Сабақ жоспарлары
Мысалы: Бейнелеу 1-6 сыныпқа сабақ жоспарлары
Главная » Статьи » Дінтану

Ислам - әлемдегі бейбітшіліктің кепілі
Скачать реферат с сервера


Мұртаза БҰЛҰТАЙ 
Философия ғылымдарының кандидаты, 
Дінтанушы, мәдениеттанушы

ИСЛАМ - ӘЛЕМДЕГІ БЕЙБIТШIЛIКТIҢ КЕПIЛI[1]

Өткен жолғы (Ислам және өркениет газеті, №4 Сәуір, 2001 ж.) «Дiни экстремизм мен терроризм» деп аталатын мақаламда хақ дін исламның Батыс елдерінде пайда болған әлеуметтік аурулар уә саяси конспирациялармен ешқандай байланысының жоқ екенін көрсетіп едім. Ислам діні адамның ойлау қабілетін, ақылын, иманын, адами абыройын, жанұя ұйымы мен қоғамды сақтап, әлеуметтік әділеттілікті көздейтін дін. Бұған қарамастан, соңғы жылдары бейбітшілік діні исламды әлемдік бейбітшілікке үлкен қауіп төндіретін террористерді өндіретін дін ретінде көрсету үрдісі күшеюде. Кейбір шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары мен саясаткерлер, әскери басшылар, ықпалды іскер топтар уә қаржы бұлақтарын меңгеруші күштер ислам дінін қаралау науқанын ұйымдастырғандай. АҚШ-тың екі үлкен қаласында 11 қыркүйек 2001 ж. болған және кім тарапынан, не үшін ұйымдастырылғаны әлі нақтылы әшкереленбеген уақиғалар, өкінішке қарай ислам дінін қаралап, мұсылмандарға шабуыл жасау үшін қолданылуда. Ақпарат көздерінің айтуына қарағанда АҚШ, Англия, Германия, Франция қатарлы Батыстың көптеген дамыған (!) һәм демкоратиялық (!) елдерінде мұсылмандарға, мешіттер мен ислам мәдениет орталықтарына бомбалы шабуылдар жасалған, ондаған бейкүнә мұсылмандар тек мұсылман болғандықтары үшін өлтірілген, кейбір долыланған адамдар мұсылман әйелдердің жаулықтарын басынан жұлып алған т.т. Заманауи заң жүйесінде еш орны жоқ бұл сорақылықтың негізінде мұсылмандарға деген өшпенділіктің, Батыс өркениеті мен нәсілдерінің үстемдігін жақтайтын күштер және мұсылмандар мен христиандарды бір-біріне айдап салғысы келетін енді біреулердің мақсаттары бар. Әйтпесе, ислам шариғаты мен заманауи Батыс құқық жүйесі бойынша «біреудің күнәсін басқа біреу көтермейді» деген қағида бар. Әркім өзінің жасаған қылмыстарына өзі жауап беруі керек, бейкүнә адамдарды жазалау қылмысты жоймайды. 
Мыңдаған университеттері мен зерттеу институттары бар Батыс елдері исламның шын мәнінде бейбітшіліктің қайнар көзі һәм кепілі екенін білмейді дейсіз бе? Сонау, XІІІ-XІV ғасырлардан бастап, жүйелі түрде исламиятты, Шығыстың мұсылман халықтарын зерттеген Батыс елдері хақ дін исламның ешбір қағидасында зорлық-зомбылықтың, аяусыз қатыгездіктің, жабайылықтың жоқ екенін сізден де бізден де жақсы біледі. Онда олар неге былай істейді деген заңды сұрақ пайда болады. Иә, қымбатты ағайын, мәселе білмегендіктен емес, мәселе саяси-экономикалық жоспарларды жүзеге асыруда. Батыс елдерін өз билігінде ұстап отырған күштер бұрынғы Шығыс блогын, яғни социализмді төңкеріп, жұртын өзіне қаратып алды. Енді, олар исламмен есептескісі келеді. Жершарындағы стратегиялық байлық көздерінің 70 пайызы мұсылман елдерінің жерінде сақтаулы. Энергия бұлақтарының салмағы Таяу Шығыстан Орталық Азияға ауысып келеді. Таяу Шығыстағы басты кен көздері 15-20 жылдан кейін маңыздылығын жоғалтпақ. Ал, осы арада Орталық Азия аймағының маңыздылығы өсуде. АҚШ-тың ондаған мемлекет құрылымдарында жыл сайын келесі 10, 20, тіпті 50 жылдың стратегиялық жоспарлары мен ықтималды сценарийлерінің жасалатыны белгілі. Өкінішке қарай, осы сценарийлерде мұсылмандарға орын жоқ болып шығуда. Бұл туралы төменде кеңірек тоқталамыз. Алдымен, ислам дінінің бейбітшілікке қаншалықты мән бергені жөнінде еліміздегі мұсылман қауымға мыналарды айтпақшымын: 
Біріншіден, адам қоғамы бар жерде сол қоғамдық өмірді реттеуші, тәртіптеуші ережелердің болатыны сөзсіз. Ислам діні осы ережелерді түгелдей қамтитын жаңа құқық жүйесін әкелді. Ал, мемлекет институты белгілі бір қоғам мүшелерінің ортақ шешімімен қалыптасатын яки оларды белгілі бір билікке бағындыратын құрылымдар мен ережелердің ұйымдасқан түрі. Құран Кәрім аяттары негізінде мұсылман ғұламалары сонау VIII-ғасырдан бастап, халықаралық қатынастар, мемлекеттік құқық салаларында керемет кітаптар жазып, негізгі қағидаларды анықтап, көрсеткен. Мысалы, Пайғамбарымыздың тікелей ұрпағы Зейд Әлиұлы (уаф. 740 ж.) жазған «әл-Мәжмұғ фи-л-Фиқһ», ханафи фиқһының әйгілі ұстаздарынан Мұхаммед Хасанұлы әл-Шейбани (749-805) жазған «әл-Сиәр әл-Сағир» және «әл-Сиәр әл-Кәбир», Мұхаммед Ахмедұлы әл-Серахси (уаф. 1090 ж.) жазған «әш-Шәрх әс-Сиәр-ұл Кәбир», Имам әл-Шафиғи (767-820) жазған «әл-Ұмм», Мәлiк Әнесұлы (708-795) жазған «Китаб-ұс-Сиәр», Әбу Йұсұф (731-798) жазған «Китаб-ұл-Хараж» қатарлы жүздеген еңбектерді айтуға болады. Еуропада осы салалардағы алғашқы еңбектер тек XVI-ғасырда ғана пайда болған. Олардың көш басшылары Франсиско де Витория (Francisco de Vitoria, 1492-1546), Васк де Менкаха (Vasques de Mencaha, 1512-1569), Балтазар де Айала (Baltazar de Ayala, 1548-1584), Гуго Гроций (Hugo Grotius, 1583-1645) қатарлы заңгерлер (олар да мұсылмандардың қол астында болған Андолусия мәдениетінің адамдары - М.Б.). Ислам ғалымдары мемлекеттер арасындағы келіспеушіліктерді шешуде екі жақтың мүдделерін тең тұрғыдан сараптағанымен, еуропалықтардың еңбектерінде олардың құқықтары басқалардың құқықтарынан ылғи да жоғары дәрежеге қойылған. 
Құран Кәрімдегі мына аятта былай делінген: 
«60/8: Сендермен дін бойынша соғыспаған және сендерді жұрттарыңнан қуып-шықпағандарға жақсылық жасап, әділетті болуларыңа Аллаһ шек қоймайды. Күдіксіз, Аллаһ әділетті болғандарды жақсы көреді. 60/9: Аллаһ, тек сендермен дін бойынша соғысқандарды және сендерді жұрттарыңнан қуып-шыққандарды және оларға болысқандарды дос тұтуларыңа шек қояды. Кім сондайларды дос тұтса, міне, солар залымдардың тап өзі!» 
Демек, мұсылмандар жоғарыдағы аятта көрсетілген зұлымдықтарды жасамағандардың барлығын да дініне, ұлтына, тіліне қарамастан дос тұтуға ерікті. Сол себепті, халықаралық келісімшарттардың мұқият орындалуы қағидасы ислам шариғатында аса маңызды орын алады. Мұсылмандар өздері қол қойған шарттарды мүлтіксіз орындаған. 
Құран Кәримде бұл туралы хүкім анықталған: 
«5/1: Ей, иман етушілер! Өздерің бекіткен уәделеріңді орындаңдар!» 
«17/34: Уәделеріңді орындаңдар! Өйткені, берген уәделеріңе (анттарыңа) жауаптысыңдар!» 
«16/91: Тараптармен анттасқанда (келісімшарт жасасқанда) Аллаһтың уәдесін орындаңдар! Бекіткен анттарыңды ешқашанда бұзбаңдар. Өйткені, сендер ант бергенде Аллаһты өздеріңе кепіл етесіңдер! Анығында, Аллаһ не істегендеріңді біледі» 
Мұсылмандарды берген уәдені орындауға, яғни уәдеге берік, адал болуға итеретін күш – ол, Аллаһ Тағаланың алдындағы жауапкершілік. Мұсылман егер уәдесінен жалтарса, онда басқа діннің уәкілдері мұны исламға қарсы қолдануы бек мүмкін. Сол себепті, мұсылман өзінің дініне зиян бермес үшін берген уәдесін мұхаққақ (міндетті түрде) орындайды. Мына аяттарда осы мәселенің маңыздылығы көрсетілген: 
«16/92: Бір жамағат екінші бір жамағаттан (сан және байлық жағынан) күштірек (көбірек) деп, берген анттарыңды араларыңда айла жолына айналдырып, жібін әбден жақсы иіріп алған соң қайта тарқатқан әйелге ұқсамаңдар. Алайда, Аллаһ мұнымен сендерді емтихан етуде!». 
Аллаһ Тағала уәдені орындамайтындардың қандай ақибетке ұшырайтыны жөнінде былай дейді: 
«16/94: Уәделеріңді өз араларыңда айланың құралы етпеңдер. Олай істесеңдер, ислам жолында мықты тұрған аяқтарың тайып кетеді де адамдарды Аллаһ жолынан тосқандықтарың үшін жамандыққа ұшырайсыңдар. Сендерге ахиретте де үлкен азап бар!» 
«9/4: Ләкин, мүшриктерден сендермен келісімшарт жасасқандар сол келісімге қайшылық істемесе, сендерге қарсы ешкімге көмек бермесе, онда олармен жасаған тоқтамдарыңды уақыты біткенше орындаңдар. Шынында, Аллаһ нахақ жолдан сақтанушыларды жақсы көреді!» 
«9/7: әл-Харам мешітінің қасында сендермен келісім жасасқан мүшриктер уәделерін орындаған сайын, сендер де уәделеріңді орындаңдар. Шынында, Аллаһ өзінің бұйрықтары мен тыйымдарына қарсы келуден және уәдеден таюдан сақтанушыларды жақсы көреді» 
Осы аяттарда шарт жасасқан тарап мүшриктер, яғни Аллаһ Тағалаға ортақ қосушы кәпірлер де болса уәдені орындаудың шарт екені көрсетілген. Халықаралық шарттарда қол қоюшы тараптардың мұсылман елі болып-болмағандығына қаралмайды. Мұсылмандар осындай шарттарды мұхаққақ орындауға тиісті. 
Уәдені орындаушыларды Аллаһ Тағала Құран Кәрімінде мадақтаған: 
«13/20: Ол ақыл иелері-кім, олар Аллаһтың уәдесін орындайды да берген сертінен таймайды!» 
«2/177: Ізгі амал істеушілер уәделеріне берік болушылар-дүр» 
Бейбітшілік келісімін орындау жағынан Пайғамбарымыздың өмірінен мынандай мысалды келтірелік. Пайғамбарымыз Меккелік мүшриктермен (ортақ қосушылармен – М.Б.) Хұдайбия деген жерде бейбітшілік туралы шарт жасасқан-ды. Осы шарттың бір бабы бойынша Меккеліктерден кімде-кім мұсылмандықты қабылдап, Мәдинедегі мұсылмандарға барып, қосылғысы келсе, Мәдинедегі мұсылмандар оның өтінішін кері қайтарып, оны Меккелік мүшриктерге апарып, тапсыруы шарт еді. Шартқа қол қойылғаннан кейін Мекке тұрғындарынан Әбу Жәндел деген кісі исламды қабылдайды да Мәдинедегі мұсылмандарға қашып барады. Ол, Пайғамбарымызға барып, өзін қамқорлыққа алуын өтінеді. Пайғамбарымыз оны жоғарыдағы шарт бойынша Меккеге қайтарады. Әбу Жәнделдің Меккеге қайтқысы келмейді. Сонда, Пайғамбарымыз оған: «Ей, Әбу Жәндел! Біз Құрайышпен шарт жасастық. Олар бізге, біз оларға Аллаһ атымен ант бердік. Бұл анттан бас тарта алмаймыз!» дейді (әл-Бұхари, Шұрұт, 15-хадис және Ибн Һишам, әс-Сирет-үн-Нәбәуия, 3-том, 333-бет). Демек, мұсылмандардың уәдені адал орындайтынын Әз Пайғамбарымыз өз өмірінде көрсеткен. 
Осы тарихи фактілер бұл күндері мұсылмандарды террористікпен айыптаушылардың сөздерінің дәйексіз екенін көрсетеді. Пайғамбарымыз Меккемен қол қойылған бейбітшілік келісімін сақтау үшін мұсылман бауырын мүшриктерге қайтарып берген. Демек, фиқһта (ислам құқығында) қол қойылған келісімшарттың құқығы ағайыншылық құқықтан да жоғары. Мұнда бекітілген халықаралық құқықтың ішкі құқыққа үстемдігі де байқалады. Жағдай осылай болғанымен кейбір күштер мұсылмандарды екіжүзді, айлакер, қатыгез етіп көрсетуге тырысады. Әсіресе, Батыс елдерінде мұсылмандар туралы ғасырлар бойы таратылған алып-қашпа әңгімелер салдарынан бұл елдердің халықтары мұсылмандық туралы ештеңе білмесе де, бұрмаланған ақпараттардың кесірінен исламға «алғыоймен» (предубеждение) қарайды. Әз Пайғамбарымыздан бергі ислам тарихында бейбітшілікті бұзуға, адамдарға опасыздық жасауға бастайтын қадамдар болмаған. Өйткені, ислам діні мұндай фиғылдарды (істерді) қатаң түрде шектейді. Мәселен, Құран Кәрімде былай бұйырылған: 
«4/58: Шынында, Аллаһ сендерге аманатты оған лайықты болғандарға тапсыруларыңды және адамдар арасында хүкім бергендеріңде әділеттілікпен хүкім етулеріңді бұйырады!» 
Жоғарыдағы аятта «адамдар арасында» деген сөздерге назар аударалық. Мұнда «мұсылмандар арасында» делінген жоқ. Демек, мұсылмандар әрқандай хүкім (билік) айтқанда адамдардың дініне, тіліне, этникалық тегіне қарамастан, тек әділеттілікті басшылыққа алып, хүкім етуі керек. Бұл қағида ислам дінінде Жаратушының мүлтіксіз орындалатын бұйрығы, яғни «фарыз» ретінде келтірілген. Мұсылмандар осы бұйрықты әрқашанда басшылыққа алуға міндетті. Басшылыққа алмаған кезде олардың басына әр түрлі пәлекеттер келіп, қыйыншылыққа ұшырап тұрған. Жоғарыдағы бұйрықты орындаған мұсылмандарға Аллаһ Тағала үлкен әжір (сыйлық) һәм дәреже береді: 
«2/143: Сөйтіп, сендерді (мұсылмандарды) адамдарға куә болуларың және Елшінің де сендерге куә болуы үшін сендерді орта жолдағы (әділ, тұрақты) бір үммет қылдық!» 
«5/8: Ей, иман етушілер! Аллаһ үшін әділетті тік ұстап, әділдікпен куәлік берушілерден болыңдар! Бір жамағатқа (қауымға) деген өшпендіктерің сендерді әділетсіздікке итермесін! Әділ болыңдар, өйткені, ол Аллаһтан қорқатындарға жарасымдырақ!» 
Міне, хақ дін исламның үстем парқы, ерекше қасиеті, универсалдық адамгершілігі. Аллаһ Тағала өзінің жаратқан пенделерінің ішінде мұсылмандарды орта жолдағы үммет және әлемдегі әділеттіліктің куәгерлері еткен. Ұлық Раббымыз барлық адамзаттың осы қағидаға сәйкес өмір сүруін қалайды. Енді, мынандай сауал сұрағым келеді: осындай ізгі қағидаға кім қарсы болады? Әлбетте, мұндайға тек әділетсіздікті орнатқысы келетін қанаушы топтар, өзін өзгеден үстем санайтын озбырлық саясатты ұстанушы қаныпезерлер ғана қарсы болуы мүмкін. Ал, дәл бүгінгі күндері біздер осы қағидаға қарсы тұрушылар мен жақтаушылардың күресіне куә болып тұрған жоқпыз ба? 
Мұсылмандардың әділеттілігі һәм рахымшылығы жөнінде екі мысал келтірейін. Белгілі ғалым әл-Серахси (уаф. 1090) өзінің «әл-Шәрх ұс-Сиәр әл-Кәбир» атты еңбегінде мынандай фәтуа (бітім) жасайды: «Мәселен, мұсылман елі мен мұсылман емес ел арасында тұтқындарды айырбастау туралы шарт жасалған делік. Осындай жағдайда, мұсылман емес мемлекет райынан қайтып, қолындағы мұсылман тұтқындарды өлтірді делік. Енді, бұған қысастық ретінде мұсылмандардың қолдарындағы мұсылман емес тұтқындарды өлтіруіне әсте болмайды. Өйткені, қылмыстық жауапкершілік әр адамның өз мойнында, сондықтан бір мемлекеттің істеген қылмысы үшін оған қатысы жоқ адамдарды жазалауға болмайды. Яғни, қолдағы тұтқындардың бұл қылмысқа қатысы болмағандықтан, оларды өлтіруге болмайды. Бұл әділетті болудың басты шарты болып табылады» (әл-Серахси, әш-Шәрхұ әс-Сиәр-ұл Кәбир, 1-том, 43-бет). 
Имам әл-Серахси секілді Жалаладдин әл-Сұйұти (уаф. 1505), Зейнеддин Нұжеймұлы (Ибн Нұжейм, уаф. 1563), Мұхаммед әл-Бұрнұ, әл-Зарқа (1904-1999) қатарлы белгілі фақиһтер (ислам құқықшылары) жоғарыдағы аяттар мен фәтуалар негізінде мынандай ұйғарымға келген: «Зиянға (жамандыққа) зиянмен (жамандықпен) жауап берілмейді!», «Зұлымдық (жауыздық) зұлымдықпен (жауыздықпен) жойылмайды!». Міне, мұсылмандар ғасырлар бойы дініміздің осы қағидаларын орындап, келісімшарттарда көрсетілген міндеттерді толығымен өтеп, адамдардың діні мен тіліне қарамастан, әділеттілікті сақтай білген. Осы қағиданың тарихи бір мысалын келітерілк: Әмәуи (Омеяд) ханаданын орнатқан Мұғауия Әбу Сұфйанұлының (уаф. 680) әміршілігі кезінде мұсылмандар мен Бизантия арасында тұтқындарды ауыстыру туралы келісімге қол қойылған-ды. Ұрымдар (Бизантиялықтар – М.Б.) келісімшарттағы уәдені орындамай, қолдарындағы мұсылман тұтқындарды өлтіреді. Осы аянышты жағдай патшаға айтылғанда Мұғауия былай деп хүкім береді: «Уәдені орындау опасыздықтан және аярлықтан абзал-дүр. Пайғамбарымыздың былай айтқанын естіп едім: «Ей, Мұғауия! Саған бір аманат тапсырылғанда, сол аманатқа адалдықпен ие бол! Саған қиянаттық жасағанға қиянаттық жасама!».» (Әбу Дәуіт, Бұйұ, 79-хадис және әл-Тирмизи, Бұйұ, 38-хадис). Сөйтіп, Мұғауия тұтқындардың өлтірілуіне рұқсат етпейді. Біреудің қаталығы салдарынан оған қатысы жоқ жазықсыз адамдарды жазалауға болмайды. Бұл туралы хүкім жоғарыда айтқанымыздай Құран Кәрімде айтылған: «53/38: Ешкім ешкімнің күнәсін көтермейді!» (осы хүкім Құран Кәрімде бір неше рет қайталанған. Қараңыз: 35/18, 6/164, 17/15 және 39/7 аяттар). 
Осы аят негізінде мынандай нәтиже шығаруға болады. Мәселен, бір кемеде тоғыз қанішер уә бір жазықсыз адам саяхаттауда. Енді, әлгі тоғыз қанішерді жазалау үшін осы кемені бомбалауға, суға батыруға болмайды, өйткені онда жазықсыз бiр адам бар. Ол жазықсыз адамның өмір сүру құқығы бар. Ал, қылмыскерлердің де өз-өздерін сот алдында қорғау құқықтары бар. Демек, Америкадағы бейкүнә адамдардың өліміне себеп болған террорлық шабуылды жүрегінде Аллаһ Тағалаға зәрредей иманы бар мұсылманның жасауы мүмкін емес. Адамдарды нахақтан өлтіру үлкен зұлымдық болып табылады уә Аллаһ Тағаланың азабына ұшыратады. Сондықтан, менің ойымша 11 қыркүйек уақиғаларын жан-жақты талдап, мұсылмандарға дереу жала жаппай, басқа себептерді іздестірген жөн. Бұл уақиғаға бір де бір мұсылман елінің азаматының қатысқандығы анықталса, онда сол адамдарды ғана айыптау керек, пәк исламды емес. 
Осыдан бірнеше жыл бұрын Израилдің бас министрі Ицхак Рабин (Yitzhak Rabin, 1922-1995) ресми жыйналыста сөз сөйлеп жатқанда, әсіре оңшыл йаһұди (еврей) діни ұйымының мүшесі бір жас жігіт оны атып өлтірген-ді. Ол жігіт қазір Израилде зынданда қамауда. Бірақ, мені таң қалдырғаны өз елінің Бас министрін өлтіргенде дүниежүзілік баспасөзде «Еврей терроризмi» деген тіркес қолданылған жоқ! Алайда, қолы қанды терроршы Ицхак Рабинді Палестиналықтарға көп құқықтар берді деп өлтрігенін мойындаған. Егер Рабинді бір мұсылман өлтіргенде, Израилдің қаншалықты қырып-жою шараларын іске асырарын енді өзіңіз ойлаңыз, ағайын... 
Құран Кәрімнің даналығына, хақиқаттығына, әділетті һәм адамшылықты уағыздайтын сөздеріне таң қалмасқа шараң жоқ. Мәселен, мына аятты оқыйық: 
«8/58: Егер сенімен шарт жасасқан бір қауымның қиянаттығынан шынымен секемденсең, оларға хақты және әділетті сақтай отырып, бұл жағдайды хабарла және олардың уәделерін өздеріне кері қайтар. Сірә, Аллаһ қиянатшылдарды ұнатпайды!». 
Демек, шартты бұзудың да ережелері, талаптары бар. Мұсылман шартты бұзған күннің өзінде хақтан, әділеттіліктен айырылмауы керек. Ең басты нәрсе өзінің және қарсыласының адам екенін ұмытпауы керек. Барлық адамзаттың Иесі бір Аллаһ болғандықтан, оның пенделеріне әділеттілікпен қарайласу керек. Адам баласының бәрі де исламға мұхтаж. Мұсылман мұны ескере отырып, әсіресе, мұсылман еместерге мұсамаха (толеранттылық) көрсетіп, оларға хақ дінімізді жақсы үлгі болып таныту керек. Адамдардың әртүрлі ұлттардан болуы да, айналып келгенде, Раббымыздың хикметі: 
«30/22: Көктер мен жердің жаратылуы, тілдерің мен өңдеріңнің, дауыстарың мен кескіндеріңнің өзгешелігі де Оның (Аллаһтың) аяттарынан-дүр» 
«5/48: Егер Аллаһ қаласа, сендерді бір-ақ үммет етіп жаратар еді. Бірак, Ол сендерді берген нығметтерімен сынау үшін түрлі үмметтерге айырды. Ендеше, ізгілікте жарысыңдар!» 
Исламның қағидалары осыншама хикметті, осыншама мейірімді болғанымен Батыс менталитетінде, ойлау жүйесінде адамдарды мүсіркеушілік, адамдарға сенбеушілік, оларды нәсіліне және діни сеніміне қарай бөлушілік жиі кезігеді. Әрине, мұның тамыры тереңде жатыр. Мәселен, Иса Мәриямұлынан (м.б. 4?- м.к. 30?) бұрынғы ІІІ-ғасырда жасаған латын кезеңінің ақындарынан Плавт (Plautus, уаф. м.б. 183) адамды былайша тағриф еткен (сипаттаған): «Homo homini lupus», яғни «адам адамға қасқыр». Ислам болса, адамдардың діни нанымдары мен нәсілдерінің әртүрлі болуын тікелей Аллаһ Тағаланың хикметіне апарған да мұны оқшаулау уә кемсіту үшін қолданудың үлкен күнә екенін көрсеткен. Рим құқығындағы «Bellum omnium contra omnes», яғни «әркімнің әркімге қарсы соғысуы» қағидасы Батыс халықтарының ғасырлар бойы бітпей келе жатқан соғыстарының негізіндегі философияны аңғартса керек. Алайда, 637 жылы Құдс шаһарын (Иерусалим) азат еткен әмірші Омар әл-Хаттабұлы христиандардың патриархы Софрониуспен (Sofronius, уаф. 638) шарт жасасып, олардың діні мен тіліне, өмір салтына толық кепілдік берген-ді. Бұл мұсылмандардың соғысқұмарлығын емес, бейбітқұмарлығын көрсетеді. 
Мұсылман әміршілер тарихта бейбіт тоқтам жасау жағымен мәшһүр болған. Мәселен, халифа Мұғауия Әбу Сұфйанұлы 656 ж. Бизантия императоры IV Константинмен (уаф. 685) бейбітшілік бітім жасаған. Халифа Һарұн әл-Рашид (763-809) 799 ж. франк императоры Карлмен (Charlemagne, 742?-814) шартқа қол қойған т.т. Құдс шаһарын шармықшылардан (крестшілер – М.Б.) азат еткен көрнекті мемлекет қайраткері Салахаддин әл-Аййұби (1138-1193) 1193 ж. Бизантия патшасы II Изакпен (Izak II Angelos, 1156-1204) келісім жасасқан. Аббасилер, Мәмлүктер, Селжүктер, Османилар дәуірінде көптеген келісімшарттар жасалып, соғыстар жойылып, ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізілген. Мұсылмандардың бейбітшілікті басты саясат етуіне қарама қарсы бағытты ұстанған еуропалықтар ылғи да экспансионистік, отарлаушылық сыртқы саясатты қолданған. Рим Папасы IV Николайдың (1288-1292) мына сөзі еуропалықтардың сыртқы саясатын паш еткендей: «Халықаралық қатынастарда берілген уәдені бұзу күнә. Бірақ, түріктерге берілген уәдені орындау бұдан да үлкен күнә!» (M. Hamidullah, İslam Hukuku Etüdleri, 149-бет). 
Батыс елдерінде осы философияның салдарынан соғыс дабылы әрқашанда қағулы күйінде қала берген. Наполеонның (Napoleon Bonaparte, 1769-1821) жорықтарынан кейін Еуропа халықтары мәмілеге келу үшін 179 екі жақты, 17 көп жақты келісімдер жасап, бірімен-бірі тіл табысуға тырысқан. ХІХ-ғасырды соғыстармен өткізген олар, І дүниежүзілік соғыспен әлемдік деңгейде кесапат тудырған. Бұл соғыстан соң, тағы да тынышталу үшін 8000 келісімге қол қойылған. Еуропалықтар 1919-1924 жылдарында 600 екі жақты, 125 көп жақты келісімдермен бейбітшілікті орнатпақ болады. Бұл да іске аспай, араға біраз жыл салып, ІІ дүниежүзілік соғыс басталады. Христиан Еуропалықтар бастаған осы екі соғыста жүз миллиондаған адам баласы қырылған екен, материалдық шығынды айтпағанның өзінде. Екінші соғыстан кейін 11800 халықаралық келісімшарт жасалыпты (Hamza Eroğlu, Devletler Umumi Hukuku, Ankara, 1979, 37-бет). Енді, бұлардың да бұзылғаны, соңғы жылдары Еуропа елдерінде (Босниа, Косово, Словения, Хорватия т.т.) тағы да соғыстардың басталғаны байқалуда. Егер, батыстықтар ең болмағанда исламның жоғарыдағы қағидаларын мойындап, уәделеріне берік болғанда, осыншама адам шығыны болмас еді. Екінші дүниежүзілік соғыста Ресей жерін Орталық Азиядан барған мұсылмандар, Британия империясының мүдделерін мұсылман колониялардан барған әскерлер қорғады. Нәтижесінде, он миллиондаған мұсылмандар Батыстың ішкі есептесулерінің құрбаны болды. Бұған рахмет айтуға тиісті Батыс болса, бұл күндері мұсылмандарды террористікпен айыптауда, мұсылман елдерін бомбалауда!!! Бұны қалай түсінеміз?! 
Кейбір ынсабынан жұрдай болған империалис Батыс күштері Ауғаныстандағы мұсылмандарды айыптауда. Олардың айтатыны Ауғаныстан дүниежүзілік наша өндірісінің айтарлықтай бөлігін өз қолында ұстайды екен. Бұл әлемнің ең кедей елінің соңғы 20 жылда көрген азабын мен айтпай-ақ қояйын. Осыған көз жұмған дамыған һәм ықпалды алпауыттар (державалар) кінәлі ме, жоқ әлде басқа біреулер ме? Жыйырма жылдық жойқын соғыстан соң мың жыл артқа кеткен бұл әлемнің ең кедей еліндегі адамдардың қалай өмір сүріп жатқаны барша адамзаттың мәселесі емес пе еді? Мұхиттағы дәу балықтарды (киттерді) құтқару үшін теңіз флоттарын жіберетін Батыс елдері жансанының тең жартысы әртүрлі жарақаттар мен аурулар салдарынан мүгедек болған Ауғаныстан халқының азабына неге көз жұмды, деп сұрағым келеді. Екіншіден, мәселе нашаның қайда өндірілетінінен гөрі, қайда тұтынылатынында емес пе? Дүниежүзіндегі есірткі саудасының басым көпшілігінің тұтынушылары Еуропа мен АҚШ-та. Голландия, Белгия қатарлы кейбір Еуропа елдерінде кез келген кафе-ресторанда белгілі мөлшерге дейін есіріткінің сатылуына ресми түрде рұқсат етілген. Жора-жолдастарыңызбен тамақ ішіп отырғаныңызда, менюде есіріткінің сорт-сортын көрсеңіз, таң қалмаңыз! 
Батыс елдерінің полиция, барлау және ақпарат күштері дүниежүзілік есірткі саудасын бір-ақ күнде тоқтатуға жеткілікті күшке ие. Сірә, тонналап сатылатын бұл улы шегімдіктер өздігінен ұшып бармайды. Оларды отарба, кеме, ұшақ секілді кәдімгі көзге көрінетін құралдармен тасымалдап, кеденнен, тауар қоймаларынан өткізеді. Күніге 2,5 миллиард телефон сұхбатын тыңдайтын Американың барлау органдары қалайша есіріткі саудасының түбіне жете алмайды? Коломбия, Венезуела, Никарагуа, Панама қатарлы Оңтүстік Америкадағы есірткі өндірушілерге неге әскери операциялар жасалмайды? АҚШ-тағы мектеп оқушыларының айтарлықтай бөлігі есіріткіге тәуелді болып жүргенде, бұл елдің басшылығы кейбір елдерді есіріткі шикізатын өндірумен айыптап, байбалам салуы ықылассыздықтың ғана белгісі болмағанда не?! 
Әсілі, шынтуайттап айтқанда, есіріткіге тәуелділік мұсылман елдерінің емес, осы Батыс елдерінің көкейтесті проблемасы. 1992 жылы Швейцарияның Цюрих қаласындағы атақты Орталық Саябаққа (Central Park) барғанымда ет көзіммен көргендеріме таң қалып едім. Бұл қаладағы «Ислам Қорының» жетекшілері мені ғибрат алу үшін осы саябаққа апарған-ды. Жүздеген, тіпті мыңдаған жас жігіттер мен қыздар әдемі парктің ішінде жатыр. Ернінен, ұртынан, құлағынан, қасынан, танауынан ондаған түйреуіштер, инелер, металл істіктер өткізген, шаштарын адам қарағысыздай қорқынышты етіп бояғандар, денелерін кескілеп, аузынан от шашып жатқан оларды көргенде зәрем ұшып қала жаздаған-ды. Апталар бойы жуынбаған, масайып жатқан жерін үлкен-кіші дәретімен бұлғаған бұл жастардың қолында шприцтер бар еді. Кейбіреулері басқа әдістер мен есіріткі қабылдаушы еді. Қалалық сақшы бөлімінің бас ғимараты және орталық почтаның тура алдындағы бұл паркте полиция қызметкерлері де қаптап жүреді екен. Олар қолдарындағы арбаның ішінен бір реткі шприцтерді шығарып, қолданылған шприцтерді жыйнайды екен. Сонда, көзіммен көргеніме таң қалып, полиция қызметкерінің біріне барып, алманша (немісше): «Сіз не істеп жатырсыз? Бұл жастарға кедергі болудың орнына, оларға көмектесіп жатрсыз ғой?» деп сұрағанымда, ол қыйналған сыңай танытып: «Біз оларға кедергі бола алмаймыз. Қолымыздан тек келетіні, оларға бір рет жұмсалған шприцті екінші рет қолдандырмау. Өйткені, өзіңіз білесіз, бойдағы қорғаныстың тапшылығы синдромы ауруы (СПИД) кең таралған». Швейцариядай әлемнің ең бай, ең дамыған елінің жастарының бұл халін көргенде таң қалдым. Материалдық байлықтың рухани байлықпен қуатталмайынша адамдардың қандай дағдарысқа ұрынатынын өз көзіммен көріп, қайран қалдым. Мұсылман елдерінде мұндай пәлекеттің жоқ екенін ойланып, хақ дін исламның қасиетін, құдіретін, қоғамға берген тәртібін тағы да бір рет «ғайн-әл йақин» түсіндім. 
Есіріткі мәселесіне сәл тоқталғым келеді. Батыстың кейбір ақпарат бұлақтары мұсылмандар туралы теріс түсінік қалыптастырған. Батыс халықтарының мұсылман елдерін аралап көрмеген азаматтарында мұсылмандардың бәрі нашақор, есіріткіге тәуелді адамдар деген түсінік бар. Бұның дұрыс емес екенін сіз бен біз білеміз. Бірақ, бұны батыстық «достарымызға» түсіндіруіміз керек. Біріншіден, Шығыс елдерінде, айталық көне Мысыр, Месопотамия, Үндістан және Шын-Машында апиынның дәрі ретінде яки діни ритуалдер кезінде қолданылғаны белгілі. Америкадағы қызылтерілілер де солай істеуші еді. Бірақ, олар апиынды ешқашанда сауда нысанасы ретінде көрмеген-ді. Еуропалықтар XV-XVI ғасырлардан бастап, жаңа құрлықтарды ашқан соң, олардың байлықтарын тонай бастаған. Мәселен, Голландиялық йаһұдилер (еврейлер) тарапынан құрылған Шығыс Үндістан Серіктігі (Dutch East Indian Company) ХVІ-ғасырда Бразилия, Сұринам және Кұракао елдерінде есіріткі заттар өндіріп, мұны әлем бойынша тиімді саудаға айналдырып үлгереді. Олар сонымен қатар Бенгал, Биһар, Орисса және Денарестегі диқандарды апиын егуге зорлайды. Ресми деректер голландиялықтардың 1750 жылында Индонезиядан 100 тонна апиынды Еуропаға шетелдендіргенін (экспорттағанын) растайды (Executive Intelligence Review, Dope Inc. Washington, 1992, 117-бет). 
Дүниежүзінің тең жартысын жаулап алған Британия патшалығы да бұл сауданың дәмін татқан. Мұның аса пайдалы сауда екенін аңғарған олар Шын-Машын аймақтарындағы отарланған елдердің халықтарын апиын егуге зорлайды да, оларды апиынды есіріткі ретінде пайдалануға үйретеді. Қытай жерінде бұл аурудың асқынғандығы соншалық-кім, ХІХ-ғасырдың аяқ шенінде әр 10 қытайдың бірі апиынкеш болған. Қытай патшалығының шай саудасынан тапқаны 7 миллион күміс жамбы болғанымен, апиынкештерге қажетті қосымша апиынды ағылшындардан сатып алуға жұмсайтыны 56 миллион күміс жамбыға жетеді. Мұны көріп жынданған Қытай императоры апиынның өзелденуіне (импортына) тыйым салады. Сөйтіп, 1840 жылы Британия империясы Қытай империясына ресми түрде соғыс ашады. Бұл соғыс тарихта «Бірінші апиын соғысы» деп аталады! Соғыстан жеңілген Қытай патшасы ағылшындардың талабын мойындап, апиын саудасына рұқсат етеді. Бұған да қанағаттанбаған ағылшындар 1842 жылы «Екінші апиын соғысын» бастайды. Сөйтіп, олар апиын саудасын толықтай өздеріне қаратып алу үшін 1860 жылы Пекинді жаулап алады (Executive Intelligence Review, Dope Inc. Washington, 1992). Тарихта апиын саудасы үшін соғысқан ағылшындар енді Ауғаныстан халқын апиын өсірумен айыптауда. Бұл да түсініксіз жағдай. 
Әсілі, апиын (опиум) деген гректің сөзі. Бұдан басқа да есіріткі атауларына қарайық: кокаин – испанша (Оңтүстік Америкадан шыққан). Марихуана – испанша (Америкадан шыққан). Героин – грекше. Экстаз – грекше. Наркотик – грекше. Морфин - латынша. Кодеин – грекше. Тинер – ағылшынша. Сигара және сигарета сөздері Америкадағы мая халқының тілінен испан тіліне енген. Демек, жоғарыда аталған улы шегімдіктер уә есірткілердің барлығы да Батыс халықтарының тапқаны, сауда тауарына айналдырғаны. Мәселен, біздің қазақтар есіріткі тұрмақ, темекінің өзін бертінде орыстардан үйренген. Ислам діні улы шегімдіктерді, адамды естен тандыратын зиянды ішімдіктерді үзілді-кесілді харам еткен бірегей дін. Осы заттарды пайдалану яки саудаға салудың еш парқы жоқ. Тіпті, саудаға салу пайдаланудан да жаман, өйткені саудаға салғанда басқалардың денсаулығына, санасына зиян бергендіктен, екі есе көп күнә болады да бұған адам хақысы да қосылады. Сондықтан, мұсылмандар ғасырлар бойы осындай улы шегімдіктерден аулақ болған, тек вестернизация күшейген соңғы жылдары жастарымыз осындай зиянды заттардың қармағына түсуде. Бұған да есіріткі саудасын ұйымдастырушылар уә оны насихаттаушылар кінәлі деп санаймын. 
Ағылшындар мен испаниялықтар Америка аймақтарын жаулап алғанда этникалық тазаулау мен терроризмнің көкесін көрсеткені белгілі. Ресми деректер бойынша 1492-1650 жылдары аралығында 95 миллионнан астам қызылтерілі (индейцтер) өлтірілген екен! Қырғынның шектен шыққандығы соншалық-кім, ағылшындар қызылтерілілерге шешек ауруы жұқтырылған көрпелер сатушы еді. Бұрын мұндай ауруды көрмеген және иммунитеттері жетілмеген миллиондаған бейкүнә адамдар осылайша қырылған (Noam Chomsky, Year 501: The Conquest continues, Boston, South End Press, 1993, 21-23 және 263-264 беттер). Протестант дін көсемдерінен Жошия Стронг (Josiah Strong, 1847-1916) ақ нәсілдің үстемдігін жақтап, қызылтерілілерді қырудың заңды екенін уағыздаушы еді. Америкадағы англо-саксон нәсілшілігінің негізін қалағандардың басында протестант көсемі Жон Уилсонды (John Wilson, 1800?-1877) айтуымыз керек. Ол 1837 жылы англо-саксондардың күллі адамзаттың ең үстем нәсілі екені пікірін насихаттаған (Thomas F. Grosset, Race, 178-190-беттер). 
Америкада жасалған геноцидтер мен террорлық әрекеттерді зерттеген Ноам Чомски (Noam Chomsky, 1928- ) бүгінгі жағдай туралы кітабында былай дейді: «Пуритандар (христиан сектасы – М.Б.) тарапынан жасалған қырғындар арадан ғасырлар өтсе дағы бүгінгі АҚШ жасап отырған террор әрекеттерінің қайнар көзі болып табылады. Жүздеген мысалдың ішінен біреуін ғана келтірейін: 1980 жылы АҚШ Салвадор уә Хондұрас (Гондурас) мемлекеттері арасында соғыс ұйымдастырды. Эл-Салвадор соғысындағы Рио Симпул қырғынын мысал етуге болады. АҚШ тарапынан арнайы тәрбиеленген, АҚШ тарапынан қаруландырылған және элитаға қызмет ететін әскери топтар жасаған жүздеген қырғындарды айтуға болады. Бұл қырғындар АҚШ ғасырлар бойы жасаған доктриналардың жаңа қырының іске асуы болып табылады…» (Thomas F. Grosset, Race, 178-190-беттер). 
Америка мен дамыған мемлекеттердің халықаралық саясаттағы қос стандартының (екібеткейлігінің) енді бір мысалын келтірейін. Африканың дәл кіндігінде орналасқан екі кішкентай мемлекет бар: Руанда уә Бұрұнди. 1996 жылы көршілес осы екі елдің президенттері өз елдерінде түсініксіз жағдайда тік ұшақ апатынан бір күнде қаза табады. Бұл елдерде тұратын хұтұ және тұтси тайпалары бірімен-бірі соғыса бастайды да, бар-жоғы бір-ақ аптада 500 мың адам өледі! Адам қаны сел болып аққан осы соғысқа Америкаңыз да, Еуропа елдері де, БҰҰ да телміріп қарайды. Олардың осы адами һәм трагедиялық апатқа еш шара қолданбауы, табиғи русурстары мүлдем жоқ осы кедей елдердегі қырғынға лақайыттықпен (немқұридылықпен) қарауы ойлантады. Ал, Американың соңғы 15 жылда әскери шабуыл жасаған елдеріне қарасақ, олар – Ливия, Сұдан, Сомали, Ирақ, Ауғаныстан т.т, әсілі негізінен мұсылман елдері. 
Палестина проблемасы 1948 жылдан бері шешілген жоқ. Йаһұдилердің өз мемлекеттері бар, бірақ палестиналықтардың әлі күнге дейін мемлекеттері жоқ. Бұл БҰҰ тарапынан қабылданған «self-determination», яғни «әр халық өзінің тағдырын өзі шешуге құқықты» деген қағидаға қайшы екені ешкімді алаңдатпайды. Палестинада бүгін алпысқа келген адамдардың өмір бойы көргені тек қан, қорлық пен зорлық, қақпайлану, бопсалану, аштық, жалаңаштық, азаматсыздық, көз жасы, қорқыныш т.т. БҰҰ қабылдаған қаулылардың бірде бірін есепке алмайтын Израил өз саясатын жүзеге асырып келеді. Ал, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде вето құқығына ие елдер мыналар: АҚШ, Франция, Британия, Ресей және Қытай. Олардың құрамында Түркия, Индонезия, Мысыр, Иран, Пәкістан, Сауди Арабыстан секілді бір де бір мұсылман елінің болмауы тағы да түсініксіз. Ал, Палестина мәселесі шешімін таппай Таяу Шығыс пен Орталық Азия аймағында бейбітшіліктің орнауы екіталай деу үшін сәуегей болу қажет емес. Аталмыш аймақтарда бейбітшілік болмайынша әлемдік тыныштық пен татулықтың орнауы да мүмкін емес. 
АҚШ-та дүниежүзіндегі жансанының 5-ақ пайызы өмір сүреді. Бұған қарамастан әлемдегі табыстың тең 50 пайызы осы мемлекеттің үлесінде. Осы байлықтың қызығын АҚШ халқының 10 пайызынан аспайтын бақытты азшылық көруде. Жалпы, Америка қарама-қайшылықтар елі. Миллиардтаған долларлық байлықтарымен тізімнен түспейтін капиталистер мен тесік долларды көре алмай жүрген он миллиондаған кедейлер армиясы. Халықтың президент сайлауына қатыспай жүргені де сондықтан. Бірақ, бұған қарамастан АҚШ әскери, барлау және ғарыш технологиясы салаларында аса жомарт жобаларды жүзеге асыруда. Әлемдік қару-жарақ өндірісін өз монополиясында ұстауда. Мұсылмандарды есіріткі саудасымен айыптап жүрген, АҚШ, Британия, Франция, Германия, Белгия, Ресей және Қытай елдері дүниежүзілік қарау-жарақ саудасының қызығын көруде. Мұсылман елдері мен көптеген Африка, Азия және Оңтүстік Америка елдері қару-жарақ жағынан осы елдердің біріне яки бірнешеуіне тәуелді. 
Жуырда, Америка Түркияның қолдауына рахмет айтып, оған бұрын рұқсат етілмеген әскери техниканы сататынын айтты. Алайда, Түркия мына шарттарды орындағанда ғана Американың қару-жарақтарын сатып ала алады: 
1-) Түркия сатып алған қару-жарақтарға ұқсас қаруларды өндірмеуге кепілдік береді. 
2-) Түркия сатып алған қару-жарақтардың құрылымдарына әрқандай бір өзгеріс енгізбеуге кепілдік береді. 
3-) Түркия сатып алған қару-жарақтарға қажетті қосалқы бөлшектерді өзі жасамауға, оларды тек АҚШ-тан сатып алуға кепілдік береді. 
4-) Түркия сатып алған қару-жарақтарды басқа елдерге сатпауға кепілдік береді. 
Иә, «дос» һәм «одақтас» Америка осылайша Ауғаныстандағы операцияларға жасаған көмегі үшін Түркияға жаңа әскери құралдарды сататынын мәлімдеп, алғыс айтып отыр. Батыс елдерінің жойқын қаруларын сатып алған артта қалған яки дамып келе жатқан елдердің азаматтары бірін-бірі қыруда. Ал, бұлардың шетелденуінен (экспортынан) түскен ақша болса бай елдердің байлығына байлық қосуда. Сонда, кісілерді өлтіретін қаруларды экспорттау заңды болып шығады да, өздері ұйымдастырған есіріткі саудасының айыбы мұсылмандарға жабылады. Мұнда да бір гәп бар сияқты. 
Американың бағзы басшылары әлемдік терроризм мен ислам дінін қоса атауды үрдіске айналдырды. Тіпті, президент Жорж Бұш (George W. Bush) бір сөзінде: «Шармық (крест) жорығын бастаймыз. Бұл жорықтың ұзаққа созылары сөзсіз» деді. Бұған Владимир Путин, Жак Ширак, Хұсни Мүбарак, Мұхаммед Хатами, Ахмед Сезер қатарлы елбасылары қатты сын айтқан соң, Ақ Үй ресми түрде мұслымандардан кешірім сұрап, президенттің сөзінің басқа мағынада айтылғандығын айтып жатты. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев (1940- ) бұл үрдістің келешекте қауіпті нәтижелер беретінін ескерте келіп, терроризмге қарсы соғыс өркениеттер арасындағы соғысқа, тікелей айтқанда мұсылмандар мен христандардың соғысына айналмауы керек деді. Мұның ізі суымай жатып Италияның Премьері Силвио Берлускони (Silvio Berlusconi, 1936- ): «Батыс өркениеті ислам өркениетінен үстем» деді. Тағы да айғай-шу. Ол да артынан кешірім өтінді. Бірақ, олардың бұл сөздері тіл шатасуы десек те кей нәрселерді білдіргендей болды... 
Менің ойымша, Америка басшылары терроризм жағынан мұсылмандарды бекер айыптауда. Олар алдымен өзінің ішіндегі террористерді анықтап алу керек. Меніңше, терроризмнің осыншама модаға айналуында ең басты кінәлінің бірі сол Америкадағы Голливудтың тап өзі. Иә, соңғы 20 жылда жасалған кино-фильмдерді алып қараңызшы. Кісі көрерлік фильм жоқтың қасы. 11 қыркүйектегі шабуылға ұқсас, тіпті бірдей сюжеттерді көптеген фильмдерден көруге болады. Голливуд жүйелі түрде терроризмді уағыздауда.

Категория: Дінтану | Добавил: nauriz (01.09.2013)
Просмотров: 1129 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Сағат

Сауалнама
Сайтта сізге не ұнайды !!!!!!!
Результаты
Всего ответов: 4013
Сайт мәзірі
Сайт көрсеткіші
Қазір online
Қазір сайтта: 8
Қонақтар: 8
Қолданушылар: 0

Лучшая рип студия!