Сабақ жоспарлары
Мысалы: Бейнелеу 1-6 сыныпқа сабақ жоспарлары
Главная » Статьи » Ғылыми жұмыстар

Батырұлы Қайып хан және оның әулетінің тарихы
Зерттеу жұмысының негізгі нысаны: Қайып хан мен оның әулетінің тарихы арқылы XVIII-ХІХ ғасырлардағы белгілі қазақ азаматтарының мемлекеттілік, елдің бірлігі мен болашағы жөніндегі саяси қимылдарын саралау және олардың Ресей, Парсы, Қытай, Хиуа, Бұхара мемлекеттерімен байланысын жаңа деректер арқылы зерделеу. Осындай бағытта ғана Батырұлы Қайып хан мен оның әулетінің тарихы тұтастай бір жүйеге келеді. 
Зерттеу жұмысының методологиялық негізі: Диссертацияда алға қойылған мәселелердің мәнін жан-жақты ашу үшін тарих ғылымындағы әлемдік және осы заманғы зерттеу методологиясының ғылыми әдістері пайдаланылды. Объективтілік, тарихилық, жүйелілік, салыстырмалық және талдау, жинақтау, даму сияқты ғылыми таным принциптері басшылыққа алына отырып, зерттеу тақырыбы бойынша мұрағат құжаттарын, жарық көрген әдебиеттерді сыни тұрғыдан сараладық. 
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы: Батырұлы Қайып ханның қоғамдық-саяси қызметі арнайы зерттеуге айналған емес. Әр жерде жарық көрген, өзара қайталанып жүрген мәліметтер тарихи тұлғаның бейнесін толық негізде ашпайды. Оның үстіне Қайып хан әулетінің тарихы XVIII-ХІХ ғасыр-лардағы Қазақстан тарихындағы ақтаңдақ беттерінің бірі екені даусыз. Себебі патшалы Ресейдің қазақ даласын отарлау саясатының басталуы, кейін ішкерілеп енуі, дәстүрлі хандық басқару жүйесін жоюы, халық азаттық қозғалыстар, Қазақстанның толықтай отар елге айналуының барлығы сол кезеңде болғанды. Осындай қалыптасқан қоғамдық-саяси жағдайда Қайып хан ұрпақтарының бірі Ресей, екіншілерінің Орта Азия хандықтары бағытын ұстанғандығы тарихи деректер негізінде соны көзқарастармен анықталды. Қайып хан әулетімен қазақ қоғамындағы белді ел игілерінің арасындағы қарым-қатынас төркіні жаңаша зерделенді. Сонымен бірге Отандық тарихнамада аты аталмай, қызметтері белгісіз болып келген кейбір Қайып хан ұрпақтарының тарихы ғылыми тұрғыдан талдауға алынып, мол мұрағаттық құжаттар арқылы сараланып, ғылыми айналымға алғаш рет енгізілді. Мұның барлығын өзара байланыстырып, жүйелеп, кешенді түрде зерттеу тұңғыш рет жүзеге асып отыр. 
Зерттеу жұмысының деректік негіздері: Диссертациялық жұмысты жазу барысында, Батырұлы Қайып хан мен оның әулетінің тарихына қатысты алдымызға қойған мақсат-міндеттерімізді орындау үшін бүгінге дейін жарық көрген, зерттеу жұмысымызға тікелей қатысы бар деректер пайдаланылды. Қазақстан тарихына қатысты деректерді жинау, оны жариялау тарихы патшалы Ресей заманында басталғанымен, кең түрде дамуы, тақырыбымызға байланысты мұрағат құжаттарын жинақтау кешегі Кеңестік жүйеде жүзеге асырылды. Сонымен қатар бүгінде мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген деректерде қолданысқа енді. Батырұлы Қайып хан мен оның әулетінің тарихын саралауда біз үшін төмендегі құжаттар мен материалдар жинақтары айтарлықтай көмек жасады. 
1869 жылы жарық көрген «Архив государственного совета» жинағында Қайып хан мен оның ұлдары Әбілғазы, Шерғазы қызметтеріне қатысты құнды деректер бар [17]. 1908-1915 жылдар аралығында Ташкентте полковник А.Г.Серебренниковтың құрастыруымен басылып шыққан «Сборник материалов для истории завоевания Туркестанского края» жинағының І-VII томдарында Қайып хан ұрпақтары Жанғазы Шерғазыұлы, Бөрі Тәукеұлы, Алланазар Жанғазыұлы, Алтынғазы Нұрымұлының Хиуа хандығымен және Ресеймен арадағы байланыстарын анықтайтын деректер жарияланды [18]. 1935 жылғы «Материалы по истории Каракалпаков» жинағында ХІХ ғасырда Әбілғазы хан мен қарақалпақтар арасындағы байланысты, Хиуа ханы Мұхаммед Рахимның Әбілғазы, Арынғазы хандар иелігіне жасаған шабуылдары туралы мәліметтер берілген [19]. 1936 жылы жарық көрген «Материалы по истории Башкирской ССР» жинағында Қайыптың атасы Қайып хан тарихына қатысты құжаттар бар. Жинақта Тәуке ханның қайтыс болуынан соң Қайыптың хан сайланғаны, оның Ресеймен жүргізген байланыстары көрсетілген [20]. Шығыс деректері негізінде 1938 жылы жарияланған «Материалы по истории туркмен и Туркмении» жинағында Хиуада хан болған Қайып ұлдарының қызметі мен XVIII ғасырдағы Кіші жүз бен Хиуа арасындағы қатынастар туралы деректер кездеседі [21]. 
1940 жылғы «Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.)» жинағында басылған және жанында кейбір араб тілдеріндегі түпнұсқалары қоса берілген 151 құжаттың 43-і Қайып хан мен оның ұрпақтары Әбілғазы, Шерғазы, Арынғазы т.б. қызметтеріне тікелей қатысы бар маңызды деректер болып табылады [22]. 1948 жылы «Материалы по истории Казахской ССР (1741-1751 гг.)» жинағы Мәскеу мұрағатында сақтаулы 140 құжатты жариялады. Құжаттың 22-і Батыр мен Қайып хандардың қызметтерін саралауда құнды дерек көздеріне жатады. Онда Батырдың Кіші жүздегі қызметі, хан сайлануы, Қайыптың Хиуадағы қызметі, Батыр, Қайып хандардың Әбілқайыр, Нұралы хандармен және Орынбор әкімшілігімен арадағы байланыстары көрініс табады [23]. 1960 жылғы «Материалы по истории политического строя Казахстана» жинағындағы 137 құжаттың 7-і Батыр сұлтан, Қайып хан және Жұма Құдаймендіұлының тарихынан сыр шертеді [24]. 1961 жылы жарияланған «Казахско-русские отношения XVI-XVIII веках» жинағындағы 276 құжаттың 49-ы Қайып (Хұсырауұлы – Ж.И.), Батыр, Қайып хандардың және Батырұлы Бөрі сұлтанның қызметтеріне қатысты маңызды тарихи мұралар бола алады [25]. 1964 жылы жарық көрген «Казахско-русские отношения XVIІІ-XIХ веках» жоғарыдағы жинақтың жалғасы болды. Ол 1771 жылдан бастап 1867 жылдар аралығындағы Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Алматы қалаларындағы мұрағат қорларынан алынған материалдарды баспадан шығарды. 353 құжаттың 16-ы Қайып хан мен оның ұрпақтары Жантөре Жиһангерұлы, Ахмет Жантөреұлы, Жанғазы Шерғазыұлы, Бөрі Тәукеұлы және Нұрым Әбілғазыұлының қызметтеріне арналған [26]. 
1963 жылы шыққан «Русско-туркменские отношения в ХVIIІ-ХІХ вв.» жинағында Батырханұлы Қарабай, Қайыпұлы Шерғазы сұлтандар және қазақ-түрікмен, қазақ-хиуа байланыстары туралы материалдар бар [27]. Парсы, түрік деректері негізінде 1969 жылы жарық көрген «Материалы по истории Казахских ханств» жинағында Батыр, Қайып хандардың және Қайып ұлдарының Хиуадағы іс-әрекеттеріне қатысты мәліметтер келтірілген [28]. 
1998 жылы жарияланған қытай деректері негізіндегі «100 құжат» жинағында Батыр, Қайып хандардың Қытаймен байланыс жасап, Пекин сарайына елшілер жібергендігін дәлелдейтін деректер жарияланды [29]. 
1996 жылы Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа, 2002 жылы Бөкей Ордасы тарихына арналып жарық көрген жинақтарда да Қайып хан ұрпақтарына қатысты мәліметтер кездеседі [30]. 
2005 жылы жарияланған «История Казахстана в персидских источниках» [31] жинағында Қайып хан генеалогиясына қатысты деректер келтірілсе, ал «История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков» [32] жинағынан Батыр, Қайып хандарға және олардың ұрпақтарына қатысты материалдарды табамыз. Міне, осындай мол құжаттар мен материалдар көрсетілген жинақтарда жарық көргенімен, бүгінге дейін ғылыми айналысқа түспеген мұрағат деректері баршылық. Олар негізінен Мәскеу, Орынбор, Астрахань, Ташкент, Алматы мұрағаттарында сақтаулы. 
1. Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік Мұрағаты (ҚРОММ) – №4 Орынбор қырғыздарының облыстық басқармасы қорында Қайып хан әулетінің тарихына қатысты көптеген құжаттар бар. 
2. Ресей Империясының Сыртқы Саясат Мұрағаты (РИССМ) – №122 Қырғыз-қайсақ істері, №125 Ресейдің Хиуамен қатынасы, №109 Ресейдің Бұхармен қатынасы қорларында Батыр, Қайып хандардың және олардың ұрпақтарының тарихы туралы маңызды материалдар сақталған. 
3. Ресей Мемлекетінің Әскери-Тарихи Мұрағаты (РМӘТМ) – №52 Г.А.Потемкин, №231 П.П.Сухтелен, №483 Орта Азияға әскери қимылдар, №846 ВУА қорларында Қайып хан мен оның ұрпақтарының қоғамдық-саяси қызметтеріне қатысты деректер мол. 
4. Ресей Мемлекетінің Көне Актілер Мұрағаты (РМКАМ) – ІІ Екатерина кабинетінің №10, П.А.Зубовтың №193, Сарай бөлімінің №1239 қорларында Қайып хан мен оның ұрпақтарына қатысты мәліметтерді кездестіреміз. 
5. Ресей Федерациясының Орынбор облыстық Мемлекеттік Мұрағаты (РФОрОММ) – №1 Орынбор экспедициясының, №2 Орынбор комиссиясының, №3 Орынбор губерниясы канцеляриясының, №4 Симбирск және Уфа генерал-губернаторы канцеляриясының, №5 Орынбор шекаралық істері экспеди-циясының, №6 Орынбор генерал-губернаторы канцеляриясының, №166 Г.Ф.Генс қолжазбаларының қорларында Батыр, Қайып хандар және олардың ұрпақтарының қызметтеріне қатысты көптеген құнды деректер сақталған. 
6. Ресей Федерациясының Астрахань облыстық Мемлекеттік Мұрағаты (РФАОММ) – №1 Астрахань азаматтық губернаторы канцеляриясының, №394 Астрахань губерниясы канцеляриясының қорларында Қайып ханның Астрахань қаласына аттандырған елшілігі туралы құжаттар бар. 
7. Өзбекстан Республикасының Орталық Мемлекеттік Мұрағаты (ӨР ОММ) – №И-715 Г.Сереберенниковтың Орталық Азияны жаулауға байланысты жинастырған құжаттары қорынан Қайып хан немересі Жанғазы Шерғазыұлының өміріне қатысты деректер алынды. 
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: Батырұлы Қайып хан және оның әулетінің тарихына қатысты барлық тарихи құжаттарды саралай отыра, XVIII-ХІХ ғасырлардағы қазақ қоғамындағы өзгерістер, Қайып хан мен оның ұрпақтарының Қазақстанның батыс өңіріндегі тарихи орнын, қазақ халқының оларға сенім артқанын аңғарамыз. Кезінде хан, сұлтандар тарихы біржақты қарастырылғанымен, бүгінде олардың қазақ халқы мен мемлекеттілігі үшін аянбай күрес жүргізгенін байқаймыз. 
1 Қазақстанды отарлау саясаты анық Кіші жүзден басталғаны белгілі. Кіші жүздің Ресейге «бодан болуына» қазақ ақсүйектерінің барлығы бірдей көзқараста болмады, оған қарсы болғандар қатарында Батыр сұлтанда болды. Орынбор әкімшілігі Кіші жүзді Ресейге қосуда қазақ ақсүйектерін бір-біріне айдап салып, бөліп ал да билер бер саясатын жүргізді. 
2 XVIII ғасырда Кіші жүзбен көршілес Хиуа хандығын қазақ сұлтандарынан шыққан хандар басқарғаны тарихи шындық. Хиуаны билеген Қайып хан Кіші жүз ханы Нұралымен және Ресеймен байланыс жасап, хандықтағы өз ықпалын арттыруды көздеді. Ресей өз мүддесі үшін Батыр мен Әбілқайыр ұрпақтарының бірігіп, күшейіп кетпеуі үшін олардың арасына жік салып, араздастыруды, сол арқылы Әбілқайыр ұрпақтарын өздеріне жақындатуды көздеді. 
3 Хиуадан оралған Қайып хан Кіші жүздің оңтүстігі, Сыр бойында тұрақтап Әлімұлы бірлестігін басқарды. Батыр, Қайып хандар Қытаймен байланыс жасады. Нұралы хан Уфаға қуылғаннан кейін Қайып Кіші жүз хан тағына ұсынылды. Сырым батыр бастаған беделді қазақ азаматтары тарапынан Қайып хан қолдау тапты. 
4 Қайып ханнан кейін тарих сахнасына оның ұрпақтары көтерілді. Оларда Сырыммен тығыз байланыста болып, елдің тыныштығы үшін орыс үкіметімен қарым-қатынас жасап тұрды. Сыр бойындағы халықтың амандығы оларға жүктелді. Өйткені бұл аймаққа Батыр хан заманынан бастап осы әулеттің билігі мықтап орныққанды. 
5 Кіші жүзді мемлекеттік біріктіру, дәстүрлі хандық басқаруды сақтап қалу үшін Қайып хан ұрпақтарының Ресеймен байланысы жаңа арнада дамыды. Осы кезде олардың Хиуа, Бұхара хандықтарымен де қарым-қатынастары соны қырларынан көрінді. 
6 Хандық басқарудың жойылуы өлкенің қоғамдық-саяси өміріне өзгерістер енгізді. Осыған орай Қайып хан ұрпақтарының бір бөлігі жүздегі орыстық 
басқару жүйесіне тартылуымен ерекшеленді. 
7 ХІХ ғасырда қазақ даласына орыс отаршылдығының тереңдей енуіне қарсы болған Қайып хан ұрпақтары Хиуа хандығы бағытын ұстанды. Сол арқылы орыс саясатына өздерінің қарсылығын білдірді. Хиуа хандары да Кіші жүздің өзіне бағынуына әрқашанда мүдделі болып, армандаумен өтті. Сол тұстағы тарихи құжаттар қазақтардың Хиуа, Бұхара хандықтарымен тығыз байланыста болғандығын дәлелдейді. 
8 Батырұлы Қайып хан және оның әулетінің тарихын зерттеу арқылы XVIII-ХІХ ғасырлардағы белгілі хан, сұлтан, би, батыр, старшындардың тарихын толықтыра түсіп, олардың өзара байланыстары дәлелденеді. 
Қорыта келгенде, диссертациялық зерттеуіміздің негізгі тұжырымдары бірін-бірі толықтырып, жаңаша ой елегінен өткізіліп, өзіндік тұжырымдарымен Қайып хан және оның әулетінің тарихы нақтыланады. 
Зерттеу жұмысының тәжірибелік маңызы және сыннан өтуі: Бұл диссертация жұмысы тарихымыздың «ақтаңдақ» беттерінің бірін зерттеуге арналған. Батырұлы Қайып хан мен оның әулетінің тарихы өзімізге дейін жарық көрген әдебиеттерді саралай отыра, мол мұрағат деректері негізінде алғаш рет талдауға түсіп, ғылыми бағасын алып отыр. Сол арқылы XVIII-ХІХ ғасырлардағы Қазақстан тарихының көлеңкелі тұстары ашылып, белгілі тұлғалар тарихы құнды мәліметтермен толықты. Мұның өзі осы кезеңге қалам тартып жүргендерге де танымдық пайдасы бар деп ойлаймыз. Зерттеу жұмысының негізігі тұжырымдары мен алынған қорытындылары жоғары оқу студенттері мен магистрларына, аспиранттарына арналған оқулықтарда, арнаулы курстар мен семинарларда пайдалануға болады. Диссертация М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасында талқыланып, негізгі тұжырымдары, ой желісі нәтижелері, қорытындылары сараланып, қорғауға ұсынылды. 
Диссертацияның негізгі мазмұны мен тұжырымдары М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің, «Тараз» институтының, Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының профессор-оқытушыларының дәстүрлі конференцияларында баяндалып, талқыға түсті. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау тізіміндегі журналдарда 5 ғылыми мақала жарық көрді. 
Диссертация құрылымы: Диссертация жұмысы кіріспеден, үш тараудан, қорытынды бөлімнен, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Кіріспеде тақырыптың өзектілігі негізделіп, мәселенің зерттелу деңгейі көрсетілді. Зерттеудің мақсат-міндеттері, деректік негізі, хронологиялық шеңбері, методологиясы, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұысынылатын тұжырымдар мен тәжірибелік маңызы айқындалды. 
«Батырұлы Қайып хан және оның қоғамдық-саяси қызметі» деп аталатын бірінші тарауында Қайыптың ата-бабасының қазақ қоғамындағы ролі жаңаша ой-елегінен өткізіліп, Қайып ханның Хиуа хандығы мен Кіші жүздегі қоғамдық-саяси қызметі соны деректермен сараланды. 
Қайып Батырұлының қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына ата-тек үрдісі, олардың қазақ қоғамындағы атқарған қызметтері, көршіле халықтармен, мемлекеттермен байланыстары сөзсіз ықпал жасады. Қайыптың жастық шағы патшалы Ресейдің қазақ даласына отарлау саясатының басталу кезеңіне сәйкес келді. ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында Кіші жүзде басталған Ресей саясатына Қайыптың әкесі Батыр сұлтан сенімсіздікпен қарап, оған қарсы көзқараста болды. Батыр сұлтан Әбілқайыр ханның Ресеймен ашық жақындасуын қаламаған. Дегенмен жүзге қатысты, мемлекеттік мәселелерде ел игілері бірлесе қимылдаған. Оған Әбілқайыр ханның 1745 жылы Батырдың ұлы Қайып сұлтанды Нәдір шахқа елшілікке жіберуі дәлел [33]. Қайып есімінің мұрағат деректеріне ене бастауы мен қоғамдық-саяси өмірге араласуы осы кезден бастау алады. Содан шах жанында тұрақтаған Қайып сұлтан Нәдір шахтың өлімінен соң 1747 жылы шілдеде Хиуаға хан сайланады. Хиуада билікке келген Қайып хан Кіші жүз билеушілері Нұралы, Батыр хандармен тығыз қарым-қатынаста болды. Оның үстіне Қайып хан Ресей империясымен байланыс жасауға ұмтылды. 1750 жылы көктемде Қайып хан Шербек бастаған елшілігін Орынбор арқылы патша сарайына аттандырады. Сөйтіп Қайып хан Хиуадан тікелей Орынборға елшілік жіберген алғашқы Хиуа билеушісі болды. Елшілік арқылы патша үкіметіне бұрын Елбарыс ханның кезінде Хиуадан Ресейге елші болып барған Артық батырды кері қайтаруды, Орынбордан шығатын және оған баратын сауда керуендерін әкесі Сеид Бахадүр ханның ұлысымен жүруін және Нұралы хан мен інілері ол керуендерден ешқандай алым алмау мәселелерін ұсынды [34]. Алайда Хиуаның Парсы бодандығынан босағаны туралы нақты хабардар болмауына байланысты және Хиуа ханының тәуелсіз билеуші екеніне күмәнмен қараған патша үкіметі Қайып хан елшісін патша сарайына жіберуден бас тартты [35]. 
Орынбормен байланыстың сәтсіз болуына орай Қайып хан 1751 жылы патша сарайымен Астрахань арқылы қатынасқа шығуды көздеді. Бірақ бұл әрекеті те сәтсіз аяқталып, Нурулла бай бастаған Хиуа елшілігі 1752 жылы қаңтарда Астраханнан Гурьев арқылы кері Хиуаға қайтады [36]. 
Осы жылдары сауда керуендерінің Кіші жүз ханы Нұралы мен Хиуа ханы Қайып тарапынан да тоқтатылуы екі жақты келісімге келтіруге итермеледі. Мұның арты Нұралы хан елшілерімен бірге Орынбордан орыс елшілерінің Хиуаға келуіне әкелді. Қайып ханның орыс елшілеріне сенімсіздікпен қарауы олардың біраз уақыт Хиуада болуына себеп болды. Осыдан соң Орынбор әкімшілігі Кіші жүз ханы Нұралыны Хиуаға Қайып ханға айдап салуға ұмтылды [35, 37-іс, 37-41 пп.]. Сөйтіп Әбілқайыр мен Батыр ұрпақтарының арасын шиеленістіру арқылы патша үкіметі Қайыпты Хиуадағы биліктен айырып, оның орнына өз саясатына ыңғайлы билеушіні сайлауды қалады. Бірақ Ресейдің бұл ойы жүзеге аспады. Бұл кезде хандықтағы өз ықпалын арттыруды көздеген Қайып хан Хиуадағы өзбек әмірлеріне соққы беруден соң ел басқару ісінде тәуелсіз саясат жүргізді. Алайда көп ұзамай Хиуада болған толқудан қауіптенген Қайып хан Кіші жүзге оралды. Ордаға оралған Қайып хан Кіші жүздің оңтүстігінде әкесі Батыр хан жанында тұрақтады. ХVIII ғасырдың 50-60 жылдары Орта жүзге Қытай қаупінің төнуі, оның көршілес халықтарды жаулап алушылық саясаты Кіші жүз билеушілерін де толғандырған. Соған байланысты Батыр, Қайып хандар Нұралы ханмен бірге 1763 жылы Қытайға елші аттандырды [29, 61-62 бб.]. 
1766 жылы шілдеде Орынборға келе жатқан Хиуалық керуенді Қайып сұлтан бастаған Кішкене шектілер тоқтатқан. Оған осыдан бес жыл бұрын Сыр бойында көшу кезінде Кішкене шектілердің 7 мың жылқысын хиуалықтардың қуып кетуі себеп болған. Осы жылы жазда Батыр хан, Орта жүздегі ұлы Құдайменді сұлтан, Дәуітбай тархан (атақты Жәнібек батырдың ұлы – Ж.И.) және Жауғашар қырғыздарға қарсы күресте Абылай сұлтанға көмекке бару үшін қол жинаған [33, 122/2-т., 1763-1767, 15-іс, 631 п.;1762-1775, 14-іс, 279 п.]. 
1768 жылы Нұралының өзіне мұрагер-наместник тағайындауды сұрауына байланысты Кіші жүзге келген тілмәш Я.Гуляевтің хандық таққа үміткерлер қатарына Ерәлі, Абылай сұлтандармен бірге Қайып есімін атауы Батырұлының ордадағы саяси салмағын анықтаса керек. Ал 17 сәуірде Орынбор губернаторы А.А.Путятиннің Сыртқы істер коллегиясына «Батыр сұлтан тегін бұл атаққа (хандыққа – Ж.И.) жіберу мүлдем тиімсіз, оның пайдасыз болуы мүмкін» деп хабарлауы орыс үкіметінің Батыр хан ұрпақтарына сенімсіздікпен қарағанын одан әрі дәлелдей түседі [33, 122/2-т., 1766-1769, 18-іс, 268-269, 274 пп.]. 
1769-1770 жылдары Орынбор губернаторы И.Рейнсдорп үш жүздің халық санын, ру құрамын, оларды басқарған билеушілердің есімдерін көрсеткен тізім жасаған. Онда Кіші жүздегі Әлімұлы руларын атақты сұлтандар Ерәлі мен Батыр, олармен қатар Қайып, Досалы, Шақғазы, Қарабаш, Ерәліұлы Бөлекей сұлтандар басқарады делінген [33, 122/2-т.,1769-1773, 19-іс, 25а п.]. 
1771 жылы қазақ даласы арқылы Қытайға көшкен Еділ қалмақтарына қарсы күреске қазақ билеушілерімен бірге Қайып хан да өз әскерімен қатысқан. Ол туралы капитан Н.П.Рычков өз жазбасында «Бұл күні түс ауа бізге Қайып хан келіп қосылды. Кіші жүзде оның әкесі Батыр хан бар, Қайып сол жерде де бірсыпыра білікті руларды билеп, Нұралы ханнан тәуелсіз иелік етіп жүр» деп көрсетеді [3, с.71, 85-86 бб.]. Мұның өзі мемлекеттік мәселелерде ел игілерінің қол қусырып отырмай бірлесе қимылдағанын, қажет кезінде көмекке қол созғанын айғақтайды. Осы тұста Кіші жүз тарихында өзіндік терең із қалдырған Батыр хан қайтыс болды. Осыдан соң Сыр аймағындағы қазақ руларын басқару Қайып хан қолына көшті. Қайып ханның Кіші жүздің қоғамдық-саяси өмірінде өрлеу кезеңі Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыспен тұспа-тұс келді. 1785 жылы шілде айында Кіші жүзде өткен қазақ старшындарының жиналысында қоғамдық-саяси жағдайды талқылап, старшындар Нұралы ханды тақтан тайдыру мәселесін көтерді. Осы кезде Сырым бастаған старшындар Кіші жүз хан тағына Ресейден тәуелсіз Қайыпты ұсынды. Сырым батыр бастаған старшындар 1785 жылы қазан айында ІІ Екатеринаға жазған хатында «Кіші жүздің би, батыр, старшындары мен мырзалары өзара келісіп, бізге пайдалы деп санап, Қайып ханды хандыққа бекітуді сұраймыз, өйткені Қайып хан қазақ ордасындағы хандық тектен» деп жеткізуі Қайыптың ел сеніміне ие болған тұлға екендігін дәлелдейді [37]. Қайып ханды бекіту жөніндегі старшындардың өтінішіне қайтарған жауабында О.А.Игельстром «Нұралы ханның орнына Қайып ханды бекіту менің билігімде емес» [38] дегенді алға тартып, жаңа ханды тағайындау ІІ Екатеринаның әмірінде екендігін мойындады. Ал ІІ Екатерина патшайым болса бұған аса сақтықпен қарады. 
1786 жылы 9 наурызда Кіші жүзде өткен Кеңеске Сырым батыр бастаған Кіші жүздің белгілі тұлғалары қатысып, 1000-ға тарта халық жиналған. Кеңеске Батырұлы Қарабай сұлтан ұлымен бірге қатысқан [37, 198 п.]. 12 наурыз күні адъютант М.Черкаский мен ахун М.Хұсайыновтың Қайып хан туралы сұрақтарына Әбдіжәлел қожа «Қайып хан әйгілі тектен шыққан. Ол көңілді рухтағы, шешім қабылдай алатын әділ адам және қолы кең, өзінің осындай жақсы қасиеттерімен ол халықты өзіне тартып, үлкен тыңдауға әкелді» деген мінездеме береді [38, 367-іс, 102 п.]. 1786 жылдың жаз бойына старшындар Қайып ханмен тығыз қарым-қатынаста болды. Осы жылы қыркүйекте Қайып хан Кіші жүзде өткен Кеңеске қатысады. Сол тұста патша үкіметінің Қайыпты хандыққа бекітпейтінін аңғарған кейбір Байұлы старшындары құпия түрде оны хан сайлаған. Старшындардың Қайыпты хан сайлағанын Сопыра батырдың О.А.Игельстромға «билер патша еркінен тыс Қайыпты хан атады» деп хабарлауы да растай түседі [38, 212-213, 267 п.]. Сонымен бұрын Орданың оңтүстігіндегі Әлімұлы бірлестігін басқарған Қайыпты Нұралының Уфаға кетуінен соң Байұлы руларының қолдап хан сайлауы Кіші жүздің саяси жағынан бірігуіне, яғни біртұтас хандық басқару жүйесінің құрылуына әкелетін. Бұл жағдай сол тұста Кіші жүздегі хандық басқаруды жоюды мақсат еткен орыс саясатына кереғар болатын. Осыны ескерген ІІ Екатерина Қайыпты хандыққа бекітуден бас тартты. Алайда патша үкіметі бекітпегенімен қазақ руларының Қайыпты өмірінің соңына дейін өздерінің ханы ретінде танығанын мұрағат деректері дәлелдейді. 1787 жылы Кіші жүздің Әлімұлы бірлестігінің бірсыпыра руларында расправалар бекітілгеннен кейінгі уақытта да, Ресей хан деп танымағанмен де Қайыптың хандық билігінің сақталуы жалғасады. Расправалар мен бас старшындар қызметі құрылғаннан кейін де Қайып хан Сырым батырмен тығыз байланыста болды. Оны 1789 жылдың басында Қайып ханның Сырым батыр бастаған Кіші жүздің беделді тұлғаларымен бірге Астрахань қаласымен байланыс жасауы дәйектей түседі [36, 1 қ., 9 т., 163-іс, 8 п.]. Елдегі тыныштық пен бірлікті қалпына келтіру үшін Қайып хан осы тұста Кіші жүзде әртүрлі заңдар шығарған. Ол қазақтардың бір-бірінің малын барымталап, ұрлық істегені үшін айыпқа тартып, жаза қолдану, зекет жинау т.б. енгізген. О.А.Игельстром болса патша билігінсіз халықтан алым-салық жинауға ешкімнің құқы жоқтығын, Қайып ханның өз еркімен енгізген заңдарына қарсы болды [17, С.847-848]. Сөйтіп губернатор Қайып ханның дербес, тәуелсіз саясат жүргізуінен қауіптенді. Сол тұста Сібір шебіне арнайы келген полковник Бентам Кіші жүзді Қайып хан билейтіндігін, Сырым батыр, Боранбай би, Қаракөбек батырларды ең беделді адамдар қатарына жатқызып, олардың Қайып хан қарамағына қарайтынын көрсеткен. Қайып ханға қарайтын рулардың мекендейтін аумағын Сыр бойынан бастап Орынбор, Орскіге дейінгі жерлермен белгілеген Бентам Қайыпты Кіші жүздің ханы деп мойындайды [39]. Алайда Кіші жүзде біртұтас хандық басқару жүйесін құруға ұмтылған Қайып хан көп ұзамай 1789 жылы күзде қайтыс болды. 
«Қайып хан ұрпақтары және Қазақстанның батыс өңіріндегі қоғамдық-саяси ахуал» атты екінші тарауда Қайып ханнан кейін тарих сахнасына көтерілген Қайып хан ұрпақтарының Кіші және Орта жүздегі қызметтері, олардың Ресей, Бұхар, Хиуамен арадағы қарым-қатынасы жаңа деректермен жан-жақты баяндалады. 
Қайып хан қайтыс болғанымен артында көптеген ұрпақтары қалды. Әсіресе сол тұстағы саяси өмірде ерекше көзге түскені Әбілғазы, Шерғазы сұлтандар болды. 1789 жылы Сыр бойы халқы Қайыптың орнына үлкен ұлы Әбілғазы сұлтанды хан сайлады. Ал Орынбор әкімшілігі болса патша үкіметінің араласуынсыз жаңа ханның сайлануына қарсы болып, Әбілғазының хан атануына тиым салуға ұмтылды [17, с.849-850]. 
Нұралының қайтыс болуынан кейін патша үкіметі оның орнына 1791 жылы жасы ұлғайған Ерәлі сұлтанды хан сайлауына Әбілғазы хан, Сырым батыр бастаған Кіші жүздің би, батырлары өз наразылықтарын білдірді. 
Қайып ұлдарының бірі Шерғазы бұл кезде Кіші жүзден депутат ретінде Ресейде болатын. Шерғазы сұлтан сол кезде жүріп жатқан орыс-швед соғысына қатысып, секунд-майор әскери шенін иеленген. Сонымен бірге Шерғазы 1790-1791 жылдары орыс елшілігімен бірге Бұхараға барып қайтты. Осы тұста Орынбор губернаторы А.А.Пеутлингтің қазақтар мәселесін шешпей, керісінше қазақ-орыс қатынастарын ушықтыруы Сырым бастаған старшындардың Петербургтегі Шерғазы сұлтанмен байланыс жасауына әкелді. Содан Орынборға келген Шерғазы Қайыпұлы қазақ-орыс қатынастарын реттеуге ұмтылды. 1794 жылы күзде Әбілғазы хан, Бұрқан, Есенғали сұлтандар, Сырым, Қаракөбек бастаған қазақтың би, батырлары Орыбордың жаңа губернаторы С.К.Вязмитиновпен байланысқа шығу арқылы елдегі тыныштықты қалпына келтіруді көздеді [40]. 
Ерәлінің қайтыс болуынан соң С.К.Вязмитинов 1795 жылы Кіші жүзде Ресейге адал Есімді хан сайлады. Хан сайлау алдында губернатор Петербургтегі Шерғазы Қайыпұлын Орынборға алдырған. Бірақ Шерғазы кейін кері Петербургке жіберіледі. Тек 1797 жылы күзде І Павел патшаның рұқсат етуінен соң Орынборға оралады. Содан Сырым бастаған старшындар Шерғазыны ордаға қайтаруға ұмтылды. Елге оралған Шерғазы ордадағы орыс тұтқындарын қайтарумен жұмыстанды. Бұл кезде Әбілғазы хан Сыр бойында тұрақтады. 1798 жылдың аяғында Орынбор губернаторы Н.Н.Бахметев тапсырмасымен Әбілғазы хан мен Қаракөбек биге аттанған Шерғазы сұлтан 1803 жылға дейін Ордада тұрақтап қалды [41]. 
ХІХ ғасыр басында Орынбор әкімшілігінің қазақтарға қарсы жүргізіп отырған отаршыл саясатына Кіші жүздің оңтүстігіндегі Әбілғазы хан иелігіне қарасты Әлімұлы рулары сауда керуендерін тоқтату арқылы, өз қарсылықтарын білдіріп отырды. Осы бағытта 1803 жылы Орынбордан Бұхарға аттанған Я.Гавердовский басқарған орыс керуенін тоқтатты [42]. 
1804 жылы Орынборға оралған Шерғазы сұлтан бұрынғыша қазақ-орыс қатынастарын реттеумен жұмыстанды. 1805 жылы Жантөре Айшуақұлының хан сайлануынан кейін ордадағы саяси оқиғалардың шиеленісіп бара жатқанын сезген Орынбор губернаторы Г.С.Волконский Шерғазыны Қаратай, Бөкей сұлтандарға аттандырды [41, 243а-іс, 5-14 пп.]. Бұл жылдары Кіші жүздің шығысындағы Орта жүз руларын басқарған Батыр хан ұрпақтары Жұма Құдаймендіұлы, Жиһангер Қайыпұлы, Баба Қайыпұлы, Жантөре Жиһангерұлы т.б. сұлтандар Орынбор әкімшілігімен байланыс жасап тұрды. Қайып хан немересі Жантөре сұлтан Бөкей Нұралыұлының қызына үйлену арқылы Әбілқайыр мен Батыр хан арасындағы құдандалықты әрі қарай жалғастырды. 
1806 жылы Хиуа тағына Мұхаммед Рахимның отыруына байланысты Кіші жүздің оңтүстігінде күрделі ахуал қалыптасты. Сыр бойындағы қазақ руларын қорғау Әбілғазы хан мойнына жүктелді. 
Кіші жүзде 1811 жылы Шерғазы Айшуақұлы мен Бөкей Нұралыұлын хан сайлау тұсында Қайып хан ұрпақтары Бөкейге қолдау білдірді. Шерғазы Қайыпұлының Орынбор губернаторы Г.С.Волконскийге жолдаған өтінішінде «Бөкей Нұралыұлы мінез-құлқы жақсы әрі ақылды адам, ол қызмет бабында екі жаққа да тең, оның әділ шешімдері арқылы Ордада игілікті істер болар еді, өз тарапымнан Бөкей сұлтанның хан болуын қалаймын» деп жеткізуі, ал 13 қыркүйекте Г.С.Волконскийге Қаратай сұлтанның «Бұхара, Хиуадан келетін керуендерді өткізудегі менің кеңесіме Әбілғазы Қайыпұлы келісім береді» дегенді хабарлауы, сол тұстағы Кіші жүздің беделді тұлғалары арасындағы одақтық қатынастар мен сенімді байланысты дәлелдейді [41, 716-іс, І бөлім, 127-132, 200-207 пп.]. Жалпы ХІХ ғасырдың басында Қайып хан мен Нұралы хан ұрпақтары арасында тығыз байланыс орнаған. Ал қазақ ақсүйектерін біріктермеуді көздеген Орынбор әкімшілігі ел игілері арасындағы қатынасқа ерекше мән бере қарап, Кіші жүз сұлтандарының араларына от тастап, бір-біріне айдап салумен болды. 
1814 жылы 1 тамызда ұзақ науқастан соң Жиһангер Қайыпұлы қайтыс болды. Осыдан соң Қыпшақ руын Жиһангердің баласы Жантөре сұлтан басқарды [43, 233-іс, 579 п.]. Жантөремен бірге Жиһангерден тараған Нұрмұхаммет, Сермұхаммет, Сүлеймен сұлтандар кейін Кіші жүздің Шығыс бөлігінде тұрақтап, ел басқаруға араласты. 
Кіші жүз тарихындағы жаңа кезең 1815 жылы Әбілғазы ханның қайтыс болуына байланысты, оның орнына ұлы Арынғазының хан сайлануымен басталды. Хан болып сайланғаннан кейін Арынғазы елдегі бірлік пен тыныштықты қалпына келтіру үшін ел ішіндегі тәртіпті нығайтып, ру арасындағы даулы мәселелерді шешіп, барымтаны тоқтатудан бастады. 
1816 жылы көктемде Арынғазы хан бауыры Шерғазы Қайыпұлымен бірге Кіші жүз руларын өзара келістіріп, Орта жүздің беделді тұлғалары Мұса батырға, бауырлары Жұма, Хұсырау сұлтандарға хабар жіберіп, өзара кездесу ұйымдастырады. Сөйтіп 20-25 сәуір аралығында Ор өзені маңында Халықтық Кеңес ұйымдастырылады [22, с. 297-298]. 
1816 жылы тамызда Арынғазы, Шерғазы Қайыпұлы, Қаратай сұлтандардың Кіші жүздегі саяси мәселелерді бірлесіп шешуге ұмтылған Кеңесі Шерғазы ханның Орынбордан әскер алдыруына байланысты өз мақсатына жетпей тарап кетуіне әкелді. Осыдан соң Сыр бойына қайтқан Арынғазы қарамағындағы шектілерге қараша айында Хиуа ханы Мұхаммед Рахим шабуыл жасайды. 
1817 жылы наурызда Орынбор губернаторы қызметіне П.К.Эссеннің келуі Арынғазының ел бірлігі жолындағы күресіне жаңа бағыт әкелді. Осы жылы тамыз айында Кіші және Орта жүздің 12 сұлтаны мен 120 би-батырлары П.К.Эссенге Шерғазы Айшуақұлының елде ешқандай тыныштық орната алмағанын әшкерелей келе, Арынғазыны хандыққа, Шерғазы Қайыпұлын аға сұлтандыққа бекітуге ұсыныс жасайды [22, с.302-319]. 
1817 жылы Орынбордағы сауда үйінде өткен кездесуде Шерғазы хан, Арынғазы, Қаратай сұлтандар өзара келісімге келді. Сауданы дамыту үшін Бұхар бағытындағы керуен жолын қорғау Арынғазыға, Хиуа бағыты Қаратайға тапсырылған. Арынғазы осы тұста тек Бұхарамен шектелмей, реті келсе Хиуамен де қатынасты реттеуге ұмтылған. Сол үшін 1817 жылы қарашада Үргеніш қаласына Хиуа ханымен кездесуге ағасы Шерғазы Қайыпұлын жіберген. Хиуа ханы болса Шерғазыны өзіне тартып, Арынғазыға қарсы қоюға әрекет жасаған еді. 1818 жылы маусымда Сыр бойында Бұхар керуенінің тоналуынан кейін Арынғазы Әбілғазыұлы мен Шерғазы Қайыпұлы арасында келіспеушіліктер басталып, оның арты Шерғазының Хиуаға кетуіне, Мұхаммед Рахим бекіткен Сыр бойындағы кейбір қазақ руларының ханы сайлануына әкелді [42, 19236-іс, 2 п.]. 
1819 жылы шілде-тамыз айларында Кіші және Орта жүз қазақтары Орынбор губернаторы алдына Арынғазыны Кіші жүз ханы етіп бекіту мәселесін қояды. Орынбор губернаторы П.К.Эссен мұны І Александр патшаға хабарлады. 
Ал 1819 жылы желтоқсанда Санкт-Петербурге аттанған Кіші жүз ханы Шерғазы Айшуақұлы патша үкіметін Арынғазыға қарсы айдап салумен болды. 1820 жылы ақпанда Хиуа ханы Мұхаммед Рахимның Сыр бойындағы қазақ ауылдарына шабуыл жасауы Арынғазының Орынбор әкімшілігінен бірнеше мәрте көмек сұрауға мәжбүр етті. Алайда Хиуамен арадағы жағдайды шиеленістермеуді көздеген орыс үкіметі Арынғазыға әскери көмек бере алмады. Губернатордың көмек бере алмайтынын түсінген сәтте Арынғазы Санкт-Петербургке, патша сарайына баруға бел буды. 
Арынғазының Ресейге сапары 1821 жылдың жазында жүзеге асты. Осыдан бастап Арынғазы тағдыры Ресей империясына тәуелді болды. 1822 жылдың басында Кіші жүздегі саяси жағдайларды талқылаған Азия комитеті Арынғазыны елге қайтармау туралы шешімге келген. Арынғазы мен Хиуа ханы Мұхаммед Рахим арасындағы жаулықтың салдары Азия бағытындағы өз саясатына кедергі келтіреді деп есептеген патша үкіметі Арынғазыны ақыры 1823 жылы Калугаға жер аударды. Сол тұста Кіші жүздің беделді сұлтан, би, батырлары Арынғазыны елге қайтару мәселесін бірнеше мәрте орыс үкіметі алдына қойғанымен, Орта Азияны отарлауды мақсат еткен Ресей империясы оған құлақ аспады. 
«Батыс Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі өзгерістер және Қайып хан әулеті» атты үшінші тарауда хандық биліктің жойылуынан кейінгі Қайып хан ұрпақтарының бір бөлігінің өлкеде енгізілген орыстық басқару жүйесіне тартылуы және Хиуа хандығы бағытын ұстана отырып Кіші жүздегі орыс отарлауына қарсы күрескен Қайып хан ұрпақтарының қызметтері тың деректермен жаңаша талданады. 
Арынғазының Калугаға жер аударылып елге қайтарылмауы, ал Шерғазы ханның елде тыныштық пен тәртіп орната алмауы Кіші жүзде дәстүрлі хандық басқару институтының одан әрі әлсірей түсуіне алып келді. Сөйтіп Кіші жүзде жоспарлы түрде жүргізілген Ресей империясының отарлау саясаты өз дегеніне жетті. 1824 жылғы патша реформасы нәтижесінде Кіші жүзде хандық басқару жүйесі жойылып, Орда Батыс, Орта, Шығыс бөліктерге бөлініп, оны билеуші сұлтандарға басқарту жүйесі енгізілді. Қайып хан ұрпақтары негізінен Шығыс және Орта бөлік жерінде тұрақтады. Оның үстіне Шығыс бөлікті Батыр, Қайып хан әулетінен шыққан билеуші сұлтандар басқарды. 1824-1828 жылдары аралығында Шығыс бөлікті Батыр хан немересі Жұма Құдаймендіұлы басқарды. Бұл кезде Шығыс бөлікте орын алған жағдайларға Жұма сұлтанды кінәлаған Орынбор әкімшілігі «Жұма сұлтанның жасының ұлғаюы мен ешқандай іс-әрекет жасамауы Шығыс бөлікті басқаруға зиян келтіреді» деген сылтаумен 1828 жылы 3 қазанда қызметінен босатады. Осыдан соң Жұма сұлтанның орнына Қайып хан немересі Жантөре Жиһангерұлы билеуші сұлтан болып тағайындалды. Кейін 1829 жылы мамырда Жантөре сұлтан Орынборда Шығыс бөліктің билеуші сұлтаны болып бекітілді [41, 3444-іс, 31-38, 88-89 п.]. 
Осы тұста Калугадағы Арынғазы жанынан елге оралған Жүсіп Сырымұлы Батыс бөлікте орыс үкіметіне қарсы қол жинаған. Сонымен бірге Орданың Шығыс бөлігінде де толқу болып оған Хиуа тұтқынындағы Қайып хан немересі Арду Әбілғазыұлының босап келуі әсер еткен. Осыдан соң Орынбор әкімшілігі 1831 жылы тамызда Аитовқа Шекті руындағы Арду сұлтан мен Төртқара руындағы Тәуке Қайыпұлы жөнінде толық мәлімет жинауды тапсырды [43]. Сөйтіп орыс үкіметі Қайып хан ұрпақтарын өз бақылауында ұстауға тырысты. 
Орыс шекарасынан шалғай орналасқан Әлімұлы қазақтары арасындағы үкіметке деген қарсылықтардың орын алып, Ресей саясатын мойындамау Кіші жүздегі басқару жүйесіне өзгеріс енгізуге әкелді. Содан Орынбор губернаторы П.П.Сухтелен Сыр маңындағы қазақтарды басқару үшін 1832 жылы Орта бөліктің билеуші сұлтанына Қайып хан немересі Әпі (Әбілпейіз – Ж.И.) Жолбарысұлын көмекші етіп сайлады. Шекті, төртқара, шөмекей руларын басқарған Әбілпейіз сұлтанға сол тұстағы Кіші жүздің беделді би, батырлары сенім білдірген [41, 3875-іс, 9-14, 22-23 пп.; 43, 4834-іс, 3-4 пп.]. 
Кіші жүздің Шығыс бөлігінде орын алған рулар арасындағы барымта мен бейберекетсіздіктерге сол бөліктің билеуші сұлтаны Жантөре Жиһангерұлын кінәлі санаған Орынбор әкімшілігі ақыры 1835 жылы 18 қазанда сұлтанды қызметінен алып, оның орнына Шотай Бақтыгерейұлын (Абылай хан ұрпағы – Ж.И.) тағайындады [41, 4101-іс, 21, 25 пп.]. Осы Шотай сұлтанның Башеке есімді қызын өз ұлы Ахметке үйлендіру арқылы Жантөре сұлтан аталары Батыр хан мен Абылай хан кезіндегі құдандалықты әрі қарай жалғастырған. 1841 жылы 29 мамырда Шотай сұлтанның орнына Ахмет Жантөреұлы билеуші сұлтан болып сайланады. Оған көмекшілікке бауыры Мұхаммед сұлтан тағайындалады [41, 5155-іс, 1-9 пп.]. Бұл жылдары Қайып хан ұрпақтары Орта бөлікте де ел басқаруға тартылды. 1845 жылдың 11 шілдесінен бастап Мұхаммедқазы Арынғазыұлы Орта бөліктегі 28-ші дистанциясының бастығы қызметін атқарса, Аймұхаммед Арынғазыұлы кейіннен 29-шы дистанцияны басқарды. Ал Шығыс бөліктегі Қайып хан ұрпақтары Сүлеймен Жиһангерұлы 53-ші дистанцияны, Сермұхаммед Жиһангерұлы 21-ші дистанцияны, кейін 1858 жылы 8 қаңтардан бастап 21-ші дистанцияны Махмұт Жантөреұлы басқарумен көзге түсті. 
1851 жылы 2 тамызда Ахмет сұлтанның қайтыс болуынан соң 1869 жылы 1 қаңтардағы жаңа ереженің енгізілуіне дейін Шығыс бөлікті Мұхаммед Жантөреұлы басқарды [43, 2589-іс, 1-2 пп.]. Сөйтіп патша үкіметінің 1868 жылғы ережесіне сай сұлтан билігінің жойылуына байланысты қазақ даласы дәстүрлі мемлекеттік сипатынан айырылды. 
Кіші жүзде хандық биліктің жойылу кезі

Категория: Ғылыми жұмыстар | Добавил: Frenzy (16.12.2012)
Просмотров: 2036 | Рейтинг: 1.5/2
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Сағат

Сауалнама
Сайтта сізге не ұнайды !!!!!!!
Результаты
Всего ответов: 4013
Сайт мәзірі
Сайт көрсеткіші
Қазір online
Қазір сайтта: 7
Қонақтар: 7
Қолданушылар: 0

Лучшая рип студия!