Главная » Статьи » Ғылыми жұмыстар |
Қазақ тілінде сөз тіркесінің басыңқы сыңары қызметінде есімдер мен етістік жұмсалатыны қалыптасқан заңдылық. Ал, үстеулер негізінде бағыныңқы сыңар қызметінде жұмсалатын сөздер тобына жатады. Алайда, қазіргі әдеби тілімізде үстеулердің басыңқы сыңар қызметінде жұмсалу үрдісі пайда бола бастағанын көруге болады. Ғалым Н.З.Гаджиева түркі тілдеріндегі сөз тіркестерінің зерттелуіне назар аудара отырып, атрибутивті қатынастағы сөз тіркестерінің құрамы мәселесіне тоқталады. Олардың түркі тілдерінде қалыптасқан өзіндік үлгілері (модельдері) болатындығы туралы жазады. Ғалым сөз тіркестерін мынадай модельдерге жіктеп, олардың жасалуына жеке-жеке тоқталып өткен: 1. Зат есім + сан есімді тіркестер; 2. Зат есім + есімдікті тіркестер; 3. Зат есім + сын есімді тіркестер; 4. Зат есім + есімшелі тіркестер; 5. Зат есім + -ырға, - арға инфинитивтері; 6. Екі есім сөзден құралған анықтауыштық тіркестер; 7. Зат есім + қос сөздер; 8. Анықтауыштық қатынастағы жайылма сөз тіркестері [5, 3]. Есімді тіркестердің үлгілері Т.Р.Қордабаевтың «Тарихи синтаксис мәселелері» атты еңбегінде де беріледі. 1. Зат есімнің зат есімнің тіркесі; 2. Сын есімді тіркестер; 3. Сан есімді тіркестер; 4. Есімдікті тіркестер; 5. Үстеулі тіркестер [13, 63]. Біз ескерткіштер тіліндегі есімді тіркестерді осындай үлгілер (модельдер) негізінде зерттеп қарастырдық. «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде кездесетін сан есімді сөз тіркестерінің негізгі түрлері – есептік, реттік және болжалдық сан есімдер. Бұл сандардың жазба ескерткіш тілінде не зат, бұйым есебін білдіру үшін немесе мезгілдік есепті білдіру үшін ғана қолданылғандығы зерттеу барысында анықталды. Мысалы: төрт кой (288) – төрт қой, кырк дөнен (282) – қырық дөнен түрінде келсе, өзге ескерткіштерде: алты хан (ТШ), екі мың атлығ білән қарауыл қойды (Ж) - екі мың атты әскермен қорғаушы қойды, қырық құлач (Ш) – қырық құлаш, бір шағал (Ш) – бір шибөрі, тоғуз оғұл (Ж) – тоғыз ұл сынды болып келсе, қазіргі түркі тілдерінде әзерб. беш китаб - бес кітап, уч дәфтәр - үш дәптер, алт. эки түн – екі түн, башқ. өс өй - үш үй, қаз. үш-төрт жігіт, бес қайың; тат. бер кеше – бір адам, алиг кашиг – елу қасық, түрк. ики бармак – екі саусақ, қырғ. бир графин – бір тостақ, түр. ікі ада – екі арал секілді болып келеді. Бұдан шығатын қорытынды, барлық түркі тілдерінде де осы үлгідегі (модельдегі) сан есімді тіркестер бар. Сан есім + зат есім қалпы негізгі талапқа сай, түркі тілдерінің барлығында бірдей үлгіде келетіндігі анықталды. Демек, сан есімнен кейін зат есім келетін құрылым барлық түркі тілдерінде сақталған қалыпты жағдай. Сан есім + нумератив + зат есім қалпында келетін сөз тіркестері сөздіктің тілінде көп кездеседі. Мысалы: төрт йашар кой - төрт жасар қой, кирг. төрт жылдык согуш – төрт жылдық соғыс, тат. өч яшлык қыз – үш жасар қыз, түрк. бир гунлук ел – бір күндік жол, өзб. етти йиллык мактаб - жеті жылдық мектеп. Мұндағы сөз тіркестердің жоғарыдағы мысалдардан айырмашылығы, бұл мысалдар -лық аффиксі арқылы жасалып тұр. Бұл тіркес те барлық түркі тілдерінде осы модельде кездеседі. Сөздік тілінде сілтеу, белгісіздік, жалпылау есімдіктері біз қарастырып отырған еңбекте, орта ғасыр жазба ескерткіштерінде зат есім + есімдікті тіркестер үлгісі ретінде беріледі. Мысалы, ескерткіш тілінде сизин оғұл (МӘ) – сіздің ұл, ол ұлұғ (Ж) – ол ұлы, бұ іш (Ж) – бұл іс, барша ұғланлары (Ж) – барша ұландары сөз тіркесі көп кездеседі. Осы үлгінің қазіргі түркі тілдеріндегі көрінісіне келер болсақ, әзерб. мәним адым – менің атым, башқ. минең китабым – менің кітабым тұлғасында келеді, сонымен қатар, әзерб. бизим нәсл – біздің ұрпақ, башқ. беззең команда – біздің команда, тат. безнең ел – біздің ел, чув. пирен анне – біздің ана. Зат есім + сын есім қалыпты сөз тіркестері «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде өте көп кездеседі. Мұндай қалыпты сөз тіркестерінің қазіргі тіліміздегі сөз тіркестерінен ешқандай айырмашылықтары жоқ. Мұнда сын есім зат есімнің анықтауыш қызметін атқарады. Мысалы: ачык йүкрат (МӘ) – ашық сүзбе, ачык соян (МӘ) – ащы пияз, ак ат (МӘ) – ақ ат, ұлұғ той (Ж) – ұлы той, яш ұғлан (Ж) – жас ұлан, темүр даруаза (ТШ) – темір дарбаза, ба‘зи дост (ТШ) – ескі дос тәрізді болып келсе, қазіргі түркі тілдерінде әзерб. мави көй – көк аспан, сарымтыл сач - сарылау шаш, тат. ак төннәр - ақ таңдар, кызылрак чечек - қызылырақ гүл, қаз. ыстық жас, хак. көк адайлар – көк иттер, хызыл арахінек – қызыл сиыр, түр. гузел киз - әдемі қыз сынды болып келеді. Келтірілген мысалдардан сын есімді тіркестердің әрдайым зат есімге тіркесетіндігін байқаймыз. Сын есімді тіркестердің жасалу қалпы түркі тілдерінің барлығында дерлік біркелкі болып келеді. Есімшелі сөз тіркестері түркі тілдерінде көне дәуірден бері белгілі. Орта ғасыр жазба ескерткіштері тілінде зат есім + есімшелі сөз тіркестері өте жиі ұшырасады және түркі тілдерінің барлығында дерлік кездеседі. Мысалы: биткен битик (МӘ) – жазылған хат, безенген хатун (158) – сәнделген әйел, өнген қаум (Ж) - өркендеген халық, әзерб. чалышган тәләбә - оқыған студент, түрк. үйреген ит – үйренген ит, гелген адам – келген адам, тат. туган жир – туған жер, ушкан ыяш – құлаған ағаш, өзб. уткан йил - өткен жыл, қайтмайдиган одам – қайтпайтын адам, тув. тоткан киши – тойған адам, түр. чалышкан чожук – талпынған бала, қаз. келетін кісі, қ.-қалп. қатнасатуғын одам – қатысатын адам, ұйғ. көридиған кино – көретін кино. Екі есім сөзден тұратын сөз тіркестерінің компонеттері изафеттік негізде байланысады. Мұндай тіркестер орта ғасыр жазба ескерткіштері тілінде былай көрініс тапқан: бұдұн мүлкінің падшаһы (Ж) - халық мүлкінің патшасы, Хорезм шаһының анасы Тұрқан хатұнның қарындашы (Т) - Хорезм шахының анасы Тұрқан хатынның ағайыны, қаз. құрғақшылыққа қарсы күрес, күндерде бір күн, қырғ. ар кишиде бир акыл - әр кісіде бір ақыл, адам адамга жолдош – адам адамға жолдас, түр. Таранта Бабуйа мектуплар - Таранта бабуға хаттар, түрк. гөвнүнде бир үнжүси – жүрегінде бір қорқыныш, тат. бәхет өчен юл – бақыт үшін жол, шәһәр буенча конкурс – қала бойынша конкурс. Мұндай сөз тіркестерінің алуан түрлі және өзгешеліктері мол болып келетіндігіне жоғарыдағы мысалдар дәлел. 2 «Мұқаддимат әл-әдаб» жазба ескерткішіндегі есімді тіркестер деген екінші тарауда сөз тіркестерінің байланысу тәсілдері мен қолданылу жиілігі қарастырылады. 2.1 Жазба жәдігерлік тіліндегі меңгеріле байланысқан есімді тіркестер. Қазақ тілі материалдарының негізінде жарық көрген М.Б.Балақаев еңбектерінде сөз тіркесі мәселесі кеңінен зерттеліп, сөз тіркестерінің құрылысы, өзіне тән ерекшеліктері, сөздердің байланысу тәсілдері мен формалары және олардың тіркесу қабілеттері жан-жақты ашылып көрсетіледі [14]. Бұл тұста кейінгі кездері жарық көрген А.Н.Баскаковтың, Р.С.Әміровтің, С.Исаевтың еңбектерін де атап өткен орынды. «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде меңгеріле байланысқан сөз тіркестері сөзүң аз – сөзімнен артығырақ (149), өзүңгә иш - өзіңе үлгі (161) секілді болып келсе, «Жамиғат-Тауарих» жазба ескерткішінің тілінде достуна дост - досына дос, душманына душман - дұшпанына дұшпан [6, 140], ал өзге де орта ғасыр жазба жадыхаттарында ерка теңсиз (ҚБ) – еркекке ыңғайсыздық, сараңқа сөкүш (ҚБ) – сараңға сөгіс, қытан тапа (ДТС) – қидандарға соғыс, тоғардын батарға (ҚБ) – шығыстан батысқа, кишидин едгүлүк (ҚБ) – кісіден жақсылық, тишидин теңсиз (ҚБ) - әйелден ыңғайсыздық, ердин едгүлүк (ҺХ) – кісіден жақсылық. Зерттеу барысында орта ғасыр жазба ескерткіштері тіліндегі есімді тіркестердің қазіргі түркі тілдерінде де жиі қолданылатындығы, сондай-ақ оларда қыпшақ элементтерінің айқын басым екендігі анықталып отыр. Барыс септікті меңгеру: «Сан есім + нумеративті сөз» құрылымындағы түйдекті тіркестер басқа сөз тіркестерімен меңгеріле байланыса алады. Мысалы, қазіргі қазақ тілінде үш айға бес мың әскер секілді болып келсе, «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде бир йашар оғлан (152) – бір жасар бала, үч йашар кой (285) – үш жасар қой сияқты болып көрініс табады. Ал «Жамиғат-Тауарих» тілінде меңгеріле байланысқан есімді тіркестер йерге басрұқ - жерге басшы, мәмлакаткә басрұқ - елге басшы, ханға елчі - ханға елші [6] түрінде кездеседі. Мұнда сөз тіркестерінің барыс септікті меңгеру арқылы жасалу жолдарындағы бір-біріне ұқсастығы анық байқалады. Жатыс септікті меңгеру: қазақ тілінде «сан есім + нумеративті сөз» құрылымындағы тіркестер басқа сөздермен немесе «сан есім + нумеративті» құрылымындағы тіркеспен меңгеріле байланысады. Зерттеу барысында орта ғасыр жазба ескерткіштері тіліндегі шығыс септікті меңгеру арқылы есімді сөз тіркестерінің жасалуындағы ұқсастық анықталып отыр. Мысалы, қазіргі қазақ тілінде бір жазда, үш рет, үш жылда бір мәрте. Бұл «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде бир күнде (18) – бір күнде, үч кат ип (278) – үш қабат жіп сияқты болып көрініс табады. Ал «Жамиғат-тауарих» тілінде төрт йақта - төрт жақта, әууел башта - бастапқы кездері, ешиңа салам (ҺХ) – досыңа сәлем түрінде кездеседі [6]. Зерттеу барысында сөз тіркестерінің жатыс септікті меңгеру арқылы жасалу жолдарындағы ұқсастық бұрынғы және қазіргі түркі тілдері материалдарын салыстыру негізінде толық дәлелденіп отыр. Шығыс септікті меңгеру: «Сан есім + нумеративті сөз» құрылымындағы нумеративті жай тіркестер зат есімдермен көбінесе шылаулар арқылы меңгеріле байланысуы қазіргі түркі тілдерінде де, ескі түркі тілдерінде де сирек кездеседі. Мысалы, қазіргі қазақ тілінде жиырма бес пұттан екі жарым пұт көмір, он сомнан он бес сомға дейін сынды болып келсе, «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде бир тутамйан от (54) – бір тұтамнан шөп сияқты болып келеді. Ал «Түркі Шежіресіндегі» қолданымы: афтаб мәшһүр - күннен мәшһүр, қаумдын артуқрақ - халықтан артығырақ, афтабдын мәшһүрірек (ТШ) – күннен мәшһүрірек. «Жамиғат-тауарихта» айдын раушанырақ (Ж) – айдан көріктірек, қаумдын артуқ (Ж) – халықтан артық, келіндін көрклү (Ж) – келіннен көрікті. Сөздікте меңгерiле байланысқан есiмдi сөз тiркестерiнiң бағыныңқы сыңарлары барыс, шығыс, жатыс, көмектес жалғауларының бiрiнде жұмсалады да, басыңқылары көбiне баяндауыш қызметiндегi есiмдер болады. Мысалы: билгә баш – бiлiмдiлерге бас (398), есизкә от – жамандарға от (401), иағықа йудуғ – жауға жұт (401), сөзгә тануқы – сөзге айғақ (149), сөзүң аз – сөзімнен артығырақ (149), өзүңгә иш - өзіңе үлгі (161), сөзләмишда асығ – сөйлегеннен олжа (168). Есімдердің бұлай тіркесуі жеке сөздің тікелей лексикалық мағынасынан, жалпы сөйлемнің мазмұнынан, айтайын деген ойды нақтылау үшін, есім сөздерге жалғаулы есімдердің керек болуынан туады. Ескерткіште қазақ тіліндегі тіркестермен формасы жағынан да, мағынасы жағынан да бірдей едәуір тіркестер кездеседі. Дегенмен, ескерткіштердегі есімді сөз тіркестердің кейбірі қазіргі қазақ тілінде сыртқы формасы бірдей болғанымен, мағынасы өзгеріске ұшыраған күйінде кездесетіндігі анықталды. Сөз тіркестерінде, негiзiнен, бағыныңқы сыңар ретінде келетін сын есiмдер баяндауыш қызметiнде жұмсалғанда, есiмдi сөз тiркесiнiң басыңқы сыңары болып келетін кездері де ұшырасады. Мысалы: көр қарақуқ – көр соқыр (175), қарақуқ белгүлүг – аты шулы соқыр (176) сияқты тіркес құрамында келеді, ал заттың ішкі – сыртқы сапасын білдіретін сын есімдер әлдеқайда көп кездеседі. Мысалы, меңа йақын – маған жақын (581), бега йақын – кісіге жақын (592), сақынч йаңлузун – қайғы жалғыз (1528). 2.2 ХІV ғасыр мұраларының тіліндегі матаса байланысқан есімді тіркестер. Түркі тілдеріндегі сөз тіркесі тәсілдерінің ішінде матаса байланысқан тіркестердің дамуы ғылымда жеке қарастырылмай келеді. Матаса байланысу – ілік жалғаулы сөз бен тәуелдік жалғаулы сөздің тіркесі. Бұл тіркестерде бағыныңқы сыңар ілік септікте немесе атау септік күйінде тұрады да, басыңқы сыңар тәуелдік жалғауы тұлғасында тұрады. Матасу – байланысудың басқа формаларына қарағанда тарихи тұрғыдан ең кеш қалыптасқан формалардың бірі. Қазан төңкерісіне дейін М.А.Казем-Бек ілік жалғаулы сөзді «Меңгеруге байланысты сөз тіркестері» дей келіп, оларды «фраза» [15,274] деп атағаны белгілі. П.М.Мелиоранский еңбектерінде матаса байланысқан сөздер тобы жеке көрсетілмейді. Матаса байланысу формасының қазақ тілінде зерттелуі М.Балақаев есімімен байланысты. Осы кезеңде қазақ тілінің грамматикасы бойынша арнайы оқулық жазған, әсіресе, ғалымның «Основные типы словосочетании в казахском языке» атты еңбегінде кеңінен қарастырылады. Матасу арнайы байланысу амалы ретінде тіл білімі ғылымында ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап зерттеле бастады. Сөз тіркесінің даму тарихында ілік жалғаулы сөздер де меңгеріле байланысқан: қаланың баласы, карин йүкі (643) – қарынның жүгі, үзүм ширеси (216) – жүзім шырыны, көк урайы (53) – шөп ұрығы, ләшкерінің қолы - әскерінің қолы. Жазба ескерткіш тіліндегі матаса байланысқан сөз тiркестерiнің жасалу жолдарында өзiндiк ерекшелiктер бар. Бұл сөздікте былай көрiнiс табады: Келенин дилайы (1055) – жануардың құлағы, келенин учаси (767) – жануардың белі, алтун таразиси (247) – алтынның таразысы. ХІІІ-ХІV ғасыр жазба жадыхаттарында: казан көпүки (22) – қазан көбігі (МӘ), темүр ушайы (198) - темірдің ұсағы, теве төши (276) – түйенің төсі (МӘ), шатранжниң бисати (1048) – шахматтың тақтасы (МӘ), сүт көпүки (225) – сүттің көбігі (МӘ), киши қылқы - кiсiнiң қылығы (164), билигкә тилмәчи (158) - бiлiмнiң тiлмашы (ҚБ), будун тили – жұрттың тiлi (164), елиг көңли – елiктiң көңiлi (567), билигсиз тили (1640) – бiлiмсiздiң дiлi (Мн). Ал «Жамиғат-тауарих» және «Түркі шежіресі» жазбаларында ханның оғлы (Ж) – ханның баласы, адамның бейіші (Ж) – адамның пейіші, фужиннің ордусу (Ж) – фужинннің ордасы, жиреннің йылқычысы (ТШ) – жиреннің жылқышысы, Хытайның шахары (ТШ) – Қытайдың қаласы сынды болып келеді. Бұл сөз тiркестерiнiң бiрiншi сыңарлары iлiк жалғауда, екiншi сыңарлары тәуелдiк жалғау тұлғасында тұр. Мұндағы кейбір сөз тіркестерде ілік жалғауы көбіне жасырын түрде келеді. Б.Әбілқасымов «Түркі шежіресі» жазба ескерткіші тіліндегі сөз тіркестерін зерттей келе, олардың басым көпшілігінің қазіргі қазақ тілінде аса көп өзгеріске ұшырамай сақталғанын көрсетеді және олар көркемдік құрал ретінде қолданылғанда қазақтың ұлттық таным-түсінігіне сай келетіндігін айтады [10]. Жазба ескерткіштер тілінде сөздердiң осылай байланысуы - қазақ тiлiнiң грамматикалық құрылысындағы ерекшелiктердiң орта ғасыр жазба ескерткiштерiнде де бар екендiгiнің дәлелі. Сөз тiркесiнiң бұл байланысын бiрқатар түркітанушылар қиысу ретінде қарастырады. Егер қиысуда бағыныңқы сөз басыңқы сөзге иек артып, соның жақтық, көптiк мағынасына лайық, белгiлi грамматикалық тұлғада айтылса, матасуда, керiсiнше, басыңқы сөз өзiне бағыныңқы сөздiң жақтық мағынасымен үйлесiп, тиiстi грамматикалық тұлғада жұмсалады. Сөйте тұрып, ол бағыныңқы сөздiң тиiстi жалғауда айтылуын керек етедi. Мысалы, сөздікте: балдир сүйеки (149) – балтырдың сүйегі, айниң айаки (12) - айдың соңы, сакалниң баши (135) – сақалдың ұшы, тери ичи (125) – терінің іші, кулакниң тешүги (128) - құлақтың тесігі, камурсканиң йумуткаси (296) - құмырсқаның жұмыртқасы, тонниң мүхреси (206)-тонның түймесі, ипин кесеки (278) - жіптің үзіндісі (МӘ), киши тәлваси – кісінің есуасы (3480), дунийа қуты - дүниенің бақыты (3478) түрінде көрініс тапса, орта ғасыр жазба жәдігерліктерінде дунийа нәңи – дүниенің заты /3491/, севүг айбы – сүйіктінің айыбы (ҚБ), билигсиз тили - білімсіздің тілі (Мн), йармышның сақасы (ТШ) – ярмыштың бектері, соңқурның хатұны (Ж) – соқырдың әйелі, кішінің аты (Ж) – кісінің аты сынды болып келеді. Жазба ескерткіштердегі сөз тіркестері қандай қызмет атқарса, қазір де сондай қызмет атқарады. Орта ғасыр жазба ескерткіштерінде кездесетін тіркестерді зерттеу барысында сөз тіркестерінің даму заңдылықтары тілдік жүйенің даму заңдылықтарына тәуелді екені анықталды. Матаса байланысуды қиысудан бөлiп қарау қазақ тiлiнiң, сонымен қатар басқа түркi тiлдерiнiң де сөйлем құрылысында бар синтаксистiк ерекшелiктердi дұрыс тануға себепкер болады. Ескерткіште: ичин кабуйы (307) - іштің қауызы, тонниң кесеки (695) - тонның бөлігі, ешекин паани (281) - есектің егері, ешикин йани (94) – есіктің бағанасы (МӘ) сынды сөз тіркестері кездеседі. Бұл сияқты матаса байланысқан сөз тіркестері «Жамиғат-тауарих», «Түркі шежіресі», «Құтадғу білік» жазбаларында да көптеп кездеседі. Мысалы: кішінің қолы (ТШ) – кісінің қолы, арықның ортасыи (Тш) – арықтың ортасы, Кашмирдің суы (Ж) – Кашмирдің суы. Матасу тәсілі қолданылатын изафеттiк құрылыстағы тiркестiң осы тәрізді басқа сөз тiркестерiмен де тiзбектелiп, шиыршықтана беретiнiн ескеру қажет. Матаса байланысатын сөздер – негiзiнде, зат есiмдер. Сөздік материалы негізінде зат есiм мағынасында не зат есiм орнына жұмсалатын сөздердiң бәрi сол тiркестiң бiрiншi не екiншi сыңары бола алатындығын байқаймыз. Мысалы: евниң көкүси (92) – үйдің шатыры, евниң оки (92) – үйдің қарысы, өтүк астари (193) – етіктің ұлтарағы, өтүк ипи (232) – етіктің бауы. Өзге орта ғасыр жазба ескерткіштерінде дунийа иңи – дүниенiң заты (ҚБ), дунийа қуты – дүниенiң бақыты (ҚБ), севүглүг нишаны – сүюшiнiң нышаны (3472), сөз түгүни – сөздің түйіні (Мн), Қайдуның оғлы (Ж) – Қайдуның ұлы, пиазның түбі (ТШ) – жуаның түбі болып келеді. Анықтауыштық қатынастағы iлiк жалғаулы сөздердiң алуан түрлi құрамда айтылуына қарай матаса байланысқан сөз тiркестерi әр түрлi қатынаста жұмсалатындығы анықталды. Бұл үлгі әртүрлі меншіктілік қатынастарды білдіреді және ілік септігінің жалғауы барлық дамыған түркі тілдерінде кездеседі (якут тілінде жоқ, өйткені онда ілік жалғауы дамымаған). Бұл үлгі көне, орта ғасыр және кейінгі түркі жазбаларында да кездеседі. Мысалы: олурыпан түрк будуның ілін тор (үс) ін тұта бірміс іті бірміс (ҚБ) - таққа отырып, олар түркі халқының құралуын, бірлігін қамтамасыз етті, түн күнүн қаршысы (МК)- түн күннің қарсысы, кішінің сөзі (МК) - кісінің сөзі, менім сөзүм (ҚБ) - менің сөзім, тенрінің аты (ҚБ) - тәңірінің аты, адэмілэрнің йурэклері (ДТС) - адамдардың жүректері, уа бағзы ол ұлұғлары Онханның хақында яман кеңэш қылып ерді (Ж) - ол қашып, Түркістанның хакімі қара қытай Қорханға барды. Ескерткіштегі матаса байланысқан тіркестерде де тіркес құраушы сөздердің орын тәртібі тұрақты болады, олардың арасына басқа сөз қосуға болмайды. Тіркестің бұл түрі бұрыннан келе жатқан көне тіркестер қатарына жатады. Өйткені бұл үлгі қазіргі түркі тілдерінің барлығында бар, әрі көне түркі жазбаларында да ұшырасады. Олардың білдіретін семантикасы да осы тілдердің көпшілігіне ортақ болып келеді. Мысалы, «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде: арик баши (48) – арықтың басы, бойуз айрики (215) – тамақ ауруы, бойуз байы (40) – дауыс байланысы, тирнак айрики (215) – тырнақ ауруы, бармак сани (618) – бармақ саны, йай акачи (63) – сабақтың ағашы, кудук тегреси (50) – құдықтың айналасы, бурун ичи (132) – мұрынның іші, мирт йапраки (58) – мирта жапырағы, бармак буйуни (139) – бармақ буыны, шеһер таши (76) – қаланың тасы, Рүстем йаси (21) – Рүстемнің садағы, балчик параси (30) – балшықтың түйірі, корган тами (74) - қорған қабырғасы. Қазіргі түркі тілдерінде матаса байланысқан сөз тіркестерінің білдіретін мағыналық қатынастары да, сонау орта ғасыр жазба ескерткіштерінде де кездесетіндігі анықталып отыр. Мысалы, егин ети (138) – иықтың еті, күнниң котани (22) - күннің айналуы, нар кабуйы (218) – анардың қабығы, ат белгүси (251) – аттың белгісі, ат куйруки (253) – аттың құйрығы, тенгиз көпүкү (46) - теңіздің көбігі, атниң какли (253) – аттың кекілі, тенгиз кирайы (51) – теңіздің жағасы, ат тамйаси (258) – аттың үйірі, йилан териси (295) – жыланның терісі, ат менги (252) – аттың меңі, куш еви (82) – құстың ұясы сияқты сөз тіркестер «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде кездессе, орта ғасыр жазба жадыхаттарында алп Шалчы ақ атын бініп тэгміш (ҚБ) - алып Шалшының ақ атын мініп жауға шапты, он оқ сүсі қалықсыз тасықды (ДТС) - әділеттінің ұяты күшті, - деді, сәміз ат ағзы қатығ болты (Ж) - семіз аттың аузы қатып қалды (қаталады), қаған інісі чур тэгін кэліп... (ДТС) - ханның інісі Чур тэгин келіп..., Көрүч сабы антағ (ДТС) - Барлаушы сөзі осылай, экін ара ккісі оғлы қылыңмыс (ҚБ) - екеуінің арасынан адам баласы жаралған, когмэн аша қырқыз иірінэ тәгі сөңіштіміз (ҚБ) – көкпен асып, қырғыз жеріне дейін жорық жасадық, үчінч чуш башында сөнүшдім (Мн) - үшінші рет Чүш басында соғыстым, сүңүг батымы қар (ҚБ) - найза бойы қар, сү басы инэл қаған, Тардус сад барзун тіді (ДТС) - әскер басы болып Инэл қаған және Тордуш шад барсын деді, қара йол тәңрі (Ж) - қара жол тәңірі. Осы мысалдардан матаса байланысқан сөз тіркестерінің түркі тілдерінде ерте дәуірден келе жатқан көне құрылым болуымен қатар, белгілі семантикалық жүйеге түскен, нормаланған құбылыс екендігі байқалады. Орта ғасыр жазба ескерткіштері тілінде тіркестің бұл түрінде осындай әр ізділіктің болуы бұл тілде бүгінгі күнгі жүйенің әлі қалыптасып болмағанын, осы тілдің өзі көне норма мен жаңа норма элементтерін бойына жиған өткінші кезеңді көрсететінін аңғартатын сықылды. 2.3 Қабыса байланысқан есімді сөз тіркестер. Қабысу деп, профессор Т.Сайрамбаев бағыныңқы мен басыңқы сыңарлардың бір-бірімен ешбір қосымшасыз түрде тіркесуін айтады [16,17]. Н.З.Гаджиева зерттеу еңбегінде: «Жалғамалы тілдердің ең маңызды құрылым белгісі - сөздердің орын тәртібі. Түркі тілдеріндегі сөз тіркестерінің негізгі байланысу тәсілдерінің бірі болып табылатын қабысу синтаксистік қатынасты білдірудің ең көне тәсілі болып табылады» - дейді [5,209]. Түркі тілдерінде сандық анықтауышты білдіруде сан есім және нумеративті сөздер мен зат есімдер арасында ілік септік қатынасы болмағаны белгілі. Сан есім + нумеративті сөз + зат есім құрылымды сан есімді тіркестер өздерінен кейінгі қатарда тұрған өлшеу обьектісі күйіндегі зат есіммен қабыса байланысады. Бұл құрылым қазақ тілінде нумеративті сөз тіркестерінің зат есімдермен бірге құрайтын күрделі сөз тіркесі болады. Сонымен бірге, бүкіл түркі тілдерінің ішінде нумеративті сөз бар құрылымдардың толық және нормаға сай формасы болып табылады [5, 32-33]. Бұл үлгіде сан есіммен бірге нумеративті сөз сандық анықтауыштық қызмет атқарады. Мысалы, қазақ тілінде екі қап шөп, бір топ бала, бір уыс мақта, бір қазан сүт сынды болып келсе, «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде бир тутам от (54) – бір тұтам шөп, бир йаш оғлан (153) – бір жас бала болып келеді. Бұдан шығатын қорытынды, зат есім тұлғасындағы тіркестер сөздік мәтінінде қабыса байланысқан сөз тіркестері сан есім – нумеративті сөз үлгісіндегі тіркестердің жасалуы жағынан бір-біріне ұқсас екендігі анықталды. Қабыса байланысқан зат есімдердің матаса немесе жартылай матаса байланысқан зат есімді тіркестерден мынадай айырмашылығы болады. Матасуда басыңқы сыңардағы зат есім бағыныңқы сыңардағы зат есімді атаулық мәнге жеткізетін заттық белгіні көрсететін болса, қабысуда мұндай қасиет жоқ. Мысалы: күмиш йүген (485) - күміс үзеңгі, күмиш тепги (103)- күміс ыдыс, күмиш йүзүк (600) – күміс жүзік, йаман сөз (312) – жаман сөз, йаш арпа (53) – жасыл арпа, йупка етмек (223) – жұқа нан, ит кавуни (61) – жабайы қауын, йашурма дост (416) – құпия дос, кишка көнглек (228) – қысқа көйлек, бөдүк таа (33) – биік тау, кара куш (ТАС) – қара құс, кере йак (ат-Тухфа) – сары май, керту сөз (ат-Тухфа) – шын сөз, саруғ ерик (ТАС) – сары өрік, кара ерик (ТАС) – қара өрік, ала көз (ТАС), кара етмек (Б) – қара нан тіркестерінде басыңқы сыңардағы зат есім бағыныңқы сыңардағы зат есімді атаулық мәнге жеткізетін белгі емес. Қабыса байланысқан зат есімдердің тіркесі мен сын есімді тіркестердің арасында белгілі бір байланыс бар. Қабыса байланысқан зат есімдердің алғашқы сыңары анықтауыш болып, екінші сыңары анықталушы ретінде анықтауыштық қатынаста жұмсалады. Есімді тіркестерде тіркес құрамындағы сын есімдер мен зат есімдер қабыса байланысады. «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде бірінші компоненттегі сын есім екінші компоненттегі зат есімді атаулық мәнге жеткізетін сындық белгі болып келеді. Мысалы: йупка перде (234) - жұқа перде, йупка тон (895) – жұқа тон, йупка сач (782) – жұқа шаш, бөдүк көшк (87) – биік мұнара, биуйк үн (889) - жуан дауыс, кари качир (300) – кәрі қашар, кичик йаштук (236) – кішкентай жастық, калчаай баш (759) – қасқа бас, кара мунчак (38) – қара моншақ. Ал өзге орта ғасыр жазба жадыхаттарында қара кебіш (ТШ) – қара кебіс, йақшы падшаһ (ТШ) – жақсы патша, йахшы ат (Ж) - жақсы ат, едгү киши (ҚБ) – жақсы кісі, ал ағы (ҚБ) – қызыл жібек, улуғ балық (ҺХ) - үлкен қала сынды болып келеді. Қабыса байланысқан зат есімдердің сан есімді тіркестер сияқты байланысып, анықтауыштық қатынаста жұмсалуы олардың өзара ұқсастық жақтарын танытады. Мұнда бағыныңқы сыңардағы зат есім сын есімдер тәрізді басыңқы сыңардағы зат есімнің сындық қасиетін білдірген. «Муқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде қабыса байланысқан есiмдi сөз тiркестерiнiң құрамы әртүрлi. Оның бағыныңқы сыңары зат есiм, сын есiм, сан есiм, сiлтеу есiмдiгi, есiмше, үстеу болады да, басыңқы сыңары зат есiм, субстантивтенген сын, сан есiмдер болады. Мысалы: кара йылан (295) – қара жылан, қатик иш (781) – қатал жұмыс, курук от (47) – құрғақ сабан, билигсиз киши (153) – білімсіз кісі, уқуш иш (157) – көрікті іс, өкүш сөз (168) – көп сөз, йалан сөз (544) – жалған сөз, ески латта (232) – ескі шүберек, киши едгүси (230) – ізгі кісі, ерсә аты (232) – соқпақ аты, едгү өгди (236) – есті алғыс, есиз едгү (241) – жаманды жақсы, йайығ дунийа (391) – баянсыз дүние, ирсәл йайығ (392) – қызметі тұрақсыз, ески түлүм (194) - ескі торсық, йашы ұзын (392) – жасы шексіз, қылқығ қыз (393) – қылқы қыз, кума тепе (32) – құм төбе, йүгүрүк теве (276) – жылдам түйе, ески чайыр (474) – ескі шарап, йақши жавап (971) - жақсы жауап, сайар инген (275) – сайын інген, сарик чечек (58) – сары гүл, түз фикир (334) – таза ой, йанги күн (16) – жаңа күн, инчу лаж (469) - інжу сыпырғы, ирик йер (30) – кең жер, сирйа ат (252) – шабарман ат, йахши ат (709) – жақсы жылқы, көр көз (712) – соқыр көз, қылынчы силиг (393) – мінезі сынық. «Муқаддимат әл-Әдаб» сөздігінің тілінде осындай тiркесте айтылатын зат есiмдер тобы көбiнесе екi сөзден құралады. Олар өзара әр уақытта анықтауыштық қатынаста тұрады. Мысалы: йахши балчик (29) – жақсы балшық, түгәл қут (3414) – шын дәулет, сарик ат (908) – сары жылқы, көр хатун (712) – соқыр әйел, сарик тикен (63) – сары тікен, йахши киши (168) – жақсы адам, йорық тил (158) – жүйрік тіл, йахши үн (1003) – жақсы дауыс, ач хатун (756) – аш әйел, сарик чүпчүк (301) – сары шымшық, йаңшады тер тилиг (171) – тіл безер мылжың. Бұлар өзара анықтауыштық қатынаста айтылғанымен, сөйлемде бір заттың күрделі анықтауыштары, кейде басқа да мүше болып жұмсалады. Осы тәрiздi қатар тұру арқылы бiрiн-бiрi анықтайтын зат есiмдер тобы екi, үш, кейде төрт сөзден құралуы мүмкiн. Бiрқатар зат есiмдер анықтауыштық құрамда жұмсалу үшiн өз алдында басқа анықтауыштардың болуын керек етедi. Мысалы: тегри неме (492) - дөңгелек зат, келе базар (80) - мал базар, теве тирнак (277) - түйе табан, ашлик каричан (44) - астық керуен, танг неме (686) - ғажайып зат, екки күнлүг қонуқ - екі күндік қонақ (3482), йайығ дунийа - баянсыз дүние (3486) деген сөз тіркестері дүние баянсыз, қонақ күндік деп айтылмайды, баянсыз дүние дегенде ғана анықтауыштық құрамға енеді. Екки күнлүг қонуқ – екі күндік қонақ (3482) күндік қонақ деп жалаң айтылмайды. Сөздікте заттың неден, қандай заттан жасалғанын бiлдiретін сөз тіркестері де көрініс беріп қалады: темүр гарук (670) – темір шеге, сүт тиш (133) – сүт тіс, тэмір қапыққа тэгі сүлэдім (ҚБ) - темір қақпаға дейін бардым, алтұн кэш адырылдым (ДТС) – алтын белбеуімнен айырылдым. Орта ғасыр жазба жадыхаттары тілінде қолданылған жинақтау есімдіктері есімді сөз тіркесінің бағыныңқы сыңары қызметінде заттың жинақталған мөлшерлік сапасын білдіреді. Мысалы, барча хатунлар (321) – барлық әйелдер, барча малниң ийилери (324) – барлық малдың иегерлері, барча еренлер (331) – барлық еркектер. ҚОРЫТЫНДЫ ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІV ғасырдың басында хатқа түскен Махмуд әл-Замахшаридің «Мұқаддимат әл-Әдаб» атты төрт тілді (арабша – парсыша – түркіше – монғолша) сөздігі орта ғасырлық түркі жәдігерліктері қатарындағы өте маңызды да мәнді ескерткіш болып табылады. Шығыстанушы В.В.Бартольд түркі тілдерінің тарихи ескерткіштері туралы айта отырып, маңыздылығы жағынан бірінші орынға М.Қашқаридің «Девону луғат-ат турк» атты сөздігін, ал екінші орынға осы «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігін қоюының дұрыстығы зерттеу барысында айқын көрінді. | |
Просмотров: 2296 | Рейтинг: 0.0/0 |
Всего комментариев: 0 | |
Бизнес, менеджмент, финанс т.б [2] |
Патриоттық және мерекелер т.б [16] |
Шет ел әдебиеті мен тарихы [31] |
Шағын көлемді шығармалар [60] |
Әлеуметтану, саясаттану [69] |
Философия және логика [13] |
Қазақ тілі және тіл білімі [104] |
Елді мекендер, қалалар [2] |
Агро,шаруашылықтар [9] |
Курстык жумыстар [17] |
Ғылыми жұмыстар [62] |
Қазақстан тарихы [114] |
Тарихи тұлғалар [132] |
Еуразияшылдык [16] |
Ашық сабақтар [56] |
Дүние тарихы [30] |
Мәдениеттану [7] |
Информатика [68] |
Астрономия [61] |
Психология [6] |
Переводчик [4] |
Математика [14] |
Педагогика [77] |
Дипломдар [10] |
География [82] |
Биология [133] |
Экология [3] |
Дінтану [32] |
Физика [33] |
Химия [13] |
Құқық [27] |
Еңбек [7] |