Жаратушы ұлық тәңiр Аллаһ
Тағалаға иманды және мойынсұнуды бiлдiретiн нағыз бiртәңiрлi (монотеист) тәухид
нанымы негiзiнде пайғамбарымыз Мұхаммед Абдұллаһұлы (с.а.у., 569-632) тарапынан
609-632 жылдары аралығында адамзатқа түсiндiрiлген әлемдiк дiн. Ислам барлық
болмыс пен фәни адам өмiрiндегi ең маңызды ұғымдардың бiрi. Ислами ұғымда бұл
дiн абсолюттi құдiрет иесi Жаратушы тарапынан ең алғашқы адамнан ең соңғы
адамға дейiнгi барлық адамзатқа және заманаға жiберiлген дiн. Ислам – ақыл
иелерi мен күллi махлұқаттың (жаратылыстың) ұлық Жаратушының құдiретiне тәсiлiм
болуының, мойынсұнуының және дүниедегi өмiрдi белгiлi бiр тәртiпке келтiретiн
құдайы жүйенiң, яғни пенде мен Аллаһтың арасындағы байланыстың аты. Ислам
сөзiнiң түбiрi арабшадағы «сәлиме», «силм» етiстiгi. Бұлар және осы түбiрден
жасалған «сәлм», «сәлам», «әслеме» сөздерi сөздiкте бейбiтшiлiк, тыныштық,
амандық, татулық, келiсiм, мойынсұну, тәсiлiм болу, берiлу, сәлеметтiлiк,
сенiмдiлiк дегендi бiлдiредi. Қысқаша айтқанда, «сәлиме» етiстiгi бейбiтшiлiктi
қалайтын бiр биiк күшке, билiкке бағынып, оны құрметпен қабылдай отырып, оған
бас июдi, тыныштық һәм амандыққа берiлудi және осы мәртебенi жалғастыру үшiн
қажеттi iстердi жүзеге асыруды бiлдiредi. Мұсылмандардың қасиеттi кiтабы Құран
Кәрiмде жәннет туралы «дар әс-сәлам», яғни «тыныштық өлкесi» делiнген (Құран
Кәрім 10/25). Себебi, мұсылман ұғымындағы жәннет әр түрлi қауiп-қатерден ада,
толық бақыт пен қуаныштың мекенi. Құран Кәрiмдегi Аллаһ Тағаланың есiмдерiнiң
бiрi «әл-Сәлам», яғни әр түрлi кемшiлiктерден ада, толық бейбiтшiлiктi ұсынушы
һәм өзiне мойынсұнылатын дегендi бiлдiредi. Исламның не екенiн толықтай түсiну үшiн осы сөзбен түбiрлес сөздердiң
мағыналарын әбден бiлiп алған жөн. Сонда, исламның тек сенiм мен ахлақи
(этикалық) құндылықтардан ғана құралмағаны, Батыс ұғымындағы «религия» сөзiнiң
исламды түсiндiруде жеткіліксіз болатыны анық болмақ. Ислам сөзi сенiм мен
ұжданды да қамти отырып, бұларға қоса бейбiтшiлiк пен татулықты, жүгiну мен
тепе-теңдiктi, әсiлi, тұтастай өмiр сүру салтын бiлдiредi. Ислам Құран Кәрiмде
есiмдерi аталған барлық пайғамбарларға жiберiлген иләһи (тәңiрлiк, құдайы)
дiндердiң ортақ аты. Себебi, тәңiрлiк уахидың (Жаратушының сөздерінің елшіге
жеткізілуі, откровение – М.Б.) бастаушысы һәм әлемдердiң жаратушысы бiр Аллаһ
ғана. Сондықтан, Аллаһ Тағала тарапынан «ислам» деп аталған бұл дiн
пайғамбарлар арқылы түрлi ғасырларда түрлi қауымдарға баян етiлген. Ең соңғы
формасы Мұхаммед пайғамбарға (с.а.у.) бiлдiрiлген.
|