Ғылым және информация
ғасыры деп аталған өткен жүз жылда дамыған мемлекеттердiң азаматтарынан бек көп
адам ислам дiнiн өз еркiмен қабылдаған. Олардың iшiнен әлемге аты мәшһүр боксшы
Мұхаммед Әли (1942- ) мен өткен ораза айында мұсылмандықты қабылдаған Италия
мемлекетiнiң Сауди Арабыстандағы 60 жасар елшiсi Торкуато Кардеилли (Torquato
Cardeilli, 1942- ) мырзаны айтуға болады. Бұларға қоса әлемдiк деңгейдегi
философтар, физикашылар мен химияшылар, тарихшылар мен әлеуметтанушылар,
экономистер мен дiнтанушылар бiр-бiрлеп хақ дiн исламды қабылдауда. Батыс
елдерiнiң кейбiр қатардағы азаматтары да, баспасөзде аттары аталмағанымен, кәлима
айтып, мұсылмандардың санатына кiруде. Елiмiздегi ислами үгiт-насихаттың
мешеулiгiне қарамастан, бiзде де орыс, грузин, кәрiс, неміс халықтары
уәкiлдерiнiң бiр сыпырасы мұсылман болды. Осындай жағдайда, нелiктен дүние жүзi
халықтарыны ислам дiнiн жаппай қабылдап жатыр, деген сұрақ пайда болады.
Адамдардың өзге дiндер мен наным-сенiмдердi тастап, мұсылмандықты қабылдауы әр
жеке тұлға үшiн өмiрлiк маңызы бар уақиға, радикалды өзгерiс. Сондықтан,
заманауи тұлғалардың хақ дiнiмiздi қабылдауындағы басты себептерге талдау
жасауды жөн көрдiк, ағайын. Әсiресе, ислам дiнiн қабылдаған Батыс елдерi уәкiлдерiнiң мұсылман болу
себептерi жөнiнде нақтылы мысалдар келтiрелiк. Британияның патша армиясында
жоғары лауазымды әскербасы қызметiн атқарған Арчибалд Хамилтон (Sir Archibald
Hamilton, 1876-1939) 1923 ж. мұсылмандықты қабылдайды. Ол, исламды
қабылдауындағы басты факторлардың бiрiнiң осы дiннiң бос ырымдар мен негiзсiз
сенiмдерден ада екендiгi және надандыққа қарсы берiк бекiнгендiгi болғанын
айтады. Оның пiкiрiнше, мұсылмандық бай, орташа ауқатты және кедей-жарлы деп
аталатын үш әлеуметтiк таптың уәкiлдерiн бейбiт түрде араластыратын, олардың
өзара нақтылы көмектесуiн бұйыратын дiн. Сондықтан, мұсылман халықтарда
сыныптық парықтар салдарынан әлеуметтiк жарылыстар пайда болмаған, «ислам дiнi
құлатушы емес, көркейтушi дiн» дейдi, Хамилтон. Ол, исламның құмар, есiріткi
және мас қылатын iшiмдiктерге тыйым салғанын айта келiп, адамзаттың осы зиянды
нәрселердiң кесірінен ең үлкен пәлекеттерге ұрынғандығын айтады.
|