Сабақ жоспарлары
Мысалы: Бейнелеу 1-6 сыныпқа сабақ жоспарлары
Главная » Статьи » Ғылыми жұмыстар

Қазақ фольклорындағы тарихи өлеңдер
Жұмыстың негізгі мазмұны

Кіріспеде тақырыптың өзектілігі, жұмыстың мақсаты мен міндеті, зерттелу деңгейі, ғылыми жаңалығы, жұмыстың дерек көздері, теориялық негізі, зерттеу нысаны, ғылыми-практикалық мәні, зерттеу әдістері, қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар және жұмыстың жарияланымы мен талқылануы сөз болады. 
Зерттеу жұмысының бірінші бөлімі «Тарихи өлеңдердің зерттелуі» деп аталады. Бөлім үш тараудан тұрады. 
Бірінші бөлімнің «Тарихи өлеңдердің жиналуы мен зерттелуі» атты бірінші тарауында тарихи өлеңдердің айтары – қазақ ұлтының бастан кешкен түрлі деректі оқиғалары, тарихи ірілі-ұсақты ел басына қиын-қыстау күн туғандағы қайғы-қасіреті, мұң мен шері, қуанышы мен келешек өмірге деген үміті екендігі нақтыланды. Өкінішке қарай көбіне ауызша айтылып, суырыпсалмалық дәстүр үлгісінде тарағандықтан, көне дәуірлерге қатысты өлең-жырлар ұмытылып үлгерген. Бұған берітіндегі жазу-сызу өнері орныққан кезеңдегі түрлі идеологиялардың қырсығын тигізіп, тарих теңізіне тереңдеуге де мүмкіндік бермегенін айтпасқа тағы болмайды. Пікіріміздің дәлелсіз еместігін қазақ өлеңдеріне қатысты құнды зерттеу жүргізген ғалым Б.Уахатов былайша нақтылайды: «...қазақ халқының басынан кешкен тарихи оқиғалар көп. Бірақ, соның барлығы бірдей бір ауыз әдебиетінде сақталып қалмаған. Тек кейінгі бір-екі ғасырда туған тарихи аңыз-әңгімелер мен өлеңдер болмаса, арғы көне дәуірлердің нақтылы деректеріне құрылған жыр үлгілері жоқтың қасы. Соның ішінде тарихи ұсақ жырлар, яғни бір кездегі Қорқыт, Еділ-Жайық туралы, Шыңғыс ханның қаһарлы жорығы, Ақсақ құлан, Жошы хан туралы өлеңдер өте аз сақталған» [1, 64-65 бб.], - дейді. Халық поэзиясының дер кезінде хатқа түспеуінен көп қазыналар ұмытылып, кей үлгілерінің түрлі өңдеулерден өтіп отырғаны баршаға мәлім. Ендеше, тарихи өлеңдер халық поэзиясының бір саласы болғандықтан мұндай әрекетті айналып өтуі мүмкін емес еді. Академик М.О.Әуезов: «Ел ескілігінің бір алуаны тарихи өлеңдер», - дей отырып, «Тарих өлеңдері ең алдымен ел тіршілігінде анық болып өткен тарихи оқиғадан туады» [2, 140], - деуінің қисынды айтылғанын көреміз. Демек, тарихи өдеңдердің пайда болу мәселелері тым ерте дәуірлерге байланысты екен. Қазақтың тарихи жырларының қалыптасуына тарихи өлеңдердің әсер-ықпалы бар екенін айтып, арнайы көңіл бөлген академик С.А.Қасқабасовтың төмендегі пікірі де соның дәлелі болып табылады. «Тарихи өлеңдер қоғам дамуының әр кезеңінде туып отырады, яғни бұл – оперативтік жанр. Сондықтан тарихи өлең өте ескі жанрлардың бірі. Мәселен, бүкіл түркі халықтарының тарихи кезеңдерінің ең көне үлгісі Білге Қаған, Күлтегін, Тоньюкук т.б. туралы Орхон-Енисей маңынан табылған шығармалар деуге болады» [1, 28 б.]. Ал бізде тарихи өлеңдер XVIII ғасырдан басталады деген пікір қалыптасқан. Кейінгі көне түркі дәуірлеріне байланысты еңбектерден шын мәнінде тарихи өлеңдердің ерте дәуірлерде қалыптасқанын аңғаруға болады. Бұл істе белгілі ғалым, академик Р.Бердібайдың: «Әзірше зерттеушілеріміз тарихи өлеңді арнайы жүйелеп, толық қамтып тексеруге жеткілікті көңіл бөле қойған жоқ. Түбінде тарихи өлеңнің өз іздеушісі туса, оның хронологиялық кезеңін де, аумағы да анағұрлым айқындала түсетіндігі кәміл. Кейбір фольклортанушылардың тарихи өлеңді белгілі оқиғалар негізінде құрылған көлемді жырлармен бір топта қарап келгендігі де, бұлардың жанрлық жігіне жете мән беріле қоймағандықтан» [3, 185], - деуінің дәлелді айтылғаны талассыз. Мәселен, Көне түркі жазба ескерткіштері туралы терең ізденіп, лингвистикалық жағынан үздіксіз зерттеп келе жатқан ғалым Ә.Құрышжанұлының еңбегінде «Таңғұттармен соғысу», «Мыңлақ елімен соғысу», «Ябақулармен соғысу», «Жорық жырлары», «Алып ер Тонаны жоқтау», «Белгісіз батырды жоқтау», сынды дүниелерді көне түркі тілінен аударып, оларды «Халық өлеңдерінен үзінділер» деген атаумен берген [4, 297]. Анықтай қарар болсақ, осы өлеңдердің болмыс-бітімі тарихи өлең табиғатына толық сәйкес келеді. 
Түркі-моңғол халықтарының тарихы туралы қыруар еңбек жазған В.Бартольд еңбегінде де тарихи өлең қалыс қалмаған [5]. Оның қисынсыз еместігі «Моңғолдың құпия шежіресімен» салыстырғанда байқалды [6]. 
Академик Ә.Марғұлан қазақтардың ертедегі Жеті-Асар, Жанкент, Жент, Баршынкент, Сығанақ, Отырар қалаларының жоғалып кеткеніне күйініп, «жоқтау жырын» шығарған дей отырып, сондай өлеңді күн шығысты зерттеген ғалым Алиф деген кісінің тапқанын айтады. Өлеңді ғалым орыс тіліне аударып, бертінде «Туркестанские ведомости» газетіне бастырғаны туралы мәлімет береді [7, 42-43]. 
Қазақ хандығынан бұрынғы Ноғайлы дәуіріне қатысты көптеген айтушылары ұмытылып, халық өлеңдеріне айналып кеткен өлеңдер де баршылық. Оны біз Құрбанғали Халитовтың «Тауарих Хамса» атты еңбегінен табамыз. Мұнда «Қазақ пен ноғай айырылуы», «Ноғайлының бүлінуі», «Еділ менен Жайықты» т.б. өлеңдерден қазақ халқының ел болуы бір күннің ісі еместігі, басынан сандаған қиын күндердің өткенін көрсетеді. 
Тек жиырмасыншы ғасырдың 70-80 жылдары ғана С.Қасқабасов, Р.Бердібаев, Б.Абылқасымовтың тексерулерінің нәтижесінде екі жанрдың ара жігі ажыратылған. «Ал, шындығына келсек, қазақ фольклорында «тарихи жыр» да «тарихи өлең» де өзінше өмір сүре алатын, дербес жанрлар. Бұл – қазақ ауыз әдебиетінің өзіндік дара сипаттарының бірі» [8, 28]. Бұл дәуірдегі тарихи өлең ретіндегі анық бағаланған «Елім-ай» өлеңі болатын. «Ақтабан шұбырынды» дәуірінің өзегі делінген «Қаратаудың басынан көш келеді» өлеңін алғаш хатқа түсіріп, орыс тіліне аударған Т.А.Сейдалин, С.А.Жантөрин және П.Н.Распоповтар екен. Қазақ поэзиясын зерттеудегі өзіндік үлесі бар Н.С.Смирнова «Қаратаудың басынан көш келеді» өлеңінің 14 нұсқасы бар екенін атайды. Өлең нұсқаларын әр кез, әр уақытта ел арасынан жинақтап, белгілі еңбектерде кімнен алынғаны В.В.Бартольд, С.Сейфуллин [9], Қ.Жұмалиев [10], Мәшһүр Жүсіп Көпеев, М.Мағауин мен Ә.Кекілбаев, Ж.Досқараев, Ы.Дүйсенбаевтар жинақтаулары мен еңбектерінде баяндалады. Өлеңді айтушылар Айтбай Белгібаев, Мұстафа Оразайұлы, Әбдірайым Байтұрсынұлы екендігі аталады. Олардың өлеңді кім айтқанына қатысты жауаптарында, Тобықты Топыш, Көтеш ақын есімдері аталған. Келесі бір дерек, ауыз әдебиетін жинақтаушы Қаратай Биғожиннің айтуынша «Елім-ай» әнінің сөзін Қожаберген жырау, әнін Қожаберген жыраудың әйелі Айша шығарған деген болжам айтылған. Біздіңше, өлең ел арасына кең тарап, ауыздан-ауызға көшу барысында фольклорға тән дәстүрдің көрсеткішіне айналған. Жалпы тарихи өлеңдер туралы тексеру барысында «Ақтабан шұбырынды» оқиғасына қатысты өлеңдер көбірек алынып, зерттеушілер тарапынан жеткілікті пікірлер айтылғанын аңғардық. Бұл тұрғыда «Қаратаумен қоштасу», «Еділмен қоштасу», «Аманат», «Сарыарқамен қоштасу» өлеңдері кезең шындығынан шалғай кетпеген. Заман дерегі Ш.Уәлиханов [11] еңбектерінде айтылып, кейінгі ғалымдар зерттеулерімен толысқан. Небір жан түршігерлік оқиғалар Жоңғар қалмақтарынан болып отырғаны тарихи өлеңдерден көрініс тапқан. Ондай өлеңдердің көпшілігі Т.А.Сейдалин, С.А.Жантөрин құрастырған жинақта [12], С.Сейфуллин оқулығында, ғылыми қолжазба қорларында сақталған [13, 14, 15, 16,]. Тарихи өлеңдердің кейінгі кезеңде табылған үлгілері Б.Рахымов еңбегінде талданған [17]. 
Тарихи өлеңдердің ендігі бір шоғыры ХІХ ғасырдағы тарихи жағдайларға қатысты туған. Бұл ғасырдағы ел басына түскен азаптың басы Қоқан мен Хиуа хандықтары болса, екіншісі, Ресей патшалығының империялық саясаты, үшінші, сол ғасырдағы жұт жылдары деуге болады. Бұл кезеңдегі өлеңдерді жинастыру ісіне Ы.Алтынсарин, И.Бартольд, И.Березин, Т.А.Сейдалин, С.А.Жантөрин, М.В.Готовицкий, Қ.Бекниязов, Қ.Есжановтардың үлес қосқанын білдік. Кеңес дәуірінде Абай атындағы ҚазПИ студенттерінің 1948-1949 жылғы ел арасындағы арнайы экспедициялық жұмыстарында көптеген тарихи өлеңдер жинақталған [18]. Қазақ жерінде түрлі зұлмат пен қатар аштық нәубетінің келгендігі де тарихи өлеңдерден орын алған. Бұндай апат – 1879, 1880 жылдары болған. Ауызша қазақ арасында сақталған «Қазақ қайғысы», «Аштық», «Аштықтан халық қамалды» атты өлеңдердің айтары сол екендігі мәлім. 
Қазақ поэзиясында өзге дәуірлерге қарағанда ертерек қолға алынып, мұқият жинақтау мен зерделі зерттеулерден өткен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты халық өлеңдері деуге болады. Бұл көтеріліс туралы тарихи тұрғыдан 1947 жылдан бастап тарихи жинақ құрастырылып, Б.Кенжебаев [19], Ф.Н.Киреев, Ш.Я.Шафиро [20], Е.Ысмайловтар түрлі еңбектер жазса, 1916 жыл туралы Д.Ысқақов, Е.Ысмайлов, Ә.Сәрсенбаевтар арнайы жинақ шығарған [21], 1916 жылғы көтеріліс тақырыбында М.Жармұхамедов ғылыми еңбек жазса [22], ел тарихына қатысты жазылған көп томдықтарда 1916 жылғы халық поэзиясы мен тарихи түрлі оқиғалар қалыс қалмай тексерілген. 
Қазақ тарихи өлеңдеріне қатысты мәселелер тарихи жырларды зерттеуші М.Әуезов, С.Сейфуллин, Ә.Марғұлан, Е.Ысмайлов, Б.Уахатов, С.Қасқабасов, Е.Тұрсынов, Б.Әбілқасымов еңбектерінде қалыс қалмайды. Бұл заңдылықты қазақ тарихи жырларын бертінде, ел егемендігін алғаннан кейінгі зерттеушілер З.Сейітжанов [23], Б.Рахымов [24], С.Сакенов [25], Г.Қ.Рахымбаевалардың [26] еңбектерінде де лайықты орын алған. 
Сонымен алғашқы бөлімде негізінен тарихи өлеңдердің жиналуы мен зерттелуіне қатысты сөз болады. Тарихи өлеңдерді дәуірлік жағынан ендігі уақытта былайша тақырыптарға бөліп қарстырған жөн: 
1. Тарахи өлеңдердің көне дәуірдегі хатқа түскен үлгілері. 
2. Қазақ хандығы кезеңіне байланысты тарихи өлеңдер. 
3. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасына қатысты туған тарихи өлеңдер. 
4. ХІХ ғасырдағы туған тарихи өлеңдер 
5. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс өлеңдері. 
Тарихи өлеңдердің жинақталуы мен зерттелуі осындай жүйені жасауға жетеледі. 
«Қазақ халық өлеңдерінің жанрлық түрлерге жіктелуі» деген бірінші бөлімнің екінші тарауында халық поэзиясын тек пен түрге бөлу Ш.Уәлиханов, В.В.Радлов, А.Құнанбаев т.б. басталғаны фольклортану ғылымында орынды аталып келгендігі жайында және фольклортану ғылымындағы халық өлеңдерін жан-жақты талдап, олардың жанрлық жағынан жүйелеуде А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедұлы, М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев және т.б. ғалымдардың зерттеулерінің нәтижелері ғылымда орынды аталып келгендігі сөз болады. Жалпы халық өлеңдері турасында ертелі-кеш айтылған пікірлерді екшеп, күрделі монографиялық тұрғыдан Е.Ысмайылов пен Б.Уахатовтың жазған еңбектері ғылымда айырықшы бағаланып, болашақ зерттеушілерге қозғау салғаны мәлім. Бұдан кейін С.Қасқабасов, Б.Әбілқасымов, Ш.Ыбыраев, Г.Болатова, К.Матыжановтардың тұрмыс-салтқа қатысты өлеңдерді жанрлық жағынан жіктеулері жарық көрді. Қазақ халық поэзиясына байланысты зерттеушілердің ой-пікірлерінде, тек пен түрге бөлулерінде тарихи өлеңдерге қатысты бағалаулар болды ма, бар болса қалайша нақтыланды деген мақсатта осы тарауда арнайы орын берілді. 
1916 жыл поэзиясына қатысты Б.Кенжебаев, Х.Ищанов, М.Жармұхамедов еңбектерінің жарық көрулері, тарихи өлең мен тарихи жырлардың шығу тегі мен пайда болу заңдылығын ашуға ықпал еткен. Тарихи жыр мен тарихи өлеңдерді қалыптасқан термин атаумен атаса да, өзінің тексерулерінде профессор Н.С.Смирнова: «Тек, нағыз тарихи шығармаларға тән негізгі сипаттар тарихи өлеңдердің ең кішігірім түрлерінде ғана сақталған» [1, 518 б.], - деп эпикалық жыр мен шағын өлеңдердің айырмашылығының барын аңғартқан. 
Ал, тарихи өлеңдердің тарихи жырлардан айырмашылығы барлығын дәйектеп, халық поэзиясының өз алдына жеке жанр бола алатындығын С.Қасқабасов [1, 28 б.] ғылыми тұрғыдан дәлелдей көрсетті. Ғалымның ой-пікірлері мен тұжырымдары тарихи жырларды зерттеуші З.Сейтжанұлы, Б.С.Рахымов, С.Сәкенов және т.б. еңбектерінде бағаланып отырған. 
Сөйтіп, тарихи өлеңдердің халық поэзиясының бір саласы екендігі нақтыланып, тарихи өлеңнің болмыс-бітімінен фольклорға тән белгілер толық аңғарылатындығы баяндалды. 
Бірінші бөлімнің үшінші тарауын «Тарихи өлеңдердің типологиялық мәселелері» деп алып, онда қазақ тарихи өлеңдерінің халық өлеңдері қатарынан орын алатындығын айқындай келе, келесі кезекте тарихи өлеңнің басқа халықтар мұрасында кездесетінін, сабақтастығы, ұқсастығы, сәйкестенуіне қатысты салыстырмалы түрде тексерілді. Типологиялық зерттеулердің өзінде де тарихилық басты орынға шығатыны мәлім. Тарихи өлеңдерге қатысты алдыңғы тараудағы ой-пікір білдірген ғалымдардың еңбектерін типологиялық зерттеудің барлық шарттарына жауап бермесе де, негізгі нысанасы тарихилық болатын. Бұл істе біз ең алдымен тарихи өлеңдердің типтік негіздерін «Көне түркі дәуірі», «Түркі-моңғол кезеңдері», «Ноғайлы дәуірі», «Қазақ хандығы кезеңдері» т.б. түрлі тарихи кезеңдегі оқиғалармен сабақтастыра түсіп, жалпы түркі тектес халықтар поэзиясымен салыстыра тексерулер жүргізілді. Сүйеніш тірек ретінде Ф.Е.Корш, А.Н.Бернштам, П.М.Мелиоранский, И.В.Стеблева және т.б. зерттеулері қаперде ұсталды. Тарихи өлеңнің өте жедел тууы жағынан, халық поэзиясындағы жоқтау, бата, сәлем, естірту, қоштасу өлеңдерімен сәйкестенеді. Бірақ тарихи өлеңде тұтастай жалпы халықтың бастан кешкен тағдыр-талайы айтылады. 
Осы ретте типологиялық жағынан ұқсастық қарақалпақ, қырғыз, түрік, қытай, қарашай т.б. халықтардың тарихи өлеңдерімен ұқсастықтардың барлығы айқындалды. Ал түр жағынан алғанда саха фольклорын зерттеген Г.Эргис, славян халықтарының эпикалық дәстүріне қатысты Ю.И.Смирнов, бурят фольклорына байланысты Н.О.Шаракшинова, орыс фольклоры тұрғысынан В.Я.Пропп, қарашай халқының жырлары жөніндегі Р.Ортабайланың еңбектерінде ең алдымен тарихи өлеңдер пайда болып, содан айтылу барысында эпикалық сипат алатындығы типологиялық жағынан қарастырылған. Әрине, барлық халықтардың мұрасы бір қалыптан шыққандай емес. Әйтсе де, тарихи өлеңдердің жанрлық сипаты мен эпикалық жыр туғызу мүмкіндігіне қатысты пікірлердің сәйкес келетіндігін көреміз. Демек, тарихи жырларды зерттеуші ғалымдардың тарихи өлеңдерді сабақтастыра қарап, эпикалық көлемді жырға өзек болатын қызметіне назар аударулары дәлелді. Мәселен, қазақ тарихи жырларының поэтикасына қатысты Б.С.Рахымовтың еңбегінде тарихи өлеңдердің кей үлгілері дайын клише ретінде жырға еніп, эпикалық шығарманың реалистік сипатына арттыра түсетіндігі түсіндірілген еді [17, 110-112 бб.]. Тарихқа жүгінсек қазақ халқының жеке ел болуы, дербес хандық құрған кезеңінің өзінен-ақ ел басына қауіп төнген тосын шабуыл, сұрапыл шапқыншылық түрлі қақтығыстар саны 300-ден асып кетеді екен. Оның бәрі айтуға оңай болғанмен, өткен өмірдің өкініші-күйініші екендігі шындық. Дәл сол дәуірлермен кезеңдердің елесі мен дерегін, жалпы халықтың психологиясын болмысына сіңірген тарихи өлеңдер болатын. Қай халықтың болмасын бастан өткерген түрлі тар жол, тайғақ кешу кезеңдері бар. Тарихи өлеңдердің типологиялық мәселелеріне қатысты мынадай мәселелер маңызды болмақ. 
Тарихи өлеңдер барлық халықтардың фольклорында кездесетіндігі күмәнсіз. Алайда тарихи тұрғыдан өлең өрнегінде түрлі ерекшеліктер байқалмай тұрмайды. Айталық батыс фольклорында тарихи өлеңдер көбіне шабуыл-шайқас, соғыс қасіреті мен зардаптарына қатысты сипатталса, шығыс халықтарында аласапыран сұрапыл басқыншылық, зұлмат пен нәубеттің салдарынан босып пана іздеген, елі мен жерінен айрылған халықтардың тағдыр-талайы өлеңге арқау болған. 
Қазақ халқының басынан бақ тайып, түрлі қатерге тап келгенде, елі мен жұртының назасы ең алдымен суырыпсалма өнер өкілдерінің шығармасынан көрініс тапты. Жалпы халықтың мұңлы әніне айналды. 
«Тарихи өлеңдердің жанрлық ерекшеліктері» атты жұмыстың екінші бөлімінің бірінші тарауы «Тарихи өлеңдердің қалыптасуы мен дамуы» деп аталады. Қазақ фольклорындағы тарихи өлеңдер туралы тексеріп, оған жан-жақты көңіл бөлген ғалымдардың айрықша назар аударғаны тарихи өлеңдердің жанрлық сыр-сипаты болатын. Тарихи өлеңде өткен оқиғалардың ізі мен дерегі, халықтың заманның әкелген қаталдығына деген көзқарасы жататындығы анықталған. Бұның нақты дәлелін А.Байтұрсынов, М.Әуезов, Х.Досмұхамедұлы, Н.С.Смирнова, Б.Уахатов, С.Қасқабасовтар еңбектері береді. Тарихи өлеңдерге қатысты жоғарыдағы аталған зерттеушілер еңбектеріне сүйене отырып, тарихи өлеңдер бастаулары тайпалық, дербес хандықтар мен жеке ел болған кезеңдерде пайда болғандығын аңғарамыз. Себебі, тарихта болған түрлі ірілі-ұсақты оқиғалар кезеңінде ерлік көрсеткен адамдарды мадақтайтын шағын өлеңдер пайда бола бастаған. Ел басына қатер мен қауіп төніп, өзінің бауыр басқан мекенінен айрылып, жат жерге жөңкіле көшкенде қоштасу, жоқтау, естірту т.б. түріндегі өлеңдер жалпыхалықтың азалы үні мен әніне айналған. Бұл халық жадында ұмытылмай үздіксіз дамып, келе-келе эпикалық сипат ала бастағандығы да анық. Оның ертедегі туғандары ұмытылып, кейінгіге тамтұмдай жетті. Бұның неғұрлым берідегі көрінісі қазақ халқының сөз өнерінде зар-заман поэзиясында дәлелдене түседі. Жалпы жұрт болып, дербес ел болғандағы бірлік пен ынтымақ, ел мен жерге деген махаббаттың бүкіл халық атынан айтылуы, өлеңді шығарушының дүйім қауым, бұқара халық атынан сөйлеуі тарихи өлеңдерде жүзеге асқан. Тарихи өлеңдердің эпикалық шығарма жасау ерекшелігі бар. Алайда, онда типтік жеке батыр бейнесі жасалмайды. Тарихи өлеңде халық, ел мен жер тағдыры ұғымдары ұлттық көңіл-күйге тән беріледі. Осы уақытқа дейін тарихи өлең, тарихи жырдың айырмашылығы мен арасындағы байланысты түсіндіру үшін диссертациялық жұмыста арнайы диахрондық және синхрондық кесте жасалды. 
Қай жағынан алып қарасақта, тарихи өлеңдер ел тарихындағы оқиғалардың елеулі көрсеткіші болып, өз алдына дербес жанр екендігін барынша анықтай түседі. 
«Тарихи өлеңдердің топтасуы мен тұтастануы» атты екінші бөлімнің екінші тарауында қазақ халық поэзиясында тарихи өлеңдердің жеке өз алдына дербес жанр бола алатындығы анықталды. Оған қатысты тұжырымдар жасаған ғалымдардың бәрі де оның белгілі тарихи оқиғаларға қатысты екендігін түсіндіреді. Осы пікірлерді негізге алып, тарихи өлеңдердің типологиялық және поэтикалық болмыс-бітімін бірнеше аспектіде қарауға болады. Бірінші, тарихи өлең шын мәнінде нақты болған оқиғалардың шынайы естелігі. Белгілі бір дәуірлердегі болған сұрапыл соғыс, ірілі-ұсақты қақтығыстардың бәрі де бір ғана тарихи өлеңмен өлшенбейді. Қайта бірнеше өлеңдер арқылы оқиғаның мән-жайы өсіп-өрбіп, тарихтың ақиқат кезеңдері толыса түседі. Егер шын мәнінде осылай болатын болса, онда тарихи өлеңдер әр дәуірге қатысты топтасып циклденуі тиіс. Өйткені тарихи өлең деп танылған туындының тақырыбы, жанры, стилі жағынан ұқсастығы қалайда байқалары анық. Бұл өлшеммен қарасақ, шын мәнінде тарихи өлеңдердің циклденуін тым ертеде туғандарынан емес, берідегі ізі суымаған оқиғалардан танимыз. Айталық, «Көне түркі дәуірі», «Алтын Орда дәуірі», «Ноғайлы дәуірі» кезеңдеріне қатысты тарихи өлеңдер ұмытылып, олардың кей үлгілері ғана бізге жеткен. Тарихи өлеңге қарағанда, тарихи жырлар тұтастанып (циклизация) үлгерген. Тарихи өлеңдердің цикл құрауы Қазақ хандығы кезеңіндегі дербестік жолындағы ұмтылыс, сыртқы жаудың әділетсіз соғыстарынан келіп туындаған. Бұл тұрғыда тарихи өлеңдер төмендегідей дәуірлерге тақырыптық жағынан топтастып үлгерген: 
1) XVIII ғасырдағы ақтабан шұбырынды оқиғасына қатысты туған тарихи өлеңдер 
2) XIX ғасырдағы отарлау саясатына байланысты тарихи өлеңдер 
3) 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс өлеңдері 
Бұлардың бірнеше тақырыпта кездесуі, көп нұсқалы болуы, бір-бірімен сабақтасуы, өзіне тән ұқсастықтары мен тарихи кезең шындығын бере алуы және белгілі дәуірге қатысты топтасуы фольклорға тән белгілерді барынша айғақтай түседі. 
Қорыта айтсақ, ел басына күн туған зар-заман оқиғасы тарихи өлеңдерді белгілі бір дәуірге топтастырып, түрлі тақырыптар арнасында тұтастандырады екен. Өлеңнің айтары ел, жер жайы болып отырады. Өлеңнен қайғы-мұң, қасірет пен азалы кек, ашу мен ыза айрықша көрінеді. Бұл тарихи өлеңнің өзіндік болмыс-бітімі, табиғи ерекшелігі екендігі анық. 
«Тарихи өлеңдердің халық поэзиясының өзге жанрларымен арақатынасы» атты бөлімнің үшінші тарауында, қазақ фольклортану ғылымында тарихи өлеңдердің лирикалық өлеңдерге жақындығы барлығы ерекшеленеді. Орыс фольклортану ғылымында А.М.Астахова, Б.Н.Путиловтар ХVІІ-XVIII ғасырдағы шағын өлеңдерде өзіндік көркемдік кестесі, бейнелеу әдіс-тәсілі жағынан лирикалық өлеңдерге жақындығын атайды. Бұндай пікір В.Я.Пропп тарапынан да айтылған. Қазақ өлеңдеріне қатысты еңбегінде Б.Уахатов тарихи өлеңдерді лирикалық өлеңдер қатарына қосқан. Бұл пікірден кейін С.Қасқабасов тарихи өлеңдердің жанрлық сипатына тоқталып, онда лирикалық сипат болатынын, бірақ таза лирикалық өлең деп қарауға болмайтынын ескертеді. Еңбекте осы мәселенің басын ашып, кестелі түсіндірме арқылы нақтылы пікір айтылды. Лирикалық өлеңдердің көңіл-күйге қатысты туатындығы аян. Көбінесе әнмен айтылып, қысқа, сезіммен жүрек толқытып, көңіл сергітер рухымен ерекшеленеді. Көбіне дәстүрлі жолығу, айрылысу, қоштасу, сырласулар табиғат пен жаратылыс әлемімен астастырыла айтылады. Ал, тарихи өлеңдердегі мұң-шер жалпы халықтық мәселеге арналып, халықтың арман-тілегі, аянышты тағдыр-талайымен сабақтастырылады. Әсіресе ел мен жер тағдыры басты орынға шығады. Осының барлығы нақты болған немесе болып жатқан шынайы тарихи оқиғаға байланысты болып келеді. Міне, тарихи өлеңдегі басты ерекшелік тікелей деректік мәселеде жатыр. Лирикалық өлеңде жеке адамның басындағы оқиға өлеңге өзек болса, тарихи өлеңде жалпы халықтың тағдыр-талайы ауыр сынға түскені баяндалады. Демек, тарихи өлеңнің негізі үлкен оқиғадан келіп туындайды. Мұндағы оқиға ел мен жер туралы кездейсоқ апат, қиын-қыстау, жаншошырлық, озбырлық әрекеттердің кесапатынан туындайды. Тарихи өлеңнің өміршеңдігі болған оқиғаны дәлме-дәл, нақты қаз-қалпында жеткізуден көрінеді. Ондай өлеңдер халық есінде ұмытылмай ғасырдан ғасырға өтеді. 
Халық поэзиясының басқа жанрларымен тарихи өлеңдердің арақатынасын айқындау мақсатында жұмыста түсіндірмелі кесте берілді. 
Тарихи өлеңдердің түрлі жанрлармен жақындығы бар десек те, тарихи өлеңдер өз алдына дербес жанр бола алады. Жанрлардың араласуы (контаминация) бұнда да байқалады екен. Алайда, оны қырық-қырық құрау (конгломерат) деп түсінбеу керек. Қайта сәйкестік (конгенальность) деп қарасақ, істің дұрыс шешім табатыны анық. 
«Тарихи өлеңдердің көркемдік сипаты» деп аталатын үшінші бөлімнің «Көркем бейнелеу құралдары және олардың тарихи өлеңдегі қызметі» атты бірінші тарауында тарихи өлеңнің поэтикасы арнайы сөз болды. Ең алдымен «Тарихи өлеңдердің шығарушысы, таратушысы кім?» деген сауалға тарихи өлеңдерді алғаш зерттеуші А.Байтұрсынов, М.Әуезов, Е.Ысмайылов т.б. тарихи өлеңдердің айтушылары сол оқиғаны көзбен көріп, көңілге түйген ақындар екен деген пікірлері дәлелді айтылған. Тарихи өлеңдердің композициясына үңілгенде онда эпикалық кеңдік барын байқаймыз. Бірақ ондағы бастан өткен қым-қиғаш оқиғалар, ел мен жердің тағдыр-талайының бәрі - өлеңді айтушы ақын атынан баяндалады. Бұл тұрғыдан алғанда тарихи өлеңдердің ең көне түрлері бізге ел мен жерге қатысты қоштасу, жоқтау, түрінде айтылған. Эпикаға тән ерекшелік бар. Бұл – батырлықты дәріптеуге тән эпика емес. Эпоста кейіпкерді даралау, қаһармандар тұлғасын жасауға қатысты оқиға қалыңдай түседі. Тарихи өлеңдерге, сол көлемді сюжетті қалыптастырудағы сарындар көзге түседі. Тарихи өлеңдердің айтары оқиға қалай, қашан болды, оның себебі мен салдары халықтың қандай күйге түскендігін жеткізу дәстүрге айналған. Тарихи жырда теңеу, эпитеттер т.б. көбірек жыр желісін қалыңдата түссе, тарихи өлеңде айшықтауларға орын берілген. Жалпы оқиғаның себебі мен салдарын жеткізудегі тарихи өлеңнің өзіне тән формасы осылай тұрақтанған. Ондағы айшықтаулардың басты үлгісі – арнаулар. Елі мен жерінен айрылған халықтың азалы әні, атамекеннен алыстаған жұрттың жайы тарихи өлеңдерде көбіне зарлай арнаудың үлгісін танытады. 
Мысалы: 
Зор күн туды, зор күндер, 
Кетті күлкі мол күндер. 
Жылау менен қоштасу, 
Келер ме қайтып ол күндер! 
Зарлай арнауға жауап беретін тарихи өлеңдер қатарына 1879-1880 жылдардағы адам өліп, мал қырылған «Қазақ қайғысы» және «Аштықтан халық қамалды» деп аталатын 1891-1892 жылы болған жұтқа қатысты тарихи өлеңдерді атауға болады. Мысалы: 
Бере алмай нәр тауып ата-ана, 
Кәрі шал, кемпір сорлап зар жылады, - 
десе, аштық есін тандырған халықтың жайы тіпті ауыр, аянышты түрде суреттеледі: 
Аштық есті тандырған, 
Мойынға дорба салдырған. 
Қабандай жерді қаздырған, 
Шөп пен жедік балдырған, - 
дейді. Зарлай арнаудың үлгілері әсіресе 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты өлеңдерде молынан ұшырасады 
Ендігі кезекте айшықтаудың жарлай, сұрай арнау үлгілеріне тарихи өлеңдерден дәлел келтірейік. Арнаудың талаптарына жауап беретін болғандықтан, тарихи өлеңнің бүкіл шумақтары тек қана зарлай арнауға қатысты деген түсінік тумауы керек. Тарихи өлеңді айтушы ақын ең алдымен болып жатқан қайғылы оқиғаны айтып, ендігі күннің не боларын жалпы жұртқа қарата сөйлеп, жұртпен кеңесуді жөн санайды. Мәселен: 
Ақ Орда артта қалды сарайлары, 
Ағарар артын ойлап самайлары. 
Қаңғырып жүргенінде көп қазақтың, 
Көмусіз қала ма алда, талайлары, - 
деп, жеке өзімен емес, ақын жалпы жұртқа үлкен ой тастайды. Сөйтіп, күрмеуі қиын шешімнің жауабын тағы да ел аузынан өзі айтады: 
Боларсың бірің артық, бірің кемде, 
Біріңді бірің сүйе сүрінгенде. 
Ынтымақ, ауыз бірлік қып жүрсеңдер, 
Арзисың аз болсаң да рулы елге. 
Тарихи өлеңдердегі ерекше көзге түсетін арнаудың соңғы үлгісі – сұрай арнаулар. Көңіл-күйге байланысты оқиғалар болғандықтан, тарихи өлеңді шығарушы ақын қаралы жайдың әділетке сыймайтындығын айтып, өзінше жалпы жұртқа сауал қойып, өзінше жауап күтеді. Мысалы: 
Қаратаудың басынан қар бораған, 
Сол таудан дария тасып су тараған. 
Сұлу қыз, көркем жігіт бәрі сонда, 
Дариғай, неге келдім сол арадан – 
деп, жау шапқыншылығы басталған кеңістікті атай отырып, сол жерден неге кеттім дегенді өкініш етеді. Ал төмендегі өлеңді сұрай арнаудың айрықша үлгісі десек те болар: 
Бұрынғыдай жайың бар ма? 
Мінетұғын тайың бар ма? 
Жылағанда дайын тұрған 
Қарындағы майың бар ма?. 
Ішкі қайшылықтарға қатысты өлеңдерде де сұрай арнаудың үлгілері үздіксіз ұшырасады. Айталық, Абылайдан Ботахан өліміне құн сұрау, Мәмбет төренің ісіне байланысты «Жирен қопа» оқиғасына қатысты өлеңдер бұған дәлел бола алады. 
Тарихи өлеңдерден арнаудың үлгілері ретінде сандаған мысалдар келтіре беруге болады. Жұмыста тарихи өлеңдердің ауызша тарап, көбінің айтушылары ұмытылып қалған фольклорлық негіздері бар өлеңдерден дәлел мен дерек ізделді. 
Айшықтаудың бір түрі – қайталау. Сөздің әсерін күшейте отырып, тыңдаушы назарын аудару мақсатында зат не құбылысты бірнеше рет қайталап, ой мен сырды ұғымға мұқият сіңірудің тәсілі. Тарихи өлеңдерде жай қайталаулар көзге бірден ұшырайды: 
Мына заман, қай заман, бағы заман, 
Баяғыдай болар ма тағы заман, 
Қарындас пен қара орман қалғаннан соң, 
Көздің жасын көл қылып ағыз заман. 
немесе: 
Қоқанның хакімдері залым болды, 
Һәр жұртқа залымдығы мәлім болды... 
Қоқанның қазақ көрді жамандығын, 
Көп уақыт қазаққа қылды шығын, - 
дегенде заман, залым, қоқанның, қазақ дегенді ерекшелей қайталап, сол арқылы ел қайғысы, мал мен жер қайғысы туралы өткеннің зардабы жайында ұғым мен түсінік қалыптастырып тұр. 
Тарихи өлеңдерде көбірек ұшырасатыны негізінен жай, кезекті және еспе қайталаулар деуге болады. Еспе қайталаулар көбіне сағыныш, мұң-зар өлеңдерінде ерекшелене түседі. Мәселен: 
Бұлай барсаң қоқан бар. 
Қоқаңдаған әкең бар. 
Бұлай барсаң қалмақ бар, 
Күшіңді ептеп алмақ бар. 
дегенде айтылар ой түйінделіп, ой мен сырдың есіле қайталануының куәсі боламыз. Алдыңғы айтылған ұғымның, келесі кезекте қайталана немесе соңында ұшырасуы ойға-ой, сырға-сыр қосудың еселенуі екендігі түсінікті. 
Елдің өткені және оқиға болып жатқандағы бастан кешкені тарихи өлеңдерде көбіне шендестіру арқылы беріледі. Оның дәлелін төмендегі өлең үзінділері көрсетеді. Мәселен: 
Сағындық біз Баянды көзді сүзе, 
Жігіттер жауыздықтан бойды теже. 
Иттерше шылапшыннан сорпа жалап, 
Ішеміз он шақтымыз тары көже. 
Сөз өнеріне айрықша мән берген А.Байтұрсынов: «Екі нәрсе қатар яки қарама-қарсы келгенде, арасындағы айырым көзге көбірек түседі. Биік пен аласа, ұзын мен қысқа, көрікті мен көріксіз, шебер мен олақ, ғалым мен надан қатар келгенде, араларындағы айырмасын анық көреміз» [27], - деп айтқандай, жоғарыдағы өлең жолдарының басындағы екі тармақта өткен күнгі ел мен жердің жай-күйі сөз болса, кейінгі екі тармақ бүгінгі күннен хабар береді. Қысқасы, кеше мен бүгін өлеңде барынша қарама-қарсылықта алынып, бір-бірімен шендестіріледі. Тарихи өлеңдегі табиғат пен адамды егіз алып суреттеуге алып келген бұл құбылыс, қайғылы оқиғаға қатысты табиғат пен адам психологиясын сипаттауға ауысқан. 
Басынан Қаратаудың көш келеді, 
Бір тайлақ көшкен сайын бос келеді. 
Айырылған қарындастан жаман екен, 
Мөлдіреп қара көзден жас келеді. 
Адамның көңіл-күйін табиғатпен егіздей көрсетіп, бір жұптастыру тарихи өлеңдердегі дәстүр белгісін танытады. 
Табиғатты адам көңілімен астастыра көрсетудің ең бір ұтымды сәттері елінен жырақтап, окоп қазуға алынған жастардың сәлем жолдауларынан көп ұшырасады: 
Аралға қонды суы жоқ, 
Мезгілсіз ұшқан бір топ қаз. 
Бауырын төсеп жатуға, 
Жапырағы жоқ, жері саз. 
Ұшайын десе, мерген көп, 
Аңдымайтын адам аз. 
«Обал болар» десер ме, 
Өтпейді оған ешбір наз. 
Адам психологиясын параллелизм арқылы бұлай сипаттау тым әсерлі, ерекше тебіренген сезім сыры өлеңде өрнек таппақ. Тарихи өлеңдерде айшықтаулардан басқа, ажарлау, құбылтулар қаншалықты деңгейде деген сауалдардың туындауы әбден мүмкін. Біз оны тарихи өлеңдер арқылы пайда болып, эпикалық көлемді дүниеге айналған тарихи жырлардан байқадық. Себебі, ондағы атыс-шабыс, жекпе-жек, адам образын сомдауда ажарлаудың, құбылтудың сандаған түрлері ұшырасады. Тарихи өлеңдердің көлемі шағын, оқиғаның болып жатқан сәтінде жедел туғандықтан, онда күрделі эпитет, теңеу, балаулардың үлгілері кездесе қоймайды. 
Тарихи өлеңдерде дыбыстық қайталаулардың көбірек ұшырасатындығын да байқаймыз. Ауыз әдебиеті дәстүріне сай жасалып, табиғи заңдылыққа сай айтылған өлең шумақтарын тарихи өлеңнің кез-келген тармақтарынан табуға болады. Мысалы: 
Айтайын десең ұрады, 
Ұрмақ түгіл қырады... 
Алдына салып айдайды 
Ашулансаң байлайды, - 
дегенде, үнемі а дыбыстары еселене қайталану арқылы өлеңге ажар-көрік дарытқан. Әр сөзі орынды, біріңғай дауысты дыбыстармен басталып тұр. Бұның ассонанс екені мәлім. Енді біріңғай дауыссыз дыбыстарды қайталау арқылы ерекшеленетін аллитерацияға мысал келтіріп көрейік: 
Қатын – бала, бауырың жауда кетті, 
Қаратауды қатал жау бермей өтті. 
Қайдасыңдар қазақтың батырлары. 
Жасақ бастап, алсаңшы жаудан кекті. 
Дыбыстық қайталауды қазақ халық поэзиясындағы дәстүр белгісін танытатын ерекшелік десек, тарихи өлең табиғаты сол дәстүрден жаңылмағанын барынша айғақтай түседі. 
Тарихи өлеңдердегі бейнелі сөздер негізінен ел басына түскен ауыртпалықты, туған жерге деген шынайы махаббатты, халықтың әділетсіздікке деген күйініші, ашу-ызасы, мұңы мен назы, қайнаған кегін жан-жақты көрсету үшін қызмет етеді екен. Бұл орайда тарихи өлеңдердегі айқындаудың қызметі айрықша екендігі талассыз. 
«Тарихи өлеңдердегі тіл өрнегі» атты үшінші бөлімнің екінші тарауында тарихи өлеңдердің әр кезеңде туып, бастан кешкен түрлі оқиғалардың дерегін берерлік туындылар екендігіне мән берілді. Өлеңнің қай кезең оқиғаларына қатысты туғандығын көбіне ондағы сөз өрнегінен, оның атқарып тұратын қызметінен танимыз. Тарихи өлеңдегі кісі есімі, жер-су аттарынан басқа да, жаңа сөздердің де жасалып жатқанын түсінеміз. Жалпы қазақ өлеңдеріндегі «қазақ» деген ұлттың есімін ерекшелеп, айдар таққан аталмыш тарихи өлеңдер екендігі талассыз. Керек десеңіз, бұрынғы «Алпамыс», «Қобыланды», «Қорқыт жырлары», «Қырымның қырық батыр жырларының» өзінде қазақ сөзі бірен-саран үлгісінде ұшырасады. Оның өзі бертінде туғандарында ғана. Тарихи өлеңдегі ұлт атауына «қазақ сүйегі», «қазақтың ай балтасы», «қазақ ұлы», «қазақ елі», «қазақ халқы», «руы қазақ еді, ұраны алаш», «хандардың қазынасындай болған қазақ», «өскенбіз қазақ ұлы бір ұядан» т.б. ұлт туралы ұғымды дамытып, көлемді эпикалық жырларға арқау еткен тарихи өлеңдер болып табылады. Тарихи өлеңдердің қоғам дамуымен тығыз байланыстылығын жаңа сөздер жасап, неологизмдер қалыптастыратындығынан да танылады. Мәселен: 
Құрылмақ бұдан бұлай ескі режим, 
Жасалмақ елге тиыштық жаңа жизн. 
Екі партия екі тарау жолға түсті, 
Аттары: большевизм, меньшевизм. 
Бұл тарихи өлеңнің бертінде туғанынан алынған үзінді. Ал, тарихи өлеңдердегі окоп, аэроплон, казарма, губернатор, солдат т.б. бірнеше жаңа атауларды кездестірсек, онда тарихи өлеңдер қызметі аясының кеңдігіне көз жеткіземіз. Бұл жерде әңгіме өлеңнің қоғам дамуының әр кезінде өзін түлеп, елдің естелігіне айналуында екендігінде болып отыр. Тарихи өлеңнен антоним, синонимдерді де ұшыратамыз. Тарихи өлеңдер көбіне қара өлең дәстүрін еске түсіреді. 
Қатын-балаң, / бауырың / жауда кетті / 11 
Қаратауды / қатал жау / бермей өтті / 11 
Қайдасыңдар /қазақтың / батырлары / 11 
Жасақ бастап, / алсаңшы / жаудан кекті / 11 
Біздіңше, бұл жалпы халық күйзелісі, қаралы оқиғаларға қатысты болып келеді. Ал жеке адамның тағдыры, елімен, жерімен қоштасу немесе жоқтау, сәлем өлеңдерінде бұрынғы 7-8 буынды өлең өлшемі бірден көзге түседі. Оның басты себебі қоштасу, жоқтау, сәлем өлеңдерінің айтылу дәстүрінде жатыр. Соның бәрі силлабикалық өлең екендігімен қоса, қазақ өлеңінің қадір-қасиетін арттыратын буыннан танылады. Дәстүрдің беріктігі де сонда. Өлеңнің әр сөзі толқу, тебірену, күңірену бәрі қалыпты ырғаққа бағынады. Тарихи өлеңде көбіне төрт, жеті-сегіз, кейде одан да көп тармақтар болса, жоқтау, азалы жайларға қатысты бірнеше тармақтар болып келе беретіні де кездеседі. Бірақ ауызша айтылып, белгілі әуенмен, мақаммен орындалғандықтан өлеңде ритм, ырғақ қалыпты сақталған. Өлеңдегі буын-бунақ та ырғақтың күштілігінен өзіндік жүйе тауып жатады. 
Тарихи өлеңде қара өлең ұйқасы шұбыртпалы ұйқас, ерікті ұйқас, егіз және аралас ұйқастардың бар екендігін еңбекте талданды. 
Қорыта келгенде, тарихи өлеңдердің тіл көркемдігі мен өлең өрнегі оның поэтикалық табиғатын танытып, жалпы халықтың тағдыр-талайын жеткізіп тұрған қазынамыз болып табылады. 
Қорытындыда қазақ халық поэзиясының бір саласы болып табылатын тарихи өлеңдерге қатысты төмендегі тұжырымдар ұсынылады. 
1) Тарихи өлеңдер қоғам өмірінің әр кезеңінде туып, халықтың мақсат-мүддесіне сай қызмет еткен. Оның нақ бастаулары Көне түркі дәуірі, Алтын Орда, Ноғайлы дәуірлерінен танылса, айырықша дамуы мен қалыптасуы Қазақ хандығы және одан кейінгі ел тарихындағы оқиғалармен байланысты туындаған 
2) Қазақ тарихи өлеңдерінің жинақталуы XIX ғасырдан бастап, XX ғасырдың алғашқы жартысында жүзеге асқан. Бұл іске қазақтың ақын-жазушылары, қоғам қайраткерлері және фольклортанушы ғалымдары айтарлықтай ат салысқан. 
3) Қазақтың тарихи өлеңдерінің көне үлгілері бізбен туыстас көптеген халықтардың өлеңдерімен тақырыбы ұқсас, идеясы бір болып келеді. 
4) Халық поэзиясындағы жоқтау, қоштасу, лирикалық өлеңдермен тарихи өлеңдердің өзара қарым-қатынасы бар. Бірақ тарихи өлеңдерді отбасы әдет-ғұрып поэзиясына жататын азалау фольклорымен шатастыруға болмайды. Онда жеке адамның өмірден өтуі, тіршіліктегі тағдыр-талайы айтылса, тарихи өлеңде жалпы халықтың елі мен жеріне деген шынайы махаббаты, қимастық сезім сырлары сипатталады. Лирикалық өлеңдермен сабақтастығы да осы тұста көрініп, тарихи өлеңдердің әнге айналуынан байланыс-бірлігі танылады. 
5) Тарихи өлең мен тарихи жырлардың жанрлық айырмашылығы бар. Тарихи жыр өзінің поэтикалық жағынан толық эпостың белгілерін танытса, тарихи өлеңде эпикалық ерекшелік жалпы оқиғаның мән-жайын, себеп-салдарын баяндауға құрылады. Жеке адамның образын жасау тарихи өлеңге тән емес. 
6) Поэтикалық жағынан тарихи өлеңдерге тән бейнелеу құралдарынан айшықтаулар айрықша орын алады. Әсіресе, арнаулар: сұрай арнау, зарлай арнау, жарлай арнаулар тарихи өлеңге тән ерекшелікті аңғартады. Басты дәлел халықтың өлеңдегі ашу-ызасы, өкпе-назы, р

Категория: Ғылыми жұмыстар | Добавил: Frenzy (16.12.2012)
Просмотров: 2153 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Сағат

Сауалнама
Сайтта сізге не ұнайды !!!!!!!
Результаты
Всего ответов: 4014
Сайт мәзірі
Сайт көрсеткіші
Қазір online
Қазір сайтта: 11
Қонақтар: 11
Қолданушылар: 0

Лучшая рип студия!