Сабақ жоспарлары
Мысалы: Бейнелеу 1-6 сыныпқа сабақ жоспарлары
Главная » Статьи » Дінтану

Ұлттың болашағы - діни бірлігімізде
Скачать реферат с сервера


Мұртаза БҰЛҰТАЙ 
Философия ғылымдарының кандидаты, 
Дінтанушы, мәдениеттанушы

ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЛАШАҒЫ - ДІНИ БІРЛІГІМІЗДЕ [1]

«Бізді тура жолға баста! Ізгілік бергендеріңнің жолына! 
Ашуға ұшырағандар мен адасқандардың жолына емес!» (Фатиха сүресі)

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері дәстүрлі және дәстүрлі емес діндердің көптеген уағызшылары үгіт-насихат жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Бүгінгі күні Қазақстанда 46 діни конфессия тіркеуден өткен екен. Бұл дәстүрлі дініміз исламнан тыс 45 конфессия тағы бар деген сөз. Еліміз зайырлы, құқықтық және демократиялық мемлекет. Бізде діни сенім және ар-ождан бостандығы бар. Заңдарымызда белгілі тәртіппен елге келген миссионерлердің діни үгіт-насихат жасауына рұқсат етілген. Азаматтар заңда көрсетілген ережелерді сақтай отырып, діни бірлестіктер құра алады, ғибадатханалар аша алады. 
Әрине, жоғарыда келтірілген құқықтар мен бостандықтар әр демократиялық, зайырлы елде болуға тиісті шарттар. Дегенмен, еліміздің демографиялық, гео-саяси және гео-экономикалық жағдайын есепке алғанда, осыншама көп конфессияның ұлттық тұтастығымызға, еліміздің бүтіндігіне, ұлтымыздың болашағына нұқсан тигізуі ықтимал ма, деген заңды сұрақ мазалайды. Діндер тарихын зерттеген мамандар діни сезімдердің адамдарды біріктіруде қандастық, жерлестік, руластық, нәсілдестік қатарлы факторлардың бәрінен де күшті болғанын дәлелдеген. Демек, қоғамның алуан дінге бөлінуі ұлтты ұйымдастыратын байланыстарды әлсіздендіретін және әлеуметтік бейбітшілікті бұзатын қауіпті фактор. Жалпы, адамзат тарихы дінге бөлінушілік және діни өшпенділік салдарынан туындаған қақтығыстар мен дағдарыстарға толы... 
Осындай жағдайда не істей аламыз? Ұлтымызды айрандай ұйытқан дінімізді сақтау және мемлекетіміздің сенімділікте дамуын қамсыздандыру үшін не жасауымыз керек? Ең бастысы, Қазақстандағы конфессияаралық татулықты сақтауымыз шарт. Бұл басқа дін уәкілдеріне толеранттылықпен қарауды қажет етеді. Ислам дінде зорлық-зомбылық жоқ екенін (Құран, 2/109) және адамдардың түрлі діндерге сену еркіндігін мойындаған бірегей дін (Құран, 109/1-6). Дініміз адам құықтарын таптауға, бейкүнә адамдарға жәбір көрсетуге, фитнә жасауға, лаң салуға, бейбітшілікті бұзуға жол бермейді. Сонымен қатар, ислам діні мұсылмандардың өз имандарына берік болуын, адастырушы күштердің арбауына түспеуін, ізгі амал істеп, пайдалы ой және өнім өндіруін бұйырады. Қазіргі заңдарды пайдаланып, миссионерлер елімізге дендеп кіріп, жаппай азаматтарымызды көндіріп жатқанда, саналы мұминдердің қарап отырғаны болмас. Біз нағыз мұсылмандар, нағыз отансүйер қауым Құрандағы «Аллаһтың жолына хикметпен және әдемі үгітпен шақыр! Олармен ең әдемі түрде күрес! Шынында, сенің Раббың өз жолынан адасқандарды ең жақсы білуші! Ол, тура жолдағыларды да ең жақсы білуші!» (Құран, 16/125) аяты бойынша, өз дінімізді халқымызға түсіндіруші және мұсылмандар арасындағы береке-бірлікті нығайтушы іс-әрекеттерді ұдайы жасап тұруымыз шарт. 
Басқа ағымдар мен теріс пыйғылды діни секталармен, адастырушы тариқаттармен күресудің ең басты жолы, тіпті басты шарты – алдымен хақ жолды, яғни ислам дінін, оның бұрмаланбаған, хұрафасыз, бидғатсыз, яғни қоспасыз, саф формасын үйрену. Нағыз исламды білу үшін біз мұсылмандар қасиетті Құран Кәрімді басшылыққа аламыз. Өйткені, Құран «адамзатты тура жолға бастаушы» (2/185), «өз ішінде қайшылықтары жоқ және тақуа иелерін тура жолға бастаушы» (2/2), «барлық әлемдерге арналған үгіт» (6/90, 38/87), «Аллаһ тарапынан жіберілген анық нұр» (4/174), «ұлы хабар» (38/67), «теңі жоқ кітап» (41/41), «көңілдегі дерттерге шифа» (10/57), «нағыз шындық» (69/51).... Құран бізге бұ дүниеде бақытты болу жолын ұсынады, ахиреттегі қуанышты сыйлайды, бұрынғы үмметтердің ғибратты өмірінен хабарлайды, басқа діндердің қателескен тұстарын ашып береді, олардың даулы мәселелеріне жауап береді. Пайғамбарымыз барлық елшілік жылдарын қасиетті Құранды түсіндірумен өткізген. Құран былай дейді: «Күдіксіз Құран аса абыройлы бір елшінің сөзі! Ол, бір ақынның сөзі емес! Қаншама аз сенесіңдер! Ол, бір сәуегейдің яки көріпкелдің де сөзі емес! Қаншама аз ойлайсыңдар! Ол, әлемдердің Иесі тарапынан түсірілген! Егер кейбір сөздерді біздің сөзіміз сияқты етіп көрсеткенінде, оның оң қолын жұлып алар едік! Соңыра, оның күре тамырын міндетті түрде үзер едік! Сонда, ешқайсыларың оған қорған бола алмас еді! Шынында, Құран тақуа иелері үшін үгіт һәм ескертуші! Іштеріңде оны жалған деушілердің бар екенін әлбетте білеміз! Даусыз, Құран кәпірлер үшін қасірет! Және ол, нағыз шындықты қамтыйтын білік! Ендеше, сен Ұлы Раббыңның атымен ұлықта!» (Құран, 69/40-52). 
Исламтанушы ғалымдардың ұйғарымы бойынша мына аят әзиз Пайғамбарымызға түсірілген ең соңғы аят: «Дәл бүгін сендер үшін діндеріңді кемеліне жеткіздім! Сендерге деген ізгілігімді (нығметімді) тәмам еттім! Сендер үшін дін ретінде исламды таңдадым, исламға разы болдым!» (Құран, 5/3). Осы аят ислам дінінің толықтай түсіп болғандығын анық баяндайды. Құранның осы аятынан кейін ешкім дінге ешнәрсе қоса алмайды және діннен еш нәрсені алып тастай алмайды. Бұл маңызды қағиданы мұқият түсініп алуымыз шарт, ағайын. Өйткені, діндегі теріс ағымдар мен дінді бұрмалаушылықтар ылғи да Құранның кейбір үкімдерін жою яки жоққа шығару арқылы, немесе Құранға сәйкес емес жаңа үкімдер шығару арқылы жасалған. Әрқандай нәрсенің ислам дініне сәйкестігін Құран Кәрім арқылы тексеріп алуымыз шарт. Құран Кәрімді жан-жақты зерттегенімізде, Аллаһ Тағаланың мына 5 қағиданы басшылыққа алуымызды бұйыратыны белгілі болады. Олар кезегімен: 
1. АҚЫЛ (10/100, 10/42, 20/128, 20/53, 13/23, 13/20, 13/22) 
2. УАХИ (Құран) 
3. ЖАРАТЫЛЫС ЗАҢДАРЫ (Сұннетұллаһ, 48/23, 8/38, 35/43) 
4. ҒЫЛЫМ (34/6, 58/11, 3/18, 3/78, 17/107-109, 20/114) 
5. МАҒРҰФ (Күллі адамзатқа ортақ ізгі құндылықтар, 2/178-180-228, 4/5-8, 3/104-114, 9/71) 
Мұнда ақылдың бірінші орынға қойылуы тегін емес. Имам ағзам Әбу Ханифа (699-767), Имам Матұриди (уаф. 944.), Қазы Абдұлжаббар (уаф. 1025), Нәжмұддин әл-Туфи (уаф. 1316) сияқты ғалымдар мен ақида имамдары, әл-Фараби (870-950), Ибн Сина (980-1037), әл-Бирұни (973-1048), Ибн Рұшд (1126-1198) сияқты хакімдер ақылды уахидың алдына қойған. Араб тілінің теңдесі жоқ шебері Рағыб әл-Исфаһани (уаф. 1108) бір еңбегінде былай деп жазған: «Ақыл қолбасшы болғанда, дін әскер. Ақыл болмаса дін жарамды және баянды болмайды. Әлбетте, дін болмағанда ақыл да тентіреп қалады. Бұл екеуінің бірігіп, құшақтасуы болса «нұр үстіне нұр» болады. Нұр сүресіндегі (Құран, 24/35) «нұр-ұн ғала нұр» осыны білдіреді» (әл-Исфаһани, әз-Зәриға ила мекарими әш-Шәриға, 207-бет). Аллаһ Тағала Йұнұс сүресі 100-аятта ақылдың маңыздылығын қандай ғаламат паш еткен: «Аллаһ ақылын пайдаланбағандардың үстіне кір-қоқыс құяды!» (Құран, 10/100). Осы аяттың басында «Аллаһтың рұқсаты болмайынша ешкім иман етпейді!» делінген. Демек, Аллаһтың иман етуге рұқсат беруінің басты шарты адамдардың ақылды болуы һәм ақылды қолдануына тікелей байланысты. Өйткені, Рәсұлұллаһ бір хадисінде: «Адамның сүйеніші – ақылы. Ақылы жоқтың діні де жоқ!» деген. 
Ақыл мен уахидың, яғни Құранның Жаратушысы бір – Аллаһ Тағала. Сондықтан, ақыл уә Құран ешқашанда қайшылыққа түспейді. Басқа діндердің кітаптары мен ақылдың нәтижелерінің көпшілік жағдайларда қайшылыққа түсетінін аңғару қыйын емес. Бүгінгі ислам үмметі ішінде пайда болған көптеген теріс ағымдардың іс-әрекеттерінің Құран Кәрімге және ақылға қайшы келетіні де сондықтан. Ақыл арқылы білуге болатын нәрселерді дінге телудің қажеті жоқ, ал ақыл біле алмайтын нәрселерді бізге уахи (Құран) ғана білдіреді. 
Ислам діні абсолютті монотеист дін, яғни Жаратушы ретінде тек Аллаһ Тағаланы ғана таныйтын, Оған ортақ қосуға үзілді-кесілді тыйым салатын дін. Құран Кәрім басынан аяғына дейін осы бұлтартпас қағиданы қайталайды. Аллаһ Тағалаға ортақ қосуға «шірк» дейді. Шірктің өзі «ашық шірк» және «жасырын шірк» болып екіге бөлінеді. Ашық шірк дегеніміз адамдардың пұттарға табынуы яки Аллаһ Тағалаға жанама тәңірлер қосуы. Жасырын шірк дегеніміз болса, Аллаһ Тағаланы Жаратушы ретінде мойындай отырып, оның кейбір биліктерін, құқықтарын, аттрибуттарын фәни адамдарға да беру. 
Аллаһ Тағала Құранда барлық күнәларды кешіруі мүмкін екенін айта келіп, шіркті ешқашанда кешірмейтінін білдіреді: «Күдіксіз, Аллаһ өзіне серік қосылуын әсте кешірмейді! Бұдан басқа күнәларды қалаған құлдары үшін кешіреді. Аллаһқа серік қосқан адам шексіз үлкен күнә істеп, жала жапқан болады!» (Құран, 4/48). Тәухид, яғни исламдағы Аллаһ Тағаланың бірлігі ақидасына аса сақтықпен ие болуымыз шарт. Бұл дініміздің ең маңызды мәселесі, Пайғамбарымыздың ақтық деміне дейін қайталаған өсиеті. Әз Елші шіркке апаруы ықтимал әр нәрседен бас тартып ғана қалмай, олардан аулақ болуды бұйырған. Бірде сахабалар жасырын шірк туралы сұрағанда Пайғамбарымыз: «біреудің харам дегенін харам, ал халал дегенін халал деп тану» деген екен. Осы мәселеде де ойланатын көп тұстар бар... 
Қазір елімізде ислам атын жамылып, әр түрлі үгіт насихат жасап жатқан топтар бар. Олардың бір сыпырасы саяси мақсатты көздейтін топтар болса, енді біреулері экономикалық мүдделер төңірегінде ұйымдастырылған. Қазақстанымыздың жер асты һәм жер үсті байлықтарына көз алартқан кейбір сыртқы күштер тарапынан арнайы ұйымдастырылған және ислам үмметінің ішіне келбетін ауыстырып кірген шіркшіл, фитнәшіл, бидғатшыл һәм пасық топтардың бар екенін ескерелік. Олардың жалған уағыздарына инанып кетушілер қаншама десеңізші! Бір нәрсені нақтылы түсініп алуға мәжбүрміз: Қазақстанның тәуелсіздігінің сақталуы, еліміздің аман, жеріміздің тыныш болуы халқымыздың мығым бірлігіне тікелей байланысты. Жас мемлекеттің керегесін керісіп, уығын қадасқан бүгінгі ұрпақ ұлттық бірлік пен татулықтың үлгісін көрсетуі керек. Ал, ұлттық бірліктің берік болуы діни бірлігімізге тәуелді. 
Бөтен ағымдарға жол бермейік ағайын! Сол үшін хақ дінімізді екі қолымызбен мықтап ұстайық! Қасиетті Құран өзгеріссіз халде алдымызда тұр және ол күллі замандарға уә күллі адамзатқа жіберілген кітап ретінде барлық сұрақтарымызға жауап бере алады! Тек, оны оқыйық һәм зерттейік! Сөздерімді Ғасыр сүресінің аяттарымен аяқтағым келеді: «Ғасырға (заманаға) ант болсын! Адам баласы, шынында, зиянда! Иман еткендер, салих (жақсы, хайырлы) амал (іс) істегендер, бір-біріне хақты үгіттегендер мен сабырды насихаттағандар ғана зиянда емес!» (Құран Кәрим, 103/1-3)

[1] Мұртаза БҰЛҰТАЙ, Ұлтымыздың болашағы діни бірлігімізде. «Жас Алаш» газеті, №58-59, 19.05.2005 ж., 9-бет және «Дала мен Қала» газеті, №20(97), 20.06.2005 ж., 11-бет. 
ҰЛТ ТАМЫРЫНА БАЛТА ШАПҚАН МИССИОНЕРЛЕР

Ең алдымен басқа дінге тарту жайлы әңгіме болғанда миссионерлік жөнінде айту керек. Бүгінде Қазақстан діни экcперимент алаңына айналып отыр. Басқаша айтқанда Қазақстан діни экспанcия алаңына айналған. Сол экспериментті қарқынды, жүйелі және ұйымдасқан түрде жүргізіп отырған — христиан миссионерлері. Олардың басым көпшілігі АҚШ-тан арнайы жолдамамен жіберілген — шоқындырушы-үгітшілер армиясы. 
Христиан діні дүние жүзінде ең көп тармаққа бөлінген дін десек қателеспейміз. Онда католик, протестант, православие атты үш негізгі бағыт бар. Бұлардың ішінде, әсіресе протестанттар көптеген тариқаттар мен секталарға бөлінген. Осындай шіркеулердің 20-дан астамы Қазақстанда миссионерлік әрекет жасауда. АҚШ-тағы миссионер ұйымдары Қазақстанға арнайы дайындықтан өткен, әбден ақпараттандырылған, мәліметтендірілген миссионерлерді ғана жібереді. Олар бір жарым, екі жыл қазақтың тарихын, мәдениетін сенімін зерттеп, кейбірі қазақ тілімен қоса, орыс тілін де меңгеріп келеді. Әбден дайындалып, үгіт-насихат әдістемесі, тілі шыққан осындай дінтаратушылардың алдына қазақтарды христиандыққа кіргізу деген үлкен мақсат қойылған. Олар психологиялық дайындықтан өтіп, мейлінше қоюына келтірілген адамдар. Іждиhаттылықпен барлық мақсаты, ойы қазақ халқын христиандыққа кіргізу. Қатардағы шіркеу қызметкері, қатардағы миссионер ұйымының мүшелері бұл жаққа жіберілмейді. Сондықтан, оларға өз саласының маманы және үгіт-насихат жасау ісінің шебері ретінде қарауымыз керек. Кейбірі адам психологиясын тыңшыларға, барлаушыларға тән дәрежеде зерттеген және экономикадан, саясаттан, құқықтан хабары бар адамдар. Сондықтан, бұларды кездейсоқ келген диуана, дәруіш сияқты көру — қателік. Миссионерлік христиандықтың ежелгі дәуірлерінен бастау алады. Бүгінгі Інжілдерде басқа адамдарды христиандыққа шақыруды бұйыратын үндеулер бар. Христиандықта «Иса Мәсіх жер бетіне қайтып келіп, Әке Құдайдың патшалығын орнатады» деген сенім бар. Миссионерлерлердің міндеті сол патшалықтың алғышарттарын іске асыру. Олар әлем халқын Иса Мәсіхтің билігіне дайындаушылар ретінде қызмет жасайды. Матфей жазған Інжілдің соңғы тарауында «Барлық ұлттарға бар және шәкірттер тап. Оларды шоқындыр және бұйрықтарымды үйрет!» деген жолдар бар. Миссонерлікте Тарсұстық Павелдің өсиеттерінің маңызы зор. Ол өзінің коринфтықтарға жазған бірінші хатында (Библия, 9/19, 22): «Мен азат едім. Көбірек табыс табайын деп өзімді баршаға құл еттім. Йаһұдилерді (еврейлерді) өзіме баулыйын деп, йаһұди сияқты әрекет жасадым. Өзім шариғатты (Тәуратты айтқаны) тұтпасам да, шариғат заңындағыларды өзіме қарату үшін оларға шариғатқа бағыныштымын деп әрекет жасадым. Не істеп, не жасасам да, адамдарды өзіме қарату үшін әркімге жағымды халде болдым» дейді. Миссионерлікте «адамдарды христиандыққа тарту үшін керек болған жағдайда тақиййа жасауға болады» деген қағида бар. «Тақиййа» —басқаша болып көріну деген ұғымға саяды. Яғни, жалпақ тілмен айтқанда екіжүзділік деп түсіндірсе болады. Демек, миссионерлердің ең негізгі ережесі ешқашан да өзінің шын жүзін әшкерелемеу, керек болса ортаға сәйкестендіріп бет-бейнесін ауыстырып тұру болып табылады. Түпкі мақсат нысанадағы адамды инандырып христиандыққа кіргізу. 
Христиандықты тарататын шіркеулер АҚШ-тағы өте бай ұйымдардың қатарына жатады. Олардың меншігінде үлкен территориялар, өндіріс орындары, бақылауында бизнес салалары, оқу орындары, кітапханалар, жатақханалар, кәсіпорындар, бұқаралық ақпарат құралдары, баспаханалар бар. Америкалық миссионерлерді Конгрес пен Сенат мүшелері, мемлекет құрылымдарында қызметте отырған зиялылар, арнайы барлау ұйымдарының қызметкерлері, стратегиялық жоспар жасайтын мекемелерге қатысы бар адамдар, әскерилер, дипломаттар қолдайды. Жиhандастырудың жылы лебін артқа алып, әртүрлі сипатта келіп жатқан дінтаратушылар халықтың осал тұсын аңдиды. Христиан миссионерлігі 1000 жылдан астам уақыт тәжірибе жинақтағандықтан дін тарату тәсілдері де қатты дамыған. Әсіресе, заманауи технологиялық жабдықтарды өте тиімді пайдаланады. Олар христиандық таратылатын елдегі ішкі, сыртқы саяси, экономикалық, демографиялық, мәдени және экономикалық ахуалды өз мүдделері үшін өте тиімді пайдалана біледі. Мысалы, ол елде жұмыссыздық көп пе, осы мәселеге үгіт-насихаттың бір саласына арнайды. Студенттер көп пе? Студенттер проблемасын шешу үшін қызмет етеді. Олар нені қажет етеді. Студентке материалдық көмек қажет пе, сырлас достар керек пе, оқу құралы жетпей ме, интернет қажет пе, осы секілді барлық проблемаларын шешіп береді. Шәкіртақы тағайындап, онымен қоса, жұмыспен қамтамасыз етеді. Шәкіртақыны шәкіртақы деп емес, ағылшын тілі мен компьютер үйретеміз деп, грант ұтып алдың деп, алдап беретін кездері де болады. Оны студент байқамайды. Бұл батпан құйрықтың соңы сенбі-жексенбі күндері өтетін «құдайы дастархандарға», семинарларға, отырыстарға, кеңес сұхбаттарға, қыдыруларға ұласады. Біздің адамдар оған қалай барғанын байқамай қалатын жағдайлар да аз емес. Осындай іс-әрекеттер арқылы олар үлкен ортаға ие болады. 
Шоқынған қазақтардың ішінде білімді, сауатты адамдар да бар. Оларды әртүрлі категорияларға бөлуге болады. Жастар, оқып жатқандар, бітіргендер, халықаралық фирмаларда істейтіндер, зиялылар, мемлекет қызметкерлері мен шенеуніктер. Олардың көпшілігі шоқынғанын әзірше жасырады. Олар рухани ашырқап жүргендер. Кереметтей білім алған, жұмыс істейді, табысы өзіне жетіп, экономикалық проблемаларын шешіп, енді рухани ізденіске түсе бастағандар десе де болғандай. «Мен қандай дінді ұстануым керек, қай жол мені бақытты етеді?» деген сауалды саналы түрде өздеріне сұрайтын осындай жандармен де шұғылданатын миссионерлер бар. Олар дәл сондай адамдарды іздеп тауып, дәл сол адамдарға лайықтандырып әзірленген методикамен үгіт-насихат жасайды. Ал, осындай азаматтарымыздың басым көпшілігі исламның не екенін тереңдеп білмейді, қазақша сөйлей алмайтындар да аз емес. Сондықтан, рухани иммунитеті әлсіз азаматтарымызды өз қатарына тартып, олардың мыйларын әбден жуып, өзге діннің сана-сезімін құяды. Осындай азаматтарымыз басқа дінге енген соң мүлде өзгеріп, мүлде басқаша менталитеттегі адамдарға айналады. 
Бұдан басқа олардың толық мағлұмат беретін интернет сайттары бар. Онда Қазақстан жайлы жазылған мыңдаған беттерге көз жүгіртуіңізге болады. Оларды елімізде он жылдан аса тұрып келе жатқан миссионерлер дайындайды. Әрбір дін таратушының жеке-жеке интернет парақшалары бар. Олар Америкадағы дін қарындастарына, қожайын ұйымдарына есеп беріп отырады. Онда суреттер, видеороликтер, миссионерлік әрекеттер туралы, қазақтарды қалай шоқындырғаны жөнінде әңгімелейді. Шоқынған қазақ жөнінде арнайы есептер жазылған. Онымен қалай танысқаны, қалай шоқынғаны, дінге тарту жолы қалай қыйынға соққандығы хабарланады. Көп сайттардан «пәленбай деген қазақтың Иса Мәсіхтің жолына түсуі үшін дұға жасаңыздар» — деген сынды өтініштерін де көруге болады. Кейбір сайттарға шоқынған қазақтардың мойындаулары жазылған. Демалыс кезіндегі, қаланың ішінде, қаланың сыртындағы, діни ритуал кезіндегі, шығармашылық кештердегі суреттерімен қоса берілген. Бұдан тыс кейбір жобаларға көмек сұралады. Шіркеу салуға, христиан кітаптарын қазақ тіліне аударуға, компакт диск немесе үн таспа шығаруға, офис ашуға, т.б қаржылай көмек сұрап жазған жазбаларды да оқуға болады. 
Бұл сайттардың тағы бір ерекшелігі, кейбір миссионер сайттарында Қазақстанды қаралау науқаны да жүргізілуде. «Қазақстанда миссионерлерді қудалайды. Діни сенім еркіндігі жоқ, ұлттық қауіпсіздік комитеті діндесімізді тергеген, миссионерімізді іске тартып жергілікті сот айыппұл салған, халық айғайлап діндарларды қуған, ол аз болғандай сақшы қызметкерлері әлімжеттік көрсеткен» — деген сияқты көптеген ақпараттар тарату арқылы елімізді қаралауға, диктаторлы мемлекет ретінде көрсетуге тырысады. Мақсаты, біріншіден Батыстағы христиан ұйымдарының наразылығын туғызу. Екіншіден солар арқылы саясаткерлерге, бизнес саласына, халықаралық ұйымдарға ықпал жасау. Үшіншіден, осындай ақпарат тарату арқылы мемлекетіміздің билігіне ықпал жасауды көздейді. Халықаралық ұйымнан еліміз дереу сескенеді. Біздегі кейбір шенеуніктер Батыста осындай ақпараттар тараса, қорқып, айқара ашылған есікті былай қойып, терезелер мен басқа да саңылауларды миссионерлерге ашуға дайын тұрады. Осыны көздеген миссионерлер психологиялық ықпал жасау арқылы өздерінің бұл науқанын қауырт жүргізіп жатыр. 
Интернеттен тағы бір байқағаным қазір олар ауылды жерлегі тұрғылықты халықты шоқындыру үшін арнайы миссионерлер қосынын құрып жатқанға ұқсайды. Олардың мынандай да тактикасы бар. Миссионер әйел болса, жергілікті жігіттерге тұрмысқа шығады, ал еркектері қазақ қыздарын алады. Бұл да сенімді таратудың ең маңызды жолы. Шетелге сатылған жетімектердің көпшілігін асырап алғандар да христиан миссионерлер. Бүгінге дейін Қазақстаннан шетелдерге 5,000 бала «экспортталған» екен. Олар сол балалардлы болашақта Қазақстанды шоқындыруда қолданбақ. Қорыта айтқанда, Қазақстанда дендеген миссионерлер мәселесі бар. Бұл исламға қарсы жасалып жатқан әрекет. Ислам дінінің өз отанында қарқынды дамуының алдын алу үшін. Тарихта қазақ дінге бөлінбеген және басқа дінге кірмеген сенімі таза ұлт болатын. Сол ел қазір 40 шақты конфессияға бөлінді. Бұл жерде тек христиандарды ғана айтып отырмын. Ал, басқа діндердің ағымы қаншама. Олар сайнтология, хара кришна, будда ағымы, Батыстан келіп жатқан бахаизм сенімі, сатанизм шіркеуі т.т.. Бұлардың барлығын қосқанда қазақтың діни бірлігі жайлы сөз қозғау қыйындау секілді. Қайта діни бөліну жайлы әңгіме қозғау оңайырақ секілді және оған мәжбүрміз. Шіркеулер ұйымдасқан түрде үгіт жүргізіп жатыр. Нәтижесінде бір деректерде 50 мың қазақ, ал кейбірінде 500 мың қазақ басқа дінге кірген делінген. Оның нақты санын дөп басып ешкім айтып бере алмайды. Барлығы да мемлекетіміздің тұтастығы, халқымыздың береке-бірлігі тұрғысынан алғанда өте қауіпті. Он бес жыл бойы миссионерлер елімізде қарқынды жұмыс істеді. Он мыңдаған қандасымызды өзінің дініне тартты. Бұған қандай көзқарастағы адам да болса қарсы тұру керек. Себебі, халықтың дінге бөлінуі асқандықтың, тасығандықтың, еркіндіктің, демократияның, адам құқықтарының, дамығандықтың көрінісі емес. Бұл ыдырау мен әлсіреудің айғағы. Бұл бақытты өз дінінен емес, басқа діннен іздеушіліктің көрінісі. Ғылыми теориялар басқа дінге кеткен азаматтар басқа этносқа айналатындығын дәлелдеген. Ұлттардың қалыптасу теориялары бар. Осы теория бойынша пенделер ортақ дін айналасында бас қосады. Секталарда бүгін мың адам болса, ертең 10 мың, 100 мың, тіпті миллион адамға дейін өсе береді. Басқа діннің жетегінде кеткен азаматтарымыздың өмір сүру салты, киген киімі, ішкен асы, той-томалағы, өлім-жітімі, өмірге деген көзқарасы, менталитеті өзгереді. Кейбірі өздеріне басқа ат қояды да, басқа ұлтқа айналады. Оған тарих дәлел. Мысалы: Югославиядағы хорват, серб, босния халықтарын алайық. Бұлар негізінен бір ұлт. Тілдері бірдей, бет-әлпеттері бірдей. Бөлінген себебі сербтер — православие, хорваттар — католик, босниялықтар болса — ислам дінін қабылдаған. Бұл тәжірбиенің тірі куәсімін. Қазақ халқы оны қайталамауға тиіс. Ата-бабамыз қабылдаған ислам діні 1250 жыл бойына қазақтармен бірге жайылып келеді. Қазақ халқы моңғол шапқыншылығы кезінде де моңғолдардың дінін қабылдаған жоқ. Қайта Шыңғыс хан бастаған моңғолдар біздің салт-санамызға сіңісіп түркіленді, біздің дінімізді қабылдады. Одан кейінгі жоңғарлармен болған ғасырлық соғыста қазақ жоңғардың дінін қабылдаған жоқ. Жоңғарлар жойылды, басқа ұлттарға сіңді. Ресей Патшалығының бодандығында екі ғасыр болған қазақ дінге бөлінген жоқ. Кеңес билігінде де дінге бөлінбедік. Бұл тарихи деректердің барлығы да қазақтың дінге бөлінбегендігін көрсетеді. 
Ендігі мәселе басқа діннің жетегінде кеткен қандас бауырларымызды өз ата-бабасының жолына қайтару қалай болмақ дегенге келіп тіреледі. Осы уақытқа дейін оларды исламға қайтарумен шұғылданатын мекемелер мен ұйымдарды көргенім жоқ. Бірлі-жарым мұсылман қоғамдары жұмыс істеген болады. Бірақ олар халыққа исламды түсіндіруден арыға бара алмауда. Қазақстан заңдары шеңберінде, қоғамның ішкі тұрақтылығын ескере отырып, орта және ұзақ мерзімді жоспарлар жасап, басқа дінге кірген бауырларымызды өз ортамызға қайта тартуымыз шарт. Бұл үшін үлкен кешенді жұмыс атқарылуы керек. Біріншіден, бұл азаматтар неліктен басқа дінге өткендігін тексеруіміз керек. Оның ең басты екі себебі бар тәрізді. Оның біріншісі экономикалық, ал екіншісі әлеуметтік себептер. Экономикалық себептерді жою үшін не істеуге болады? Әлеуметтік мәселелердің біразын жоғарыда айттық. Бұл жерде өкініштісі азаматтарымыз өз дінін білмейтіндігі болып отыр. Еш діни білімі жоқ қазақ азаматтары жеткілікті. Осыған орайластырып, жоспар жасауымыз керек. Олар миссионерлерге қарсылықсыз бірден беріледі. Ал миссионер оның жүрегіне қалай жол табу керек екендігін жақсы біледі. 
Қазірдің өзінде қаламызда ағылшын тілін үйретіп жатқан көп мекемелер бар. Әлемдік тәжірибеде, әсіресе Африка елдерінде, Таяу Шығыстағы мұсылман елдеріндегі халықтың наразылығынан қорыққан миссионерлер бастапқыда өздерін ағылшын тілінің мұғалімдері ретінде танытқан. Бұл мәселені де дұрыстап жолға қоюымыз керек. Мына қаптап кеткен үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) шын мәнінде қандай бағытта жұмыс істеп жатқанын бақылауымыз керек. Дүниежүзінде 20-дан астам бүкіл әлемге хабар тарататын миссионер телеарналары бар. Олар ағылшын тілінде, орыс тілінде және басқа тілдерде хабар таратады. Бір қазақ тілінде хабар тарататын 3 миссионер радиосы бар екенін ескерелік. Бір қорқынышты мәселе тағы бар. Бөтен дінге өткен азаматтарымыздың өздері де уақыт өте келе миссионерлерге айналады. Мұсылман кезінде дінімізге шорқақ болып жүргенімен, басқа дінге кіргенде олардың жан-тәнімен беріліп кететініне таң қаламын. Олардың ішінде, әсіресе, әйелдер көп. Әйелді кіргізу арқылы күйеуін, баласын, бауырларын, әке-шешесін оңай тартады. Қазақ халқы әйелге жауапсыз да бодаусыз еркіндік беріп қойған. Өзбек, тәжік, түрік секілді бауырларымыз қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі, қызын аңдиды. Басқа дінге дендеп енуде мұның да өзіндік орны бар секілді. Протестанттыққа кірген кейбір қазақтардың туған дінін, елін, руханиятын ұмытып, Иса Мәсіхті мадақтаған қазақша әндерді көз жасын көл етіп айтқанын көргенім бар. Олар діни рәсім кезінде домбыра және гитарамен хор болып өлең айтады. Мұнда да бір сәйкессіздік бар сияқты. Осы жерден өз кемшілігімізді іздеуіміз керек. Олай болса, Қазақстан мұсылмандар басқармасына үлкен жауапкершілік артылып отыр деген сөз. Олар халыққа ағартушылық қызмет атқарып, діни сауат ашатын шараларды күшейту керек. Ол үшін діни басқарманың мәртебесін көтеріп, мүмкіндіктерін кеңейтуіміз керек. 
Миссионерлер көбіне дініміздің кейбір қағидаларын бұрмалау арқылы дегендеріне жетеді. «Мұхаммед пайғамбар да Исаны мойындаған, келеді деп айтқан» деген сынды түсініктермен халықты өздеріне тартады. Осындай ұлт тамырына балта шабылып тұрғанда елі үшін шыбын жанын шүберекке түйетін зиялы қауым болушы еді. Бізде бірен-саран болмаса, олардың даусы естілмейді. Әр нәрсе заңмен шешіле бермейді. Үкімет саяси механизм болғандықтан халықаралық саясатпен санасуға мәжбүр. Ал, өзіміздің ішімізді жегі құрттай жегендерге жалпы халық, ал бірінші кезекте зиялы қауым наразылық танытуы керек. Ондай зиялылар жоқтың қасы. Қайта кейбірі «дініміз өзгерсе өзгерсін, бірақ мәдениетіміз өзгермесін» — дегенді айтып, миссионерсіз-ақ халықты шатастырайын деп жүр. Кейде миссионердің жасай алмағанын зиялыларымыз істеп беруде, оларға материал боларлықтай орынсыз мәселелерді көтеруде. Сонымен қоса, білім жүйесін жолға қоюымыз керек. 4-сыныптан бастап, дінтану сабағын орта және арнаулы мектептерге енгізетін кез келді. Жас өренге «сен мұсылмансыз, қазақсың, түркі халқысың» деп үйрету керек. Ал, басқа діндегілер де өз діндерін осылай үйренсін. Сонда еш діни қақтығыстар бола қоймайды. Университет студенттеріне де Қазақстан тарихы, философия сабақтары секілді дінтану дәрісін беру керек. Себебі қазақ халық дінге бөлінді. Қайтадан біріктіру өте қиын шаруа. Ол үшін шоқынған қазақтың жүрегіне, санасына, ойына жол табу керек.

[1] Мұртаза БҰЛҰТАЙ, Ұлтымыздын тамырына балта шапкан миссионерлер, «Қазақстан ZAMAN» Халықаралық саяси-қоғамдық газет, №17(580), 21.04.2006 ж., 4-5 беттер.

Миссионерлердің қазақша сөйлегеніне неге мәз боламыз?

Қазақ халқы атам заманнан ислам дініндегі халық. Біздің жеріміз Ислам тарихында ғана емес, жалпы адамзат тарихында аса маңызды уақиғалар болған жерлер. 751 жылғы Талас соғысы түркі халықтарының тарих арнасын өзгерткен ғажайып елеулі уақиға. 870 жылы қазақ сахарасында дүниеге келген бабамыз Мұхаммед Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) ұлы ойшыл, хакім, нағыз мұсылман ғалым. Х-ғасырда ислам дінін ресми дін етіп жариялаған Қарахан билеушісі Әбдұлкәрім Сатұқ Бұғыра ханды (915-955) айтсақ та жеткілікті. Одан кейінгі Ахмед әл-Йесеуи (уаф. 1166), Сүлейман Бақырғани (уаф. 1186), Йұсұф Хас Хажиб әл-Баласағұни (1016?-?) қатарлы толып жатқан бабаларымыз дінімізге, мәдениетіміз бен әдебиетімізге қызмет еткен жандар. Қазақ хандары да түгелдей мұсылманшылықта болған кісілер еді. Қылышынан қан тамған Кеңес билігі тұсында жасалған алуан түрлі іс-әрекеттер мен қырғындар нәтижесінде еліміз руханиятынан айырылып қала жаздады. Мұсылмандық сана әлсіреді, діни білім алу мүмкіндігі болмады. Кеңес билігі халықты дінсіздікке, оның ішінде исламнан тыс діндер мен пұтқа табынушылыққа үгіттеді. Осының нәтижесінде халқымыздың рухани иммунитеті жарақат алды, сырттан келген бөтен ағымдарға қарсылық беру қауқары азайды. Егемендік алған жылдары қуанышымыз қойнымызға сыймай, бөркімізді аспанға атып жүргенімізде, сырттан келген миссионерлердің елді қалай азғырып үлгіргенін байқамай қалғандарымыз қаншама. Әсіресе, АҚШ пен Еуропа елдерінен келген дін таратқыш миссионерлер негізінен қазақтарды өз дініне тартумен болды. Ал, Миссионер деген кім? Миссионер сіздің жүрегіңіздегі мұсылманшылық сезімді, исламға деген иманды жойып, оның орнына өзінің жолына деген сенімді қоятын адам деген сөз. Әрине, ұлттардың бірден қалыптаспайтыны белгілі. Ұлт деген үлкен организм адамдардың ғасырлар бойы ортақ отан, ортақ тіл, ортақ дін, ортақ тарих пен тағдыр төңірегінде біте қайнасуы нәтижесінде пайда болады. Ұлтты қалыптастыратын құндылықтардың қайсыбірін болсын ауыстыру – сол ұлттың тағдырымен ойнау деген сөз. Ал, миссионер өзі жіберілген халықтың тілін, мәдениетін, руханиятын әбден зерттеп алуға онсыз да міндетті. Миссионерлер дінге көндірілетін халыққа жағымды көрінуге, оларды алдап-сулап тартуға, ұйымдастырушылық жағынан тәжірибелі болуға міндетті. Павелдің (3-67) не айтқаны белгілі. Бұған таң қалмауымыз керек... 
Ал, біз болсақ, миссионерлердің қазақша сөйлегіне мәз боламыз да, оларды жан сала жарнамалап, мадақтаймыз! Олардың қазақша сөйлегеніне неге таң қаламыз осы?! Қазақтың тілі тіл емес пе сонда? Ал, біз ағылшын тілінде таза сөйлеп, ислам дінін насихаттасақ, бізді АҚШ-тың газеттері мадақтап, сала-құлаш мақала бермес еді ғой! Әйтеуір, шетелдік біреу қазақша сөйлесе болғаны, кім екеніне қарамастан, оны әлпештей жөнелетініміз бар. Дәл, осы тұста рационалды болуымыз шарт. Мәселе, тек қазақша сөйлеуде емес, одан да маңыздысы, қазақша не туралы сөйлегенінде емес пе?! Тіл құрал болғанда, ең маңызды мәселе сол құрал арқылы бізге қандай мәліметтің жеткізілгенінде. Бүгінде Қазақстанда миссионерлер қатты күшейіп кеткен. Олар халқымыздың жұмсақ жерін тауып алған. Аңқау елге арамза молда деген нақ осы. Ал, оянатын кез келген сияқты... 
Америка шоқындыру саясатын ертеден жүргізіп келе жатыр. Бұл елдегі билік негізінен йаһұдилер (еврейлер) мен ақ нәсілді англо-саксон протестанттардың қолында (WASP - White Anglo-Saxon Protestants, менің сөзім емес, олардың өз сөзі – М.Б.). Америка 1950-1953 жылғы Корея соғысынан кейін экономикалық көмек, абаттандыру, әлеуметтік қолдау т.т. жобалары арқылы Оңтүстік Кореяны шоқындырды. Бүгін бес мың жылдық жазба тарихы бар корей халқының 1/3 бөлігі ресми түрде христиандықты қабылдаған. 
Қытай Халық Республикасында миссионерлік өте қарқынды жүріп келеді. Американың ендігі мақсаты Қытайды шоқындыру. Онда шамамен 15-20 миллионнан астам халық христиандықты қабылдаған. Қытайдағы мыңдаған миссионерлер құдды біздегі әріптестері сияқты қытай тілін меңгеріп, қытай қыздарына үйленіп, дін таратуда. Егер Қытай христиандықты, оның ішінде протестанттықты қабылдайтын болса, оның Американың азулы қарсыласы болмасы анық. Бүгінде атақты жапон халқының өзі жоғалып кету қаупінің алдында тұр. Жапония уә Корея сияқты елдерде вестернизация және американизация процестері аса қарқынды һәм аса табысты жүргізілуде. Жапон жастары лек-лек болып Австралия мен АҚШ-қа көшіп кетуде. Олардың өз елдерінің болашағына деген сенімдері әлсіреген. Шоқынған жапондардың саны көбеюде. Үндістандағы миссионерлердің жұмыстары да сәтті жалғасуда. Бұл елдегі шоқынғандардың саны одан да көп. Барлық өмірін үнділерді шоқындыруға жұмсаған Тереза Анаға (Mother Teresa, 1910-1997) Рим Папасы 2003 жылы «әулие» мәртебесін берген. Үндістанда христиандықты қабылдаған үнділердің бизнес жүйелері, саяси құрылымдары мен жоғары дәрежелі мемлекет қайраткерлері белсенді әрекет жасауда. Мұңғұлияда да миссионерлер мұңғұлша сайрап, мұңғұлдың ата-бабаларын мадақтап, көрші халықты шоқындурда. Бетке жымия күліп, өз мүдделеріне сай әрекет жасауда. Сөйтіп, айналамыз түгел миссионерлер тарапынан қоршалған. Қазақстан мен Қырғызстандағы миссионерлік іс-әрекеттер туралы 15 жыл бойы жазып та, айтып та келе жатырмын. Бұл елдер Американың шоқындыру саясатының маңызды нысаналарынан. Осы халықтардың діни сауаттылығының тапшылығы миссионерлердің бұл елдерге көбірек тартылуына мүмкіндік жасады. Интернеттегі миссонерлердің парақшаларына қарасаңыз олар «шоқындыруға ең қолайлы халықтар қазақтар мен қырғыздар», деп масаттана жазады. 
Тарихты жақсы зерттейтін болсақ, христиандықтың Азия құрлығына кіре алмай қалғанын көреміз. Азияда негізінен екі дін үстем болды: ислам және бұддизм. Христиандық еуропалықтардың отарлаушылық жылдарында ғана аздап таралды. Онда да тек Филиппин сияқты азғантай отар елдерде ғана таралды. Қазір, Азия халықтарының саны қарқынды көбею үстінде. Азия экономикасы да жылдам дамуда. Минералды ресурстар мен білікті адам күші жағынан Азия әжептәуір табыстарға қол жеткізді. Бұлар тек басты себептер ғана... 
Сондықтан, Азия елдерін шоқындыру саясаты АҚШ үшін аса маңызды. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін АҚШ-тың мемлекеттік құрылымдары мен үкіметтік емес ұйымдары, шіркеулері мен арнайы қызметтері керемет деңгейде ынтымақтаса отырып, ортақ мақсатқа жету үшін біріге жұмыс істейді, бірін-бірі қолдайды. Ақша мен жоғарыда келтірілген ынтымақтасқан одақтың көмегін қолға алған миссионерлер біршама табыстарға қол жеткізді. Осындайда біз қазақтар ойланумыз керек, көзді ашуымыз керек. Дос кім, дұшпан кім, оны да білуіміз керек. Қазақстан бұдан кейін де ислам елі болып қала бермек, бұны миссионер «достарымыз» да ұғатын кез келген сияқты. Ал, оларға жаны ашыйтын және миссионерлерге болысатын өз қандастарымызға - алдымен туған халқыңыздың тағдыры мен болашағына жаныңыз ашысын деп айтқым келеді.

[1] Мұртаза БҰЛҰТАЙ, Оян,Қазақ! Миссионерлердің қазақша сөйлегеніне неге мәз боламыз? «Президент және Халық», Республикалық қоғамдық-саяси газет, №14(014), 23.12.2005 ж., 7-бет және «Ислам және Өркениет» газеті, №6(66), 16-31 наурыз, 2006 ж., 8-бет. 
ОТАНДЫ СҮЮ ИМАНДЫЛЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ

Адам баласы ХХ-ғасырда бұрын-соңды болмаған ғылыми-технологиялық жетістіктерге қол жеткізіп, «Жер» деп аталатын планетамыз кішірейген сайын кішірейіп, бір алақанға сыйарлық жағдайға дейін жетті. Өткен ғасыр ғылым, білім, мәдениет және өнер, спорт салаларындағы орасан зор табыстармен ерекшеленді. Дегенмен, өткен ғасырда адам баласының тарихында болмаған зұлымдықтар да болды. Еуропа халықтары екі рет әлем соғыстарын ашып, дүние жүзін қызыл қанға бояды. І және ІІ дүниежүзілік соғыстарда бір діннің уәкілі болғанына қарамастан еуропалықтар бірімен бірі қырылысты. Батыс халықтары басып алған мемлекеттерде үш жүзден астам ірілі-ұсақты соғыстар жүріп жатты. Кей халықтар ұлт-азаттық көтерілістерді бастап жатса, енді бір елдерде төңкерістер жасалып, мыңдаған, тіпті миллиондаған адамдар қырылып, өлмегені сүргінделіп яки жарғыланып (сотталып), әсілі, жабайы һәм тұрпайы әлеуметтік кезеңде болмаған зұлымдықтар жасалды. 
Жер бетінде ұшпақты орнатамын деген қызыл империя құлады. АҚШ кішкентай ғана ауылға айналған жиһанның сақшысы бола қалды. Трансконтиненталдық қаржы ұйымдары мен концерндер ауыл базарын басып алды. Доллар мен евро осы базардың ақшасына айналды. Бірақ, ХХІ-ғасыр да зобалаңдар мен дүрбелеңдерді ала келді. Араны әбден ашылған отарлаушы һәм қанаушы күштердің күпті болар түрі жоқ екені белгілі болды. Қару-жарақ жарысы одан да үдей түсті. АҚШ сияқты мемлекеттердің қорғаныс бюджеттері рекорд деңгейге дейін жетті. Ғылым мен технология жағынан мезет сайын жаңа табыстарға қол жеткізіп отырған адамзаттың қабағы түйік, көңілі қаяулы күйінде қала берді. Соғыс атаулының саны көбеймесе азайған жоқ. Жаңалықтың бәрін ашқан адам баласы бірімен бірі қалай тату-тәтті өмір кешу керек, міне осы сұрақтың жауабын әлі таба алмай жатқан тәрізді. Адамды тек жегіш тұтынушыға теңейтін материалист жүйе осы түрімен адам баласына тыныштық әкеле алмайтыны меніңше анық болды. Бір жағынан толық түсініктемесі әлі күнге дейін берілмеген «терроризм» қауіпі күллі адамзатты мазалайтын халге жетті. Бірақ, сонда да ең көп тауқымет біздің мұсылманның басына төніп жатты... 
Міне, осы қорқынышты да үрейлі сахнаны көре білген зерделі адамдар адам баласын экономикалық, әскери, саяси шаралармен татулыққа, бақытқа жеткізу мүмкіндігінің шектеулі екенін аңғарғандай.

Категория: Дінтану | Добавил: nauriz (01.09.2013)
Просмотров: 1148 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Сағат

Сауалнама
Сайтта сізге не ұнайды !!!!!!!
Результаты
Всего ответов: 4014
Сайт мәзірі
Сайт көрсеткіші
Қазір online
Қазір сайтта: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0

Лучшая рип студия!