Главная » Статьи » Ғылыми жұмыстар |
Кіріспеде тақырыптың көкейкестілігі, зерттелу деңгейі, мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар, зерттеу жұмысының нысаны мен дерек көздері, теориялық-тәжірибелік маңызы, жұмыстың сарапталуы мен құрылымы жөнінде негізгі мәліметтер берілген. «Абайтану ғылымы және әдеби орта мәселесі» деген бірінші бөлім екі тараудан тұрады. «Тақырыптың зерттелу аясы» деген бірінші тарауда абайтану ғылымында кеңестік идеологияның қысымынан өз дәрежесінде зерттелмей келген Абайдың әдеби ортасы жайында айтылған ой, жазылған ғылыми пікірлер мен зерттеулерге шолу жасалып, бүгінгі көзқарастар тұрғысынан пайымдалды. Абайтану мен Абайдың ортасы деген мәселелер тек бір-бірімен біте қайнасып жатқан дүниелер ғана емес, Абайды тану ең алдымен осы әдеби ортаның, нақтырақ айтсақ сол ортаны құрайтын әдеби топ – Абайдың ақын шәкірттерінің еншісінде. Ең алғаш Абай шығармаларын елге таратушы, жинап, кітап етіп бастырушы, ақын туралы құнды деректер беруші Абайдың айналасындағы көзі ашық ақындар мен өнерлі жастардың абайтану ғылымының іргетасын қалауға қосқан үлесі орасан. Абай ортасы туралы ой түйіндерін ақын жайында айтылған алғашқы пікірлердің астарынан іздеген жөн. Абай айналасы туралы ой-пікір ұшқындарын Ә.Бөкейханов [7], М.Дулатұлы [8], А.Байтұрсынұлы [9], С.Ғаббасовтың [10] тағы басқа әдебиет пен мәдениет қайраткерлерінің мақалаларында көрініс тауып, бұл тақырып төңкерістен кейін кеңірек сөз бола бастады. 1918 жылы «Абайдың өмірі һәм қызметі» деген мақалада (мақала авторлары Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов) Абай дәстүрі, оның тікелей мұрагерлері турасында сөз болса, «Екеудің» «Абайдан соңғы ақындар» деген екінші мақаласы – шын мәнінде Абайдың дәстүрі, Абай мектебі тақырыбына арналған тырнақалды ғылыми дүние болуымен құнды [11]. Сыншы ғалым Д.Ысқақұлының сөзімен айтсақ: ««Абайда» жарияланған материалдардың ішінде «Абайдан соңғы ақындар» атты мақала ұстанған бағытының дұрыстығымен, көтерген мәселенің маңыздылығымен, айтқан пікірлерінің өміршеңдігімен ерекшеленеді» [12, 57-б.]. Ақын өлеңдерінің ішкі идеялық мәнін ден қоя зерттеп, оның заманымен қабыстыра талдау жүргізген татар зерттеушісі А.Сағди Абайдың өскен ортасы, оның ақынға әсері туралы 1923 жылы «Ақжолда» төмендегідей құнды ой айтады: «Абайдың һәм барлық қазақ халқының отырған орны, қонып жүрген шеті көрінбес кең шөлдер, меңіреу үнсіз далалар болғандығы белгілі. Абай, міне, сол заманда, сол елдің ішінде сондай тіршілік орындары, сондай табиғат орындары ортасында туған, сонда өскен, бар өмірін сонда жасап, сонда өлген бір кісі. Кісіге сол ел, сол тұрмыс қандай әсер, қандай ғибрат бере алса, Абай да сол бізге өзі арқылы өлеңдерімен соны береді. Сол тұрмыстан алған жүрек толқындарын шығарады» [13, 6-б.] ,- деген пікірінде ақынға өз ортасының, айналасының әсер-ықпалын баса көрсету бар. Төңкерістен кейін Абай ортасы тақырыбының бір саласын құрайтын ақынның өзгеге берген нәрі, яғни, ұстаз – Абайдың қарекетін айқындайтын Абай мектебі деген тақырыпқа баса назар аударылып, бұл мәселе ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты еңбектерде бөлініп атала бастады. Дегенмен, өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Абайдың әдеби айналасы деген мәселеге социалистік идеология сынды күшейтті. Осы жылдары сол кездегі жаттанды ой, социалистік қалыпқа түскен көзқарастардан ада, Абай мен оның дәуірін қосақабат қарастырып, көкейкесті пікір түзген М.Әуезов пен Қ.Жұбановтың мақалалары болды. М.Әуезовтің 1933 жылы жазған Абайдың тұңғыш өмірбаянында ақынның әдеби ортасы алғаш рет кең көлемде сөз болса, Қ.Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты мақаласында автор Абайды оқшау күйде алмай, Шағатай әдебиетімен, қазақтың төл ауыз әдебиетімен байланыстыра қарастырылды [14]. Қырқыншы жылдардың басында Абай мектебі тақырыбын зерттеуді Әуезовтің кеңесімен Қ.Мұхамедханұлы қолға алды. Әуезов жетекшілік жасаған тақырыптың іргетасы қаланып, алғашқы қадамдар жасалды. Қ.Мұхамедханұлының Абайдың ақындық мектебі жайлы ізденістері жинақталып, жүйеленіп 1951 жылы кандидаттық диссертация ретінде қорғалды. Бірақ бұл тақырып тек абайтануда ғана емес, жалпы қазақ әдебиетінде үлкен дау туғызып, Абай тақырыбына айтарлықтай «зор кесірін» әкелді. Қанша қиын-қыстауды басынан өткергенімен ғалым «Абай шәкірттерінен» бас тартпады. «Абай мектебі» деген атау кеңестік әдебиеттің қалыбына сыймағандықтан, 1959 жылы алғашқы тақырыбын ауыстырып «Абай төңірегіндегі ақындар» (Поэты Абаевской поры) деген атпен диссертациясын қайта қорғауға мәжбүр болды. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Қ.Мұхамедханұлының Абай шәкірттері жайындағы «Абайдың ақын шәкірттері» [15] деген төрт кітаптан тұратын, сондай-ақ, «Абай мұрагерлері» [16] атты ғылыми еңбектері жарыққа шықты. Негізінен, осы тақырыпты қазақ әдебиетінің тарихында мәселе етіп көтерген М.Әуезов болып, әсіресе, Абайдың өзгеден алған нәрі жайын тек ғылымда емес «Абай жолы» эпопеясында да мейілінше қамтуға тырысты. Өткен ғасырдың 40-80 жылдар аралығында Абай ортасы, айналасына қатысты мәселелер негізінен ақынның дәстүрін жалғастырушы шәкірттері жайына болып, бұл тақырып төңірегінде Ә.Жиреншин [17], Б.Кенжебаев [18], Қ.Жұмалиев [19], А.Нұрқатов [20], М.Бөжеев [21], Ш.Сәтбаева [22] сынды ғалымдар пікір білдіріп, ғылыми еңбектерінде сөз етті. Бұл ғалымдар өз еңбектерінде негізінен сол кездегі сыннан аман қалған Абайдың балалары Ақылбай, Мағауия, сондай-ақ, Ә.Тәңірбергенұлы, Т.Жомартбайұлы, Б.Айтқожаұлы сынды ақындардың кеңестік көзқарастар қалыбына сыятын шығармаларын ғана зерттеуге мүмкіндік алды. Осы арада ескеретін бір мәселе, саяси қысымға қарамастан, тиым салынған тақырыптарға қалам сілтеп, өткір ой айтқан, ғылыми пікір түзген зерттеушілерге бүгінгі таңда ерекше құрметпен қараған абзал. Абайдың ақын шәкірттеріне араша түсіп, жанкешті қадамдарға барған М.Әуезов пен Қ.Мұхамедханұлы ғана емес-тін. Абай шәкірттерінің ішінде «социалистік» қоғамға ерекше үрей әкелген Шәкәрім есіміне қатысты бірер деректі алға тартсақ, С.Сейфуллин, Б.Кенжебаев, М.Базарбаев, Ы.Дүйсенбаев, С.Қирабаев сынды әр кезеңдегі ұлтжанды ғалымдардың батыл қадамдарына назар аударған жөн. Мәселен, кезінде Абай шәкірттерін айтқанда мүлде есімі атаусыз қалған есім Шәкәрім десек, С.Сейфуллин 1935 жылы Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын жарыққа шығарса, дәл осы жылы Б.Кенжебаевтың алғы сөз жазып, құрастыруымен шыққан А.Пушкиннің қазақ тіліндегі «Таңдамалысында» Шәкәрім аударған «Дубровскидің» енуі – батыл қадам болатын. Арада отыз жыл өткенімен әлі де аты аталуы әдеби қауымға үлкен қорқыныш туғызып тұрған шақта, яғни 1961 жылы С.Қирабаев Қ.Бейсембиевтің еңбегіне тоқтала келіп, Шәкәрімнің қоғамдық көзқарастарына сол кездің ықпалымен біржақты баға берген автор пікіріне орай: «Мүмкін Шәкәрімнің діни мистикасы өзімен бірге кеткен шығар да, оның әдеби мұрасы тарихта қалған болар. Ақын-жазушылардың әдеби мұрасын жалаң тұрпайылықпен емес, сүйе құрметтей отырып зерттеу орынды емес пе? Шын Шәкәрім сіз айтқандай болса, оны оқудың, зерттеудің керегі не? Жоқ, Шәкәрімді біз олай деп ұқпаймыз: оның қоғамдық көзқарасындағы қайшылығымен бірге өмірді көркемдікпен танудағы табыстары да сөз болуы керек дейміз» [23] ,- деген пікірінің қажының құр құдықтағы сүйегін ұлы Ахат жападан-жалғыз жасырынып барып, қазып алатын ызғарлы уақыттың кезінде айтылғанын естен шығармаған жөн. Абайдың әдеби ортасы тақырыбын арнайы зерттеу нысанына алған ғалым М.Мырзахметұлы «М.Әуезов және абайтану проблемалары» деген зерттеу еңбегінің төртінші тарауын «М.Әуезов және Абайдың әдеби ортасы» деп атап, Әуезов зерттеулеріндегі Абай ортасы тақырыбын зерттеу нысанына алған [24]. Осы тақырыпқа қатысты Әуезовтің тезистік тұрғыда бізге жеткен ой-тұжырымдары басшылыққа алына отырып, Абай ортасы тақырыбы «Абай ақындығының айналасы немесе «өзі алған нәрлері» және Абайдың ақындық дәстүрі немесе «өзгеге берген нәрі» деген екі үлкен салаға бөлініп, жан-жақты зерттелді. Абайға әсер еткен Дулат, Сабырбай, Жанақ, Біржан сал т.б. ақындар, би-шешендермен кемеңгер ақынның байланысы жайында кешенді зерттеу болмағанмен, жекелеген зерттеушілердің ғылыми мақалалары, көзі қарақты қарттардың, журналистердің естелік-әңгіме, ел аузынан жиған мұралары бұл тақырыптың мүлде тоқырап қалуына жол бермеді. Бұл орайда Абайды тәрбиелеп өсірген әкесі Құнанбай Өскенбайұлы туралы Б.Сапаралының [25], Т.Жұртбайдың [26] еңбектерін атап өткен жөн. Ә.Тәңірбергенұлы, Ә.Найманбайұлы сынды ақындар мұрасының тек кеңестік саясатқа жаққан беті ғана сөз болса, Шәкәрім, Көкбай, Тұрағұл есімдері тек сексенінші жылдардың соңына қарай ақталып, шығармалары елдің тәуелсіздігі орнаған күннен бастап қана шын мәнінде зерттеле бастады. Жоғарыдағы зерттеу еңбектердің, мақалалардың ғылыми мәнділігінде, абайтануға қосылған қомақты үлес екендігінде дау жоқ. Әйтсе де, бұл еңбектер көп уақыт зерттеу нысанынан тысқары қалған тың жатқан тақырыпқа енді салынған сүрлеу-жол іспетті. Қаншама жыл Абай ортасы туралы сөз ауыздықталып келгендіктен, зерттеу ісі көсіліп кете алмай, тек кейінгі жылдары ғана қолға алына бастауымен түсіндіруге болады бұл олқылықты. «Абай мектебі концепциясына қатысты ғылыми тұжырымдар мен түйінді мәселелер» деген екінші тарауда Абай мектебі ұғымының теориялық негіздемелері анықталып, түйінді деген мәселелерге назар аударылды. Әдебиеттану ғылымында әдеби мектеп ұғымы жалпы мағынада алынып, оның аясында ағым, бағыт, ұйым, топ, бірлестік категориялары да қарастырылады. Абайдың айналасына шәкірт жинауы табиғаты жағынан әдеби топ, үйірмелерге жақын. Әдебиеті ауызша үлгіде дамыған Абай заманындағы ақын маңына шоғырланған әдебиет өкілдері белгілі бір ағымның тууына себепкер болды деп нақты айту қиын. Бұл тұрғыда М.Әуезов былай деген: «Әрине, қазақ әдебиеті сол күнде баспа жүзіне шығып, сол күнде оқушы тауып отырарлық жайға жетсе, Абай айналасынан, Абай мектебінен шыққан ақындар түгелімен Абайдың ізін баса шыққан үлкен әдебиет ағымын көрсеткен болар еді» [27, Б.155-156]. Кеңестік заманда қалыптасқан евроцентристік көзқарастардың салдарынан кезінде қазақ-кеңес әдебиеттану ғылымы «Абайдың ақындық мектебі» деген концепцияны қабылдай алмады. Өйткені, әлем әдебиетінде шәкірт тәрбиелегендер некен-саяқ кездескенмен, дәл Абай сияқты бірнеше ақынның басын құрап, тақырып беріп, өлең жазғызып, жазғанын ортаға салып талдап, түзеп дегендей шын мәнінде осындай әдеби іс жосығын (процедураларды) жүзеге асырған ақындар кемде-кем. Осы арада ғалым Т.Кәкішевтің төмендегі ойы өте орынды айтылған: «Еуропа мен орыс әдебиеттеріндегі құбылыстардың бәрін қазақ әдебиеті қайталауы, солардың ізімен жүруі шарт емес, тіпті қажет те емес. Бірақ көркемдіктің жалпыға ортақ заңдылықтарын игеріп, шын кәсіби жолға түсуге міндетті. Өрелі әдебиеттерден бой тасаламай, пайдалысынан үйрену барысында еш уақытта өз ерекшелігімізден көз жазбауымыз керек» [28, 55-б.]. Қасына шәкірт ертіп, көркем дүниені қалай жазу керектігін ежіктеп отырмағанмен, шын таланттың әдебиетке өзінің дәстүрін әкелетіні ақиқат. Орыс әдебиетіндегі Пушкин де, қара сөзінен қаймақ ағызатын Николай Гоголь де, біздің Абай да сондай ақындардың қатарында. Орыс әдебиеттану ғылымында «Гогольдік бағыт» (Гогольевское направление) деген термин қалыптасқан десек, бұл кейінгі Гоголь дәстүрлерін ұстанушылардан бөлек, сонау ХІХ ғасырдың 50-жылдарында дүниеге келген. Орыс жазушысы өзінің журналистік ағымдағы шығармалармен ұлттық әдебиетте белгілі бір мектеп қалыптастырды дегенімізбен, Абай сияқты нақты қаламгер тәрбиелеп, тақырып беріп, жазғанын сынап отырмағаны белгілі. Гогольдікі дәстүр, бағыт болады да, Абайдікі ұстаз бен шәкірт арасындағы тікелей қарым-қатынастың көрінісін байқататын тура мағынасындағы мектеп болады. 1951 жылы Әуезовтің: «...Можно ли сомневаться в том, что у Абая была сформированная им среда за 60 лет его жизни? По-моему, нельзя сомневаться. И вопрос о школе его сейчас ставиться лишь, как о школе в узком смысле, а не ставиться вопрос о влиянии его на всех последующих поэтов и на всю последующую казахскую литературу. Это последнее обьемлет очень широкое понятие ясное и простое. Речь идет о людях, которые окружали его, были около него непосредственно и в той или иной мере были творческими личностями. Но, одно дело учитель, другое – ученик. Пусть они не стали талантливы, как Абай (так было на самом деле). Пусть ими созданы произведения гороздо менее значительные, чем Абаем... Однако, учениками они были» [3, 119-б.] ,- деген пікірін ескеріп, Абайдың ақындық мектебі деген ұғымды осы тура мағынада алып қарасақ, оның ұстаздық қарекеті айқындала түспек. Елуінші жылдары «Абайдың әдеби мектебі» концепциясының зиянды деп танылып, әдебиет тарихынан аластатылуының бір себебі «мектеп» деген ұғымның өзі әр-түрлі мағынада, өлшемде қарастырылғандығында да жатыр. 1950 жылдардың аяғында «Абай мектебі» деген атаудың орнына Абай заманындағы ақындар деген ұғым ұсынылды. Дәл осы 1950-60 жылдары Абай айналасындағы шәкірттерге қатысты «мектеп» ұғымы қолданылмай, Абайдың өз айналасы туралы сөз жабық тақырыптардың қатарында қала берді. Абай мектебімен қоса М.Әуезовтің Абайдың ұстаздық құдіретін паш етіп, ақын шәкірттерінің бейнесін шындыққа жанасымды бейнелеген «Ақын аға» романы да аяусыз сынға ұшырады. Өткен ғасырдың 40-50 жылдары Абай мектебі деген ұғым әдебиетке келгенде оны кең мағынада, әдеби дәстүр аясында қабылдау және тар мағынасында ақынның айналасындағы күнделікті тәрбиесін көрген шәкірттеріне қатысты зерттеу ғылыми ортаны екіге жарды. Екі түрлі айтылған пікірлерді сол кездегі кеңестік идеология сәтті пайдаланып, өршітіп, үлкен дауға айалдырды. Методологиялық жағынан дұрыс бекімеген ақындық мектеп концепциясының төңірегіндегі дау-дамай Абай айналасындағы шәкірттердің өз дәрежесінде зерттелуіне үлкен кедергі болды. Жалпы қазақ әдебиетіндегі Абай дәстүрін жалғастырушылар мен Абайдың маңайындағы шәкірттерін нақты бөліп көрсетпеген соң, мектеп өкілдерінің саны әр зерттеушінің өз пайымы бойынша белгіленіп, бірде артып, бірде кеміп отырды. Абай мектебін сынға алушы С.Мұқановтың: «Сонымен, 1934 жылы Әуезовтің мақаласында төрт адамнан ғана құралатын «Абай шәкірттерінің» тізіміндегі адам саны 1951 жылы жиырма бес-отызға жетеді» [29, 59-б.] ,- деген пікірімен келіспеу қиын. Олай дейтініміз, Абай мектебі мәселесін маңайындағы шәкірттерімен байланыста қарайтын зерттеушілер пікірінің өзі бір тоқтамға келе алмады. М.Әуезов Абайдың ақын шәкірттері ретінде Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Шәкәрім, Әріп, Әсеттерді атайды. Қ.Мұхамедханұлы кейінгі еңбектерінде Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Кәкітай, Көкбай, Уәйіс, Әсет, Әріп, Мұқа, Әубәкір, Тайыр Жомартбаев, Баймағамбет, Иманбазар, Әрхам сынды ақындарды кіргізеді. Абай шәкірттеріне Е.Ысмайлов Ақылбай, Мағауия, Кәкітай, Әубәкір, Нарманбет, Әбсалық, Көкбай, Әріптерді Абайдың тура шәкірттері деп, ал Абайдан үйренген деп Сұлтанмахмұт, М.Ж.Көпеев, С.Дөнентаев бастатқан он бір ақынды атайды [30, 8-б.]. Абай мұрасын зерттеуші ғалым Ә.Жиреншиннің өзі Абай шәкірттерін көрсетуде бір тоқтамға келе алмайды. Зерттеуші «Абай и его русские друзья» деген орыс тіліндегі еңбегінде он сегіз өнерпазды атап, соның алтауына тоқталса [31, Б.100-123], бір жылдан кейін жарық көрген «Абай Құнанбаев» деген монографиясында Абай шәкірттерінің саны 21-ге жетіп, оның жетеуін кеңірек сөз қылған. 1951 жылғы Абай шәкірттеріне жасалған соққыдан кейін Ә.Жиреншин Абай шәкірттерінің санын күрт азайтып, «Абай және орыстың революционер-демократтары» кітабында: «Абай тұсында ақыл-ойы, көркемдігі Абайдан аспағанмен де соның ұлы дариясынан нәр алған өз балалары – Мағауия, Ақылбай, Әубәкір, замандастары – Көкбай, Баймағамбет, Әріп тағы сол сияқты бір Абай елінің өзінде ғана он-он бес ақын болған» [32, 240-б.] ,- деген долбар айтады. Ғалымның Абайдың ақын шәкіртіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Нұрлыбек, Байкөкше, Төлеу, Ағашаяқ, Қиясбай, Көрпебай, Ырсалды сияқтыларды атауы Абай шәкірттеріне нақты меже қоймаудан барып туған пікір. Көріп отырғандай ақын ғана емес әнші, күйші, тоғызқұмалақшы сияқты өнер иелерінің барлығын бірдей Абайдың ақын шәкіртіне тели салуға жол берілген. Абай маңындағы өнерлі топты кей зерттеушілер ақындар және ақын еместер деп бөлді. Кейінгілерді Абайға шәкірт болған, бірақ артына ақындық мұра қалдырмағандар деп қарастырды. Абайдың қасына ақындармен бірге әнші - Мұқа, Әмір, Мұхамеджан, күйші – Біткенбай, ертегіші – Баймағамбет Мырзаханұлы, Көрпебай сияқты тоғызқұмалақшы-дойбышылар, Ағашаяқтай циркші, Қиясбайдай күлдіргі, балуан тағы басқа өнерпаз топ жиналғаны аян. Оларды Абайдың шәкірттері деп атағаннан гөрі Абай айналасындағы өнерпаздар деген сыйымды. Өйткені, Абай жанындағы жастарға тек өлең жазуды үйретіп қана қойды деу аздық. Кемеңгер ақын өнердің қай түрін де жүрегімен құлай сүйіп, соған ебі бар жастарды жебеп, үйретуге қолқабыс еткен. Абай шәкірттерін мынау ақыны, мынау ақын емес басқа өнердің иесі деп екі топқа жіктеу айтқанға оңай көрінгенмен, әр шәкіртіне жекелей үңілсеңіз кез-келгенінің бойынан бірнеше өнер табылады. Ал, Абайдың шәкірттері, оның ақыны қайсы, өнерпазы қайсы соны анықтау керек десек, ол өте күрделі мәселе. Тек бірді-екілі өлеңі жеткен Кәкітайды ақын шәкіртке қоса аламыз ба? Сондай-ақ, шайқы Қиясбай да өзінше ақын немесе Мұқа әнші де тәп-тәуір өлең жазған. Ақылбайдың ақындығымен қоса әншілік өнері тағы бар, оған шебер музыканттығын қосыңыз. Көкбай мен Шәкәрім туралы да осыны айтуға болады. Бұларды шәкірттің ақынына жатқызасыз ба, әлде әнші шәкірттерге ме? Міне, осындай нақты анықтамалық қалыпқа сыя бермейтін мәселелерді ескере отырып Абайдың айналасын шартты түрде екі топқа бөлеміз. Біріншісі – Абайдың ақын шәкірттері, екіншісі – Абай айналасындағы өнерпаздар. Ақын шәкірттері дегенде Абайдың қасында жүріп, ақындық талабын ұштап, қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орны бар әдебиет өкілдерін айтамыз. Олар Абайдың өз балалары – Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, немере інісі – Шәкәрім, ақынның қасында жиырма бес жыл жолдас болып жүрген Көкбай, жас та болса Абайдың шаңырағында болып, тәрбиесін көріп рухани ықпалында болған Әубәкір Ақылбайұлы мен Әрхам Ысқақов. Кейбір зерттеушілер «екінші топтағы» деп атап жүрген Уәйіс, Әріп, Әсет, Мұқа, Иманбазар, Баймағамбет Айтқожаұлы сынды ақындар да – Абайдан тікелей тәлім алған шәкірттер. Бәлкім бұл тізімге біреу қосар, я кемітер, мәселе онда емес, біз тек Абайдың тікелей рухани тәрбиесінде болып, көбі ұстазының тапсырмасымен өлең-жыр жазған үлкенді-кішілі ақындарды атадық. «Екінші топтағы» ақындар деген пікірлер әрине олардың ақындық деңгейіне қарай емес, ұстаз Абаймен арасындағы байланысқа қатысты айтылған-тын. Бұл арада руға байланысты бөлу деп те түсінбеу керек. Бүгінгідей техника мен компьютердің дамыған заманы емес, Абай заманында ұстазбен күнделікті қарым-қатынаста болатын ақындар, сөз жоқ, өз ауылының Тобықты елінің ақындары. Түптеп келгенде туған-туыс, жақын-жұрағаттары. Өткен ғасырдың 50-жылдары «өз ауылының ақындарын жинап, мектеп қалыптастыруға бола ма?» деген күдіктің, күмәннің мәні осында жатқан еді. Қалай деген күнде де Абай өз ауылында ақындық мектеп қалыптастырды. Ал, Әріп, Әсет, Уәйіс сияқты басқа елдің ақындары Абай ауылына келіп-кетіп, кейде тіпті айлап, апталап жатып Абай мектебінің өкілі атанды. Әрине, Абай қасында үнемі болғандардың ақындық дарыны артық болды деу әбестік. Өйткені, кемеңгер ақынның поэзиясына алыстан қанып, өлең өнерінің үздік үлгісін көрсете алған Мағжан, Сұлтанмахмұттар – Абай дәстүрін дамытушылардың оқ бойы озықтары. Сол себептен де Әріп, Әсет, Уәйістерді екінші қатардың ақындары деп жіктеу орынсыз. Қорыта айтсақ, ақын шәкірттер деген ұғымға байланысты нақты анықтаманың болмауы, ақын мен өнерпаз арасына шек қоймау, сондай-ақ, кейбір зерттеушілердің Абай айналасымен жақын таныс еместігі Абайдың ақын шәкірттерін атауда біршама ауытқуларға жол беріп алды. «Әдеби ортаның ақынға рухани ықпалы» деген екінші бөлім екі тараудан тұрады. «Әулеттің ақынға әсері» деген бірінші тарауында ақын туып-өскен шаңырағының жас Абайға берген тәрбиесі, рухани әсері деген мәселелерге назар аударылды. Жас Абайдың рухани жетіліп өсуіне өз әкесі – Құнанбай, анасы – Ұлжан, Зере әже, қаладан оқыған Халиолланың ықпалы, Абай сөздеріндегі мысқыл мен нағашы жұрты Тонтайлар арасындағы байланыс көздері сөз болады. Есейіп, ақылы толысқан шағына дейін Абай өз ауылының, көршілес елдердің ең танымал деген ақыны мен жырауынан, биі мен шешенінен сөз маржандарын сүзді, халықтың бай ауыз әдебиетін бойына сіңірді. Қаратай шешен, Жанақ, Шөже, Балта ақын сынды Құнанбай замандастарының Абайға рухани үлгі-өнегесі ізсіз қалған жоқ. Мәселен, басқа немерелерін бір төбе, Абайын бір төбе көрген әже Ибрагимді еркелетіп (бір деректерде келтірілгендей тілі келмей емес) «Абай», «Абайым» деген. Абайға алғаш тіл ұстартып ертегі-аңыздардан бастап қазақтың бай ауыз әдебиетімен таныстырған осы – құймақұлақ Зере әжесі. Бала Абайға тек әдлиімен ертегі айтып қоймай елдің салт-дәстүрін, қазақы ырым, жөн-жоралғыларды жетелеп жүріп таныстыру да Зере әжесінің сыбағасында. Жалғызы Құнанбайдан туған көп немеренің ішінен ықыласы ауып, тас емшегін жібіткен Абайын көп кейін жер-жаһан танитынын әз әже сезгендей. Диссертацияда бойдағы орасан күшті ақындық қуатқа дем беріп, өлең-сөзге деген ықыласының шоғын үрлеп жаққан жан Зере әженің Абайға берген тәрбиесіне көңіл бөлінді. Абайдың әдеби ортасы деген тақырыптың әліппесі, әрине, ақынның өскен ортасы, тәрбие алған ошағынан бастау алатыны заңдылық болса, бұл арада Ұлжан ананың есімін бөліп айтамыз. Өйткені, Ұлжан – Абайды ақ сүт беріп өсірген анаcы, оның үстіне Абайдың ақын болуына тікелей әсер еткен жан. Ұлжан туралы, оның Абайға, Абайдың ақындығына қатысы жайындағы сөзді әріден, Абайдың нағашы жұртынан бастасақ, ол әулеттің тілінің өткірлігі сондай «Шаншардың қулары келе жатыр», - десе жұрт дүркіреп қашатын болған. Ұлжанның өзі қалжың сөзге ұшқыр болғанымен, салмақтылыққа бағып көп әжуаға бара бермеген. Бұл біріншіден, өз бойындағы әйелге тән ұстамдылықпен байланысты болса, екіншіден, Құнанбайдай ел басқарған аузы дуалы ерімен жарыса шығуды жөн деп таппағандығынан шығар. Әуезовтің: «Абайдың сөзіндегі салқын ақыл әкеден, ащы тілді мысқыл шеше жағынан деуге де бола ма дейміз» [27, 113-б.] ,- деген пікірі диссертацияда нақты мысалдармен дәлелденді. Шешен тілді, сөзі шаншудай қадалар нағашы жұртының бұл қасиеті, сөз жоқ Абайға дарыды, ананың сүтімен бойға сіңген ерекшелік оның ақындық өнерінде бұлқына бой көрсетіп, айрықша ізін қалдырды. Нағашы жұртынан жұққан, ана сүтімен бойына сіңген ащы тілді мысқылды Абай өзінің ақындық домнасында қорытып, классикалық сатира деңгейіне көтерді. Парасатты әз әже мен анадан үлгі алып, солардың тәрбиесінде есейген Абайдың ендігі өмірдегі ұстазы әке – Құнанбай болды. Құнанбай мен Абай арасындағы рухани байланыс – алтын көпір, яки әкенің балаға деген әсері деген түйінді мәселеге баса назар аударылды. Кеңестік кезеңде мейілінше көлегейленіп келген Құнанбай тұлғасына қатысты зерттеу еңбектерге ден қойылып, әке мен бала арасындағы рухани дәнекерліктің басты сипаттарына көңіл бөлінді. Сондай-ақ, зерттеуде әке қасында жүріп шешендік өнерге ысылған жас Абайдың Шорманның Мұсасымен, «Абай жолынан» таныс Тобықтының белгілі шешені Қаратаймен, Сүйіндікпен арадағы сөз бәсекелестерінің табиғаты ашылды. «Абайға ықпал еткен ақындық орта» деп аталатын екінші тарауда Абайға ықпал етіп, оның ақындық өсу жолына игі әсерін тигізген ақындарды ерекше бөліп қарастырдық. Өйткені, Абайдың нағыз ақын болып қалыптасуына сол заманның сөзге ұста биі мен шешені, өлеңге жақын жыршысы айтарлықтай демеу болды дегенімізбен, негізгі нәр, өлеңге деген құмарлық Абаймен тікелей қарым-қатынаста болған ақындардан келетіні дау тудырмаса керек. Бала Абайдың санасына ақындықтың алғашқы дәнін еккен өз ауылының ақыны Байкөкше, көрші елден Дулат, Сабырбайлар, кейіннен замандасы Қуандық сынды ақындармен рухани селбесулер Абайдың ақындық жолында айтарлықтай азық болды. Мәселен, Құнанбаймен үзеңгі қағыстыра дос болған ақынның бірі Жанақ десек, бұл тұрғыда Жанақ – Құнанбай – Абай арасындағы рухани байланыс диссертацияда кеңінен қарастырылды. Жанақ пен Абайды байланыстырып тұрған заманы болса, сол заманға деген көзқарастан туған ортақ сарындар бір арнаға тоғысып жатыр. Мысалға, Жанақтағы: «Ханнан қайыр, қарадан шайыр кетті»,- деп үзілген үміттің сәулелері Абай өлеңдерінде бояуы қалың қайғыға ұласқан. «Алдыңда күткен күннің түсі суық»,- деп басталатын Жанақ өлеңдеріндегі қайғы Абайдың «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» тағы басқа өлеңдерінде ақындық шеберліктің биігіне жеткен. Десек те, Жанақ поэзиясындағы осы тұрғылас ойлар Абайда мүлде жаңа пішінге көшіп, сол кездегі қазақтың келбет-кеспірі мейілінше шынайы, бүге-шүге нақтылығымен өз тыңдаушысын тапқан. Жанақ тыңдаушысын таппаған сөздің жетімдігіне, есіл өнердің қор болуына ашынса, Абайда бұл тақырып неше тарам. Біріншіден, жалпы сөз қадірін түсінер жанның жоқтығына налу болса (...осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық, ...тыңдаушымды ұғымсыз, қылып тәңірім бергенді, ...қайран тіл, қайран сөз, наданға қадірсіз т.б), екінші мәселе – Абай сол өлеңші қауымға сын артады. Бұл арада бұрынғы ескі биден бастап, алдындағы ақындары, соңындағы шәкірттері қатаң сын тезіне ұшырайды. Осы тұста бір мәселеге назар аударған жөн. Өзінен ілгерідегі ақындарды сынаудағы Абай сынын тек Бұхар, Шортанбай, Дулат есімдерімен шектеп қою дұрыс емес. Олардың атын атағанда сол заманның бүкіл поэзиясы сынға алынды десек, бұл сыннан біз сөз етіп отырған Жанақ та аман қалмағаны белгілі. Оның: Ауылым алыс, мен келем өзім азып, Қой мен шай бер ақынға жерден қазып. Он қадақ шай, қос қоржын сүр асып бер Өрге барған Жәкеңе болсын азық [33, 61-б.] ,- дегені сыншыл Абайға жақпағаны анық. Дәл осы сарынды Абайға айтарлықтай әсер еткен Шөже ақынның өлеңдерінен де кездестіруге болады. Қазығұрт елінің ауқаттысы Дәукейге: Бергенің сегіз жылқы, жалғыз түйе, Өлеңді естімессің енді менен [34, 98-б.] ,- деген өкпелі сөздер сол уақыттың тезіне салса еш сөкеттігі жоқ орынды айтылған да. Өйткені, Жанақ пен Шөжелер заманында ақын атаулы ел үстінен күн көрді. Оған сол заманның ақынын сөгуге де келмес. Әйтсе де, нағыз өлеңнің шын бағасын білген Абайға қасиетті сөздің қадірін кетіріп, дүние-малмен саудалауы жақпағаны анық. Жалғыз Жанақ, Шөжелер ғана емес, замандастарының деніне біткен дертке Абайдың айтар жауабы да біреу ғана: Қобыз бен домбыра алып топта сарнап, Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап. Әр елден өлеңменен қайыр тілеп Кетірген сөз кәдірін жұртты шарлап [35, 90-б.]. Қалай десек те қабырғаны қайыстырып жанға батыра айтылған сөз - Жанақ пен Шөже ақындардың әлгі өлеңдеріне дөп тиген жауап. Шындық қашанда – ащы. Ал, Абайдың сыны иесіз емес. Ұстараның жүзіндей ащы ойлар бірін болмаса екіншісін тіліп түсері хақ. Жанақ жырларының жақсысына тамсанып, тек одан үйренуші ғана болып қалса ол Абайға, оның ақындық, сыншылық сұранысына аздық етер еді. Жанақ пен Абай арасын табыстырып жатқан келесі бір мәселе «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының ең көркем нұсқасы Жанақтікі десек, сол нұсқа Абайдың мұрындық болуымен айналасындағы ақындар жырлауында жаңарып, түлеп жатты. Жанақтың «Қозы Көрпешін» Абай өз еліндегі Байкөкше ақыннан естігені туралы дерек Н.Абрамовтың «Каменная пирамида намогильный памятник Кузу Курпеч и Баян Сулу в Киргизской степи» деген мақаласында он екі жасар Абай, яғни 1857 жылы жас ақын Байкөкшеден «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» деген ұзақ жырды естігенін келтіреді [36]. Демек, Жанақ жырын Абай бала кезінде алғаш Байкөкшеден естіген. Жанақ – Байкөкше – Абай, одан маңындағы жас ақындар біліп, соның ішінде Бейсенбай арқылы, кейіннен Уәйіс ақынның, Шәкірдің жырлауымен көне жырдың көркем тармақтары түлеп, түрленіп бүгінгі ұрпаққа жетті. Жанақ пен Абай арасын байланыстырып жатқан әйгілі жыр туралы еңбекте кеңінен сөз болып, бұл жырдың бір тармағы Жанақ, Байкөкше, Шөже сынды Абайдың өзі нәр алған ақындар мен Бейсенбай, Уәйіс сияқты шәкірттерінің, одан кейінгі Абай дәстүрін жалғастырушы Шәкір Әбеновтей халық ақындарының арасын жалғап, Абайдың ақындық ортасы өкілдерінің шығармашылық бірлігін айғақтайтын рухани желі болып табылады деген қорытынды жасалды. Абайға ықпал еткен ақындардың ішінде Шөже Қаржаубайұлының есімін бөліп атасақ, Шөженің бетке айтар турашылдығы Абайдың санасына тұрақтап, кейіннен поэзиялық сапарына айтарлықтай әсер етті. Жас Абайдың ел ішіндегі беделін әуелден таныған Шөже ақын: Ер шықты тобықтыдан талай-талай, Байлығы, адамдығы бәрі де сай. Атадан артық болып аруағы Ел билеп келе жатыр ақын Абай [34, 110-б.] ,- деп тегіннен-тегін өлеңге қоспаса керек-ті. Бірін-бірі алыстан аңғартып, тереңнен табыстыратын екі ақынның кеудесіне ұялаған ақындық дарын, сөз құдіреті Шөже мен Абай арасын жалғап, екеуін бір-біріне ынтықтырды. Абайдың ащы сынға құрылған арнау өлеңдерінде Шөженің өткірлігінің өрісі бар десек, бұл үрдісті жас кезінде айтқан «Шәріпке», «Абралыға», «Жақсылыққа», «Көжекбайға» деген өлеңдеріндегі жанындағы жақынының мінін бетіне басып тура айтқан ащы сындарынан анық байқаймыз. Абайдың ақындық ортасы туралы сөз болғанда аты аталатын ақынның бірі – Шортанбай. Ш.Қанайұлы – Абай сынында аты аталған үш ақынның бірі, яки ауызға іліккен атақтылардың сапында. Абай баспадан шыққан Шортанбайдың өлеңдерін оқып өскенін ескерсек, ауызша жеткен Жанақ, Шөжелердің өлеңдеріне қарағанда Шортанбай өлеңдерінің Абайға, оның поэзиясына аса жақын болуы заңды. Сондай-ақ, Шортанбайдың жазба әдебиеттің өкілі болуы – екі ақын арасын жақындастыра түсер негізгі факторлардың бірі. Қазақ әдебиетіне Шортанбай арқылы келген зар заман сарыны Абайдың поэзиясында өзіндік даралық сипаттарымен ерекшеленіп, Абайға ғана тән әуенмен жалғасын тапты. Еңбекте екі ақын поэзиясындағы сабақтастық желілер тақырыптық жағынан жүйелене сөз болды. Абайға әсер еткен ақындардың ішінде Дулат Бабатайұлының орны ерекше. Дулаттың Абайға әсері, екі ақын арасындағы поэзиялық үндестігі жайында жалпы пікір айтушылардан басқа арнайы тоқталған Қ.Өміралиев [37], З.Ахметов [38], Р.Сыздықова [39], Т.Шапай [40], А.Шәріп [41], Б.Омарұлы [42] тағы басқа зерттеушілердің ғылыми тұжырымдарын атап өткен орынды. Осы арада айта кететін дүние Абайды бір ақынның немесе бір жыраудың шәкіртіне теліп қоюға болмайтындығын естен шығармаған жөн. Абай – тек қазақ әдебиеті ғана емес, жалпы әлемдік поэзияның көш басында тұрған тұлға. Ол өзіне дейінгі әдебиет үлгілерін қорытып, ақындық талғамына салып сығымдап, мүлде жаңа деңгейдегі поэзия туғызды. Төл әдебиетіміздің көне мұраларынан бастап, әр дәуірдегі сөз зергерлерінің поэзиясына қанып өсті. Белгілі бір дәрежеде үлгі алды. Бірақ қандай да бір ақын, немесе жырау жеке-дара Абайға ұстаз болды, өлең жазуды үйретті деу – біржақты пайым. Міне, Дулат пен Абайдың арасындағы рухани жақындық туралы айтқанда, екі ақын поэзиясындағы сабақтастық, өлең өрімдеріндегі ұқсастық туралы пайымдағанда ең алдымен осы мәселені естен шығармағанымыз жөн. Дулат – өз заманының күшті ақыны. Жыраулықтан ақындыққа көш бастаған өкіл ретінде қарағанда оның өлеңдеріндегі ақынның ойы жалпылықтан жалқылыққа, жазба әдебиетке тән ақындық дәлдік пен нақты суретке ауысты. Жырымды менің сұрасаң, Сары алтынның буынан. Сырымды менің сұрасаң, Тұманың тұнық суынан. Кеудеме қайғы тоған соң, Тұнық жырмен жуынам [43, 22-б.] ,- деп ақындықтың мақсат-мұратын Дулатқа дейін кесте тілмен төгілте айтқан ақын кемде-кем. Ғалым Қ.Өміралиевтің: « Дулат – ақын туралы, ақын сөзі туралы қазақ әдебиетінде бірінші айтып, өлең-жырға зор талап қойған, сол талабы тұғырынан өзі де табылып, шығармаларын да осы талап тұғырына дейін көтерген бірінші ақын» [39, 199-б.] ,- деген пікірі орынды айтылған. Дәлелге жүгінейік: Қамқа бірдей бола ма Қаламы мата бөзбенен. Қосылып алтын қорымас Мырыш пен мыс, жезбенен. Меруерттей сөзбен шашайын – Бойыма біткен асылым Ақындық әсер қуатпын [43, 23-б.]. Немесе осы шоғырдың соңын түйген «Жыр арнасы – суатпын» дегенде ақын, я лирикалық қаһарман тасқынды өлеңге, ақындық шабытқа айналып кеткен. Осылайша ол өзінің ақындық ұстанымын баршаға жария етеді. Дулаттың бұл шығармасы, сөз жоқ, Абайдың «Адамның кейбір кездері» өлеңін еске салады. Ызалы жүрек, долы қол, Улы сия, ащы тіл, Не жазып кетсе, жайы сол, Жек көрсеңдер, өзің біл [35, 257-б.]. Бұл – Абайдың ұстанымы. Осы өлеңді А.Пушкиннің «Поэт», «Поэту» деген өлеңдерімен үндестігін алғаш М.Әуезов атап көрсетсе [44, 162-б], З.Ахметов М.Лермонтовтың «Журналист, читатель и писатель» шығармасымен сарындас, кей тұстары әбден сәйкес келетінін дәлелдеген болатын [45, 61-б.]. Абайтанушы ғалымдардың пікіріне толық келісе отырып дәл осы өлеңнің тек орыс ақындары ғана емес, Дулат шығармасынан да алыс жатпағандығын айтқымыз келеді. Көтеріліп отырған тақырып, өлеңдегі ақын ойы ғана емес, сөз қоланыстардың сәйкес келіп жатуына көзді жұмуға болмайды. Дулаттағы «Кеудеме қайғы толған соң, тұнық жырмен жуынамы» Абайда «Кірлеген жүрек өз ішін, тұра алмас әсте жуынбай» немесе, «Дүние кірін жуынып, көрініп ойға сөз салар». Дулаттағы кеудеге толған қайғы, Абайдағы жүректі кірлетер дүниенің кірі ол – адам бойын құрсаулап алған мың сан адамсыздық. Осы дертті көргенде Дулаттың шабыты «тоят төс, салпы ерінді, топтан торай бермейтін тұлпар аттай» дүбірлесе, Абайдың ақындық қуат-күші қырымға қараған қырағы қыранша түлейді. Сондағы нысана белгілі: Қайырсыз, сараң малыңды, Еріншек, есер жарлыңды, Халыққа емес сыйымды – Парақор баспақ биіңді, Ел бүлдіргіш бегіңді, Әперіп сөзбен кегіңді, Улы тілмен улаттым [43, 23-б.] ,- десе Дулат, Абай: Қыранша қарап қырымға, Мұң мен зарды қолға алар. Кектеніп надан зұлымға, Шиыршық атар, толғанар [35, 256-б.] ,- деп сөз қаруының нысанасын белгілейді. Сөз мұратын қару еткен ақындық ұстанымдары бір араға тоғысқан екі ақынның әдеби мұрасын таразыға салғанда тақырып ортақтығы, ой сабақтастығы, өлең құрылымдарындағы сәйкестік деген мәселелер мейілінше айқын, анық көрініс тауып жатыр. Әрине, екі ақын арасындағы ұқсас ойды, сәйкес келіп қалған тіркес пен сөзді тәптіштеп тізіп, әр тармақты таразылап сабақтастықты «дәлелдеу» Абай мен Дулаттың рухани жақындығын толық ақтап шықпасы анық. Осыған қоса, екі ақынның әлеуметтік тұрғыда тақырыпты алып шығуы, сол процестегі олардың поэтикалық қуат-күшінің рөлі, яғни ақындық деңгей мәселесі таразыға тартылу керек сияқты. Бұл арада, әрине, Абайдың ақындық қуатын, поэзиядағы эстетикалық талғамын Дулатпен салыстыруға болмас. Ал, жалпы рухани жалғастық, тақырып бірлігі мәселесіне келсек, бірі аға сұлтандықтың, екіншісі болыстық жүйенің тұсындағы қазақ қоғамының ащы шындығын еш боямасыз нағыз реалистік үлгіде жырлады. Дәл осы тақырыптың қай қырын алсаңыз да екі ақында үндес келіп, өріле жалғасып жатады. Ел ішіндегі атқамінердің шынайы бейнесін, жалқы тұрпатын алғаш өз мәнінде сомдаған Дулат болса, сол үлгіні Абай биік талғамның таразысына салып, нағыз типтік бейнеге айналдырды. Дулаттың Абайға жақындығы – бар болмыс-бітімімен, қимыл-қозғалысымен тірі бейнені көз алдыңа әкелуі: Майырдың алса бұйрығын, Борбайға қысып құйрығын, Ел пысығы жортады-ай [43, 2-б.] ,- немесе, Ұлық қысса ұлықты, Ұласып мидай былықты... Атқамінер ауылда Итше ілініп ылықты. Орыстың көрсе ұлығын, Қыздан дағы қылықты. Ұлық етсе қазаққа Қорқау қасқыр құлықты. Бұзауы өлген сиырдай Сауыны иіп Дулат жүр, Місе қылып тұлыпты [43, 33-б.]. Бұл – қазақ әдебиетінде Дулатқа дейін айтылмаған сөздер. Адамдық қалыптан айрылып, итше ылығып, ауыл үйдің берекесін қашырған атқамінердің шайтани әрекеттері ақынды мезі еткен. Образды ойнату, адам мінезін іс-қимылмен сомдау, әсіресе, Дулаттың «Біреуге», «Екінші біреуге», «Үшінші біреуге», «Төртінші біреуге» деген циклді өлеңдерінде шебер берілген. «Тарпаң тайдай қылтыңдап, ... қаққанша қабақ бұлтыңдап, ... сыртынан күліп жыртыңдап, ... самайы терлеп мыңқылдап» тұрған Дулат кейіпкерін Абай болыстарының тобырына ойланбай тоғытып жібере аласыз. Ел билеушіні шынайы, әрі дәл берудің құралы – таптырмас деталь десек, екі ақын да бұл қисынды шебер қиюластырған.
| |
Просмотров: 3291 | Рейтинг: 0.0/0 |
Всего комментариев: 0 | |
Бизнес, менеджмент, финанс т.б [2] |
Патриоттық және мерекелер т.б [16] |
Шет ел әдебиеті мен тарихы [31] |
Шағын көлемді шығармалар [60] |
Әлеуметтану, саясаттану [69] |
Философия және логика [13] |
Қазақ тілі және тіл білімі [104] |
Елді мекендер, қалалар [2] |
Агро,шаруашылықтар [9] |
Курстык жумыстар [17] |
Ғылыми жұмыстар [62] |
Қазақстан тарихы [114] |
Тарихи тұлғалар [132] |
Еуразияшылдык [16] |
Ашық сабақтар [56] |
Дүние тарихы [30] |
Мәдениеттану [7] |
Информатика [68] |
Астрономия [61] |
Психология [6] |
Переводчик [4] |
Математика [14] |
Педагогика [77] |
Дипломдар [10] |
География [82] |
Биология [133] |
Экология [3] |
Дінтану [32] |
Физика [33] |
Химия [13] |
Құқық [27] |
Еңбек [7] |