Жұмыстың өзектілігі. Қазақ балалар әдебиеті - өз даму кезеңінде өзіндік тарихы бар сала. Балаларға арналған әдебиет ұлт тарихында сонау ауыз әдебиетінен бастау алып, қазіргі кезеңге дейін өзінің тілдік, стильдік жағынан, мазмұны мен құрылымы жағынан үлкен белеске көтерілді. Көркем әдебиеттердегі баланың, яғни кейіпкердің тілдік ерекшелігі мен сөз қолданысы, эстетикалық таным деңгейіне сай символдық таңбалардың қалыптасуының өзіндік ерекшелігі де бар. Осы орайда, жекелеген ақын-жазушылардың тілдік тұлғасын қарастырған зерттеу еңбектері болғанымен белгілі бір кезеңге тән балалар тақырыбына жазылған шығармалардағы кейіпкердің тілдік ерекшелігін, ой-танымы мен болмыс-бітімін салыстыра отырып, оны антропоцентристік аспектіде, жас ерекшелік психологиясына сай бала танымын этностың танымдық дүниесімен тығыз байланыстыра зерттеу осы кезге дейін қазақ тіл біліміндегі когнитивтік лингвистикада арнайы қарастырылмағаны белгілі. Осыған байланысты таным – мәдениет – тіл үштігінің принциптері негізінде, балалар шығармаларындағы кейіпкерлердің танымдық ерекшелігін тілдік фактілер арқылы когнитивтік құрылым тұрғысында ғылыми талдау қай кезде болса өзекті мәселе болып табылады. Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің негізгі мақсаты - қазіргі антропоцентристік бағыттың ғылыми теориялық қағидаларына сәйкес балалар әдебиетіндегі кейіпкердің дүниетанымы мен болмысын, тілдік қолданысын этностың ұлттық танымымен байланысты концепт ретінде тұжырымдау, сондай-ақ, балалар шығармалары ономастикалық кеңістігіндегі жалқы есімдер мен тілдік көріктеуіш тәсілдерді, бала психологиясының когнитивтік құрылымын анықтау. Бұл мәселелерді анықтау үшін мынадай міндеттер қойылды: - балалар әдебиеті кейіпкерлерінің тілінде көрініс табатын ономастикалық атауларды анықтап жүйелеу, инвентарлау; - шығармалардың ономастикалық кеңістігіндегі антропонимдік жүйе мен кейіпкерлердің лақап есімдерінің қолдану жиілігін айқындау; - көркем шығармалардағы баланың тілдік тұлғасының қалыптасуына ықпал ететін прецеденттік есімдерді көрсету; - жоғарыда көрсетілген ономастикалық кеңістік, прецеденттік есімдер негізінде М.Гумеровтың, Б.Соқпақбаевтың, М.Қабанбаевтың шығармаларының этнотанымдық жүйесін айқындау; - балалар әдебиетіндегі кейіпкерлердің тілдік құралдарды – фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, диалект сөздер, өзге де көріктеуіш тәсілдерді қолдану аясында кейіпкердің тілдік тұлғасын анықтау; - М.Гумеровтың, Б.Соқпақбаевтың, М.Қабанбаевтың шығармаларының ұлттық мазмұны негізінде көркем тілінің концептуалдық құрылымын анықтау; - балалар әдебиеті кейіпкерлерінің санасындағы эстетикалық танымға сәйкес символдық ұғымдардың қалыптасуын нақты дәйектеу; - М.Гумеровтың, Б.Соқпақбаевтың, М.Қабанбаевтың шығармаларындағы кейіпкердің сөйлеу мәдениетіне тілдік тұлға тұрғысынан сипаттама беру; - шығармада қолданылған онимдерді қазақ тілінің ономастикалық концептосферасындағы құрылымдармен сәйкестендіре қарастыру; - балалар тақырыбына арналған шығармалар тілінің бала танымының психолингвистикалық ерекшелігін айқындаудағы мәнін ашу. Зерттеу жұмысының нысаны ретінде тіл біліміндегі лингвокогнитивтік, психолингвистикалық зерттеудің жаңа бағыттарында анықталған танымға сәйкес балалар әдебиеті кейіпкерлерінің тілдік тұлғасы алынды. Зерттеу жұмысының дереккөздері. М.Гумеровтың, Б.Соқпақбаевтың, М.Қабанбаевтың шығармалары. Зерттеудің негізгі әдістері мен тәсілдері. Зерттеу жұмысының мақсаты мен тақырып ерекшелігіне байланысты сипаттама, салыстырмалы талдау мен жинақтау, концептілік талдау, жүйелеу және оны түсіндіру әдістері қолданылды. Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Зерттеу барысында қол жеткен нәтижелер мен тұжырымдар, талдау жасалған тілдік деректер қазақ тіл біліміндегі когнитивтік лингвистиканы өз деңгейінде толықтыруға үлес қосып, лингвомәдени, этнолингвистикалық бағытта арнаулы курстарда талдау жүргізуге септігін тигізеді. Сондай-ақ зерттеу нәтижелерін психолингвистика, этнолингвистика, когнитивтік лингвистика, көркем мәтінді лингвистикалық талдау пәндерінен қосымша дәріс оқуға да септігі тиеді. Зерттеу жұмысының әдістанымдық негізі. Қазақ тіліндегі балалар әдебиетінің тілін антропоцентристік парадигмада сөз ету, оған жан-жақты когнитивтік аспектіде талдау жүргізу барысында ресейлік когнитолог ғалымдар В.А.Маслова, Е.С.Кубрякова, А.Бабушкин т.б. және қазақ тіл біліміндегі Ә.Қайдар, Т.Жанұзақов, Е.Жанпейісов, Р.Сыздық, Н.Уалиев, Е.Керімбаев, Ж.Манкеева, Қ.Рысберген, Б.Тілеубердиев т.б. ғалымдардың зерттеу еңбектері, теориялық тұжырымдары басшылыққа алынды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері: - зерттеу жұмысында балалар әдебиетіндегі кейіпкер тілінің ерекшелігі мен тілдік тұлғасы анықталып, жалқы есімдердің лингвомәдениеттанымдық, этнолингвистикалық, лингвокогнитивтік ерекшеліктері көрсетілді; - балалар әдебиеті кейіпкерлеріне лақап есімдердің берілуінде ұлттың мәдени болмысы мен ойлау жүйесі, қоршаған дүниені қабылдаудағы ұлттық менталдық танымның ерекшелігі анықталды; - Б.Соқпақбаевтың, М.Гумеровтың, М.Қабанбаевтың балаларға арналған шығармаларындағы кейіпкер қолданысына тән тілдік көріктеуіш құралдарына талдау жүргізілді; - концепт ұғымы кешенді құрылым деп танылып, балалар әдебиетіндегі кейіпкер дүниетанымын нақтылайтын концептінің типтері анықталды; - бала санасындағы қалыптасатын символдық белгілердің лингвомәдени мазмұны сипатталды; - баланың дүниетанымдық ерекшелігін анықтау мақсатында кейіпкердің тіліне психолингвистикалық тұрғыда талдау жасалды; - көркем шығармадағы баланың сөйлеу мәдениетін анықтау мақсатында жұмыста алғаш рет синэргетика термині қолданылып, бала санасына әсер етуші энергетикалық қуаты бар сөздер анықталды. Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар: - Б.Соқпақбаев, М.Гумеров, М.Қабанбаевтың балаларға арналған шығармаларындағы тілдік бірліктердің семантикасы ұлттың мәдени болмысы мен ойлау жүйесі, қоршаған дүниені қабылдаудағы ұлттық менталдық танымға байланысты қалыптасады; - баланың ғалам бейнесі жас ерекшелігіне, танымдық тәжірибесіне, психофизиологиялық қасиеттеріне байланысты ересек адамның ғалам бейнесінен өзгеше болып келетінін зерттеу нысаны айқын көрсетеді; - баланың тілдік тұлғасы ұлттық құндылықтар жүйесін белсенді қабылдайтын өсу, қалыптасу процесіндегі тілдік тұлға; - жасөспірімдердің танымдық деңгейі, қоршаған дүниені қабылдау, лексикалық қордың ортақтығына байланысты балалардың ұжымдық тілдік тұлғасы қалыптасады; - балалар тілінің қолданысындағы жалқы есімдер ономастикалық атаулардың когнитивтік аспектіде зерттелуіне тілдік дерек бола алады; - тіл білімінің когнитивтік саласында лақап есімдер концептқұраушы таңба ретінде танылады; - баланың тілдік тұлғасын қалыптастырушы негізгі сыртқы факторлардың бірі прецеденттік есімдер болып табылады; - шығармадағы фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер, теңеулер, диалект сөздер, авторлық қолданыстар, ұғымдық мәні тектес концептуалдық өрістер өзіндік жүйе құрайды; - концептілік құрылымдар арқылы бала ұғымындағы символдық таңбалар лингвомәдени мазмұнға ие болады; - балалар әдебиетіндегі бала санасына ықпал жасаушы синэргетикалық тілдік бірліктердің психолингвистикалық мазмұнын сипаттау арқылы ұлт мәдениетінің тілдегі көрінісі анықталады. Жұмыстың талқылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының негізгі нәтижелері мен мазмұны бойынша Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-де өткен ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2005); Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен « Қазақ және орыс тілдері шет тілдік кеңестікте: оқытудың қазіргі технологиялары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Алматы, 2005); ҚазҰАУ-да өткен «Мемлекеттік тілде маман даярлау "Жаңа мақсат, жаңа жүйе”» атты республикалық конференцияда (Алматы, 2006); А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Тілтаным» журналында (Алматы, 2007); Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясының Хабарларында (Алматы, 2007) және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы «Лингвистикалық жұма» атты ғылыми-әдістемелік семинарда (2008, маусым) баяндамалар жасалды. Зерттеу жұмысы бойынша республикалық ғылыми басылымдар мен жинақтарда 7 мақала жарияланды. Зерттеу жұмысының құрылымы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады НЕГІЗГІ БӨЛІМ Жұмыстың кіріспесінде тақырыптың өзектілігі негізделіп, зерттеу нысаны, мақсат-міндеттері, қолданылған әдіс-тәсілдер, жұмыстың ғылыми жаңалығы мен нәтижелері, теориялық маңыздылығы мен практикалық құндылығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар жинақталып баяндалды. Әр тараудың соңында және қорытындыда тұжырымдар беріледі. Бірінші тарау «Поэтонимдердің көркем мәтіндегі терминдік, функционалдық сипаттамасы» деп аталады. Қазіргі қазақ тіл білімі өзінің дамуында жаңа бағытты басынан өткеріп отыр. Тілді психолингвистикалық, когнитивтік тұрғыдан қарастыру арқылы тілші ғалымдар тілдік бірліктердің антропоцентристік сипатын ашуға мүмкіндік алды. Бұл орайда ономаст ғалым Б.Тілеубердиев «Когнитивтік лингвистика жалқы есімдерді зерттеуде жаңа бағыттарға жол ашады, бұл дегеніміз бұған дейінгі этнолингвистикалық, дәстүрлі, жүйелі-құрылымдық, лингвомәдениеттанымдық, әлеуметтік лингвистикалық парадигмаларды жоққа шығармайды, қайта керісінше ономастикалық процестерді жаңа тұрғыдан көрсету мен ұғынуға ұмтылыс жасайды» (1.21). Осыған орай, біздің мақсатымыз қазақ балалар әдебиетінің ономастикалық кеңістігіндегі жалқы есімдерді тану, ондағы бала санасы арқылы дүниені тану мен қабылдаудың мәнін ашу болып табылады. 1.1. Балалар әдебиетіндегі жалқы есімдердің қолданыс аясы. Б.Соқпақбаев, М.Гумеров, М.Қабанбаев қазақ балалар әдебиетінде ерекше қолтаңба қалдырған тұлғалар. Аталмыш жазушылардың шығармаларындағы кейіпкерлер мен олардың лақап аттары, жер-су атауларының мәні ұлттық таным мен болмысқа, психологиялық танымға негізделген. Балаларға арналған әңгімелері мен повестерінде дүниені танудағы жас ерекшелік психологиясы мен танымның когнитивтік санадағы көрінісі айрықша рең беріп тұрады. Мысалы: «Менің атым – Қожа» шығармасының тілдік жүйесі Қожаның психологиялық қабылдауы мен оның когнитивтік санасындағы дүниетанымы деңгейінде құрылған. Шығарманың басты кейіпкері Қожаберген өз есіміне деген танымдық көзқарасты психологиялық тұрғыдан былай көрсетеді: Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін. Мәселен, Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қараңдаршы. Айтуға да ықшам, естір құлаққа да жағымды. Әрі мағына жағынан да қазақ тілінен сабақ беретін Майқанова тәтейше айтқанда, бұлар жоғары идеялы есімдер [Б.С.] т.б. Бұл жерде Қожаның пікірін пайымдау үшін алдымен оның таным деңгейін түсіне білу қажет. Мұндағы ең басты әсер етуші фактор қоршаған орта, қоғамдық сана. Егер индивид өзінің жеке ойы мен қабылдауын әлеуметтік сананың пікірімен байланыстыра алмаса, онда мұндай логикалық құрылым болмаған болар еді. Ұлттың болмысына қатысты мұндай құбылыс «Ортаншы ұл» шығармасында былай суреттеледі: Тақыр бас бала тақылдап біраз сөйледі. Алмастың ұққаны: Өлместің шын аты Өлкебай екен. Көршісіндегі бір келіншек қайынағасының атын атамау үшін, оны ойнап жүрген балалардың көзінше ылғи «Өлмес» дей беріпті. Бұл сөз бірте-бірте балалардың құлағына сіңіп, ақыры олар оны «Өлмес» деп атай бастапты [М.Ғ.]. Мұндағы бір көрініс, қазақ халқындағы отбасына келіп түскен келіндердің жаңа түскен үйдегі адамдардың атын атамай, астарлап жеткізудің әсерінен болғанын байқатса, халқымыздығы ырым-тыйым сөздердің әсері де болғанын көрсетеді. Сонымен бірге, «Қала және қыз бала» әңімесінде де адамға ат қоюдағы ырымға сену құбылысы анық байқалады. Мысалы: Елубір деген бала ылғи мені сыртымнан бағып жүреді дедім ғой. Өзі аппақ шөлмектей жүдеу, артқы партада отырады. Әке-шешесі ұзақ жылдар перзент көрмей, елу бір жасында осы бала дүниеге келіпті. Елубір деп сол себептен атапты [М.Қ.]. Мұның өзі адамзаттың, оның ішінде қазақ халқы, қай кезеңде өмір сүрсе де ұлттық таным мен ойлаудың ежелгі дәстүрлі тәжірибесіне сүйенетінін байқатады. Жалпы, жалқы есімдер өз бойында белгілі бір кезеңге, тіпті тұтас бір елдің тарихына қатысты ақпараттарды жинақтай отырып, көркем мәтіндегі қолданыста ерекше маңызды рөл атқаруы мүмкін. Жазушы шығармаларындағы жалқы есімдер қаламгердің өскен ортасы мен дүниетанымы тұрғысынан ұлттық болмысқа негізделген. Мысалы, Б.Соқпақбаев Қостөбе топониміне қатысты қызықты мәліметтер келтіре келіп, оны Текес гидронимімен тығыз байланыста алып қарайды. Мысалы. Қазақстан картасынан Алматыны көзіңізді жұмып тұрып тауып алатыныңызға мен дауласпаймын. Астанаға дәл барып тірелген саусағыңызды енді тау сілемімен шығысқа қарай сырғытыңыз. Тоқтаңыз! Мен әңгіме етіп отырған үркердей шағын ауыл Қостөбе, міне, осы арада, шекараның дәл түбінде, менің Қостөбем, менің Текесім! [Б.С.]. Сондай-ақ бұл атаулар денотаты, топографиялық мекен-жайы нақты, Қазақстанның топонимдік кеңістігінде кездесетін реалды нысандар. Машқар Гумеров өз шығармаларында ономастикалық атауларды талғаммен қолдана отырып, оған тән мәдени ақпараттарды бала санасында қалыптастыруға ерекше көңіл бөлген. Яғни, әрбір атауды бере отырып, оның шығу тарихына тоқтала кетуді мақсат еткен. Әсіресе, қаламгердің Шұңқыртомар, Қорасал атауларына берген түсініктемелері осыған дәлел. Мысалы: Ауылдың шығыс жағындағы осы бір үлкен көлдің аты Қорасал. Бұлай аталған себебі: көлдің орта тұсына таман екі арал бар. Тұрмысқа қолайлы көлді жағалай үш ауыл қоныс тепкен. Соның бірі- осы Қорасал, екіншісі- теріскей жақта, бір жарым шақырым жердегі Жалтыр. Колхоз орталығы да жеті жылдық мектеп те сонда [М.Ғ.]. Б.Соқпақбаев шығармаларындағы тағы бір жиі кездесетін атаулар – ру атаулары. Бұл атаулардың барлығы да қаламгердің дүниетанымы мен өскен ортасымен тығыз байланысты. Автор бұл атауларға қатысты көркем мәтінді образды түрде бере отырып, кейбір ру аттарына қатысты этимологиялық этюдтерді сәтті ашып көрсетеді. Мысалы: Беснайзалар ежелден жауынгер, ұры ел болған. Рудың Беснайза атануы да тегін емес. Бір үйдің шаңырағынан сорайған бес найзаның ұшы шығып тұрыпты, содан Беснайза атаныпты деген сөз бар [Б.С.]. Осы берілген мысалда Беснайза руына қатысты мәдени ақпараттарды жазушы шеберлікпен бере білген. Сондай-ақ: Қостөбеде, негізінен, Құрмандар тұрады. Құрманның «Киікбай», «Найза» деп аталынатын екі руы. Біз Найзамыз, Дұрысы Беснайза. Беснайза екіге бөлінеді: Байқазақ, Жолыш. Біз – Жолышпыз. Барлығы Алаштың балалары ғой [Б.С.] т.б. деген сөйлемдер арқылы Қостөбедегі этникалық құрамды нақты көрсетіп кетеді. Жалпы, балалар әдебиеті кейіпкерлерінің тілінде жалқы есімдердің қолданылуында айтарлықтай ерекшеліктер жоқ. Себебі, балалар әдебиетінің негізгі кейіпкері де, оқырманы да – бала. Сол үшін автор әрбір жалқы есімдерді қолдануда оған байланысты мәдени ақпараттарды – аңыз-әңгімелер, тарихи оқиғалар, қоршаған ортаға тән белгілерді балаға ұғынықты, қабылдауға ыңғайлы етіп қолданады. 1.2. Балалар әдебиеті кейіпкерлерінің тіліндегі көріктеуіш тәсілдер. Қазіргі кезде лингвостилистикалық зерттеулерді жазушының таза тілдік ерекшеліктері, яғни стильдік, сөз қолдану, көріктеу құралдарын қолдану ерекшеліктері т.б. сипатта қарастырумен ғана шектеуге болмайды. Мысалы, көркем мәтіндегі тұрақты тіркестер сөздің эмоциялық – экспрессиялық мәнін арттырады. Мұндай тұрақты тіркестер арқылы жазушы шығармаларында ұлттық болмыс пен танымның белгісі айқын аңғарылады. Мысалы: Жоламан тез-тез адымдап, үй орнындай жерге топтала өскен доланаға таянғанда, Кәрішалдың даусы пышақ кесті тына қалды [М.Ғ.] деген сөйлемдердегі тұрақты тіркестер арқылы ақпаратты ықшам, бейнелі түрде берудің өзіндік қолтаңбасын көрсетеді. Тұрақты тіркестердің бұл қырының жарқын көрінісін сөз шеберлерінің тезінен өтіп, шығармашылық көрігінде шыңдалған көркем туындылардан кездестіруге болады. Б.Соқпақбаев та, М.Гумеров те мұндай тәсілдерді өте сәтті қолдана білген. Мысалы: Шал да, Мұқамеди де, әйелдері де, тіпті кішкентай Садық та мал емес, ең бір аяулы жақын адамдары өлгендей көздерінің жасы көл болып, еңіреп жүр [Б.С.] деген сөйлемдерден екі қаламгердің кейіпкер психологиясы мен танымын тұрақты тіркестер арқылы шебер суреттеуін айқын аңғарамыз. Фразеологизмдер арқылы кейіпкер тілінің сөз байлығын, әсіресе, балалар тілінің тілдік қолданыс ерекшелігін дәл беруде М.Қабанбаевтың стильдік ұстанымы, баланың өскен ортасына тән сөз саптау мәнерін ерекше талғаммен беруі қаламгердің шеберлігін танытады. Мысалы: Бүйтіп қиюым келіспей, ыза боп тұрғанда шаңдатып шапқылап жүргені шат-шәлекейімді шығарды [М.Қ.] т.б. Тілдегі дағдылы қолданыстан тыс құбылысты және көркем шығармадағы қолданысына қатысты авторлық шығармашылық, стиль табиғатын тануға көмектесетін, негіз болатын ерекше мәнді бір заңдылық бар. Ол – окказионализм құбылысы. Б.Соқпақбаев, М.Қабанбаев, М.Гумеровтың шығармаларына талдау жасай отырып, қаламгерлердің осы дәстүрді шебер пайдалана білгеніне айқын көзіміз жетті. Мысалы: Біз жайлауға келгелі табаны трактордай бір ай шамасы уақыт өтті [Б.С.]. Отқа тақау үлкен қара табаға жабылған тәрелкенің астынан құймақтардың құлағы қылтияды [М.Ғ.]. Түс ауа шулы үлкен қала жастанып жатқан сүңғі шыңдардың басына бұлт байланып, күннің қалпағы кисайып сала берді [М.Қ.] т.б мысалдардағы трактордай бір ай, құймақтың құлағы қылтиды т.б. авторлық қолданыстардың сәтті пайдаланылғанын байқаймыз. Көркем әдебиетте көп қолданылатын тілдің көріктеуіш тәсілдерінің бірі – мақал-мәтелдер. Балалар әдебиетіндегі кейіпкер тілінде де мазмұн мен ойды беруде қолданылған мақал-мәтелдердің қызметі ерекше. Бұл турасында зерттеуші Ш.Қарсыбекова: «Мақал-мәтелдер – қазақ этносына тән дүниетаным мен сананың айқын айғағы, халық даналығы мен философиялық толғанысының, эстетикалық танымы мен тағлым-тәлімінің, өркениеті мен мәдениетінің – барша болмысының айғағы» деген пайымдау айтады [2.3]. Мұндай құбылысты қаламгер шығармаларындағы: Шыбыным, әйтеуір ешкімге тимей, ұрынбай, жайыңа жүр. Тек жүрсең, тоқ жүресің дейді атам қазақ..... Біреудің ала жібін аттаушы болма. Мешкей деген жақсы ат емес [Б.С.] т.б. сөйлемдерде берілген мақал-мәтелдер арқылы айтылар ойды нақты жеткізуді мақсат еткен. Мұндай орнымен үйлесімді қолданылған мақал-мәтелдер көріктеуіш құрал ретінде мәтін тілін жандандыра әсерлендіруге қызмет етіп, белгілі бір құбылыстың негізін дәл бейнелеуде өзіндік ерекшеліктермен жұмсалады. Мысалы М.Гумеров шығармасындағы: Жаңыл ұлына: - Е, жындымысың? – деп елеусіз жымың қағып, - «Сезікті секірер» деген. «Ел құлағы елу» деген емес пе. Жұрт кеңседегі шешім жайынан әп-сәтте хабарланып та үлгеріпті [М.Ғ.] тәрізді мақал-мәтелдерде атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық этникалық көзқарас пен салт санасы нақты берілсе, М.Қабанбаевтың шығармаларындағы: "Тілімді алсаң, қарадан қашық, ақ атаулыға асық жүр. Ақ атаулы аспанға түсіп бара жатса, жылқыдайын жалыңды, түйедейін шудаңды төсе, қарғам!" [М.Қ.] деген сөйлемдердегі қарадан қашық, ақ атаулыға асық жүр бояты тәрізді мақал-мәтелдерден халықтың бағзы замандардан келе жатқан этносқа тән өмір тәжірибесінің көрінісін байқауға болады. Көркем әдебиет тілі туралы сөз болғанда, әдетте оны құрайтын екі компонентті ескермесе болмайды. Олардың бірі – авторлық баяндаудағы тіл де, екіншісі – кейіпкер тілі. «Шыңырау» әңгімесінде кейіпкер тілінің ерекшелігі автордың тілі арқылы өте сәтті берілген. Мысалы, Алма «шолақ шалады» деп, Рахат пен інісін онда жібергісі келмей, қолынан жетектеп алды да, әйелдерді бастап үйге кірді [М.Ғ.] т.б берілген тілдік бірліктерді автор халықтың сөз байлығы арасынан таңдап, екшеп алып, мақсатты түрде айтар ойдың мазмұнын аша алатын лексикалық қор ретінде пайдаланып отыр. Мысалы «Пысық болдым, мінеки» әңгімесіндегі: «Бала» - Шалтай жездем тізесімен оюлы киізді егей түсіп, жылжып барып, Түйе атаның мұздатқышта көп тұрып қалған тұшпара секілді быт-шыт құлағына айқайлап жатыр [М.Қ.] деген сөйлемдерден қаламгердің сөз қолдану шеберлігі мен айтылар ойдың бала танымына қатыстылығын талғампаздықпен бейнелегенін байқаймыз. Көркем шығармада кейіпкер табиғатын, болмысын ашуға маңызды көріктеуіш құралдарының бірі – диалог. Бұл жазушының когнитивтік танымы мен талғамына, шеберлігіне байланысты. Мысалы, «Үш күн, үш түн» әңгімесінде бала психологиясындағы қымсыну, сөзге сараңдықтың белгілерін былай береді: -Немене, поездан қалып қойдың ба? -Иә. - Түу-у, ашықауыз-ай, Мына аязда вагонда отырсаң болмады ма? – Билетің бар ма? - Жоқ. - Түу-у! Поезға қайдан отырып ең? -Қызылжардан. [М.Ғ.] деген үзіндіде диалогтың құрылымдық қызметі тиімді пайдаланылған. Диалог ауызекі сөйлеу тіліне жататын қарапайым сөздердің қатысуымен жасалған. Қаламгер кейіпкер аузына түрлі сөз орамдарын салу арқылы мінезін, атқаратын қызметін, өскен ортасын және қарым-қатынас жасайтын адамдарды әр қырынан көрсетіп тұр. Көркем шығармадағы кейіпкер тілінің жасалуы туралы академик Р.Сыздық: «Көркем шығарма тілін талдағанда жазушының суреткерлік шеберлігі мен эстетикалық мүмкіндігін тануға болады. Жазушының өз шығармасының поэтикалық деңгейіне сай етіп тілдік құралдарға жүк арта алады ма, әр сөздің, фразаның құдіретін дұрыс танып, олардың барша потенциалды қабілетін жарата білді ме деген жайттар осы әңгімеден туындайды» деген пікір білдіреді [3.47]. Прозалық шығармаларда автор диалогты түрлі сипатта қолдана отырып стильдік мақсатта құрады. Мұндай құбылысты М.Қабанбаевтың шығармаларынан да айқын аңғаруға болады: - Жүз сом... Аз емес пе? – деді кәңгірлей күліп. Циркші шал:- Аз болмаса... мардымсыз жалғыз пенсия жетпейді. Осы кептерді кәсіп қыламын, - деп жыланды. Ағай жомарт екен: -Мә, тағы он сом. Баламның қуанышы үшін бәрі садаға. Жалғыз ұл... Келістік пе ? – деді. Қол алысты [М.Қ.] . Б.Соқпақбаев та, М.Гумеров те, М.Қабанбаев та монологты беруде кейіпкер тілінің ерекшелігіне аса мән берген секілді. Мысалы, Б.Соқпақбаев әңгімелерін оқи отырып ондағы монологтың аса талғампаздықпен берілгеніне куә боламыз. Автор ішкі монологқа ерік беру арқылы кейіпкердің ішкі психологиясы мен дүниетанымын, ментальді дүниесін дәл көрсетуді мақсат етеді. Мысалы:. Мен табиғатты сүйемін. Мен шынайы поэзияны сүйемін. Абай мен Қасымды қанша оқысам да менің сусыным қанбайды. Қайталап оқи бергім келеді, оқи бергім келеді. Мен Құрманғазы мен Дәулеткерейдің күйлерін тыңдағанда өзімді өзім ұмытып кетемін. Махамбет жырының әр сөзінің астынан дүрсілдеген ат дүбірін, қарш-құрш сілтескен найза, қылыш үндерін естігендей болам. О, қасиетіңнен айналайын, қазақ жері. Осының бәрі сенің топырағыңда өсіп, өнген кереметтер емес пе... [Б.С.]. Ішкі монолог кейіпкердің ой-сезімін жеткізетін автор сөзі тұрғысынан берілген. Берілу тәсілінің өзі де ішкі монологтың табиғатына тән қасиетпен, яғни эстетикалық таным арқылы келген. Шығармада бала ойының монолог арқылы берілу құбылысы «Қала және қыз бала» әңгімесіндегі басты кейіпкер Айгүлдің: «Аспандап ұшқан ақ құстар-ау, білесіңдер-білмейсіңдер, бойыма біткен бар ақтығым мен пәктігімді сендерге сыйладым, ол аз болса, күміс қоңыраудай сыңғырлаған ән-үнімді қоса ұсынып, асыл мен жасыл қасиетімнің бәрін қарымта тілемей құрбан еттім. Аяққа жығылып сұрайтыным – айналып кеп, алақаныма бір қонып кетіңдер, асыл мен жасылдың бодауы, қайтқан қаруы сол болғай! Көп кергімей қонып кетіңдер [М.Қ.] деген монологы арқылы бала психологиясының тағы бір қырын аша түскен. Көркем прозадағы бейнелеу тәсілдерінің бірі – мінездеу. Шығармада кейіпкер характерін сомдау, оның кескін-келбетін, сөйлеу мәнері мен психологиялық көріністерін, мимикасын бейнелеу шығарманың желісі мен композициялық құрылымын жетілдіруде маңызы зор. Мысалы, Мен болсам ағайыма тартпағанмын, тез ысып, тез суимын. Ыза болсам, күйіп-жанып дызақтап кетем. Ойланбай істеп, ойланбай сөйлеп, өкінетін кездерім көп болады. Соңынан сол үшін өзімді өзім жек көріп жүрем [Б.С.]. Ал Саматтың жүріс-тұрысы, жаратылыс, бас терісі басқа жаратылған бала. Қазан бас сары, бұйығы, тік мінез. Жүрісі сылбыр, сөзі аз [М.Ғ.] т.б. мысалдардан шығармадағы кейіпкердің шынайы мінез-құлқын, психологиялық ахуалын, көзқарасын анық байқауға болады. Көркем шығармада жиі кездесетін көріктеу тәсілдерінің бірі – суреттеу. Оқиға құбылыс жайын, кейіпкердің сыртқы бейнесін, мінез-құлқын беруде болсын жазушы суреттеуге көп барады. Суреттеу арқылы қаламгерлер өз кейіпкерінің нақты образын, түрін, болмысын дәл беруге тырысады. Мысалы: Бойы менің бойымнан мұншалық ұзын, жуан мойын, сом денелі, қарынды кісі екен. Түсі сұрлау, көздері кішілеу адам екен. Құлақ-мұрны, ерні жырым-жырым, беттерінің әр жері тыртық, саусақтарына қарасам, бір саусағының өзі менің мына үш саусағымдай екен. Қап-қалың еріндері сөйлегенде икемге келмей, сөзді добалдап бұзыңқырап сөйлейді [Б.С.] тәрізді суреттеуде Б.Соқпақбаевтың көркемдік әлемінде кейіпкер әрекеті мен болмысына, өмір сүру ортасына тән психологиялық мән жатыр. Ал, суреттеудің тағы бір үлгісі М.Ғұмардың шығармасында былай берілген: Біздің ауылда Жетпісбай атты бір атай бар.Әр кезде түрлі себептермен оның жеті мүшесі зақымдалған екен. Атап айтқанда:1. Оң көзі жоқ, орнында тек ағараңдаған без сияқты ет бұлтиып тұрады. 2.Сол құлағы жұлынған, содан түп жағы шұнтия түрісіп қалған. 3. Мұрны сол жағына қарай қисық, сол себепті оң жақ танауы үңірейіп көрінеді. 4. Аяғы ақсақ. 5. Сол қолы шолақ, шынтағына дейін жоқ [М.Ғ.]. Қазіргі кезеңде қазақ тілінің қоғамдық-әлеуметтік қызметінің өрістеп, дамуымен байланысты әдеби тілдің функционалдық-стильдік жақтан саралану үрдісі тереңдей түсті. Осыған байланысты диалектизмдерді де әдеби тілдің нормасымен сыйыспайды деген қауіптен гөрі жергілікті тіл ерекшеліктері ұлттық әдеби тілді байытудың қайнар көзі деген пікірлер де көп айтыла бастады. Бұл құбылыс көркем шығармалардағы балалар тақырыбына жазылған әдебиеттердің тілінде жергілікті тілдің ерекшеліктеріне орай шынайы берілген. Мысалы, қаламгерлер өз шығармаларында диалект сөздерді бала тілінің қолданысына сай былайша береді: Арық тізесі ағаштай сорайып, иегін тіреген аурушаң шешем жез шәугімнен ақ су құйып отыр [Б.С.]. Жарты сағаттай әуреленіп, бір құшақ шөпті зорға жұлдым. «Шіркін, шотаяқ болса! – деймін өзіміздің қораны еске алып. –Онда мына маяны оп-оңай үңгіп кірер едім» [М.Ғ.]. Электр шамдары сонау аумақта ауланың дарбазасынан басталды да, сонсын сенекке кіре берісте, сенектің ішінде, коридорда, бөлмелерде бірден-бір жарқырап тұр [М.Қ.] деген мысалдардағы шәугім, шотаяқ, сенек т.б. тілдік бірліктер белгілі бір аймақта айтылатын сөз сол өңірдегі тұрғындардың кәсібіне, шаруашылығы мен мәдениетіне, өнер мен салт-дәстүріне т.б. байланысты этнолингвистикалық лексиканың құрамында әдеби тілді байытуда пайдасы орасан зор. Көріктеуіш құралдар – шығарманың өңін кіргізетін ең ұтымды тәсіл. Оның ішінде теңеулердің мәні ерекше зор. Сондай-ақ автор тілінде теңеулер өңдеуден өтіп, жаңаша қырынан көрініс береді. Мысалы: Мен Сұлтанның мұншалық жаны тәтті жарғанат екенін біле қойған жоқ едім [Б.С.]. Оның ақ шаршысының шетінен көрінген шашы қабырғадағы кішкене әйнектен түскен күн сәулесімен шағылысып, аққудың мамығындай ағара үлпілдейді. [М.Ғ.] т.б. Бұл тілдік тәсілдердің барлығы да көркем шығармада белгілі бір стильдік мақсаттарға орай қолданылатынын байқаймыз. Көріктеуіш құралдар кейіпкердің мінез-құлқын, психологиялық ахуалын, эмоциясын дәл беруге жағдай жасайды. Бұл айтылған мәселелер балалар әдебиетінің кейіпкерлерімен тығыз байланысты. Себебі, бала тілінде де ұлттың рухани құндылығы ретінде ана тілінің бейнелі сөз оралымдары жиі қолданылады. 1.3. Балалар әдебиеті кейіпкерлеріне тән лақап аттардың лингвосемиотикалық ерекшеліктері. Көркем әдебиеттерде кездесетін кісі есімдерінің ендігі бір түрі – лақап аттар. Алдын-ала анықталмай, таңдау нәтижесінде пайда болған есімдердің қатарына осы лақап аттарды жатқызуға болатын тәрізді. Себебі, көркем шығармадағы лақап аттар автордың шығарма тақырыбы мен мазмұнына сай, ондағы кейіпкерлердің жас ерекшелігіне байланысты әдейі таңдап алынған есімдер болып келеді. Бұл - балалар әдебиетінің кейіпкерлеріне тән дүние. Біз өз жұмысымызда профессор Т.Жанұзақовтың: «Лақап есімдердің табиғатын, оның әртүрлі қасиет-сипаттарын социолингвистикалық тұрғыдан зерттеудің мәні айтарлықтай. Лақап есімдердің түрлері, әрбір адамның мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, адамдармен өзара қатысына т.б. байланысына тағылған лақап есімдер тілімізде аз емес. ...Әсіресе мектеп оқушыларының лақап есімдерін социолингвистикалық тұрғыдан зерттеу өте қызықты да, ғылыми тұрғыдан салиқалы болары сөзсіз» деген пікірін басшылыққа алдық [4.35]. Көркем әдебиеттегі балалар тақырыбына жазылған шығармаларда кейіпкерге лақап есім қоюдың өзіндік ерекшелігі де бар. Ол шығармадағы кейіпкерлердің жас ерекшелігі, іс-әрекеті, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, келбетіне байланысты лақап есімдерді дәл тауып қоюы. «Пысық болдым, мінеки» әңгімесінде кішкентай бала Тілешке қойылған лақап есімді кейіпкердің ойымен сабақтастыра келіп: Құдай шіркін адамдарды жаратып келіп, кезек Үшбасқа жеткенде қатты шаршап қалған білем, қалғып-шұлғып отырғанда қателесіп кетіп, төбе деп шүйдені томпита салса керек. Үшбастың шын аты –Тілеш қой. Басы үшеу, төртеу, әлде алтау бола ма, Тілеш оған пысқырмайды да [М.Қ.] деген мысалдармен келтіреді. Осы тұста қаламгер лақап ат қоюдағы бала танымы мен талғамының объективті деңгейін көрсете білген. Тіпті балалар әдебиетіндегі жалқы есімдердің ішінде адам аттарының кейбірі мазмұны мен дыбыстық құрылымы жағынан өзінен-өзі лақап атқа сұранып тұратыны тағы бар. Мысалы, «Сабаз бен Нөкербек» әңгімесіндегі: Құдықтың суын төге бастағанда, бала-шаға қаптап кетті. Уақ балаларды былай қойғанда, үлкендеулерінен Сабаз, Нөкербек, Өміртай, Кетік Кетебек, Шұнақ Шотбай, Тағай таз, Дөңмұрын – бәрі сонда [М.Ғ.] деген мысалдардан шығарма кейіпкерлерінің есімдері осыны аңғартады. Бұл сонымен бірге балалар арасында кез келген есімге лақап ат беруде объектіге қатысты физиологиялық, психологиялық фактілерді қалт жібермей, дәл қоя білетінін көрсетеді. Балалар әдебиетіндегі Б.Соқпақбаевтың кейіпкерлеріне тән лақап аттардың ішінде адамның сыртқы келбетіне орай берілген лақап аттарды байқауға болады. Мысалы, «Менің атым Қожа» әңгімесіндегі: Сүттібайдың үлкен баласының аты да Қожа. Оқушылар екеумізді шатастырып алмас үшін өңімізге қарап, мені Қара Қожа, оны Сары Қожа деп атайды [Б.С.] т.б. мысалдардан балалар өз арасында жанама ат қоюдың өзіндік себептерін дәл таба қоятынын байқаймыз. Болмаса, шығармадағы Қожаның шын аты – Қожаберген. Оған әлеуметтік ортасы сыртқы келбетіне орай лақап ат бергенде оның азан шақырып қойған есімінің мазмұны мен құрылымын сәтті пайдаланған. Мұндай құбылыс балалар әдебиетіндегі лақап есімдердің табиғатына да тән. Себебі лақап аттардың өзі кейіпкердің әлеуметтік жағдайымен тікелей байланысты. Лақап есімдерді жайдан-жай қоя салмайды. Ол жоғарыда айтып өткеніміздей, адамның мінез-құлқы, кескін-келбеті, жүріс-тұрысы, тіпті мамандығына байланысты берілуі мүмкін. Екінші тарау « Балалар әдебиеті тілінің когнитивтік негіздері» деп аталады. Бүгінгі таңда тіл біліміндегі көркем шығарма тілін прагматикалық, когнитивтік, психолингвистикалық парадигмада қарастыруда біршама нәтижеге қол жетті десе болады. Жаңа ғылыми парадигмаға сай тілді зерттеуде негізгі назар тілдік тұлғаға аударылады, сонымен байланысты тілді зерттеудің жаңа мақсаттары, маңызды ұғымдар мен тәсілдер, метатілдік теориялық негіздер қалыптаса бастады. Жалпы тіл табиғатын когнитивтік негізде қарастыру үлгісі В.Гумбольдт, Т.А. ван Дейк, Э.Сепир, И.Потебня тәрізді ғалымдардың еңбегінен бастау алады.. Бұл ретте жемісті еңбек еткен қазақ ғалымдары Ә.Қайдар, Е.Жанпейісов. Ж.Манкеева, М.Копыленко, Г.Смағұлова т.б. зерттеулері тек этнолингвистика үшін емес, когнитивтік зерттеулер үшін де құнды мазмұнға ие. Бүгінгі таңда тілдің жан-жақты қызметі мен оның адам санасы арқылы объективтенуі лингвомәдениеттанымдық, когнитивтік аспектіде зерттелуі өз нәтижесін беріп келеді. Ал тілдік таңбалардың қызметі мен қолданылуы, мағыналарын танымдық деңгейде қарастыруды концептілік құрылымдар арқылы талдаудың мәні зор. 2.1. Балалар әдебиетінің лингвоконцептуалдық құрылымы. Жалпы ғалымдардың кейбірі когнитивтік талдауда ақиқат пен бейақиқат мәселелеріне қатысты көзқарасты қайта қарау қажеттігін, өйткені оның нақты ғылымдарда алынатын тәжірибелік деңгейдегі нанымды нәтижелер алуға, жеке адамдар мен әлеуметтік топтардан үздіксіз алынып жататын жаңа мәліметтер арқылы үнемі өзгеріп отыратын «ішкі әлемнің» үлгісін жасауға мүмкіндік беретінін, оның адамдар арасындағы қарым-қатынастарындағы келісімдер мен қайшылықтарды, саяси және идеологиялық жүйелер негізін анықтауда таптырмайтын әдіс екенін ерекше атап өтеді. Яғни тілді мәлімет беру мен мәлімет қабылдаудың когнитивтік жүйесі ретінде бағалайды. Сол себепті біз өз жұмысымызда аталмыш қаламгерлердің балалар тақырыбына жазылған көркем дүниелеріндегі кейіпкердің тілдік тұлғасын қарастыруды мақсат тұттық. Жалпы, тілдік тұлға дегеніміздің өзі ұлттық тіл ортасында, ұлттық құндылықтар арасында тәрбиеленген, ұлттық рух пен ұлттық тілді толық меңгерген жеке адам, бүкіл ұлттық болмысты бойына жинақтаған индивид. Тілдік тұлға мәселесіне қатысты ресей ғалымдарымен қатар, қазақтың тілші ғалымдары да нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Дегенмен ұлттық тілдік тұлға мәселесін орыс ғалымдары арасында Ю.Н.Караулов кеңінен зерттесе, өз тілші ғалымдарымыздың қатарында Ф.Терекованың зерттеуінде Қ.Қ.Жұбановтың тілдік тұлғасына жан-жақты сипаттама берілген болатын Ю.Н.Карауловтың пікірінше [5,671], тілдік тұлғаның құрылымын мына деңгейлер құрайды: Нөлдік немесе вербалды-семантикалық деңгей; бірінші немесе лингво-когнитивтік деңгейді ұғымдар, концептілер, идеялар сияқты бірліктер құрайды. Қазіргі таңда көркем әдебиет тілін таным тұрғысынан қарастыру, қаламгерлердің сөз қолдану ерекшелігі мен автор бейнесі ретінде ғаламның тілдік бейнесін жасаушы жазушының тілдік тұлғасын талдау бүгінгі күні өзекті мәселе болып отыр. Қазақ тіл білімінде соңғы уақытта жүргізілген зерттеулердің ішінде Ш.Ниятова Махамбеттің тілдік тұлғасын, Ш.Елемесова байырғы ұлттық танымның көркем прозадағы тілдік бейнеленуін, Ж.Б.Саткенова көркем шығармадағы кейіпкер тілінің когнитивтік мәнін, тілдік тұлға мәселесін тереңінен зерттеп, Ф.Қожахметованың Тұрамағамбет Ізтілеуовтың, А.Жуминова Олжас Сүлейменовтың тілдік тұлғасын жан-жақты қарастырған еңбектері бар. Зерттеуші Ж.Сәткенова өз еңбегінде концептілерді жеке тұлғалық, адамдардың жас ерекшеліктеріне байланысты, жалпыұлттық деп бөліп қарастырады [6.26]. Яғни зерттеуші Б.Соқпақбаевтың тілдік тұлғасын жан-жақты талдап, автор шығармаларындағы концептілік құрылымның 25 түрін көрсетеді. Ал біз өз жұмысымыздың нысаны ретінде М.Гумеров, М.Қабанбаевпен қатар Б.Соқпақбаевтың да шығармаларын алғанымызбен, біз бұл қаламгерлердің балаларға арналған шығармаларын, оның кейіпкерлерінің тілдік ерекшелігі мен таным деңгейін арнайы қарастырамыз. Бала ұғымына қатысты білімдердің концептуалдық жүйесін сонау ауыз әдебиеті үлгілерінен бері қарай топтастырсақ, онда халқымыздағы бесік жыры, ертегілер, аңыздар, батырлар жырынан бастау алып, бүгінгі біз сөз етіп отырған ақын-жазушылардың шығармаларымен тығыз байланысып жатыр. Оның ішінде поэтикалық мәтіндер мен прозалық шығармалардың тілдік тұлғасындағы бірегейлік пен концептуалдық ұқсастық анық байқалып тұрады. Ал біз қарастырып отырған қаламгерлердің шығармаларындағы «Жалғыздық» концептісі де ұлттық таным тұрғысынан айқын көрсетілген. Біз зерттеу нысаны етіп алып отырған қаламгерлердің қайсысын алып қарасақ та бір ерекшелігі сол, шығармаларындағы кейіпкерлердің негізі ата-анасының жалғызы болуында. Мысалы: Әке-шешесі ұзақ жылдар перзент көрмей, елу бір жасында осы бала дүниеге келіпті. Елубір деп сол себептен атапты [М.Қ] деген мысалдардан осы құбылысты байқауға болады. Ж
|