Главная » Статьи » Ғылыми жұмыстар |
Ғ.Қалиев диалектілік лексикадағы осы үлгіде жасалған туындылар қазіргі тіл құбылыстарымен тек тарихи тұрғыда байланысады деп тұжырымдайды [9]. Бұл пікір диалектілік саналатын негіздің де қосымшаның да түп негізгі тарихтың терең қойнауына тартатынын, олардың семантикасын қазіргі күйінде қабылдауға тура келетінін білдіреді. Ал олардың семантикасына бойлау үшін күрделі этимологиялық талдау материалы қажеттігі анық. «Диалектілік тұрақты тіркестер – рухани мәдениет көрсеткіші» деп аталатын тараушада жергілікті қолданыстағы фразеологиялық тіркестердің өзіндік ерекшелігі, пайда болу жолдары туралы сөз болады. Диалектілік тұрақты тіркестер пайда болып жасалуы жағынан алғанда тілдің тарихымен өзектес сондықтан диалектілік фразеологизмдерді жинау, зерттеу сипаттау диалектілік лексиканың құрамы мен көлемі мәселесін ғана шешпейді. Біріншіден, диалектілік тұрақты тіркестер тіл тарихына қатысты шешімі табылмай жүрген сұрақтардың жауабын табуға септігін тигізе алатын сенімді дереккөз. Олардың бойында дыбыстық-грамматикалық құрылыстың кейбір көне элементтері тұнып қалған. Екіншіден, диалектілік фразеологизмдер бойынан диалектіге тән сөзжасам және түрлену жүйесі айқын көрінеді. Үшіншіден, диалектілік тұрақты тіркестер әдеби тілдің фразеологиялық құрамын байытуға азды-көпті үлес қосады. Төртіншіден, фразеологиялық тіркестер семантикасы ауқымды, терең. Олардың мазмұнында этностың рухани мәдениетінің айшықты мағлұматтары жинақталған. Диалектілік тұрақты тіркестер жеке зерттеу нысаны болып Қ.Қалыбаеваның еңбегінде көрініс тапқан [10]. Қытай қазақтары тілінің жергілікті ерекшеліктеріндегі тұрақты тіркестер жайлы С.Мұстафаұлының зерттеулері [11] диалектілік тұрақты тіркестердің арнайы зерттеу нысаны бола алатын көлемде және мазмұнда екенін дәлелдеді. Ғ.Қалиев диалектілік тұрақты тіркестерді біртұтас лексикалық мағынаның көрсеткіші болып табылатындықтан сөйленістердің лексикасындағы негізгі типтердің бірі ретінде қаралуы тиіс деп айымдайды. Лексикалық типтердің басқа түрлері сияқты оның қалыптасып жетілуі де сөзжасам процесімен тікелей байланысты. Тұрақты сөз тіркестері тарихи жай тіркестерден туатындықтан аналитикалық тәсілмен сөзжасамның сөйленістердегі объектісі болып табылады. Фразеологиялық тіркестердің күрделі табиғаты оларды тектес бірліктермен сөз, еркін тіркестермен салыстырғанда байқалады [12, 13]. Мұндай салыстырулар сөз, еркін сөз тіркесі фразеологиялық тіркестердің әрқайсысын жеке зерделегенде жүріп отырады. Себебі бұлардың бәрінің негізгі тірек компоненті сөз. Фразеологиялық тіркестер сөйлеуде жеке сөз орнынан қолданылады. Егер күрделі сөз болса, құрылымы жағынан сөз тіркестерімен сөйлемдерге сәйкес келеді. Диалектілік тұрақты тіркес белгілі аймақтың тұрмыс-тіршілігіне, салт-дәстүр, географиялық жағдайына рухани дүниесіне байланысты пайда болған. Құрамы жағынан тұрақты бейнелі образды түрде жұмсалатын дайын тілдік бірлік диалектілік тұрақты тіркестердің әдеби тілдегі тұрақты тіркестерге қарағанда оларды құрайтын сыңарлардың шығу тегіне қарай ерекшеліктері бар. «Көркем шығармалардағы эмоционалды-экспрессивті лексика» деп аталатын тараушада жазушылардың қолданысындағы жергілікті тіл ерекшеліктерінің бағалауыштық мәні туралы сөз болады. Коннотация табиғаты, нақты айтқанда, экспрессивтік-эмоционалдық және бағалауыштық микрокомпоненттер негізінде сипатталады. Белгілі бір сөздің денотаттық мағынасын денотаттық семалар танытса, коннотаттық компонент мағынасы коннотаттық семалар негізінде жүзеге асады. Денотаттық семалар объективтік шындық дүниесіндегі заттар мен құбылыстардың бейнесін ассоциациялайтын, тілдік тұрғыдан көрініс тапқан денотаттардың бейнесін танытатын семалар болып танылса, коннотаттық семалар лексемасы өзара ортақ болып келетін денотаттық семалардан туындай келе, белгіленген затқа деген жаңа көзқарасты өзге қатынасты білдіретін сема ретінде көрініс табады. Ал лексика-семантика тұрғысынан алғанда белгілі бір көркем мәтін ішіндегі коннотаттық компонент мағынасына тең келетін сөздер мен сөз тіркестерінің ұтымды қолданылуы да астарлы ойдың өрбіп, ұласуына себепші бола алатынын аңғартады. Әрбір коннотаттық мағынада қолданылған сөздің денотаттық негізі болуы заңды. Мысалы Қ.Әбдіқадыров шығармасындағы Әйел оның одағай айтылған сөзіне күлді деген сөйлеміндегі одағай айтылған сөз тіркесіндегі одағай коннотаттық мағына реңкінде беріліп тұр. Сондай-ақ мына сөйлем бойында да бейнелеуіштік, экспрессивті-эмоционалды таныту мақсатында қолдану негізі арқылы коннотаттық мағына туындағаны байқалады. Мысалы: Жұрт көлік шаршады деп қосын доғарып жатқанда, қарнын кебеже теңдегендей қылып өгіздің егіс қорғанға кіргенін көреді. Мұндағы қарнын кебеже теңдегендей деген диалектілік коннотацияның әсірелеп бейнелеу мәнін беріп тұрғаны мәтін бойынан байқалып тұр. Диалектизмдер - ауызекі сөйлеу стиліне тән тілдік құбылыстар. Ауызекі сөйлеу, яғни коммуникативті акті арқылы жеке тұлғаның санасында жатталып, жұмсалымдық, қолданымдық деңгейі жиі болғандықтан жеке тұлғаның индивидуальді сөздік қорына сіңген диалектілер сол жердің тұрғындары үшін ғана ортақ, жалпылық сипатқа ие болады. Басқа аймақ жүрсе де жеке тұлға белгілі бір затты не құбылысты өз санасында жатталған, өз сөздік қорындағы атауларымен танытады. Ауызекі сөйлеу әрекетінде солай атауға әбден машықтанған әрбір адам әдеби тілдегі негізгі атауымен атаудан гөрі, өз тіліндегі вариантымен атауды әрқашан тиімді, лайықты деп санайды. Бұл заңды құбылыс. Адамзат үшін ақиқат дүние біреу болса, оны түсіну, тану, сол дүниенің біртұтас бейнесін санада қалыптастыру әрекеттері әр адамзатта, әр ұлтта әр деңгейде сан алуан интерпретацияда беріледі. Сондықтан тіл иесінің ой-өрісіне, концептуалдық әлеміне байланысты дүниенің танымдық бөлшектері тілде өзінше көрініс табады, өзінше бейнелеп суреттейді, ал тіл иесі танымдық ойын өз тілінде сақталған дүние бейнесіне сәйкес танытуға тырысады. Сол себепті диалектілер арасында да көпмағыналылық, омонимдік, синонимдік ерекшеліктер жиі кездеседі. Диалектілік омонимдер әдеби тілдегі омонимдер секілді лексикалық құрамы жағынан әр түрлі болады. Кейбір диалектілік омонимдердің баспақты мағынасы, қолданылу қызметіне қарай әдеби тілдегі мағынасына жақын келеді. Мысалы, ашар диалектісі батыс говорында кілт мағынасында қолданылады. Есіктің ашарын жоғалтып алып, үйге кіре алмай отырмыз. Бұндағы ашар сөзі кілттің қызметінен туындаған, яғни ашу әрекетінің сол өңір адамдарының танымында бірінші болып ұғынылып, оның кілт номинациясын гөрі, заттың қызметіне қарай атағанды ыңғайлы санауы деп түсініледі. Ал қарақалпақ говорында ашар сөзі винт бұрайтын құрал ретінде қолданылады. Бұл іске пышақ жарамайды, мәшиненің ашарын пайдалану керек. Бұл жерде де әдеби тілдегі кілт сөзінің екінші варианттағы омонимі сәйкес келеді. Соған қатысты кілттің ашудан гөрі, бұрау қызметіне қарай, яғни әрекеттік, қолданымдық қызметіне қарай танып, қалай танылса, солай атау сол өңір халқына тиімді болып тұр. Келтірілген диалектілік омонимдер мысалдары заттың (ақиқат дүниенің) қызметі мен әрекетіне қарай аталуы басым көрініс тапқаны, сол тұрғыдан омонимдес сөздер болып тұрғаны байқалады. Осы секілді аша сөзінің де кең қолданысқа ие болып, диалектілік омонимдер мен көпмағыналы диалектілердің қатарын толықтыратынына талдау жасап көрелік. Аша сөзі Қазақстанның шығыс өңіріндегі Семей, Талдықорған говорында айыр (құрал) мағынасында қолданылады. Шығыс Қазақстан говорында аяқ мағынасында қолданылады. Қарақалпақ говорында аша сөзі арықтың екіге бөлінетін, айырығы мағынасында қолданылады, сол сияқты осы өңірдің Шет говорында баған деген сөзді білдіреді. Қазақстанның солтүстік өңірінде тіреу мағынасында қолданылады. Ал Қызылорда говорында арық түрі ретінде қолданылады. Батыс Қазақстанда Аша сөзі екі таудың жігі, арасы ұғымын білдіреді. Бұл жерде аша сөзінің көпмағыналы қолданысы да, омонимдік қолданысы да бар. Мәселен, аша сөзінің айыр құрал ретінде қолданылуы мен баған ретінде қолданылуы және арық ретінде қолданылуы, сонымен қатар аяқ ретінде қолданылуы бір біріне диалектілік омоним сөздер болып келеді. Дегенмен де олардың бастапқы санадағы танымдық көрінісі бір тұтас заттың екіге айырылуы бейнесінен туындайды. Осы бейне бірнеше ақиқат дүниенің номинативті атауына пайдаланылып, қолданыс тапқан. Бұндай диалектілік омоним құбылыстарын жартылай омонимдер атауға болатын секілді. Себебі, бастапқы ұғымы күңгірт болса да анықтау болатын, мағынасы алысқа кетпеген құбылыстар байқалады. Ал аша диалектісінің арықтың екі айырылуы мен таудың екі арасын танытатын мағынада қолданылуы диалектілік көпмағыналылықты білдіреді. Себебі, айыру, айырықты білдіру, яғни екі затты ажырату мағынасынан алыс кетпегенін байқатады. Енді ашамай диалектизмін талдап көрсек. Ашамай Қазақстанның солтүстік өңірінде (Қостанай, Щучинск) «аш өңді» деген сыни мағынаны танытады және көп жағдайда малға қатысты айтылады. Сатуға әкелген сиыры ашамай мал екен. Ал шығыс өңірлерінде (Семей, Шұбартау) ашамай деп жауыр түйеге арнап жасалған ер сияқты ағаш бұйымы аталады. Бұл жердегі ашамайдың қолданымдық сипаты да, мағыналық жігі де бір бірінен алшақ, мүлде ұқсатуға келмейді, екі дүниені танытатын номинативтік атау дәрежесінде болғандықтан, оларды толық омонимдер деп атауға болады. Диалектілік синонимдердің қатарын дублет сөздер мен сөздердің вариантты қолданысы толықтырып отырады. Дегенмен, дублет сөздер мен сөздердің вариантты қолданысы әдеби тілді айқындауда біраз кері ықпалын тигізетін жағдайлар кездеседі. Мәселен, түгелдеу/түгендеу, жалғыз/жаңғыз сияқты сөздердің қатар қолданылуы жиі кездеседі. Бұл ерекшелік ауызша тілге аса қатты кедергісін тигізе қоймас, бірақ жазба тілде белгілі бір нормаға бағынатын сөзді таңдап жазу заңдылығы бар. Жалпы диалектілік синоминдер төл тіліміздің сөздік қорын кеңейтуге едәуір үлесін қосатыны анық. Тіпті кейде заттың атауы болуға сұранып тұратын диалектизмдердің әдеби тіл қатарына еніп бара жатқанын да байқауға болады. Әдеби тілімізде кесе деп аталып жүрген тұрмыстық бұйымның аяқ, пияла, сапалша деген диалектілік синонимдері кезедеседі. Кесені аяқ деп Жезқазған өңірі атайды, пияла деп Қазақстанның оңтүстік өңірлері (Жамбыл, Сайрам, Шымкент, Шу, Мойынты, Жуалы) атайды, ал сапалша сөзі Түлкібас өңірінде кездесетін кесе атауының говоры болып саналады. Диалектологтардың зерттеулерінде синонимдер екі сыңарлы, үш сыңарлы, төрт сыңарлы, бес, алты, жеті, сегіз сыңарлы синонимдік қатарлардан құралатыны айтылады. Мәселен, екі сыңарлы синонимдік қатарға қолқап – биялай, таға – нағашы сөздерін келтіреді. Үш сыңарлы синонимдер қатарына серне – деңгене – жора диалектілерін жатқызады. Төрт сыңарлы синонимдер қатарына бәкі – бекі – мұштар – шаппа сөздерін келтіреді. Бес сыңарлы синонимдік қатарға ырғақ – шотеке – сүңгуір – шотаяқ – жұтпа (маядан шөп суырып алатын басы имек құрал). Алты сыңардан құралған синонимдер иінағаш – суағаш – мойынағаш - әпкіш – күйенте – құрамыс. Жеті сыңарлы синонимдер қатары сіріңке – кәуірт – кеуірт – оттық – спешке – шпешке – шырпы. Сегіз және одан көп сыңарлы қатарлар: күнбағар – күләйлән – пісет – айбағар – шемішке – шекілдеуік – шемекі – күнбағыс. Диалектілік синонимдер қатары осылайша сегіз қатардан шектеліп қалуы мүмкін емес, оның қатары бұдан да кеңейіп, молаюы әбден мүмкін. Себебі, тіл өзгермелі құбылыс, қоғам дамыған сайын, тілдің қолданымдық аясы да кеңейіп, сөздік құрам жаңа сөздермен, жаңа қолданыстағы тілдермен толысып отырады. Осы тұрғыдан келгенде диалектілік лексикологияны тереңінен зерттеу қажет. Құрылымдық тіл білімі тұрғысынан ғана емес, тілге адамның тікелей қатысы тұрғысынан, яғни антропоцентристік бағыт тұрғысынан қарастыру әдісі бүгінгі күнде диалектілердің ішкі сырын, атаулық мән-мағынасын кеңінен ашып көрсететін тиімді қолданыс болатыны дау тудырмайды. Диалектілік лексикологияда диалектілік мағына, диалектілік омонимдер, диалектілік синонимдер, диалектілік полисемиялар, диалектілік кірме сөздер қарастырылады. «Қазақ тіліндегі жергілікті тіл ерекшеліктерінің көркем әдебиеттегі қолданысы» деп аталатын екінші тарауда Сыр өңірінен шыққан сөз зергерлерінің шығармаларындағы нақты лексикалық ерекшеліктер, семантикалық ерекшеліктер, этнографиялық ерекшеліктер, фразеологиялық ерекшеліктер талданады. «Көркем шығармалардағы нақты лексикалық ерекшеліктер» атты тараушада әдеби тілде баламасы, синонимі бар сөздер талдауға негіз болады. Әдеби тіл мен диалектілік лексиканың арасына біржола шекара қою қиын, қоғам дамуына, тілдің ішкі дамуына сай көнеру, мағына кеңеюі, жаңа сөздердің пайда болуы сияқты өзгеріс диалектілік лексика мен әдеби тіл арасында үзбей жүріп отырады. Сондай-ақ әр кезеңде өмір сүретін ұлттық тілдердің жалпыхалықтық әдеби тілімен қатар жалпыхалықтық мәні жоқ, жергілікті, аймақтық сипаттағы сөздері әдеби тілмен қатар жүріп дамып отыратыны заңды құбылыс. «Көркем әдебиет тілінде диалектизмдерді пайдалануды сөз еткенде біз екі нәрсені шатастырмауымыз керек. Диалектизмдерді автордың өз баяндауларында пайдалану мәселесі бар да, кейіпкерлердің тілінде беру жағы бар. Кейде жазушы сипаттап отырған кейіпкерін өзіне тән ерекшеліктерімен толық көрсету мақсатында диалектизмдерді әдейі қолданады. Бұл – жазушының кейіпкерді неғұрлым нанымды, жан-жақты көрсетуіне мүмкіндік береді... Ал жергілікті сөздерді автордың өз баяндауларында қолданудағы мақсаты - әдеби тілде баламасы жоқ диалектизмдермен тілімізді байыту» [13,44]. Академик Р.Сыздық қазақ көркем әдебиетінің проза саласындағы лексикалық нормаларды танып-білуде, бүгінгі таңда мынадай сәттерге (объектілерге) назар аудару қажеттігін айтады: 1) диалектизмдердің (жергілікті элементтердің) жұмсалуы, яғни орыс тіл білімінде диалектизация деп аталатын құбылыстың қазіргі қазақ көркем әдебиеті тіліндегі көрінісі, күй-қалпы, өріс алу бағыты; 2) жалпыхалықтық тілге тән бейнелі (образды) сөздерді жұмсау тәсілі, фразеологизмдердің сөгілуі; 3) қарапайым, көне, сирек кездесетін сөздердің жұмсалуы; 4) синонимдерді таңдау, идеографиялық және стильдік синонимдердің қолданысы; 5) лексикалық жаңа қолданыстардың орын алуы (қажетсіз тұста жаңадан сөз жасау немесе қажеті бар жерде ұсынылған жаңа қолданыстың сәтті-сәтсіз болуы); 6) штамп сөздер мен тіркестерді қолдану, сөздердің тіркесу аясын кеңіту арқылы сөз мағыналарын жаңғырту; 7) лексикалық варианттардың қолданысы, яғни морфологиялық, орфографиялық, семантикалық, генезистік т.б. жарыспалы элементтердің дұрыс-бұрыс жұмсалуы; 8) белгілі бір сөз тудырушы элементтердің және синтаксистік тәсілдердің көркем әдебиет тілінде активтенуі; 9) көркем әдеби тіл арқылы лексиканың стильдік жіктерге (поэтизм, қарапайым сөздер, канцеляризм т.т.) ажыратыла түсуі [14, 228 б.]. Көркем мәтінде диалектизмдердің қолданылу ерекшеліктерін айта келіп, ғалым Ш.Сарыбаев көркем әдебиетте жергілікті тіл ерекшеліктерін мүлде пайдаланбау керек деген көзқарасқа келіспей, көркем шығармада әдеби тілде баламасы бар диалектизмдерді кеңінен қолданғаннан гөрі, бұрын соңды естіле бермейтін, әдеби тілде баламасы жоқ кейбір тіл ерекшеліктерін қолданған дұрыс деп санайды. Олай дейтін себебі, жергілікті тіл ерекшеліктерінің әдеби тілді байытатын жерлері де, шұбарландыратын жерлері де бар. Осы тұрғыдан алғанда ғалым көркем әдебиетте диалектизмдерді пайдалану мәселесін былай түсіндіреді: «Диалектизмдерді автордың өз баяндауларында пайдалану мәселесі бар да, диалектизмдерді кейіпкердің тілінде пайдалану мәселесі бар. Екеуінің әр біреуіне тән өзіндік ерекшеліктері, мақсаттары басқа. Жергілікті сөздерді автордың өз баяндауларында қолданудағы негізгі мақсаты - әдеби тілде баламасы жоқ диалектілермен әдеби тілімізді байыту» [15, 462б]. Көркем әдеби стилінде кейбір диалектизмдер әдеби тілдік баламасы бола тұрса да қолданылады. Бұл – таза стильдік мақсатпен байланысты мәселе. Кейде бір сөйлемде бір сөзді екі рет немесе одан да көп қайталап қолдануға тура келеді. Егер ондай әдеби сөздің жергілікті халық тілінде диалектілік сыңары бар болса да оны жазушылар көркем әдебиет стилінде қолданады. Диалектизмдердің көркем әдебиет стиліндегі қолданылуы екі түрлі: бірі – авторлық ремаркада, екіншісі – диалогта. Авторлық ремаркада, кейіпкер тіліндегімен салыстырғанда, диалектизм аз қолданылады. Ақын, жазушылардың қай-қайсысының да шығармасынан диалектілік ерекшеліктер кездеспей отырмайды. Өйткені, әр адам, әсіресе әрбір сөз шебері – таза әдеби тілдің ғана емес, сонымен қатар белгілі дәрежеде, белгілі бір аймаққа тән диалектіні де сақтаушы. Жазушы диалектизмдерді өзінің авторлық баяндауында әдейі қолдануы да мүмкін. Мұның көркем әдебиет стиліне еш оғаштығы жоқ [16,48]. Қ.Әбдіқадіровтің шығармаларында әдеби тілге ауысуға бейім тұрған диалектизмдер көптеп кездесетіні байқалды. Мысалы: Оның табиғи нұры пардазбен (қолдан жасаған, қосымша ажар) он есе арта түсті. Қарындасы қолынан пардаз берген кәнизәгінін, сұлулығына мақтанғандай («Мың бір түн», 89 - бет) «Басыңа қонған бақ құсың қайырлы болсын, балам! Түсімде ат мініп, ақ сұңқар ұстап жүруші едім, осыған көрінген екен» деп, біраз сүйінгендік сөз айтты. Оның үй-іші де әкімдер мақалласында (кварталында) болды («Мың бір түн», 132 - бет) Сол үшін мені шарапқанадан шығармай отыр («Мың бір түн», 284 - бет) Әкім сардарларын (әскери бастықтар) шақырып алып, сарайда жатқан адамдардың бәрін айдап келуге бұйрық берді.Айдап келген адамдарды таң атқанша зынданға қамап, таң атқан соң сардардың біреуіне бұйырыпты («Мың бір түн», 290- бет) Мен Мысырдың бағалау базарында тұрсам, бұл кісі бағалау базарда осы алтынды қалтаға салып базардан шықты («Мың бір түн», 291- бет) Сарапшы үйіне барып, қалтаны сандығының үстіне қойып, өзі дәрет алғалы далаға шығады. Қызметші қызы құмғанға су құйып, қожасының артынан кетеді («Мың бір түн», 295- бет) һамбалға (жүк көтеруші) алған астарын көтертіп, қала жанындағы тауға қарай жүре берді. Қаланың шетіндегі баққа келгенде, һамбалдың көзін байлады («Мың бір түн», 309 - бет) Қарағым-ау, бұл жігіттердің бәрі де қалың елден саралап жиған патшаның келешектегі әскербасылары ғой («Мың бір түн», 335- бет) — «Көп ауырған емші болады, көп қаңғырған жолшы болады» деген («Мың бір түн», 376-бет) — Ал астың сарбазы (әскері) түгел екен, енді сардары (командирі) қайда?..— деді («Мың бір түн», 284 - бет) Онда кәбаб (шашлык) пісіріп сататын жер бар екен («Мың бір түн», 426- бет) Мұнда да кәбаб жеді. Сөйтіп, сол саудагер жастар, Ғалиді шапарқа үйретіп алды да, күнде шарапханаға апаратын болды («Мың бір түн», 426 - бет) Сүт менің жеңсік асым еді, оның иісі мұрныма келген соң өзімді ұстап тұра алмай, сүтті де, шарапты да іштім («Мың бір түн», 484- бет) Келтірілген мысалдардағы әскербасы, сарбаз, сардар, кауап, сарапшы сияқты сөздер қазіргі тілімізде жаңадан қолданысқа еніп, тұрақтанып келе жатқан сөздер екені белгілі. Алайда Қ.Әбдіқадыровтың аударуымен жарық көрген 1960-жылдары бұл атаулардың орысша нұсқалары қолданылған белгілі. Сол себепті жазушы өз тарапынан осы атауларды ұсынбағанмен, тіліміздегі сөздерді жаңғырта отырып, көбінесе жақша ішінде мағынасын нақтылап, түсіндіріп отырған. Сол арқылы осы сөздердің баламасының тілімізде берік орын алып, орнығуына, қалыптануына (кодификациялануына) жол ашқан деуге болады. Тіл этноспен бірге жаралып, бірге өмір сүреді десек, оның бастапқы белгісі өсу, даму, қарым-қатынас көріністері осы күні жергілікті тіл ерекшелігі, яғни диалект деп танылып жүрген сөздердің мағынасында сақталған. Сондықтан диалект сөздерді тек этимологиялық, семантикалық, семасиологиялық, тарихи тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ экстралингвистикалық мақсатта да қарастырып, мәдениетпен, халықтық этнографиямен жақындастыра зерттеу қажеттігі туды. Ғалым Ш.Сарыбаев көркем әдебиеттердегі кейбір диалектизмдердің орынсыз қолданылуынан болатын кемшіліктерді атап көрсетеді: «Кейбір жазушылардың әдеби тілімізде қалыптасқан сөздердің орнына жалпыхалықтық сипат алмаған, тосаң естілетін сөздерді өз баяндауларында жиі қолдануын біз құптай алмаймыз» дей келе, «Ақ Жайық» романындағы жар (қабырға), шаттауық (жаңғақ), қалай-солай (қалай болса солай), мадықтау (мадақтау) сөздерінің мәтінге көркемдік сипат бере алмайтынын көрсетеді. Сонымен қатар көпшілікке мүлде түсініксіз диалектизмдердің де көркем әдебиеттерде берілмеуін ескере отырып, осындай қолданыстардың Ғ.Сланов пен Ә.Нұрпейісов шығармаларында кездесетінін дәйектеп көрсетеді: жуырқан (көрпе), жары (жартысы), келе-жағында [17]. «Көркем шығармалардағы семантикалық ерекшеліктер» атты тараушада Сыр өңірі тұрғындарының тіліндегі жалпыхалықтық қолданыстан бөлек мағынасы бар сөздер талданады. Көркем мәтінде қолданылатын диалект сөздердің мән-мағынасын ашып, қолданымдық аясын зерттеп, стильдік қызметін анықтау жұмысы орынсыз қолданылған жергілікті тіл ерекшеліктері мен әдеби тіл қатарына енуге бейім тұрған диалектизмдерді айқындауға мүмкіндік береді. Ақын-жазушылардың тілі арқылы сөздік қорымыздың қатарын кеңейтеміз. Олардың индивидуальді-авторлық сөз тудыру негізінде қалыптасқан атауыштық сөздер мен ұмытылып бара жатқан көне этнографизмдерді жаңғыртуы арқылы және де кейбір естілмей жүрген заттық мәдени диалектизмдері қайта дүниеге әкелуі арқылы сөздік қордың шеңбері ұлғая түседі. Осыған байланысты Г.Әзімжанова: «Жазушы көркем шығарманы жазу барысында халық тілінің бейнелеу құралдарын пайдалана отырып, ұлттық тілдің жасырын жатқан байлықтары мен мүмкіндіктерін ашады. Олар өз шеберліктері арқылы тіл дамуының ішкі заңдылықтарына сәйкес келетін, жалпы қолданысқа еніп, ұлттық тіл қорының төрінен орын алатын тілдік асыл құндылықтар жасайды. … Қаламгер халықтың тіл байлығын пайдалана отырып, әдеби тіл нормаларын ескеріп, тілдік құралдарды көркем дүние жасау үшін шебер пайдалану нәтижесінде көркем дүние туындайды. Жазушы тілінің суреттеу шеберлігі, көркемдік әдістері көркем мәтін арқылы ашылып, эмоциялық бояуы айқындалады. Прагматикада барлық назар адамға (субъектіге) бағытталады», – дейді [4, 228 б.]. Жергілікті тіл ерекшеліктері, яғни диалектизмдер тіліміздің сөздік құрамында елеулі орын алатын тілдік жүйе бірліктері екені белгілі. Сондықтан ауызекі сөйлеу тілінде қалыптасып, кейін қолданымдық аясы кеңейіп, жалпыадамзаттық сипатқа ие болып, номинативті атау ретінде сөздік қорға енетін диалектизмдер туралы «Екіұшты қолданылатын ондай сөздер қажетсіз, олардан құтылу керек» деген кесіп айтатын пікірден аулақ болуымыз керек. Ол үшін жергілікті тіл ерекшеліктерінің тілдік жүйедегі қызметі мен ауызекі сөйлеу актілеріндегі қазақтың ұлттық бітім-болмысына тән көріну өзгешеліктерін ескере отырып, көркем мәтіндегі қолданылу қағидаларын тереңінен қарастыра отырып, жалпы тіл біліміндегі орны мен сипатын, жұмсалымдық аясын, стильдік қызметін нақты дәйектеп көрсету қажет. Осыған байланысты көркем шығармаларда диалектілердің қолданысын сөз еткен ғалым Ғ.Қалиев: «Диалектологиялық фактыларды білудің көркем шығармаларды жете түсінуі үшін де, жазушылар үшін де мәні зор. Кейде жазушы өз шығармасында диалектизмдерді әдейі пайдаланады. Бұл – жазушының кейіпкерді неғұрлым жан-жақты, толық көрсетуіне мүмкіндік береді», - дейді [9]. «Көркем шығармалардағы этнографиялық ерекшеліктер» деп аталатын тараушада белгілі бір аймаққа ғана тән, басқа жерлерде қолданылмайтын немесе олардан түбегейлі ерекшеленетін заттар мен құбылыстардың аттары сөз болады. Этнографизмдердің жалпыхалықтық тілде баламасы болмайтындықтан, оларды сипаттама түрінде ғана беруге болады. Белгілі бір изоглосстық деңгейімен шектеліп тұрған жалпыхалықтық сипат ала алмай отырған, бірақ сол заттың негізгі жалғаз атауы болып танылып отырған сөздерді диалектизм қатарына емес, әдеби тіл қатарына енгізу керек сияқты. Бұл жердегі бір ғана аймаққа тән деген қағиданы сол сөзге ғана қатысты тілдік ауытқу ерекшелігі (исключение) деп көрсеткен дұрыс болар еді. Көркем мәтіндердегі жергілікті тіл ерекшеліктерін зерттеу арқылы осындай құбылыстарды айқындауға болады. Соның негізінде әдеби сөздік қорға жаңа атауларды енгізуге мүмкіндік туады. Көбінесе бұндай сөздер көне сөздер болып келеді. Сөздік қорымызға тіркелмеген, яғни түсіндірме сөздіктерде көрсетілмеген, қолданымдық аясы тарылған, бірақ көнекөз қариялар аузында сақталған көне этнографизмдер болуы мүмкін. Олардың жұмсалымдық деңгейінің шектеулі екенін және белгілі бір аймақта ғана көрініс тапқанын негіз еткендіктен, диалектизмдер қатарына жатқызылып жүр. Жалпы тілдік қолданыстың аймаққа тән өзіндік ерекшелігі, айырмашылығы болуы сол ортада өмір сүріп отырған халықтың идиоэтникалық тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланысты болып келеді. Бір аймақтарда қарапайым тілдік қатынастың өзі дөрекі сөйленістерге бейімделсе, кейбір аймақтарда сыпайы сөйленістерге бейім келеді. Аймақтық тілдік ерекшеліктерге қарай отырып, тілдегі идиоэтникалық семантиканың қаншалықты сақталғанын байқауға болады. Ал идиоэтникалық семантиканың өзі жалпыхалықтық тілдегі материалдық және рухани мәдениет лексикасы негізінде анықталады. Идиоэтникалық семантика ұғымын тілде сақталған этнолингвистикалық деректердің, қалтарыста жатқан тілдік фактілердің «сөйлеуі» деп түсінуге болады. Себебі идиоэтника сөзі «ұлттық ерекшелік» дегенді айқындайды. Демек, идиоэтникалық семантика ұлттық мәдени ерекшелікті, этникалық өзгешелікті, этнос болмысын танытатын семантика дегенді білдіреді. Байқап қарасақ, идиоэтникалық семантиканың өзі материалдық және рухани мәдениет лексикасында ғана айқын көрініс таба алады. Әрине, бір ғана мәдени заттық атаудың бірқатар аймақтарда басқаша айтылуы жиі кездеседі. Осы күнге дейін ондай заттық мәдени диалектілерді тек диалектілердің лексикалық ерекшеліктері деп танытып, тақырыптық топтар қатарында қарастырып келгеніміз белгілі. Ғалым М.С.Атабаева диалектизмдердің ішіндегі мәдени мағына беріп тұрған атауыштық мәндегі сөздерін этнодиалектизмдер деп атауды ұсынған болатын. Этнодиалектизмдер этнос табиғатын тануда тілдік дерек қызметін атқарады, олай болса, этнодиалектизмдер қазақ диалектілері тұрғысынан алғанда қазақ этносы мәдениеті атты үлкен арнаның белгілі аймақтардағы көздері: сөз символдары мен тілдік таңбалары [2, 211]. Оңтүстік Қазақстан өңірінде егіншілік жақсы дамығандықтан, мұнда кәсіптің осы түріне байланысты диалектілер, кәсіби сөздер өте көп. Белгілі жазушы Қ.Әбдіқадыров шығармаларында диалектизмдердің қолданымдық аясы кеңінен көрініс тапқан. Мысалы, шағыр диалектісі Қазақ тілінің аймақтық сөздігінде өсімдіктің қатты сабағы мағынасында берілген. Және оны Қазақстанның солтүстік аймағында, Ресейдің Орынбор, Саратов қаласындағы қазақтардың тілінде жиі қолданылатыны көрсетілген. Жазушы тілінде бұл сөз сөздіктегі мағынасын сақтап қолданылған. Дегенмен, автордың баяндап отырған ортасы мен оқиға болып жатқан жер табиғаты Қазақстанның оңтүстік аймағы, шағыр сөзі оңтүстік өңірге де тән диалекті. Жәмі – үлкен, кең деген мағынаны білдіретін белгілі орынды, ғимаратты сипаттауда қолданылатын сөз. Бәңгі – Ауған, иран қазақтарының тілінде жиі қолданылатын наша, әпиін, көкнәр секілді есірткі заттарды үзбей пайдаланатын адам мағынасын білдіретін диалект сөз. Жерағаш – Шымкент, Арыс тұрғындары жиі қолданылатын жабайы соқа, ескі соқа мағынасын білдіретін диалект. Жап – Қазақстанның оңтүстік өңірі қолданатын, егіннің ішіне су жіберетін кішкене арық мағынасында қолданылатын диалект. Жап сөзінің қолданымдық аясы ауқымды. Бүкіл Оңтүстік қазақстан өңіріндегі егін шаруашылығымен айналысатын халықтың тілінде кең қолданысқа ие болған және кәсіби қызметтін бір элементі айғақтайтын сөз болғандықтан, бұл сөзді кәсіби сөздер қатарына енгізген дұрыс болар еді. Күләбі – Қазақстанның оңтүстік өңірінде және Түрікмен, Ташкент, Ашхабад қазақтарының тілінде жиі ұшырасатын қабығы қатты, еті қалың суық күзге жақын пісетін хош иісті, тәтті қауынды білдіретін диалектизм. Шыртылдақ – Шымкент, Түркістан, Шәуілдір тұрғындары қолданатын үлкен қауынның бір түрін білдіретін сөз. Торлама – Шымкент, Сайрам, Қызылорда, Шиелі, Жамбыл өңіріндегі халықтардың қолданысында жиі кездесетін, сырты тоқыған тор тәрізді тәтті қауынның диалектілік атауы. Бұл айтылған диалектизмдер күләбі, шыртылдақ, торлама қауынның түрлері болып табылады. Ендеше, әдеби тіл қатарына енгізіп, өсімдіктер көкөніс атаулары ретінде номинативті қызметін ескере отырып, жалпы халықтық қолданысын ескере отырып, нормаланған әдеби сөз деп тануға болатын секілді. Қауын түрлері барлық жерде өсе бермей, тек оңтүстік өңіріне жақын таныс болғандықтан, қауын түрлерінің атаулары диалектілік лексемалар болып аймақтық сөздіктің қатарынан шықпай жүр. Шындығында олар – атауыштық мағынаға ие болып, әдеби сипатын алған сөздер. Көркем әдебиет тілінде кездесетін жергілік тіл ерекшеліктерінің бәрін бірдей әдеби нормаға жатқызуға болмайды. Әрине, көркем әдебиет шығармалары әдеби тіл үлгісі болып есептеледі. Әдеби тіл нормасы, бір жағынан, әдеби шығармаларының тілімен өлшенетіні де белгілі. Бірақ «әдеби тіл» деген ұғым көркем әдебиет тілі деген ұғыммен барабар емес. Көркем әдебиет тілінде кездесетін тіл элементтерінің бәрі бірдей әдеби тіл үлгісі бола бермейді. Мысалы, жазушының белгілі бір стильдік мақсатпен кейіпкер тіліне кітаби, қарапайым сөздер, диалектизмдер мен тосын сөздерді, окказионализмдерді енгізуі ықтимал. Олардың барлығы бірдей әдеби тіл нормасына сай келе бермейді. Осы тұрғыдан алғанда диалектолог-ғалым Ш.Сарыбаев: «Көркем әдебиет тіліндегі тіл элементтерінің бәрін бірдей әдеби тіл нұсқасы деп қарамау керек» - дей отырып, әдеби тілді диалектизм сөздерімен байытудың үш амал арқылы жүзеге асырылатынын көрсетеді: бірінші, әдеби тілде баламасы жоқ сөздерді қолдану арқылы; екінші, диалектілік вариант, дублет сыңарларын семантикалық дифференциация әдісімен саралау арқылы; үшінші әдеби тілдегі синонимдік қатарларды жергілікті сөздермен молайту арқылы. Асылы, әдеби тілде баламасы бар, тар аймақта ғана қолданылатын сөздерді, формаларды авторлық ремаркаларда автордың өз сөздігінде, суреттемелерінде көп қолдана бермей жалпыхалықтық әдеби тілдің нормасын сақтау керек [17]. «Көркем шығармадағы фразеологиялық бірліктердің қолданылу ерекшеліктері» атты тараушада Сыр өңіріне ғана тән, сол жерде пайда болып, уәжділік мотивтері сақталып қалған тұрақты сөз тіркестері туралы сөз болады. Кез келген ұлттың мәдени өмірінің көрінісі фразеологиялық қордан ерекше байқалатыны белгілі. Яғни фразеологизмдердің халық айнасы екені сөзсіз. Ұлт мәдениет оның ғылымында, өмірінде, дінінде тіл арқылы танылады. Ал фразеологиялық материалдар ұлттық мәдени маңызы бар деректерден тұрады. Бұл деректердің түп төркіні таралу, шығу көзі фразеологизмдердің тұлғалық ерекшеліктеріне байланысты. Фразеологизмдердегі өзінің мағына тұтастығы, қолданылу тиянақтылығы, даяр қалпында қолдану тұрақтылығы сияқты белгілердің арқасында ұлт тілінде ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда. Әрбір фразеологизмнен мәдени ақпар беретін дағдылы қалыптасқан дүниетаным, ұлттық ерекшелік байқалады. Сөздік қорындағы бүкіл фразеологиялық құрам сол ұлттық тілдің әлемін бойына жинақтаған қор секілді. Егер менталитеттің лингвистикалық жағы сөз етілсе, онда тіл ұлттық менталитетті жасайды, қалыптастырады. Қазақ тіліндегі культтік фразеологизмдер ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып әсерінен пайда болған. Бұл фразеологизмдер тілді жасаушы халықтың бір кездегі ой санасының, жан дүниесінің көзі болып саналады. Сондықтан халықтың дүниеге көзқарасы көңіл күйі, алғысы мен қарғысы, қуанышы мен реніші, көз жасы мен қорқынышы, тілегі мен батасы барлығы сол халықтың өнерімен тығыз байланысты. | |
Просмотров: 2541 | Рейтинг: 1.0/1 |
Всего комментариев: 0 | |
Бизнес, менеджмент, финанс т.б [2] |
Патриоттық және мерекелер т.б [16] |
Шет ел әдебиеті мен тарихы [31] |
Шағын көлемді шығармалар [60] |
Әлеуметтану, саясаттану [69] |
Философия және логика [13] |
Қазақ тілі және тіл білімі [104] |
Елді мекендер, қалалар [2] |
Агро,шаруашылықтар [9] |
Курстык жумыстар [17] |
Ғылыми жұмыстар [62] |
Қазақстан тарихы [114] |
Тарихи тұлғалар [132] |
Еуразияшылдык [16] |
Ашық сабақтар [56] |
Дүние тарихы [30] |
Мәдениеттану [7] |
Информатика [68] |
Астрономия [61] |
Психология [6] |
Переводчик [4] |
Математика [14] |
Педагогика [77] |
Дипломдар [10] |
География [82] |
Биология [133] |
Экология [3] |
Дінтану [32] |
Физика [33] |
Химия [13] |
Құқық [27] |
Еңбек [7] |