысымен біте қайнаса жалғасып келе жатқанын дәлелдейді. Кейбір биохимия және генетика саласы ғалымдары (Rebecca Cann, Mark Stoneking, Douglas Wallace) дүниежүзінің көптеген аймақтарындағы адам нәсілдерінің генетикалық ерекшеліктерін салыстыра отырып, бүгінгі адамзаттың түр-тұқиянында бір атадан тарағаны туралы қорытынды жасаған. АҚШ-тағы Станфорд
университеті профессорларынан Луиги Лука Кавалли-Сфорза (Luigi Luca
Cavalli-Sforza) және әріптестері 40 жыл бойы дүниежүзіндегі 5 мыңдай тілді
зерттей келе, оларды ірілі-ұсақты 17 топқа бөліп, түп негізінде барлық тілдер
бір көне тілден тараған деген тұжырымға келген. АҚШ Коломбия университетінен
Ральф Солеки (Ralph Solecki) Солтүстік Ирақтағы Шанидар (Shanidar) үңгірінде
1957 жылы жүргізген қазба жұмыстарында табылған заттар осыдан 60 мың жыл бұрын
өмір сүрген неандерталь адамдарының діни нанымының болғандығын дәлелдеген
(көбірек мәлімет үшін мына еңбекті оқыңыз: Roger Lewin, The Origin of Modern
Humans, W.H. Freeman and Co., New York, 1993).
|