Сабақ жоспарлары
Мысалы: Бейнелеу 1-6 сыныпқа сабақ жоспарлары
Главная » Статьи » Ғылыми жұмыстар

Қазақ әйелі концептісінің этномәдени сипаты
- Аузыма құдай салған шығар... қазақтың нардан қасиетті, нардан күшті, нардан сұлу, нардан қадірлі несі бар? (Ғ.Мүсірепов.Ұлпан). 
Төрт түлікті киелі санаған қазақ халқы олардың әрқайсысының иесі, желеп-жебеушісі, қамқоршысы бар деп сенген, сондықтан да төрт түлік пірлеріне сыйынып отырған. 
Әйелдердің гендерлік сипатына, әйел адамдардың ассоциативті ойлау жүйесіне көбінесе адамгершілік, ізгілік, жылылық, күнделікті күйбең тіршілік жақын да, ер адамдардың асссоциативті ойлау жүйесіне ерлік жасау, батырлық көрсету, кәсіппен шұғылдану т.б. жақын болатыны белгілі. 
Тарихи шығармаларда кездесетін кейбір кісі есімдері феодалдық қоғамда үстемдік еткен әлеуметтік жіктеліске негізделген. Күніұзын мал соңынан салпақтап, тезек теріп, мал сауып, іркіт пісіп, кісі есігінде жүретін адамның пешенесіне қой санаудан өзге ештеңе жазылмаса, жоғары тап өкілінің тағдыры биіктегі қолжетпес алтындай жарқыраған күнмен байланыстырылған. Құндылықтар өзгерген бүгінгі таңда мұндай кереғар есімдердің кездесуі екіталай: - Ал Қияқтың кімі бар? Әлі де сол күң қалпындағы кәрі шешесі - Қойсана ғана. Тәуекел мен Қияқ талайының кереғар тағдыр өзі күні бұрын шешкендей, бірінің анасының аты Күнсана, екіншісінің шешесінің аты Қойсана дегізуін қарашы! Мұнда да жазмыштың бір ұйғарғаны бар тәрізді (І.Есенберлин. Көшпенділер). 
Өмірде адамдардың азан шақырып қойған есімдерімен бірге оның жүріс-тұрысына, мінез-құлқына, сыртқы кескін-келбетіне, істейтін кәсібіне байланысты жалған атаумен ат қою көп халықта бар. Ономаст ғалымдар лақап аттардың алғашқы қоғамның өзінде-ақ адамдардың дене бітімі мен сыртқы тұлғасына сай таңдалып қолданылғанын айта келіп, мәдениет пен қоғамның дамып, жазудың пайда болып, қалыптасуынан кейін, әсіресе фамилиялардың шығуынан соң олардың сирегенін айтады. Мысалы, Сақау шешемнің Айымқыз деген әдемі аты бар екенін бұл кезде өзінен басқа ешкім де білмейді. Жарықтық, келбеті келісті-ақ ( Ш.Мұртаза.Ай мен Айша). Қолда бар материалдардан байқағанымыз, жағымсыз мағынадағы, әсіресе дене кемістігіне орай қойылатын лақап аттар ерлерге байланысты жиі ұшырасады. Қыздар мен әйелдерге қатысты ондай аттардың сирек қолданылуы қазақ халқының қызды "қонақ", ал әйелді "ана" деп ерекше қадірлегенінің айғағы болса керек. 1.3.4 "Қазақ әйелі" концептісіне қатысты киім атауларының лингвомәдени мәні. Біз аталған тараушада тек "қазақ әйелі" концептісінің аясына кіретін кейбір киім үлгілеріне ғана қысқаша тоқталуды мақсат тұттық. Мысалы, қазақ қыздары мен тұрмысқа шыққан әйелдерінің бас киімдері мен шаш үлгілері қатты ерекшеленген. Этнографиялық деректерге қарағанда, әйелдер шашын қос өрім етіп өреді де, ол екеуінің ұштарын біріктіру үшін шашбау тағады. Шашты олай өру - әйелдіктің белгісі, бұл - бүтіннің жартысы болғанды білдіреді. Ал қыздар шаштарын бір өрім етіп, ұшына шолпы тағады. 
Киім кию үлгісі мен қимыл арқылы қазақ әйелінің киім кию ерекшелігі ғана емес, кейде қажетсіз жерде жайбасарлық пен созылыңқылық танытатын қазақтың бейғамдық болмысын, ұлттық психологиялық ерекшелігін де астарлап бейнелеуге болатыны байқалады. Мысалы, Үйден үстіне малынтып шұбалаң көйлек киіп, басына малынтып шұбалаң орамал тартқан әйел созалаңдап шығып, қалқи басып, ат үстіндегі күйеуіне бірдеңе апарып берді (Ә.Кекілбаев.Үркер). 
Бойжеткен қыз бен тұрмысқа жаңа шыққан жас әйелді, дүниеге сәби әкелген ананы, өмірден көргені мен түйгені мол салиқалы бәйбішені ата-бабаларымыз,ең алдымен олардың бас киімінен ажыратқан. Қыздар бастарына үкілі тақия, кәмшат бөрік киген: Өтіп бара жатқан бес қыздың тап ортасында, жібек жал ақ жорға атқа мінген Тоғжан екен... Басында жап-жаңа кәмшат бөрік (М.Әуезов. Абай жолы). Қазақ әйелдерінің баскиімдері практикалық қызметінен өзге әйелдердің отбасылық жағдайының көрсеткіші болып табылған. Олар тұңғыш баласы, кейде екінші баласын туғанға дейін желек киген. - Ауылдағы енелер мен абысындарға қосылып Ділдә келініне кимешек-шаршы, қалың жібек желек кигізіп жіберіпті (М.Әуезов. Абай жолы). Қазақ әйелдері тұңғыш баласын туған соң оның басынан желегі алынып, кимешек кигізіледі. Оның шылауышына төбелдірік, маңдайына бергек, түйреуіштер қадайды. Бірнеше балаға ана болған орта жастағы әйелдер көзге түсерліктей әшекейі жоқ шалаң кестелі кимешек киіп, ақ жаулық (шылауыш) тартады: Ақ шаршы, кестелі кимешектерін әсем ғып салған күлкіші келіншектер де көп (М.Әуезов.Абай жолы). 
Қоғам алға жылжып, заман өзгеріп, материалдық және рухани құндылықтар өзгерген сайын қазақ әйелдерінің киім үлгілері де ауысып, соған сәйкес киім киюге деген көзқарас та өзгеріп отырғаны даусыз: Мұғалім Арайдың басындағы күндікке қарап біраз тұрды. Кемпірдің ақ матаны қаттап басына орай бергені ерсі, ал мұғалім әйелдің жұқа көгілдір орамалмен бір тарта салғаны Арайға ерсі (Ш.Мұртаза. Мылтықсыз майдан). Қазіргі таңдағы әйелдердің киім кию үлгісінен оларға тән әлеуметтік, жасына байланысты ерекшеліктерді ажыратуға болмайды. Әйтсе де, әсіресе оңтүстік өңірлерде, көбінесе ауылдық жерлердегі жиын-тойларда тұрмысқа шықпаған әйел затының орамалсыз, жалаңбас жүруі, ал келіндердің орамал тартуы, жасы келген әйелдердің жаулық тартып, кейде кимешек киюі қалыпты жағдай болып есептеледі. Осыған байланысты ұлттық-мәдени стереотиптерді де кездестіруге болады. Мысалы: Өзге жақты көріппіз бе, біздің ауылда қыздар тек қып-қызыл орамал тартып жүретін. Кей қыздар әлдебір әуестікпен сәл ақшылтым, ақ гүлі басымдау орамал тартса, үлкендер қатты сөгіп тастайды. Ақ орамал мен қызыл орамалдың аралығы айқын, шекарасы берік. Күйеуге ұзатылған қызды "басына ақ орамал салды", "ақ орамал жарасады екен", тағысын-тағылар дейтін (М.Байғұт. Ақ орамалды қыз). 1.3.5 "Қазақ әйелі" концептісіне қатысты қолөнер, тамақ атауларын білдіретін лингвомәдени бірліктер. Күн көрісі төрт түлік мал болған соң, оның етін де, сүтін де, терісін де, жүнін де ысырап етпеген қазақтар оларды қалай тиімді пайдаланудың жолдарын білген. Қазақ әйелдерінің қолөнер туындыларының ішінде ең кең тарағаны, технологиялық жағынан жетілгені - киіз басу. Күнделікті қажетіне жарап, киіз үйдің туырлығына, түңлігіне, үзігіне жабуға және жерге төсеуге арналған киіз басу өнері туралы жазылған этнографиялық сипаттағы еңбектер көп. Қазақ әйелдері барды ұқсатып, тұрмысқа қажеттінің бәрін өздері дайындап алатын болған. Мысалы, кір жуатын сабынды да өздері жасай білген. Сабын жасау үшін оңаша, жылылығы бірқалыпты сақталатын үйде сақарды майға қосып қайнатады да, сабын шығарады. Мұның тәсілін, тетігін білетін әйелдер басшылық етеді. Білігі жетпейтіндер сабынды ірітіп, бұзып алады. Ал енді осы сабын қайнату ісінің тілдік дәйегі Б.Майлин шығармасында кездеседі: Алба-жұлба қараша үйдің сырт жағынан қарасаң, іші өртеніп жатыр ма дейтінсің, булыққан түтін бұрқырап шығып жатыр. Үйдің ортасында үлкен қара қазан. Астында лаулап жанған от; қазанның ішінде бір үйіріліп, бір бұзылып қайнап жатқан сабын. Төменгі жаулықпен басын тұмшалап орап алып, маңдай терісі тыржиып, терлеп-тепшіп, Айнабайдың Зейнебі сапты қалақпен сабын былғап жатыр. 
... От басын қоршалай отырған төрт-бес қатын; бәрінің көзі қазанда... Сабын иілсе, бұзаушық алып үйді-үйіне тарайтын ойлары бар, бірақ, сабын болмай амалдары құрып, ащы түтіннің азабын көріп отыр (Б. Майлин. Раушан- коммунист). 
"Қазақ әйелі" концептісінің этномәдени сипатын ұлттық тағам атаулары да танытады. Себебі, күн көрісі төрт түлікпен тығыз байланысты болғандықтан, аналарымыз оның сүтінен неше түрлі дәмі аузыңнан кетпес тағамдар жасаған. Мысалы, уыз көже, құрт, ірімшік, ежігей, құрғақ сүт, көпіршік, ақ лақ, жент, талқан сияқты тағам түрлері қазақ әйелінің қолынан шыққан, қазақтың тұрмыс­тіршілігінен, өмір сүру салтынан, ұлттық болмысынан хабар береді. 1.4 "Қазақ әйелі" концептісіне қатысты зергерлік бұйымдардың сакральды мәні. Зергерлік лексиканың этномәдени мәні зерттеуші Р.Н.Шойбековтің еңбектерінде арнайы, жан-жақты қарастырылғандықтан [5], тек "қазақ әйелі" концептісіне қатысты зергерлік атаулардың сакральды мәнін ашуды ғана мақсат еттік. 
Соның бірі ретінде қазақ қыздары мен әйелдері бұрынғы кезде шолпы мен шашбауды бұрымы тарқатылып кетпеу үшін таққан және ол этномәдени мәнді лингвокультурема. Халық ұғымында "адам жанының бір ұшы шашында" деген түсінік бар. Соған байланысты "тарағанда түсетін шашты кез-келген жерге тастауға болмайды, оны адам баспайтын жерге көміп тастау керек" деген ырым-тыйымның бар екені белгілі. Ал енді осы халық санасындағы кодталған ақпараттың кілтін ашу үшін белгілі бір білім аясы керек. Біз оның кілтін төмендегі прецедентті мәтін арқылы ашуға тырыстық: "Әйел баласы шашын беталды тастамас болар, -деді Айша. - Тарақтан түскен шаш әлдеқалай отқа күйсе, о дүниеде балалары шырылдайды дейді. Анасының шашының отқа күйген исін танып қояды екен де :"Анамыз тозақ отына түсіп кетті- ау!" деп шыр айналып, шырылдайды екен. Тозақ отынан анасын құтқарып алмақ болып, өздері де сол тамұқ өртіне түсіп кете жаздайды екен (Ш. Мұртаза. Ай мен Айша). Осы түсінікке байланысты аналарымыз шаштарын әр жерге тастамай, түскенінің әрбір талын жинап, мұқият орап, адам баспайтын жерге көміп отырған және аталған ырым-тыйымның мән-мағынасын қыздары мен келіндерінің құлағына жалаң, құрғақ сөзбен емес, ұлттық ұғымға жақын осындай аңыз-әңгімелермен құйып отырған. 
Барлық халықтарда сырға әшекейлік зат болуымен бірге оның иесінің қоғамдағы орнының көрсеткіші, магиялық қорғаушы зат ретінде қолданылады. Сондай-ақ сырғаға қатысты түрлі көзқарас пен бір­біріне кереғар наным­сенімдер де кездесетінін жоққа шығаруға болмайды. Ежелгі Римде бір құлақтағы сырға құлдық белгісі саналған. Одан бұрынырақта бойжеткен қыздар мен әйелдердің, сондай­ақ қарақшылардың сырғасында айтарлықтай айырмашылық болған. Сырғаны бәле­жаладан, ауру­сырқаудан сақтандырушы зат ретінде бағалап, оны көздің көру қабілетін арттырады, теңізшіні суға кетуден сақтайды деген сеніммен таққан. Ал Бирмада тақтан дәмелі король ұрпақтарының құлағы міндетті түрде тесіліп, сырға салынатын болған [6]. Қазіргі кезде сырға өзінің мифтік маңызынан айрылып, тек әшекей зат, әсемдіктің құрамдас бөлігі болып қалғаны белгілі. Ежелден дененің ашық жерлерін - аяқ-қол, саусақ, мойын, құлақ, мұрын сияқты дене мүшелерін қатты заттардың көмегімен қорғау қалыптасқан. Бұл жүзік, балдақ, сырға, білезік, моншақ, алқаның пайда болуына апарып соққан. Олар сыртқы зұлым күштермен күресте жәрдемдесетін магиялық қорған болып есептелген. Қазақ зергерлері әрбір тастың өзіне тән қасиеті, ерекшелігі, кереметі бар екенін білген. Олардың біреуі адамға құт әкелсе, енді бірі тіл-көзден сақтайды, ал кейбірінің тіпті құрғақшылықта жаңбыр шақыратын, т.б. қасиеттері бар екен. Орта ғасырларда емші, дәрігерлер алтын, нефрит, маржан тастарын жұту өмірге қауіп төндірмейді, қайта оны ұзартуға септігін тигізеді деп есептеген. Сонымен бірге әлгі тастарды жұтқан адамның өлгеннен кейін денесі іріп­ шірімейді деген сенім болған. Қазіргі таңда мойындалып, сәнге айналған астрология ғылымында да "әрбір жұлдыз иесі өзіне сай келетін тасы бар әшекей тағу керек, қасиеті белгісіз тастан тағылған әшекей адамға бақытсыздық әкеледі, денсаулығына зиян келтіреді" деген түсінік қалыптасқан 1.5 "Қазақ әйелі" концептісіне қатысты онимдердің этномәдени сипаты. Қазақтың еншісіне тиген байтақ даламызды қай бұрышын алсақ та, әйел-анаға арнап тұрғызылған ғажайып кесене, әсем мұнара, өшпес ескерткіштер, тіпті тұтас қаланың аты да бар. Ғалым А. Сейдімбек: "Сырдария бойындағы Көккесене, Бикем мұнара, Сырлытам, Сарысу бойындағы Белең-ана, Болған-ана, Жұбан-ана, Арал түбіндегі Бегім ана күмбездері, мұнаралары, мазарлары ғажайып сырлы сымбатымен күні бүгінге дейін қайран қалдырады. Жеке ескерткіштер былай тұрсын, жұмыр жердің орта ғасырлық талғам-түсінігінде тұтас бір қаланың әйел атымен аталғаны дүние жүзінде сирек кездесетін құбылыс. Бұл ретте қазақ даласында Қатын дала, Қырыққыз қала, Баршынкент сияқты қалалардың болғаны таң қалдырады. Мұндағы Баршын сұлу әйгілі Алпамыстың жұбайы, Қаршымбайдың қызы, Оғыз еліне сөзі жүрген жеті арудың бірі болған" деп жазады [7, 402]. Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында қыз балаға, әйел-анаға қатысты қойылған сандаған топонимдерді кездестіруге болады: Домалақ ана, Қарашаш ана, Сыланды ана кесенелері, Қатынқамал, Қырық қыз, Қызсиген, Қамырлы әулие, Келіншектау т.б. Облыс орталығы Шымкент қаласына қарасты "Қатынкөпір" елді мекені бар. Оның аталуы туралы ел аузында мынадай әңгіме айтылады: "Көнекөз қариялардың айтуынша, 1928 жылы құрылған "Тельман" колхозында бала-шағасы жоқ, жалғыз басты Тәті деген әйел тұрыпты. Ол кездері осындағы Қошқар ата өзенінің арнасынан тасып жататын кезі екен. Суының молдығы сонша, ауыл тұсындағы жалғыз аяқ өткел-көпірді әрдайым ағызып кете беретін көрінеді. Жұртты әбіржітіп, әуреге салған осы жайтқа ашуланған Тәті бір күні білегін сыбанып шығады да, үлкен ағаштарды кесіп, ат арба өте алатындай көпір салып, үстіне шым төсейді.Тәтінің ісіне риза болған жұрт кейін бұл көпірді "Қатын көпір" деп атап кетеді". Тәтінің әрекетіне сүйсінген елдің көпірді оның өз атымен атауына да болар еді. Біздіңше, әлдеқайда күш-қуаты, қайраты мол еркектің ойына келіп, қолына алмаған сауапты іске заты нәзік болғанымен, намысы күшті әйелдің қиындықтан тайсалмай баруы ел-жұртты ерекше таңқалдырғаны анық. Сол себепті кез-келген қиын-қыстау кезеңде жол таба білетін әйелдерге деген айрықша құрметін халық осылайша білдірген тәрізді. Ертеректе халқымыз ел билеген ерлерге лайықты өмірлік серік бола білген ақылы мен сұлулығы үндескен әйелдерді "хатун-қатын" деп атағаны белгілі, оған көне түркі жазба ескерткіштеріндегі мысалдар куә. Осы сипаттағы прецедентті мәтінді А.Сейдімбек еңбегінен де кездестіруге болады. 1.6 Әйел ~ ана тілі және әйел ~ ана қарым--қатынасының этномәдени мәні. "Қазақ әйелі" концептісінің өзегін әйел ~ ана тілі және әйел ~ ана қарым-қатынасының этномәдени мәні құрайды. Тіл туралы Заңда айдан анық айқындалғанымен, қазақ тілі мемлекеттік басқару тіліне де, заң шығару тіліне де айнала алмай келеді. Біздіңше, соның бір ұшы ұлт мәдениетінде, өзінің отаналық, отбасының берекесі мен құтын ұйытушы, сақтаушы, ана сүтімен, қазақы мінез бен ана тілін үйрететін, бесік жырымен ұрпағын тәрбиелейтін қазақ әйелінің әлеуметтік қызметінің әлсіреуімен, өзгеруімен байланысты сияқты. Жазушы, қоғам қайраткері Ә.Кекілбайұлы ана тілі мен әйел­ана қарым-қатынасын осылайша сабақтастырады: "Есесі кетіп келген тілімізді мұратына жеткізу үшін, бәрінен бұрын, қай-қайсымыздың да қолымыздан келуге тиісті дұрыс ана (астын сызған - біз), дұрыс ата, дұрыс ұстаз, дұрыс азамат бола білуге көбірек көңіл бөлгеніміз дұрыс сияқты". Әбіш Кекілбайұлы дұрыс ана бола білуді алдымен атап, бірінші жазып отырса, бұл, әрине, тегіннен-тегін емес. Ана тіліміздің тағдыр-талайында аналардың атқарар рөлі айрықша екендігі аян. Әуелгі "әлдиді" айтатын да, бесік жыры арқылы ұлттық тілдің уызын сіңіретін де - ана. 
Ұлттық тілін "ана тілі" деп атаған ойға жүйрік, сөзге шешен халқымыздың біртуар ұлы, заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің "Ел болам десең, бесігіңді түзе!" деген сөзінің мән-мағынасы дәл қазіргі кезеңде айқын жол табуға, тілімізде сақталған ұлттық рух пен сананы жаңғыртып, жаңа сапаға көтерілуге бағыт алған ұлт болашағын дамытудың өзекті арқауы болмақ. Қазақ халқының таным-түсінігінде "ана-сәби-бесік" ұғымдары - бір-бірінен ажырамас, біртұтас, тығыз байланысты киелі ұғымдар. Ана сүтімен бойға сіңген ана тәрбиесі, үлгі-өнегесі, асыл өсиеті ғана сәбидің көкірегінде жатталып, ұлттық рух болып сіңіріледі. Сол үшін дүниеге әкелген сәбиі жылағанда, қазақша әлдилеп жұбатып, қазақша бесік жырын айтып ұйықтатып, "апа" деген алғашқы сөзді үйретіп, тілін де қазақша шығаруы, қазақ тілінде ертегі айтып, қазақша "құлыным, ботам" деп еркелететін әрбір қазақ әйелінің қоғамдағы, отбасындағы ең қасиетті әлеуметтік қызметін сипаттайтын қағидаты жаңғырып, тәрбиенің ажырамас ережесіне айналғанда ғана ұлттық рух қалыптасады. 
Көркем әдебиеттегі аналар бейнесін тілдік дүние суреті аясында "қазақ әйелі" концептісі тұрғысынан қарастырар болсақ, бұл орайда таңғажайып қазыналарға, жақұт-жауһарларға кездесеміз.Ұлттық санада қалыптасқан, тіл арқылы сақталып, этномәдениеттің көрінісі, ұлтымызды біртұтас етіп ұйыстыратын ұйытқы күштің бірі де бірегейі ұлт тәрбиесіндегі ананың рөлін дәлелдейді. Бүгінгі қоғамдағы ананың, әйелдердің қоғамдағы орны мен қызметін арттыру күнделікті тұрмыс пен тәрбиедегі ана тілінің ұлтты ұйыстырушылық қасиетін, құдіретін күшейтумен тығыз байланысты екенін осы тектес зерттеулер нақты көрсетіп отыр. 
Екінші тарау "Қазақ әйелі" ұғымын антропоцентристік бағытта зерттеу" деп аталады. 2.1 Тіл мен мәдениет сабақтастығы. Тілді антропоцентристік тұрғыдан зерттеуге негіз болатын салалардың барлығы түптеп келгенде, мынадай мәселелерді шешуді көздейді: адамның тілге қалай ықпал жасайтынын және тілдің адам санасына, ойлауына, мәдениетіне қалай әсер ететінін, қандай қызмет ететінін анықтау, т.б. 
Тілді зерттеудің антропоцентристік бағыты тіл біліміндегі адамның тілдік факторы мәселесін, тілдің адамға қызмет ету мәселесін, тіл арқылы адамның табиғаты мәселесін ашумен тікелей байланысты. Осыған сәйкес әйел­ана болмысына қатысты (біздің зерттеуімізде - "қазақ әйелі") тілдегі таңбалық бірліктер халықтың дүниетанымы мен болмысынан, рухани мәдениеті мен сол халық тіршілігінен, өмір сүрген ортасынан, менталитетінен, психологиясы мен әлеуметтік-саяси көзқарасынан мағлұмат беретін ұлттық құбылыс болып табылады. Себебі, адамзат үшін ақиқат дүние біреу болса, оны түсіну, тану, сол дүниенің біртұтас бейнесін санада қалыптастыру әрекеттері әр адамда, әр ұлтта, оның әлеуметтік өкілінде (мысалы, әйелдерде) әр деңгейде және сан алуан интерпретацияда беріледі. Сондықтан тіл иесінің ой-өрісіне, концептуалдық әлеміне байланысты дүниенің танымдық бөлшектері тілде өзінше көрініс табады, өзінше бейнелеп суреттейді, ал тіл иесі танымдық ойын өз тілінде сақталған дүние бейнесіне сәйкес танытуға тырысады. Тілдік таңбаның адамға тікелей қатысты екенін А.А. Уфимцева былай түсіндіреді: "Қандай да бір құбылыс немесе зат таңбаны қабылдаушы субъектінің объективті шындыққа деген ерекше қарым-қатынасын көрсету арқылы белгілі бір таңбалық жағдайға нақты белгілеу семиозисін іздестіреді" [8, 104]. Этнолингвистика, психолингвистика, когнитивтік лингвистика және лингвомәдениеттану салалары - осы тектес ғылыми тұжырымдарды дәлелдеу үшін тілді адамның тікелей танымдық ойлау қабілетімен байланыстыра қарастыратын антропоцентристік бағыт аясындағы салалар. Тіл біліміндегі осы бағыттағы зерттеулердің негізгі арқауы - тіл арқылы берілген ақпаратты қабылдау, тану, таныту, оны интерпретациялау, өздігінше өңдеу, жадыда сақтауға қатысты ерекшеліктерді зерттеу. Аталған бағыттағы зерттеулердің нәтижесінде қабылданған жаңа ақпараттың адам санасында бұрын сақталған ақпараттардың көмегімен жаңа мазмұнға ие болу арқылы қалыптасатыны белгілі. Демек, бұл таным мен мәдениет сабақтастығын көрсетеді. 2.1.1 Лингвомәдениеттанымдық зерттеулердің ерекшелігі. Тіл мен мәдениет екі түрлі семиотикалық жүйеде танылғанымен, бір-бірін толықтыратын, өзара тығыз байланысты тұтас жүйе болғандықтан, олар лингвомәдениеттанудың негізгі қағидасы "тіл мен мәдениет" сабақтастығымен сипатталады. Бұл маңызды тұжырымды таратып айтар болсақ, қоғамдық фактордың мәдени тұғырға көтерілуіне оның қоғамда қандай әлеуметтік мәнге ие болуының ықпалы зор. Ал, оның іске асуындағы тілдің коммуникативтік қызметін танытуда халықтың тіл байлығын өзіндік болмысы арқылы өз тұғырына жеткізіп келешекке танытатын, (мысалы, тілдік деректерді "қазақ әйелі" концептісіне қатысты) зерттеудің мәні ерекше. Себебі, әр халықтың басынан кешкен тарихы, бүкіл рухани, мәдени байлығы, болмысы, дүниетанымы, өмір тіршілігіне, күнделікті тұрмысына қажет бұйымдары, әдет-ғұрпы, салт-санасы, талғамы, т.б. сол тілдегі жай ғана таңбасы емес, дүниенің тікелей бейнесі емес, оның біздің санамызда тілдік шығармашылық үрдісі нәтижесінде туған бейнесі, яғни "дүниенің тілдік бейнесі". 
Осымен байланысты ұлттық атаулардың жасалуының бір жолы, ұғымды берудің көркемдік амалы - ұқсату. Ол күнделікті өмірде, тұрмыстық тәжірибеде қалыптасады. Себебі, адамдардың табиғаттағы әртүрлі құбылыстарды бақылап салыстыруы, оны өз іс-әрекетімен, тәжірибесімен салыстыруы, ассоциациялық бейнелер түрінде әртүрлі нәрселердің ұқсас жақтарын табуы, солардың негізінде танымын кеңейтуі осы қасиетке негізделеді. Мысалы, "қызғалдақ" сөзі қазақтар үшін бай лингвомәдени мәнге ие. Сирек өсімдік ретінде Қызыл кітапқа енген қызғалдақ кез келген жерде өсе бермейді. Биік жерде өсетін қызғалдақтың бүр жарып ашылуын, жайқалып өсуінің өзіндік мәні, кезеңі бар. Оның басқа гүлдерге ұқсай қоймайтын ерекшелігін қазақ даласында өскен бала ғана біледі. Қызғалдақтың Отаны көп айтылып жүрген Голландия емес, Қазақстан деген де болжам бар. Сондай ұқсастықтарына орай ол қыздың сұлулығын, кейде қайта айналып келмейтін жастық шақты білдіретін метафораға айналған. Мысалы, Қыз дегенің - өмірдің қызғалдағы, Қылықтылар аз ба екен қыздан-дағы?.. (И. Сапарбай. Ғашықтың тілі.); Қырандай тиген кептерге, Қызғалдақ-ғұмыр, бозбала-ай! (М.Мақатаев. Аманат). 2.1.2 Лингвоелтанымдық бағыттағы зерттеулер. Лингвоелтанымдық бағыттың негізгі мақсаты - мәдени константаларды екі немесе үш тілде өзара салыстыра отырып, ұлттық нышандарын айқындайтын, сол елдің болмыс-бітімін, халықтың мінез-құлқы мен тұрмыстық ерекшеліктерін ажыратып көрсететін тілдік ұғымдар мен белгілерді зерттеу. Бұл бағытта қарастырылатын объектілер белгілі бір елдің немесе ұлттың өзіне тән белгілерін, басқа ұлтта жоқ өзіндік нышандарын көрсете алатын тілдік бірліктер болуы керек. Мысалы: Үзілістен кейін дастарқанға үйеме табақ ет келді. Жеке тарелкаға салынған қойдың басы төрде отырған Акбардың алдына тартылған. Ол мұндайды өмірі көрмесе керек, қорыққан адамдай үдірейіп, кейін шегініп кетті. Лаураны тілмаштыққа пайдаланып, онымен де біраз сөйлесуге тура келді. 
- Мынау қойдың басы, - деді Ақжан оған түсіндіріп. - Біздің халқымыз ең құрметті қонағының алдына осылай бас тартады. 
- Мен құрметті қонақ емеспін ғой. Бар болғаны біздің жас ханымның қызметшісімін. Ондай жағдайда басты ханымның өзі ұстауы керек, -деп Акбар оны Лаураның алдына жылжытты (Қ. Жұмаділов. Атамекен). 
Байқап отырғанымыздай, Сирия елінен келген кісі қазақ халқының салт- дәстүрінен, қазақ мәдениетінен хабарсыз, оған сәйкес аялық білімі жоқ, сол себепті қойдың басы онда дұрыс ассоциация тудырмай отыр. Ол қазақтың сыйлы қонағына бас тартатынын, оны әйел баласына ұсынбайтынын білмейді. 
2.2 Қазақ дүниетанымындағы "әйел" концептісінің көрінісі. Жалпы христиан дінінде әйел туралы "зұлым", "күнәһар", "өтірікші", "кекшіл" т.б.деген сияқты өте төмен көзқарас қалыптасқан. Кезінде католик дінінің ресми теологы болып бекітілген Фома Аквинский: "Әйел тез өсетін арамшөп сияқты. Ол толыққанды адам емес, оның денесінің толық жетілмегенінің өзі оның құндылығының төмендігінен, табиғат онымен азырақ айналысатындықтан... Әйелдер оларды мәңгі билеушінің немесе ұстаздың басқаруымен ұстап отыру үшін туады" деген [9, 27]. Ал ислам дінінде әйелге, әсіресе әйел анаға деген көзқарас бұдан өзгеше. Бұған "Жұмақ ананың табанының астында", "Алдымен анаңды, анаңды, тағы да анаңды, одан соң әкеңді сыйла", "Ең қайырлы болғаныңыз, әйелдерге ең жақсы мәміле жасағандарыңыз болмақ", "Балаларды махаббат пен сүйіспеншілікпен бағу, әйелдерге жақсы мәміле жасау - Исламның бармақпен басып көрсеткен ахлақ ережесі" т.с.с. ислам қағидалары дәлел. 
Кез келген қоғамның маңызды институттарының бірі - отбасы. Ал отбасындағы әйел жағдайы - отбасы мен неке тарихындағы келелі мәселелердің бірі. Көптеген тарихи және тілдік деректер қазақ әйелінің отбасылық мәселелерді шешуге белсенді қатысқанын, ерлеріне шаруашылыққа қатысты істерде көп көмектескенін дәлелдейді. Ал күйеуі жоқ кезде оның орнын жоқтатпай, барлық тіршілікке қатысты мәселелерді өзі шешіп, тіпті қазақы салт-дәстүрге сай қонақ күтіп, оны жөн-жоралғысымен шығарып салуға, күйеуін жаманатқа қалдырмауға міндетті болған. Сондықтан Айғаным, Бопай, Ұлпан, Зере сияқты әйелдерді халқымыз жоғары бағалаған. Мысалы: Шоқан ел кезген, жер кезген сапарында батыс түгіл, шығыс әйелдерінің ішінен мұндай мінезді, жомарт та өжет әйелдерді көп көрді. Басқаны былай қойғанда, өзі жақсы білетін Айғаным әжеci ше... Бүкіл аймақты билеп­төстеген әкесі Шыңғыс емес, әжесі Айғаным болатын. Ел адасқанда ақылды Шыңғыстан емес, Айғанымнан сұрайтын. Көзін жұмғанша Айғаным әжесі осындай боп өтті (С. Бақбергенов. Ақ боз атты ару). Осылайша, ақыл-парасаты сай қазақ әйелдері тек өз отбасында емес, бүкіл ауыл-аймақта зор беделге ие болып, олардың жақсы атағы алысқа тарап отырған. 
Қазақ әйелдері туралы сөз болғанда, әсіресе олардың сырты мен іші үйлескен сұлулығы, мінез байлығы, ақыл-парасаты жөнінде әңгімелегенде, ең алдымен батырлар жырындағы әйел кейіпкерлердің көз алдыңызға келері сөзсіз. Құртқа - қазақ әйеліне тән ақыл-парасат пен көрегенділіктің, Жібек - сұлулық пен сымбаттың, Айман мен Ақжүніс әйел үшін таптырмайтын қасиет - қулық пен айлакерлік, тапқырлықтың, ал Баян - сұлулықпен бірге махаббатқа адалдықтың, сезімге тұрақтылықтың символы. 
Қазақта қыз баланың, жалпы әйел затының бойынан төменшектік, именшектік, ұялшақтықтан гөрі өжеттік, еркіндік, ақыл, парасат сияқты қасиеттерді жоғары бағалайды. Мына тектес деректер соның тілдік дәйегі болып табылады: Мен көкпарға тастаған лақ емеспін. Мен Роксанамын. Байтақ патшаның еркін өскен қызымын. Александр мені өзінің теңі деп білді. Мен оны да бағаладым. Ұлы Александрмен теңмін деп шалықтамаспын. Бірақ падишаға Ұлы Даланың еркін өскен қызына шақ теңдігімді кемітпеспін. Соңымда бейбіт өмірге жеткен елім қалып барады деп өзімді жұбатармын, жаратқан ием осылай жат жұрттық етіп дүниеге әкелді екен - ендігі тілеуім Александрдың амандығы болады (Э. Төреханов. Ескендір мен Роксана). Қазақ қыздарына қайсарлық, өжеттік, тәкаппарлық, көрегенділік пен даналық сияқты қасиеттер ғасырлар бойы ел аузындағы аңыз әңгімелерге, батырлар жырына, ән-жырға арқау болған Тұмар, Зарина, Роксана, Домалақ ене, Айша бибі, Құртқа, Гүлбаршындардан келгені анық. Қазақ: "Асыл әйел әрі еркек, әрі қатын, - дейді. "Жақсы әйел" және "жаман әйел" концептісінің көрінісін ақын­жыраулар шығармашылығынан да, шешендік сөздер үлгісінен де көруге болады: Жақсы қатын алсаңыз, Жақсылығын білдірер, Ерін жөнге көндірер, Анық осы, бозбала, Жұмақтан шыққан хормен тең, Алғаның жаман жолықса, Жамандығын білдірер, Ер қадірін кетірер, Оның өзі, бозбала, Маңдайға біткен сормен тең (Шал ақын); "Әйелдің жақсысы қандай, жаманы қандай болады? - дейді Ыбырай, шешенге: - Әй! - дегенде: - Ә; - десе, - Манағы қайда? - дегенде:- Мә, десе - жақсы әйел сол. - Әй! - дегенде: - Оқ, десе, - Манағы қайда? - дегенде: - Жоқ десе, дау да іздеме, жау да іздеме, бәрі де өз үйіңде, - депті Тұяқ шешен". Аталған тілдік деректер "жақсы ер бала­шағаның қамын ойлап, табыс табумен айналысуы керек те, оны жарататын, іске асыратын, қонақты дұрыс күтіп, ерінің жақсы атын шығаратын, үй шаруашылығындағы мәселелерді өзі шешіп, күйеуінің ақылына ақыл қосып, дұрыс шешім қабылдауға итермелейтін - жақсы әйел" деген қазақтарда қалыптасқан көзқарасты дәлелдей түседі. 2.2.1 "Қазақ әйелі" концептісіне қатысты салт-дәстүрлердің этномәдени сипаты. Белгілі бір ұлттың дүниеге көзқарасын, өмір сүру ерекшелігін, талғам-танымын, ұлағат-өнегесін оның рухани мәдениет үлгілерінен - салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпынан көруге болады: Біреудің кісісі өлсе, қаралы - ол Қаза көрген жүрегі жаралы - ол. Көзінің жасын тыймай жылап жүріп, Зарланып неге әнге салады ол? Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл, Қыз таныстыр - қызыққа жұрт ыржаңшыл, Қынаменде, жар-жар мен беташар бар, Өлеңсіз салар қызық бола ма гүл?( Абай, 1-к., 75-б.). Абайдың жоғарыдағы өлең жолдарында қазақ халқының дүниеге шыр етіп нәресте болып келгенннен қайтыс болғанға дейін, яғни тал бесіктен жер бесікке дейінгі салт-дәстүрлерінің барлығы, рухани мәдениет негіздерінің бәрі өлеңмен, сөз құдіретімен байланысты екендігі жөнінде айтылған. Қыз таныстыру, қыз ұзату, қынаменде, жар-жар, беташар - қыз-дәуреннен әйел-ғұмырға аяқ басар тұстағы халықтық дәстүрлер. Жұмыста аталған дәстүрлердің этномәдени мәні көркем шығармадағы мәтіндер мазмұны арқылы ашылған. 
Бұлардан басқа "құрсақ шашу", "өңір салу", "абысын асы", "бастаңғы, "шарғы салу", "тулақ шашу", "итаяғына салу", "қазанжарыс, шөміш қағу" сияқты әйелге қатысты салт-дәстүр, әдет-ғұрып түрлері тілімізде көп кездеседі. 2.2.2 "Қазақ әйелі" концептісіне қатысты қалыптасқан тұрақты тіркестер мен паремиологиялық қордың этномәдени сипаты. Аталған тараушада біз "қазақ әйелі" концептісінің аясына жататын кейбір тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдердің этномәдени мәнін ашуға тырыстық. Мысалы, "Жолымды кеспе" тұрақты тіркесі қазақ халқының әйелге қатысты ырым­тыйымдарының бірі негізінде пайда болған "бағымды байлап, жолымды тоспа" деген мағынада қолданылады. Қазірге дейін, әсіресе ауылды жердің әйелдері ер адамның жолын кеспеуге тырысады: Жәнібек елең етіп қарап еді, бір келіншек пен жастау қыз бастаудан су әкеле жатыр екен. Солар өтіп кетсін деп сәл аялдады. Бірақ аналар орнынан қозғалар емес, тосып тұр. Бұл ештемеге түсінбей аңырып беттеріне қараған. 
- Өтіп кет, қайным, - деді келіншек күлімдеп, - Жолыңды кеспейік деп тұрмыз. Білмеуші ме ең... Әйелге жолыңды кестірме (Қ.Жұмаділов. Бақыт жолында). 
Ал "Қабырғаммен кеңесейін" тұрақты тіркесінің "әйеліммен, үй ішіммен ақылдасайын" деген мағынасы "әйел ердің (Адамның) қабырғасынан жаралған" деген христиандардың қасиетті кітабы Таураттағы ұғыммен дәйектеледі. Белгілі анатом Л.Этингеннің көрсетуінше, қабырғадан жаратылу дерегі Библияға дейін, яғни Адам пайда болғанға дейін орын алған. Ежелгі шумерлер (Оңтүстік Қосөзен елі) су құдайы - Энкиге табынған. Бір жолы оның қабырғасы қатты ауырады. Шумер тілінде қабырғаны "ти" дейтін көрінеді, сондай-ақ "ти" - "тірідей туу", "өмір беру" дегенді де білдіреді. Осы кезде Энкиді емдеген Нинти әйел-құдайы пайда болған. Оны "өмір беретін ханым" деп атаған. Осыдан келіп, ежелгі аңыздар Библия баяндауларына да әсер еткен деп жорамалдауға болады. Инквизиторлар Я.Ширенгер мен Г.Инститористің айтуынша, Хауаның жаратылуына қисық қабырға пайдаланылған, сондықтан әйел түрлі кемшіліктерге толы. Толық жетілмегендіктен, ол үнемі алдауға бейім тұрады. Сондықтан, "қабырға" - Хауаның Адамнан пайда болғанын дәйектейтін символ [6, 67]. 
Қазақ халқының әйелге байланысты ұғым-түсініктері, қалыптасқан көзқарасы ғасырлар бойғы өмір тәжірибесінде түйінделіп, елеп-екшеліп, сұрыпталудан өткен халық даналығының мәйегі - мақал-мәтелдерде сақталған. "Қазақ әйелі" концептісінің көрінісін мына мақал­мәтелдер аңғартады: "Ердің асылы күшінен білінеді, Қатынның асылы ісінен білінеді"; "Атың жақсы болса, бұл дүниенің пырағы, Қатының жақсы болса, бұл дүниенің шырағы"; "Жақсы әйел теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас", "Жақсы қатын жүн қарыз алады, жаман қатын су қарыз алады", "Асыл әйел әрі еркек, әрі қатын", "Олақ қатын оймақшыл, Салақ қатын сауықшыл", "Төркіні жақын қатынның төсегі жиылмас", "Ақылды әйелдің ішінде алтын бесікті ұл жатар", "Ердің атын я аты шығарады, я қатыны шығарады", "Жақсы қатын алғанның тойы өз үйінде", "Еріншек әйел опа жағады, ерінбес әйел еңбек табады", "Жақсы әйел асын жасырмайды", "Қапияда қатын ақыл табады, "Әділсіз болса, би оңбас, Әйелсіз болса үй оңбас" т.б. Тіліміздегі "әйел" концептісіне қатысы бар мақал-мәтелдерде жақсы әйел мен жаман әйелге қатысты халық көзқарасымен бірге әйелдің қоғамдағы орнына байланысты қазақ қауымына тән стереотиптер де ұшырасады. Мысалы, "Денсаулық ғанибет, Сырқаулығы болмаса, Ер жолдасы - қатыны, Ақ жаулығы болмаса"; "Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа", "Алтын басты әйелден бақа басты еркек артық", "Байтал шауып бәйге алмас", т.б. 
2.3 Көркем мәтіндегі "қазақ әйелі" концептісі. Тілден халықтың рухани және материалдық мәдениетінің іздерін байқауға болады. Осымен байланысты қазақ тілінде әйел көркін ғаламның ұлттық тілдік бейнесіне сәйкес сипаттайтын, соған сай танытатын концептілер төмендегіше көрініс тапқан: "Көз" - тана көз, бота көз, бадана көз, айна көз, қарақаттай көз, жәудір көз, күлім көз, көген көз, қой көз, қоңырқай көз, тұнық, мөлдір көз, мойылдай көз, тұнжыр көз, нәркес көз, тостағандай жанары, елегізіген еліктің жанарындай, қос жұлдыздай қос жанары, т.б. Аталған концептіге мәтін деңгейінде мысал келтірейік: Үрей ұялаған қарақат көздері ботаның жанарындай мөлт-мөлт етеді (Д.Исабеков.Гауһартас). "Мойын" - аққу мойын, алма мойын, ерекше аппақ мойын, аппақ жұмыр мойын, ақ торғындай мойын, қаз мойын, т.б. 
Сұлу әйел мойнына байланысты тұрақты тіркес, теңеулердің сирек ұшырасуы халқымыздың сұлулықты сырт көзден жасырып, қымтап ұстайтынынан болса керек. Ал қаз мойын тіркесі иілген әдемі мойынды білдіреді. Әуелде аттың сипатына байланысты, кейін сұлу қыз, көрікті әйелдің мойнына қатысты айтылатын тұрақты тіркеске айналған. Қаз бен аққудың кейбір ұқсастығы негізінде "кербездік", "сұлулық" концептісін бейнелейтін жағымды коннотация туған. Қазақ халқында "қаз" құсы жағымды ассоциация тудырса, орыс халқының танымында оның баламасы "гусь" жағымсыз мәнге ие (гусиная походка, гусиная кожа ). 
Көркем шығармада кездесетін мысалдардағы қазақ әйелінің сұлулығына қатысты тілдік тұлғаның (автордың) сөздік қолданысы да халқымыздың мәдениетіне, ұлттық болмысына сәйкес келетінін байқатады: Менің шашым, адыра қалғыр, айғырдың ту құйрығындай қалың, жуғанда болмаса құрғақ күйінде тарай алмаймын (Ғ. Мүсірепов. Ұлпан); Қос уыс бұрым арқада Қос жылан болып жүреді ( М. Мақатаев. Соғады жүрек). Сонымен бірге "қазақ әйелі" концептісіне қатысты оның бет-жүзін суреттеуде авторлық қолданысқа сай төмендегідей мысалдардың да лингвомәдени мәні талданды: Салтанаттың жүзі бал-бұл жанып, таңғы құлқайыр гүліндей құлпырып кетіпті (Д.Исабеков. Гауһартас). "Құлқайыр" сөзіне "Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде": "жапырағы шоқтанып орналасқан, гүлі ақ, алқызыл, қоңыр қызыл, сары түсті көпжылдық өсімдік" деген түсінік берілген. Кең далада өсіп, оның шүйгін шөбіне мал жайып, таза, саф ауасымен тыныстаған қазақ баласы құлқайырдың жусан, мыңбас, бетеге сияқты шөптермен бірге қой үшін жұғымды, жағымды болып табылатынын біледі. Сондай-ақ өзі күнде көріп жүрген сансыз шөп пен гүлдің ішінен оны басып танып, ажырата алады. Аталған өсімдіктің гүл ашқан таңғы сәтіндегі сан бояумен құлпырып-құбылған түрін көз алдына келтіру қиындық туғызбайды. Байқап отырғанымыздай, қазақ әйелінің "сұлулық" концептісін құрайтын сөздер, тұрақты сөз тіркестері, теңеулерге тірек сөз ретінде халқымыз үшін етене таныс, оның күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, кәсібіне, таным-талғамы мен пайым-парасатына қатысты, тілді тұтынушылар үшін түсінікті, ортақ мағыналар алынған. Ғасырлар бойы негізгі тіршілігінің өзегі мал шаруашылығы боп танылған ата-бабаларымыз төрт түлік малды ерекше қастерлеп алғашқы орынға қойған. Аңшылық, саятшылық, құсбегілік өнердің қасиетін төл мәдениетіміздің бір белгісі санап, табиғатпен астас өмір сүрген көшпенді ата-бабаларымыз сұлулық пен әсемдікке тән белгі-сипаттарды табиғаттың төл перзенттері ретіндегі оның таңғажайып туындыларын (өсімдіктер мен жануарлар әлемі, т.б.) ерекше сезімталдықпен көре білгенін де "қазақ әйелі" концептілік жүйесін құрайтын тілдік деректер айқындайды. Өзге тіл, мәдениет өкілдері үшін күлкілі, миға сыймайтын, бастапқыда қисынсыз көрінетін "бота көз, тана көз, көген көз, қой көз, құралай көз", "аққудың көгілдіріндей", "ақмаралдай керілген", "жауқазындай", "қызғалдақтай" т.б. тіркестері қазақ үшін етене жақын, аса ыстық, үйреншікті ассоциация тудырып, әрі сұлулық, әдемі-әсемдікті сипаттаудағы дәл, анық және баршаға түсінікті бейнелер болып табылады. 2.3.1 Абай өлеңдеріндегі "қазақ әйелі" концептісінің көрінісі. Абай өлеңдерінде де "әйел" концептісін білдіретін бірліктердің ұлттық дүниетанымға сай берілгені аңғарылады. Ана тілімізде "әйел" сөзінің сөздікте көрсетілген екінші мағынасына сәйкес келетін жар, нақсүйер, сүйіктісі, алғаны, қосағы деген сөздердің қолданылатыны белгілі. Сонымен қатар өткен ғасыр басындағы алғашқы қазақ романдарында "жамағат" сөзінің "әйел,зайып" мағынасында жұмсалғанын М.Дулатовтың "Бақытсыз Жамал" романынан кездестірдік: Бірақ мал жағынан көңілі қош болса да, Сәрсенбайдың жамағаты Қалампы
Категория: Ғылыми жұмыстар | Добавил: Frenzy (16.12.2012)
Просмотров: 2443 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Сағат

Сауалнама
Сайтта сізге не ұнайды !!!!!!!
Результаты
Всего ответов: 4012
Сайт мәзірі
Сайт көрсеткіші
Қазір online
Қазір сайтта: 6
Қонақтар: 6
Қолданушылар: 0

Лучшая рип студия!