Сабақ жоспарлары
Мысалы: Бейнелеу 1-6 сыныпқа сабақ жоспарлары
Главная » Статьи » Ғылыми жұмыстар

ХІХ–ХХ ғ. басындағы Тарбағатай өңірінің қазақтары
Диссертациялық зерттеудің ғылыми жаңалығы. Диссертация үлкен локальдық қазақы аймаққа жататын Тарбағатай қазақтарын жан-жақты, терең де ауқымды, әрi жүйелi зерделеген арнайы тұңғыш зерттеу болғандықтан тың ғылыми еңбек болып табылады. Зерттеудiң деректiк негiзiн құрайтын бұрын ескерусiз қалып келген мұрағаттық, музейлік мәлiметтер мен бүгiнге дейiн қордаланған баспасөз, тiлдiк, фольклорлық, эмпирикалық ауызша мәліметтер мейлiнше толық қамтылып, арнайы зерттеу деңгейiнде алғаш рет жүйелi түрде сараланып отыр. Демек, диссертацияның нәтижелерi – Тарбағатай қазақтарының ру-тайпалық құрылымы, заттық, шаруашылық мәдениеті, отбасылық әдет-ғұрыптары сияқты iргелi мәселелер жөнiндегi бiрыңғай жүйеленген тың эмпирикалық пайымдаулар, жаңа теориялық байламдар мен ой-тұжырымдар зерттеудiң сонылығының мәндi айғақтары болып табылады. 
Қорғауға ұсынылатын негізгі ғылыми тұжырымдар: 
- Қазақ тайпа-рулары өздерінің байырғы мекені Алтай мен Тарбағатай, Жетісуға 1752-1763 жж. келіп қоныстанып, орналасу үрдісі XVIII ғ. соңына дейін жалғасты. ХІХ ғ. бас кезінде шаруашылық негізі болған төрт түліктің қамы, өріс-қоныс, жайылым үшін Тарбағатайдың күнгей жағына да қоныстанды. 
- ХVІІІ ғ. екінші жартысының соңына ала Тарбағатай өңіріне найман тайпасының қаракерей, матай, дөртуыл руларының аталары, он екі ата абақ-керей рулары, азын-аулақ арғын мен уақтар келіп орналасты. Сол сияқты бұлардың арасынан Ұлы жүзге кіретін аздаған шанышқылар мен Кіші жүз-алшын мен тамалар да ұшырасты. 
- ХІХ ғ. екінші жартысынан басталған реформалар салдарынан ру-тайпалардың дәстүрлі орналасу, қоныстану жүйесі, көші-қон жолдары бұзылды. Өздерінің бұрынғы жерлерін қазақтар енді жалға алатын болды, малынан айырылып кедейленгендер егін егіп, жатаққа айналды. Ресми статистикада көрініс таппаған ел ішіндегі қысқа мерзімдік маусымдық (қыстау-жайлау, мал отарлату, жылқы қыстату т.б.) миграциялар бой көрсетті, атап айтсақ жұт жылдары қазақтар Қытай жеріне де өтті, ол үшін көп салық төледі. 
- Заттық мәдениет, оның ішінде баспана, киім-кешек, тағамы және адам өмірін қамтыған маңызды салт-дәстүрлер, яғни тіршілік цикліне қатысты отбасылық әдет-ғұрыптары толық сипаттамасын алды. Сондай-ақ, Тарбағатай қазақтарының отбасылық дәстүрлеріне байланысты этноаймақтық ерекшеліктері анықталды. 
- Тарбағатай өңірінің табиғи-экологиялық ортасымен шаруашылық харекеттері өзара тығыз байланысты болды. ХІХ-ХХ ғ. басында дәстүрлі шаруашылық мал шаруашылығы және әртүрлі қосалқы кәсіптерден тұратын (балықшылық, аңшылық, қолөнер т.б.) тұтас бір жүйені құрады. Алайда, жетекші сала болып көшпелі мал шаруашылығы қала берді. 
Жұмыстың теориялық және практикалық құндылығы, қолданыс салалары. Диссертацияның материалдары мен қорытындыларын қазақ халқының этнографиясына қатысты аймақтық атлас жасауда, этнографиялық еңбектер мен өлкетану туралы еңбектер жазуға пайдалануға болады. Сонымен қатар, қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті тақырыбындағы арнаулы курстарға арқау бола алады. Зерттеудің теориялық маңызы ұлттық этнографияны қазіргі заман талаптарына сай, жоғары деңгейде дамыту қажеттілігімен айқындалады. 
Зерттеудің хронологиялық-аймақтық шеңбері. Диссертациялық зерттеу ХІХ ғасыр және ХХ ғасырдың бас кезеңін қамтиды.Тарбағатайдың күнгей жағы Қытай жері болғандықтан, еңбекте негізінен Тарбағатайдың қазақстандық аймағы, яғни теріскей беті қарастырылды. Аталмыш аймақтың аумағына қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай, Ақсуат, Ақжар, Аягөз, Зайсан, Көкпекті өңірлері жатады. Тарбағатай өңіріне ХІХ ғасыр және ХХ ғасырдың басында Зайсан және Өскемен уездерінің территориясы қарасты болды. Сондықтан да, диссертацияда негізгі қарастырылған аймақ осы екі уездің территориясы. 
Диссертацияның зерттеу нысаны – ХІХ ғасырдағы және ХХ ғасырдың басындағы Тарбағатай өңірінің қазақтары. 
Диссертацияның пәні – Тарбағатай өңірі қазақтарының тарихи-этнографиясы. 
Диссертацияның методологиялық негізі мен зерттеу әдістері. Тақырыпты жаңа көзқарас тұрғысынан саралауда қазiргi кезеңде қалыптасқан обьективтiк және сыни талдау мен сыни зерделеу принциптерi басты ұстанымда болды. Диссертацияның әдiстемелiк негiзi – тарихилық және жүйелiлiк болып табылады. Сонымен бiрге, локальдық этнографиялық зерттеудегі бiрден-бiр тиiмдi жолы ретiнде проблемалық-хронологиялық, салыстырмалы-тарихилық тәсiлдер қолданылды. Әсiресе, салыстырмалы мәлiметтердi жүйелеу локальды этнографиялық топ пен оған жапсарлас жатқан басқа ру-тайпалар мен этникалық байланыста болған өгей жұрт өкілдері арасындағы байланыс пен оның әсері, салдарынан туындайтын нәтижелерді анықтауға негiз болды. 
Сондай-ақ, Кеңес этнологиясы мектебінің ірі теоретиктері Ю.В.Бромлей, Э.С.Маркарян, С.М.Абрамзон, С.А.Токарев, С.А.Арутюнов, М.Г.Левин, К.В.Чистов, Н.Н.Чебоксарев, В.И.Козлов, М.В.Крюков және отандық этнографтар Х.А.Арғынбаев, М.С.Мұқанов, У.Х.Шәлекенов, Ә.Т.Төлеубаев, Ж.О.Артықбаев, С.Е.Әжiғали, Н.Әлiмбай қатарлы ғалымдардың еңбектерiндегi дәстүрлi мәдениет саласындағы этностық теориясы, мәдени-шаруашылық-нысан, этникалық үрдістер, этнографиялық топтар жөніндегі теориялық қағидалары мен тұжырымдары диссертацияның әдiстемелiк арқауын айқындауға негiз болды. 
Ж.О.Артықбаев, С.Е.Әжiғали сынды ғалымдар қолынан бұрын-соңды шыққан бағдарлама – сұрақнама әдістемелік құралдары тақырыпқа қатысты эмпирикалық, экспедициялық материалдар жинақтауға арқау етілді. 
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі және мақұлдануы. Диссертациялық зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдамалары төрт халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды. Зерттеу тақырыбының мазмұнына сәйкес төрт ғылыми мақала жоғары аттестациялық комитеттің тізіміне енген журналдарда жарық көріп, сыннан өткен. Диссертациялық ізденіс әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археология және этнология кафедрасында орындалып, осы кафедрада және Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Этнология және антропология бөлімінде талқылаудан өтіп, қорғауға ұсынылды. 
Диссертацияның құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Кіріспеде зерттеу тақырыбының өзектілігі негізделіп, зерттелу деңгейі, деректік негіздері және ғылыми жаңалықтары, мәселенің теориялық-методологиялық негіздері, мерзімдік шегі мен қорғауға ұсынылатын тұжырымдары айқындалған. 
"ХІХ-ХХ ғасырдың басындағы Тарбағатай өңіріндегі қазақ руларының орналасуы” аталатын бөлімде өңірге қазақ руларының орналасуы, патшалық Ресейдің отарлау саясаты мен жүргізген реформаларының олардың тарихи тағдырына әсері туралы қарастырылады. 
Тарбағатай өңірі үлкен аумақты қамтиды. Ол бүгінгі Шығыс Қазақстан облысының Аякөз, Тарбағатай, Көкпекті және Зайсан аудандары орналасқан жерлер. Бұл өңірде орта жүз рулары, негізінен найман тайпасы қоныстанған. Бұл аумақ ХІІІ ғ. бас кездеріне дейін, ХІ-ХІІІ ғғ. арасында кіндік Азияда дербес мемлекет ретінде өмір сүрген Найман саяси-этникалық бірлестігіне қарады. Н.Аристовтың айтуынша наймандар ІХ ғ. Орхоннан Ертіске дейінгі аралықты алып жатты [10, 83 б.]. Тарихи зерттеулер Таян ханның тұсында наймандар Орхон өзенінен бастап Ертіс, Алтай сілемдері, тіптен Қалба, Шыңғыс тауларына дейінгі аралықты мекендегендігін көрсетеді. 
ХІІІ ғ. бастап Шыңғысхан шапқыншылығы кезеңінде найман, керей, жалайыр, қоңырат, меркіт және т.б. тайпалардың бір бөлігі өздерінің ата қоныстары Моңғол үстірті мен Алтайды тастап, бүгінгі Қазақстанның жеріне қарай қоныс аударды. Кейін тарих сахнасынан көтерілген Жоңғар мемлекеті бүгінгі Қазақстан жерінің үлкен бөлігін, шығыс, оңтүстік-шығыс, солтүстік-шығыс аудандарын түгелдей және орталық аумақтың кейбір бөліктерін иелігіне алды. Мәселен, ХVІІІ ғ. будда ғұламасы Зая Пандита өмірінен хабар беретін "Зая Пандита (Материалы к биографии)” атты монастырьлік құжаттарға негізделіп жазылған ғұмырнамалық еңбегі (Элиста, 1999) сол кездегі қазақ және батыс моңғол тайпаларының көші-қондарын тарихи-географиялық тұрғыдан анықтауда маңызы зор. Ғұламаның Жоңғар иеліктері бойынша болған жерлерінің арасында оның 1639 ж. Өмирту тайжының Тарбағатай ауданындағы Қарғыбаны, ал 1643 ж. Қарқаралыдағы Қазылықты қыстап шыққаны туралы жазады. Бұл деректерді пайдаланып белгілі ғалым Ж. Артықбаев, оның Алтай, Тарбағатай, Жетісудан бастап сонау Еділге дейінгі аралықтағы қозғалысын нақтылап көрсеткен (Алматы, 2003.). 
Отыз жылдан астам уақытқа созылған жоңғар-қазақ соғысы ХVІІІ ғ. 40-жж., анығы 1745 ж. Қалдан-Серен қонтайжы қайтыс болғаннан кейін, шешуші кезеңге қарай аяқ басқан кезде босаған жерлерге қазақ руларының жылжып қоныстануы басталады. Ең бірінші Сарыарқаны жайлап жүрген наймандар, олармен бірге керей, уақ және т.б. рулардың оңтүстік-шығысқа қарай қозғалғанын байқауға болады. Мысалы, найманның үлкен руының бірі - буралар ХVІІІ ғ. 40-шы жылдарында Елек бойын жайлап жүрген. 1742 жылы маусым айында қарақалпақтарға бағыт түзеген ағылшын көпесі Гок Орынбор маңындағы Елек өзенінің бойында отырған Бура Қонақай батырдың ауылында болғандығын айтады [11, 206–207 бб.]. Сол Қонақай батырдың зираты мен ұрпақтары Жарма өңірінде. Бұл – найманның бура аталары аталған өңірге XVІІІ ғасырдың ІІ жартысында келгендігін көрсетеді. 
Белгілі ғалым М.Мұқановтың "найман және басқа рулардың Сарыарқадан кетуін, олардан саны көп арғын тайпасының оларды ығыстыруы салдарынан болды”–деуі қисынға келіңкіремейді. Экстенсивті мал шаруашылығымен айналысатын көшпелілерге үлкен жайылымның қажеттігіне байланысты олар Ертіс бойы, Алтай, Тарбағатай, Жетісудан мол өріс-қоныс алып қалуға күш салды. Бірақ, жоңғарлардан қалған жерлерге тікелей құқығымыз бар деп есептеген қытайлар ол жерлерден қазақтарды ығыстырған. Бірақ, соған қарамастан өздері жоңғарлардан босатқан осы өлкелерге қазақтар ұмтылуларын тоқтатпады. Сөйтіп, Тарбағатай теріскейіне қазақ руларының келіп орналаса бастауын деректерге сүйене отырып 1758-1759 жылдар деп топшылаймыз. Дәлірек айтқанда, найманның қаракерей тобына кіретін мұрын, байжігіт, қыржылар Аякөзден Шілікті аңғарына дейінгі аралыққа орналасты. Төртуылдар Зайсан ойпатының оңтүстігіне – Сауыр мен Алтайға орналасты. Ал, ақнаймандар басында теріскей Тарбағатайдағы Қарғыба, Базар, Бөкен, Шегелек өзендерінің бойын жайлап жүрді. Ақжар өңірінде Байжігіттен тарайтын алты Жұмық (оған Болат, Сайболат, Қожан, Қараша, Саты, Тәуке жатады) пен бес Саты (оған Бұрымбет, Есенгелді, Дәулетбай, Қайқы, Төлебай аталары жатады) ұрпақтары тұрады. Қазақ руларының адам мен мал санының өсе түсуіне байланысты азды-көпті жоңғарлар өңірден біржолата ығыстырылып шығарылғандығын ауызша деректер қуаттайды. 
Тарбағатай өңірін жайлаған қазақ рулары қазақ сахарасын жайлаған басқа қандастары қатарлы Ресей бодандығына өту мәселесін міндеттілік емес деп қараған олар орыс бекіністерінен алысқа жылжып, түкпірге кете берді. Бұл жәйттер патшалық Ресей әрекетін қазақтардың өз тірлігі мен тағдыр-талайына қарама-қайшы құбылыс ретінде қабылдап, оған селқос қарауының негізінде отарлық саясатқа деген ішкі қарсылығы да еді - дейді мәлімет берушілер. Расында да, қазақтардың бұлайша пайымдауының байыбына бармай, сенбестік танытқан патша өкіметі қазақ рубасыларын әлсін-әлсін түртпектеп, бұрынғы берген анттарына адалдықтары жөнінде қайталап ант беру мәселесін көтерді. 
Сыртқы саясатында Қытайдан гөрі Ресейлік бағытты басым ұстанған хан Абылай қайтыс болғаннан кейін, барлық орта жүз рулары да осы бағытты ұстанды деу ақиқатқа жанаспайды. Тарбағатайды жайлаған рулардың тәуелсіздігін сақтау үшін ХІХ ғ. бірінші жартысында бірде Ресеймен, бірде Қытаймен алысқан Сыбанқұл төре Ханқожаұлының осы өңірдегі қозғалысы екі жаққа да бодан болмай тәуелсіз өмір сүру саясатын аңсағандық еді. Дербестік үшін күрескен оның руластары мұрынның көрнекті өкілдері тоқабай Қожакелді батыр, мырзас Тәукебай Жәпекұлы орыс қолынан қаза тапты [12]. Абақ-керейлердің қытай ықпалына көбірек өтіп, олардың Тарбағатай, Сауырдан да әрі арғы беттегі Алтай жеріне тереңдей енсе, екінші бөлігі Зайсан, Кішкене тау, Маңырақ, Кендірлік, Көкпекті елді мекендеріне келіп қоныстанды. 
ХІХ ғ. басындағы қазақ қоғамындағы қалыптасқан саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдай Ресейдің қазақ елінің саяси тәуелсіздігін бүтіндей жоюға батыл қадамдарға баруына мүмкіндіктер берді. 1822 жылы 22 шілдеде қабылданған "Сібір қырғыздары туралы Жарғыда” Орта жүзде хандықты жою белгіленді. Омбы облысы Омбы, Петропавл, Семей, Өскемен болып ішкі округтерге және ерекше мәртебе бойынша құрылған сыртқы округтерге бөлінді. Бұл кезеңде Тарбағатаймен жапсарлас жатқан Зайсан өңірі әлі толық Ресей ықпалына өтпеген болатын. Алтай мен Сауырда жүрген керейлердің кейбір бөліктерінің "бодансыз керей” деп аталулары да сол кезде пайда болған. 
Ресейге қарсы бағытын ұстанған матай-қарауылжасықтар мен мұрындардың билеушісі Данияр Ханқожиннің 1840 жылдың жазында тұтқындалуы мен Қытай Бөкен шекара бекеті маңындағы орыс жағының батыл шаралары жоғарыда айтылған рулардың Ресей бодандығына өтуіне бет бұрғызды. 1840 жылы 3 тамызда 800 түтін Ресей бодандығына өтеді. Сөйтіп, Қазақстан аумағындағы Орта жүздің Ресейге қосылуы тұтас бір ғасырдан астам уақытқа созылып, ХІХ ғасырдың 60-ж. аяқталғаны мәлім. Сондай-ақ, зерттеу барысында Тарбағатай өңірін қоныстанған рулардың аталмыш өңір ежелден мекендеп келе жатқан ата қонысы екендігіне көз жеткізуге болады. 
Хандық биліктің жойылуы және 1822, 1838, 1854 жылдарда жүрілген реформалар патша үкіметінің отарлау саясатынан туындап жатса да, қазақ қоғамында өзгерістер әкеле бастады. 1868 ж. 21 қарашада "Орынбор және Сібір ведомстволары (қырғыз далаларын) және Орал және Сібір казак әскерлерін басқаруды қайта құру туралы заң” енгізілді. Ол бойынша Орал, Орынбор, Ақмола және Семей сияқты төрт облыс құрылды. Тарбағатай қазақтары негізінен Семей облысының құрамына енді. Басқарудың жалпыресейлік жүйесіне көшу 1891 ж. 25 наурызда күшіне енген "Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы заң” арқылы жүзеге асты. Жоғарыда айтылғандай Тарбағатайдың теріскей бетінің қазақтары Семей облысы, оның ішінде, әсіресе Зайсан, Өскемен уездерінің территориясында орналасты. 
Семей облысының оңтүстік шығыс бөлігінің ең шеті - Зайсан уезі болды. Табиғаты, климаты жағынан уез өзінің әр келкілігімен ерекшеленеді. Оның территориясында Оңтүстік-батыс Алтайдың таулы жоталары, таулар арасындағы кең жазықтар мен далалар, көптеген су көздері орналасқан. Мұнда Қазақстандағы ірі көлдердің бірі – Зайсан, Марқакөл және т.б. ұсақ көлдер бар. Уез территориясымен Қара Ертіс, Ертіс көптеген тау өзендері (Қалжыр, Алқабек, Кендерлік, Көкпекті, Қарғыба, Базар, Боғас және т.б.) ағады. Құлжа келісімі бойынша, Қытайға берілген жерлерде көшпелі қазақ шаруашылықтарының қомақты бөлігі қалды. Зайсан уезі 49751 шаршы шақырым ауданды қамтыған. Осы территорияда уездің 17 болысы орналасты. Уездің аумағын найман рулары, атап айтсақ, 17 болыстың 16-сы наймандарға тиесілі болды [13, 366-371 б.]. Олармен бірге Абақ Керейлер де қоныстанды. Олар шығысында Қытаймен, солтүстігінде Қаражал-Жеменей өзенімен шектесетін. Қазақтардың кейбір шаруашылық топтарының Қытай территориясында жазғы жайылымдары болды және Ресейге де, Қытайға екі жақты бодан болды. Зайсан уезінің территориясында найманның қаракерей руының ұрпақтары: Байжігіт, Ақнайман, Қожамбет, сонымен бірге Төртуыл ұрпақтары: Тоқан және Тоғыз рулары орналасты. Территорияның қалған бөлігінің көбін Қаракерей рулары: байжігіт, ақ-найман, қожамбет және мұрын болыстары алып жатты. Зайсан уезінің үлкен бөлігін мекендеген Байжігіт руы батыстан Аягөз өзенінен шығысқа, Төртуыл (Қара Ертіс) мен Керей (Сауыр жоталары) руларының иеліктеріне дейінгі және солтүстіктен Көкпекті жерінен оңтүстікке Тарбағатай жоталарына дейінгі үлкен аумақта қоныстанды. Уездің батыс бөлігін Зайсан наймандарының Мұрын бөлігі алып жатты (өз аттарын аналары Мұрынның атынан алған). 
Уездің үлкен бөлігі қыстаулар жері болды және олар уездің шет жақтарына орналасты. Қыстау жерлері тау алқаптары (Тарбағатай, Сауыр, Маңырақ, Алтай) және өзен бойларындағы (Қара Ертіс, Қалжыр, Қарғыба сияқты т.б. өзендер) малды қатты аяздан қорғайтын қамыстар болды. Күздік жайылымдар негізінен уездің орталық және солтүстік бөліктерінде орналасты [13, 366-371 бб.]. Егер жайлаулар қауымдық-рулық пайдалануда болып, әрбір ру, қауым белгілі территорияны иемденсе, қыстаулар жеке отбасылардың иелігінде, мұрагерлікпен қалып отырды. 
Жазғы жайылымдар тау алқаптары мен жазықтарында өзендер бойында орналасты. Ең кең жазғы жайылымдар уездің солтүстік-шығыс (Марқакөл маңында) және солтүстік пен солтүстік-батыс бөлігінде (Жоғарғы Ертіс жазықтарында, Қызты, Көкпекті, Базар және т.б.) болды. Уездің оңтүстік бөлігінде Сауыр тауының солтүстік беткейінде ғана азғана жазғы жайылым болды [13, 366-371 бб.]. 
Зайсан уезіне солтүстігінен шектесіп жатқан Өскемен уезінің территориясы 4322974 десятинаны құрады [14, 606 б.]. Пайдалануға жарайтын 3146118,5 десятина жер болды, оның 597436,4 десятинасы орыс халқы үшін алынып берілсе, 33770 десятинасы Семей уезіне берілді. Осылайша, 1911 ж. қарай Өскемен уезінің қазақтарының пайдалануында 2548682,1 десятина жер болды, оның ішінде 13466740,25 десятинасы қыстау жері болды. Уезде 1891 ж. санақ бойынша 77763 адам болған [14, 3 б.]. Уезд халқы санының өсуі, орыс қоныстанушыларының келуіне байланысты жайылым жерлердің азаюы, қазақ шаруашылықтарына жердің жетпеуіне әкеліп соқты. 
Қазақтар енді өз жерлерін жалға алатын болды. Мәселен, Шабанбай тауларын 3-4 ай жалға алғаны үшін 1000 рубль және әртүрлі статьялар бойынша 1000 рубль төледі. Қыс айларында жерді жалға алғаны үшін, селенияларға 2000 рубль төленді. Ресейдің отарлау процесі Ертіс желісі бойынша оңтүстікке қарай жылжыды. ХХ ғ. басында Өскемен уезі 14 болыстан тұрды. Уезд территориясындағы рулардың басым көпшілігі наймандар және аз бөлігі керейлер мен уақтар, сонымен бірге төлеңгіттер болды. Уездің солтүстік-шығысында Нарын өзенінің бойында қаратай руының қыстаулары орналасқан. Күршім, Жіңішке, Ертіс, Бөкен өзендері бойында және одан әрі Қызылсу өзені бойымен көкжарлы руы орналасты. Уездің солтүстік-шығысын Сұлусары және Шар болыстарының құрамына кіретін бура руы жайлады. Керейлер Ұлан және Шыңғыстай болыстарынан бура және қаратай деген найман тайпалары арасында кездеседі, оларда тіпті өз старшинстволары да болған жоқ. 
ХІХ ғ. екінші жартысынан бастап Тарбағатайдың теріскейін мекендеген рулар жерлерінің Ресей құрамына өтуіне байланысты терең әкімшілік-территориялық реформа жүргізуге мүмкіндік туды. Осылайша, Тарбағатай өңірі де жалпыресейлік даму үрдісіне тартылды және бұл тенденция тереңдей түсті. 
"Тарбағатай өңірі қазақтарының шаруашылығы, сауда-саттығы және заттық мәдениеті” деп аталатын екінші бөлімде Тарбағатай өңірі қазақтарының шаруашылығы, сауда-саттығы мен заттық мәдениетінің ерекшелігі, қосалқы кәсіптері қарастырылады. 
Тарбағатайдың теріскей бетін мекен еткен рулардың негізгі шаруашылығы – мал шаруашылығы болды. XІХ-ХХ ғасырдың басында Тарбағатай қазақтары жылқы, қой, ешкі, түйе және сиыр өсірді. 1876 жылғы статистикалық санақ мәліметі бойынша Зайсан уезінде 15932 түйе, 77408 жылқы, 22989 сиыр, 590998 қой мен ешкі болған. Ал осы жылы Өскемен уезінде 2552 түйе, 62678 жылқы, 33909 сиыр, 323402 қой мен ешкі болған. Малдан алатын ет, сүт азық-түлік берсе, жүн, тері сияқты шикізат көздері тұрмыстық бұйымдармен қамтамасыз етті әрі басқадай тұтыныс заттарымен айырбас саудаға жүрді. ХІХ-ХХ ғ. басында Тарбағатай өңірінде қой бүкіл малдың 75% құрады. Таулы және жазықты жайылымдар қойды көптеп қолға ұстауға мүмкiндiк туғызды. 
Мал шаруашылық пен тіршіліктің негізгі арқауы себепті оған қатысты ырым-тыйымдар жүйесі де көп, әрі бірегей кешенді құрайды. Тарбағатайдағы қазақтарда мал басы кемидi және, "төл өспейдi” - деген ырым бойынша бастың тiсi қағылмайтын болса, Қазақстанның солтүстiк және Жетiсу өңiрiн мекендейтiн қазақтарда сондай-ақ, қырғыздарда малдың басын асар алдында тiсi қағылып тасталынады. Алайда, шығыста, атап айтқанда, Тарбағатайда осы өлкемен әдет-ғұрпы жақын Моңғолиядағы, Қытайдың солтүстік-батыс аудандарының қазақтарында бастың жағы айырылып, тiс арасы мұқият тазаланады. 
Сондай-ақ, ауру, пәле-жаланы малдың сүйегіне, қойдың басына көшіру, қора-қотанды отпен аластап тазарту, қорадан малды алысқа айдап шығып, "адастыру” тәрізді жолдармен кешенді түрде жүрілетін аса көне "көшіру” ғұрпы ХХ ғ. 30-шы жж. дейін кең сақталғандығы дерек берушілердің мәліметінен белгілі болып отыр. 
Жүген құрық тигізбей қоя берген жылқыны мұндағы қазақтар "сетер” деп атайды және ол моңғолдармен этномәдени байланыс барысында келген түп негізі тибеттіктерден бастау алатын ғұрып қазақтарда мал жануарды да адами қасиетке теңеуден, кие мен ырыстың тұрағы деп түсінуден туған. Бұған байланысты "қара көк жылқы сетер екен, күлмеген, ойнамаған бекер екен” деген қара өлең жолдары туған. Тарбағатай қазақтарында да басқа өңірлердегідей мал сатқанда "сілекей алу” ғұрпы атқарылады, яғни сатылатын малдың бір уыс жүнін аузына сүйкеп (кейде иесінің тозығы жеткен ескі бас киімімен) алып қалады. Мал сатудағы осыған ұқсас ғұрып сойоттарда, хақастарда кездеседі және моңғолдарда бұл "хишиг авах”, яғни "малдың құтын қалдыру” деп атайды [3, 74 б.]. 
ХІХ ғ. қазақ даласына жүргізілген түрлі реформалар нәтижесінде малы аз кедей шаруалар көшпелі ауылдан бөлініп, қыстаулар маңында егін салып, шөп шауып өмір сүре бастады. Олар бидай, тары, арпа, сұлы екті. Жерді суару үшін тоған, арық сияқты жүйелер салынып, оларды пайдаланудың бір тәртіпке келтірілуі егіншіліктің өзіндік дәстүрі болғандығын көрсетеді. Әрі оған қоныс аударып келген орыс шаруаларының әсері едәуір зор болды. Құрғақшылық уақытта егінді суарудың дербес жүйесі қалыптасқандығының куәсі - Ақжар маңында Қараша тоғаны, Құрман қажы, Қоңыр қажы тоғандары, XVІІІ ғ. соңғы ширегі мен ХІХ ғасырдың басында Базар өзенінен тартылған Жәмбике, Төре, Қарғыбадан тартылған Көкбұқа тоғандары ХХ ғасырдың 40-шы жылдарына дейін пайдаланылды. Қолдан суару тәсілінің Өскемен, Зайсан уездерінің қазақтарындағы дамыған жүйесі ХІХ ғ. басында Ертіс өңірінде Досан Ханбабин, Қылыш Досанов, Қарағұл Досанов, Мұсарапай, Темірхан Тауымов сияқты сұлтандардың иелігіндегі егістік жерлерінде пайда болып, ұзақ уақыт бойы жұмыс жасады. Ал, қолдан суарылмайтын жерлерде егіншілікпен тау етегінде, құнарлы жерлерде отырған қазақтар айналысты. 1891 ж. Зайсан уезінде 52,4%, Өскемен уезінде 60,7% отбасы егіншілікпен айналысқан. 
Қазақтар қосалқы кәсіп түріне жатқызған, шынтуайтқа келгенде тіршілік болмысы үшін ХІХ ғ. соңына ала өлке тұрғындары үшін маңызы арта түскен сауда-саттықта мал шаруашылығы мен егін өнімдері айырбас саудаға түсіп тұрды. Ресей, Қытай сияқты көршілес елдермен сауда саттық байланыс Тарбағатай өңірі қазақтары қоғамында экономикалық, мәдени өзгерістерге және шаруашылығының дамуына үлкен әсерін тигізді. Ресей мемлекеті басқа елдермен оның ішінде Қытаймен сауда байланысын нығайту үшін Семей, Өскемен, Бұқтырмада және т.б. жерлерде сауда кедендерін аша бастады. Қазақтармен арадағы сауда орыс кәсіпкерлеріне пайда үшін пайдалы болғандықтан бұл салаға үкімет тиімді де қолайлы жағдай туғызды. Тарбағатайдың теріскей бетіндегі сауда қатынасында Қоянды, Сарымсақты, Ірбіт жәрмеңкелері маңызға ие еді. Саудагерлердің тізімінен көптеген қазақтардың, соның ішінде Бура-Найман болысының сұлтаны Нұралы Әлімовтің атын кездестіруге болатын. 
Аңшылық өнімдері, олжаларынан көбіне аң терісі сатуға көп түсіп тұрды. "Тіршілігін аңшылықтан бастап байып кеткендердің бірі Жанан ұлы Бұланның дәулеті аса жүйрік Құмай атты қызыл тазысы алған түлкі олжасынан басталған екен. Ол аңнан түскен малды саудаға салу сол арқылы кейіннен керемет байыған”, - деген деректер бар. Аң аулаудың негізгі бір тәсілі ол-аңды атпен қуып, ит жүгіртіп ұстау, қыран құстарға ілдіру, аңға қақпан, тор құру т.б. түрлерімен қоса, шиті мылтықпен атып алу т.б. көптеген тәсілдер қатар жүрілді. Бұл өңірдің қазақтары негізінен қасқыр, түлкі, қоян, суыр, борсық, қарсақ, арқар, саршұнақ, күзен сияқты аңдарды аулаған. 1909 жылы Зайсан уезінде 200 отбасы аңшылықпен айналысып, одан 4051 сом таза пайда көрген. Онда негізінен қасқыр, түлкі, аю, қабан аулайды. Сол жылы Өскемен уезінде 506 қазақ отбасы аңшылықпен айналысып, ауланған аң терілерін 5147 сомға сатқан. 
Аңшылықтың Тарбағатай өңірі қазақтары үшін белгілі деңгейде мұқтаждарын өтеумен бірге, саятшылық құрып, көңіл көтеру сияқты бірнеше пайдалы жақтары болды. Аңшы олжасын қасындағы адамға "байлайтын” дәстүр бүгінгі күнге дейін сақталған. Бұндай ғұрыптар аңшылықпен айналысатын басқа да халықтарда кездесетін. Мұндай ғұрып қалмақтарда, моңғолдарда, сойоттарда эвенкілерде бар және соңғыларында оны "нимат” деп атаған [15, 37 б.; 16, 151 б.]. 
Бұл өңірде балық аулау негізгі кәсіп болмағанымен малынан айырылған халықтың кедей бөлігі күн көріс арқауы еткен. Әсіресе, Зайсан, Қыран, Марқакөл, Ертіс бойында қоныстанған қазақтар балық аулаумен айналысып, оны тамаққа да пайдаланатынын Г.Е.Грумм-Гржимайло айтады [6]. Сол кездегі балық аулауға байланысты деректер өте аз болғанымен аулаудың қарапайым түрлерін қолданғанға ұқсайды. Балық аулауға бақан, кәдімгі таяқтар, ілгектерді пайдаланды және "балықты айдап” келіп, үлкен аулармен сүзіп алған. 1910 жылы Зайсан уезінде 1343 пұт балық ауланып, 2448 сомға сатылса, Өскемен уезінде осы жылы 570 пұт балық ауланып, 900 сом ақшаға сатылған. Барлығы осы екі уезде 1913 пұт балық ауланып, 3348 сомға сатылған. 
Негізінен әйелдер айналысатын үй ішілік кәсіп, қолөнер о баста тұрмыстық бұйымдар мен қарапайым құрал-жабдықтар жасау мақсатына бағытталған тұрмыстық қажеттіліктен туған және көшпелі ортада қосалқы кәсіпшілік деңгейінде ғана дамығаны мәлім. Өйткені, көшпелі тұрмысына, кәсібіне байланысты әр ауылда, әулетте ағаш, тері бұйымдарымен шұғылданатын өз шебері, ұстасы, зергері, т.б. болды және олар сол қауымның қажеттілігін ғана өтеп отырды. Ағаш өңдеу өнерінің ішіндегі аса іскерлік пен еңбекті талап ететін түрі - киіз сүйегін жасайтын үйшілер кәсібі өңірде ерекше мәнге ие. Зайсан қазақтарының ХІХ ғ. екінші жартысында І Николайдың баласына сыйлаған киіз үйді академик Ә.Марғұлан нағыз өнер туындысы деп бағалаған (Алматы, 1986). Осы аймақтан шыққан Нұрыш деген шебердің көрмеге дайындаған киіз үйін ел тамсана сөз еткен. 
Қолөнер туындысының бірегейі қазақ ер-тұрманының "найман ері” аталатын түрі жалпы пошымы, әшекейлену және өңделу тәсілдері ерекше болып келеді. Бұл ерлердің қасы да етегінен жоғары қарай қушия көтеріледі де, дәл төбесі дөңгеленіп бітпей, үсті түзуленіп, иығы бұрышталып шабылады. Артқы қасы алдыңғысына қарағанда кейін қарай сәл ғана көлбеу орналасады. [17, 23 б.]. 
Ағаштан жасауға тұрарлық тұрмыстық заттарды - төсек, асадал, сандық сияқты бұйымдарды қажеттілігіне сай жасаумен бірге оның тауарлық мәні артқан сайын еңбек бөлінісіне де әсер етті. Атап айтқанда арнайы маманданған ағашшы, үйші, балташы кәсіптері бой көрсетті. Осы өңірде ХІХ ғ. аяғы ХХ ғ. басында өмір сүрген Тайжұма Шіңгірбайұлы және Омар Тайжұмаұлы деген атақты шеберлер болған. Құс жастықтың астынан салатын Х.Арғынбаев пен С.С.Бекешовтың айтқандай "жастық ағаштар” Қазақстанның тек батыс өңіріне ғана емес Тарбағатайда да таралды. 
Қазақтар орыстардан балташылық өнерді үйреніп, ағаштан үй салу үрдісі орман-тоғайы мол өлкелерде ХІХ ғ. соңына ала ерекше қарқынмен дамыды. Басқа жақтан қыдырып немесе кіре тартып келген Алтай керейлері олар туралы "ағаш тамды найман” немесе киім үлгісіндегі өзгерістерге қарай отырып "шолақ етек найман” деп руаралық қалжың, қағытпаға арқау етті. 
Қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысының барлық жақтарына өз әсерін тигізген көшпенді өмір салтының проекциясы баспана мен тұрақтардан байқалады. Жоғарыда аталған еңбегінде "баспана мәселесін, оны қоршаған географиялық ортасымен тығыз байланыстыра қарастыруымыз керек” дейді Н.Әлімбай. Қазақстанның басқа аудандарындағыдай Тарбағатай өңірінде қоныстың уақытша және тұрақты негізгі екі түрі қалыптасты. Киіз үйлер шеңбер болып, есіктерін ортаға қаратып орналыстырылуын тарбағатайлықтар қотан деп атаған. Моңғол тайпаларындағы мұндай орналасуды "хот айл" (қотан ауыл) деп атаған. 
Қазақтарда тұрақты мекен-жай туралы ең алғашқы мәліметтер ХІХ ғасырдың бірінші жартысынан басталса, мұрағат материалдары Тарбағатай өңірінің қазақтарында қыстаулардың ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында да болғандығын дәлелдейді. Бұл өңірлердегі қысқы аяз бен жел дауылдан қорғану үшін қазақтардың тұрақты мекен-жай салуға мәжбүрліктен туындағаны даусыз. Зерттеліп отырған аймақтағы ең алғашқы тұрақты баспананың түрі "тошала” (тошал үй, шошақ үй, шошала деп те аталады) болды. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында аймақтағы тұрғын жайлардың тұрпаты мен пошымы, аумағы өзгеріске ұшырады. Мысалы, осы өңірде болыс болған Әбділдәбек Төгісұлы, Атабай, Нұреке Бөгісұлдары асты-үстін "қарағалайтып”, бірнеше бөлмелі үйді моншасымен қоса салдырған. Осылайша, ХХ ғасырдың басында Шығыс Қазақстан қазақтары отырықшылыққа көбірек көше басталы, олардың тұрақты қыстаулары мен жағдайына байланысты бір немесе бірнеше бөлмелі үйлері болды. 
Қазақ мәдениетіндегі аз зерттелген салалардың біріне саналатын ұлттық киім түрлерін қазақтар орта Азия мен Қытайдан әкелінетін мақта-мата, жібек, өздері дайындаған жүн, киіз, тері өнімдерінен дайындаған. Шығыс Қазақстанда шолақ жең камзолмен қоса тірсек жең камзолдар кең таралды [18, 44 б.]. Ер адамдардың шапанының алдыңғы өңірі кестеленді немесе түрлі-түсті баулармен әшекейленді.

Категория: Ғылыми жұмыстар | Добавил: Frenzy (16.12.2012)
Просмотров: 1839 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Сағат

Сауалнама
Сайтта сізге не ұнайды !!!!!!!
Результаты
Всего ответов: 4014
Сайт мәзірі
Сайт көрсеткіші
Қазір online
Қазір сайтта: 2
Қонақтар: 2
Қолданушылар: 0

Лучшая рип студия!