Оқу заңдары, заңдылықтары жəне принциптері Жоспары 1. Заңдар, заңдылықтар жəне принциптер мен ережелер жөнінде түсінік 2. Оқудың негізгі заңдары мен заңдылықтарына шолу 3. Принциптер жəне оларға байланысты оқу ережелері1. Заңдар, заңдылықтар жəне принциптер мен ережелер жөнінде түсінік Оқу теориясының негізгі құрылым бірліктері – бұл ғылым тарапынан анықталған заңдар мен заңдылықтар. Заңдар мен заңдылықтар құбылыстар, процестер мен олардың нəтижелері арасындағы жалпы, объектив, тұрақты жəне қайталанып келетін байланыстар мен тəуелділіктердің мəнін ашады. Дидактикалық процестің негізін құрайтын аса маңызды жəне негізгі заңдылықтар мен заңдар оқу принциптері немесе дидактикалық принциптер деп аталады. Бұл принциптер арқасында оқу процесіне қатысы бар көптеген заңдылықтардың мəн-мағынасы ашылады, мұғалімдер мен оқушылардың қызметтері реттеледі, барлық оқу пəндерін өтуде жəне оқудың барша кезеңдерінде олар өздерінің жалпы мəнін сақтайды. Принциптер дидактикалық процестің біртұтас концепциясын құрай отырып, табиғи бірлікте əрекетке келеді. Қазіргі кезеңдегі оқу жүйесінің ірге тасын Я.А. Коменский қалаған. Ғұлама- педагог пікірінше, оқудың негізі – табиғи сəйкестік принципі, ал барша қалған принциптер осы табиғи сəйкестікке сай бірізді іске асырылып барады. А.Дистервег бұл жүйені жаңа талаптарға негізделген нақты ережелермен толықтырды. Бұл ережелер 1) оқу мазмұнына; 2) оқытушыларға; 3) оқушыларға қатысты болды. К.Д.Ушинский тиімді оқуға қажет келесі шарттарды белгілеп берді: уақытқа сай болуы, бірізділік, табиғилық, тұрақтылық, игеру беріктігі, анықтығы, оқушылардың дербестік əрекеті, жүктемелердің аса ауыр не өте жеңіл болмауы, дұрыстық. Қазіргі заман гуманистік дидактикасында оқу принциптері табиғи сəйкестік басты принципінің төңірегінде жүйелі біріккен. Бұл жүйедегі дидактикалық принциптер төмендегідей: 1) саналылық жəне белсенділік; 2) көрнекілік; 3) жүйелілік жəне бірізділік; 4) беріктік; 5) түсіністік; 6) ғылымилық; 7) көңіл-күй; 8) теория мен практиканың байланысы. Принциптер нұсқау-көрсетпе (норматив) қызметтерін атқарады. Олар мұғалімге кейбір жағдайларда қандай əрекетке келуі жөнінде тек кеңес немесе сілтеме беріп қоймайды, жалпы заңдылықтар ретінде бұл принциптер педагогикалық əрекеттер бірлігіне негіз қалаумен бірге олардың толық орындалуын талап етеді. Принциптерді білу жəне оларды оқу-тəрбие процесінде толықтай іске асыру педагогикалық шеберліктің негізін құрайды жəне ол педагогикалық біліктілікті анықтауда алдымен ескеріледі. Педагогиканың принциптік талаптары ережелер жүйесі арқылы іске асырылады. Ереже – бұл педагогикалық іс-əрекеттің нақты жағдайларда белгілі мақсаттарға жеткізу тəсілінің суреттемесі (описание). Көбіне оқу ережесі деп қандай да принципті қолданудың жеке тараптарын ашып беретін жетекші тұжырымдарды түсінеміз. 2. Оқудың негізгі заңдары мен заңдылықтарына шолу Оқу барысында диалектиканың жалпы заңдары мен педагогиканың арнайы заңдары орындалуы шарт. Диалектиканың жалпы заңдары сапына кіретіндер: қарама-қарсылықтар бірлігі мен тайталасы заңы, сандық жинақтың сапалық өзгерістерге келу заңы, жоқты жоққа шығару заңы. Оқу процесінде қарама-қарсылықтар бірлігі мен тай-таласы заңы іске қосылады. Қарама-қарсылықтардың туу себебі – жаңа əлеуметтік жағдайлар, тұлға мүмкіндіктерінің өзгеруі, білім беру аймағында қалыптасқан соны талаптар оқу процесіне болған дəстүрлі, бекіген ұғымдар жəне көзқарастармен сəйкессіздікке ұшырауы. Бұл өз кезегінде оқу мазмұны мен технологиясын өзгертіп, заманға сай ауыстыруды талап етеді. Сандық жинақтық сапалық өзгеріске түсу заңы да оқу процесінде көрініс береді. Тұлғаның бүкілдей сапалық сипаты (нанымдары, сеп-түрткілері, ұстанымдары, қажеттері, құндылықты бағыттары, даралықты іс-əрекет стилі, ептіліктері мен дағдылары) сандық жинақтың белгілі деңгейдегі нəтижесі. Санның сапаға ауысуы жоқты жоққа шығару заңы тетіктеріне сəйкес келеді. Тұлғалық жəне психикалық жаңа құрылымдар адамның өткен кездердегі жинақтаған тəжірибесі негізінде қаланады. Соңғы өмір кезеңдерінде пайда болған сапалар бұрынғы қалыптасқандарын "жоққа” шығарады. Жоққа шығару тетігі оқу дағдыларының қалыптасу процесінде көрінеді, яғни кейбір əрекеттер көп қайталаулар нəтижесінде күрделі дағдыларға (жазу, есеп, оқу) айналады. Диалектиканың жалпы заңдылықтарымен бір қатар оқу барысында арнайы педагогикалық заңдар да əрекетке келеді. Ғалымдар мұндай заңдардың бірқаншасын ашып, педагогикалық тəжірибеге ұсынған. Өз заманында ғұлама педагог И.Г.Песталоцци келесі заңды нақтылаған: елес байқауынан анық ұғымдарға, олардан анық түсініктерге өту. Неміс педагогі Э. Мейман бірнеше ерекше заңдарды негіздеп, ұсынды: - жеке адамның дамуы əуел бастан көбіне оның табиғи нышандарына тəуелді жүріп жатады; - ең алдымен бала тіршілігі мен оның қарапайым қажеттерін қанағаттандыруға арналған сапа-қасиеттер дамиды; - балалардың жан жəне тəн дамуы əрқилы деңгейде өтеді. Теоретиктер мен практиктер ашып, бүгінгі педагогикаға енгізген заңдылықтар саны ұланғайыр (мысалы, И.П.Подласый өз оқулығында 70-тен астам заңдылықты хаттаған). Оқудың əрқилы заңдылықтарын реттестіріп, жинақтауға орай, оларды жалпы жəне жеке (нақты) заңдылықтар деп бөлу қабылданған. Жалпы заңдылықтар қалаған білім беру процесіне тəн болып, оқудың бүкіл жүйесін қамтиды. Олардың арасында аса көп еленетіндері: - оқу мақсаттары. Оқу мақсаты қоғам дамуының деңгейі мен қарқынына, оның қажеттері мен мүмкіндіктеріне, педагогика ғылымы мен практикасының даму деңгейі мен жетістіктеріне байланысты; - оқу мазмұны. Оқу мазмұны қоғамдық қажеттер мен оқу мақсаттарына, ғылыми-техникалық жəне əлеуметтік процестің қарқынына, оқушылардың жас мүмкіндіктеріне, оқу теориясы мен практикасының даму деңгейіне, оқу мекемелерінің материалды- техникалық жəне экономикалық жағдайларына тəуелді келеді; - оқу сапасы. Оқу сапасы өткен кезеңдегі оқу процестерінің нəтижелілігіне, оқу материалының сипаты мен көлеміне, мұғалімнің ұйымдастыру – педагогикалық шеберлігіне , оқушының оқып-үйренуге болған қабілетіне, оқу уақытына байланысты; - оқу əдістері. Дидактикалық əдістер тиімділігі əдістерді білу мен қолдану ептілігіне, оқу-мақсаттарына, мазмұнына, оқушылардың жеке деңгейі мен оқуды меңгеру қабілетіне, материалдық-техникалық қамсыздығына, оқу процесінің ұйымдасуына тəуелді; - оқуды басқару. Оқудың нəтижелі болуы оқу жүйесіндегі кері байланыстың жеделдік сипатына, реттеу-түзету ықпалдарының орынды келуіне орайласады; - оқуға ынталандыру. Оқу нəтижесі шəкірттің білім игеруге деген іштей ынта-ықыласы мен оқу əрекеттерінің өзіне тəн тартымына (внутренние стимулы); оқу əрекетіне мүмкіндік жасаушы сыртқы жағдайлар (қоғамдық, экономикалық, педагогикалық). Жеке (нақты) заңдылықтар оқу жүйесінің кейбір тараптарына орай іске қосылады. Оқу процесінің жеке (нақты) заңдылықтары: - дидактиканың тек өзіне тəн (оқу нəтижесі қолданылған оқу əдістері мен құрал-жабдықтарына, оқытушының кəсіби шеберлігіне жəне т.б. байланысты); - таным теориясына (гносеологиялық) сай (оқу нəтижесі оқушылардың танымдық белсенділігіне, ептілігіне жəне оқуды қажетсінуіне, т.б. тəуелді); - психологиялы? (оқу нəтижесі шəкірттердің оқу-үйрену мүмкіндіктеріне, зейін деңгейі мен тұрақтануына, ой-ақыл ерекшеліктеріне жəне т.б. байланысты); - əлеуметтік (жеке адамның дамуы төңірегіндегі басқа адамдармен тікелей не жанама қарым-қатынасына, қоршаған ортаның ақыл-парасат дəрежесіне, мұғалімнің оқушымен қатынас жасау стиліне жəне т.б. тəуелді); - ұйымдастырушылық (оқу процесінің тиімділігі оның ұйымдастырылу дəрежесіне, сол процестің оқушыда оқуға болған ынтаны, қажеттікті тəрбиелеуге бағытталуына, таным қызығушылығын қалыптастыруына, қанағаттану лəззатына бөлеп, танымдық белсенділікті қанаттандыруына жəне т.б. тікелей байланысты); Оқу заңдылықтарының нақты көріністері принциптерде жəне оларға орай қабылданған ережелерде байқалады. Ережелер мұғалімге қандай да бір жағдайларда нақты əрекеттерді жасауға сілтеме беріп, белгілі бір талаптарды орындауға бағыттайды. Ал бұл нұсқаулардың қалай орындалуы мұғалімге тəуелді. Мысалы, оқушы сабақ басына кешігіп, сыныпқа қоңыраудан соң кіріп келді. Мұндай жағдайда мұғалім ережеге сай оқушыға қандай да ықпалды əрекет жасауы қажет, себебі тəртіп бұзу ескерусіз қалмауы тиіс. Ал бұл ескерту қалай орындалады- оның жолы бүтіндей жəне толығымен нақты ситуацияға, оқушы тұлғасына, мектепте қабылданған тəртіптерге, қалыптасқан қатынастарға жəне көптеген басқа да себептерге байланысты. 3. Принциптер жəне оларға байланысты оқу ережелері Оқудың дəстүрлі теориясында аса танымал болғандары келесі дидактикалық принциптер: саналылық жəне белсенділік, көрнекілілікпен оқыту, жүйелілік жəне бірізділік, беріктік, түсініктілік, ғылымилық, көңіл-күй ескеру, теория мен практиканы байланыстыру. Саналылық жəне белсенділік принципі негізінде ғылым тарапынан анықталған заңдылық тұжырымдары жатыр. Білім мəні оқушының өз ақыл-ой белсенділігі арқасында игерілген терең де əрі өз бетінше ұғынылған білімдерден құралады. Білімдерді саналы игеру бірнеше шарттар мен жағдаяттарға тəуелді: оқу мотивтері, оқушылардың танымдық белсенділігінің деңгейі мен сипаты, танымдық іс-əрекетті басқару жəне оқу тəрбие процесін ұйымдастыру, мұғалім қолданған əдістер мен оқу жабдықтары жəне т.б. Оқушының өзіндік таным белсенділігі оқудың маңызды жағдаятының бірі есептеледі, ол оқу материалын терең əрі берік игеруде пəрменді ықпал жасайды. Оқудың саналылық жəне белсенділік принципін іске асыру барысында келесі маңызды оқу ережелері сақталуы тиіс: - алдағы жұмыстың мақсаттары мен міндеттерін анық түсіну- саналы оқудың қажетті шарты: оларды оқушыларға көрсету маңызы мен мəнін түсіндіру, болашақтағы қажетін бала санасына жеткізе білу; - оқыту барысында оқушы не, неліктен жəне қалай істеу керектігін түсінуі, сонымен оқу жұмыстарын қарадүрсін орындамай, алдын-ала олардың терең мəн, мағынасын ұғынуы; - оқу барысында танымдық іс-əрекеттің барша түрлері мен формаларын пайдалану, талдауды біріктіру тəсілімен, индукцияны дедукциямен салыстыруды қарама-қарсы қоя, біріктіру, сəйкестікті жиі пайдалану, балалардың жасы кіші болса, индукция тəсілін жиі қолдану; - оқушылар əр сөздің, сөйлемнің, ұғымның мəн-мағынасын түсінуі; оларды қолдануда оқушылардың өтілген білімдері мен тəжірибесіне сүйену, бейнелі салыстыруларды пайдалану, мəн-мағынасы жете ашылуы мүмкін болмаған ұғымдарды сабақта қолданудан аулақ болу; - балалардың бірін-бірі оқыту мүмкіндіктерін пайдалану, дұрыс шешім табудың ұжымдық формаларын дамытуға қажет жағдайларды қамтамасыз ету, мұғалімнің түсіндірмесінен гөрі, қасында бірге отырған жолдасының əңгімелеп бергені тиімді де, əрі жеңіл, сондықтан сыныптағы үздік оқушылар қолынан келетін оқу істерін өз міндетіне алуы, бала белсенділігін тəрбиелеуде уақытты да, күш-қуатты да аянбау. Есте болсын, бүгінгі белсенді оқушы қоғамның ертеңгі белсенді мүшесі; - оқушыларға белгісіз мəліметтерді бұрынғы белгілілерімен логикалы ұштастыру: игерілген мен игеріліп жатқан білімдердің арасында логикалы байланыс болмаса, саналы оқу да болмайды. - Есте болсын, оқудағы басты нəрсе –оқытылып жатқан пəн емес, ол мұғалім тəрбиесімен қалыптасып жатқан тұлға. Оқушыны пəнге қосалқы элемент болмайтындай етіп оқыту əрі тəрбиелеу, керісінше, оқушыны сол пəнді мұғаліммен бірге белсенді игеретін субъект дəрежесінде тану. Тұлғаны қалыптастыратын пəн емес, пəнді оқытумен байланысқан мұғалімнің өз əрекет-қимылы. - оқушының бақылайтын деректері мен игерген білімдері арасындағы айырмашылықтарды тауып жəне оларды түсіндіруді талап ететін жағдайлар жасау; - егер əр ереже тиімді сандағы мысалдармен қамтамасыз етілсе жəне сол ережелердің қолдану ауқымы қаншалықты кең екендігін оқушы түсінсе, оқу табысы соғұрлым жоғары болады. - игеріліп жатқан материалдардағы басты жəне екінші дəрежелі ақпараттарды табуға жəне ажыратуға үйрету. Оқушыны ең алдымен өзекті проблемаларды түсініп, игеретін дəрежеге жеткізу. Сабақта келтіретін дерек жəне мысалдардың негізгі мəселе мəнін көлеңкелеп тастамауы. Көрнекілікпен оқыту принципі. Оның негізінде келесідей ғылыми заңдылықтар жатыр: адамның сезім мүшелері сырттай тітіркендіргіштерді əртүрлі қабылдайды, адамдардың көбі көру органдарының аса жоғары сезімталдығына ие; рецепторлардан орталық жүйке жүйесіне бағытталған байланыс оптикалық каналының өткізгіштік қабілеті өте жоғары; көру органдарынан (оптикалық канал бойынша) миға келіп түсетін ақпарат қайта таңбаланбайды, ол оқушы есінде жеңіл, тез жəне берік бейнеленіп қалады. Оқу тəжірибесі көрнекілік принципін қолданудың көптеген ережелерін іске асырған. Солардың кейбірін еске салайық: - сөздік формада, ауызша не жазбаша өрнектелген материалдарға қарағанда, табиғи күйінде берілген заттар жақсы, жеңіл əрі тез есте қалатынын ескеріп, оларды оқу процесінде пайдалану. - есте болсын, сəби ойы формалармен, түр-түсті бояулармен, дыбыстармен, түйсіктермен өрнектеледі. Осыдан бала санасы жалпы дерексізденген ұғымдар мен сөздерден құралмай, оның тікелей қабылдауындағы нақты бейнелерді арқау етеді. - оқушылар үшін ең маңызды ереже: мүмкін болғанша сезімдік қабылдауды пайдалану, дəлірек айтсақ, көз қабылдауына – көретінді, құлақ қабылдауына – естілетінді, иіс, дəм қабылдауға тиісті мүшелерді; - бір көрнекілікпен шектеліп қалмау: көрнекілік – мақсат емес, оқушының ойын дамыту жəне оны оқыту құралы; - оқыту жəне тəрбиелеу барысында есіңізде болсын: ұғымдар мен дерексізденген тұжырымдар бала санасына нақты деректер, мысалдар жəне бейнелер негізінде жеткізілсе, тез əрі жеңіл қабылданады; олардың мəнін ашуға əрқилы көрнекілік түрлерін пайдалану; - көрнекілікті тек сурет ретінде қолданбастан, оны проблемалық ситуацияларда өз бетінше білім алу көзі ретінде де пайдаланған жөн. Бұл оқушылардың тиімді ізденіс жəне зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді; - көрнекі құралдар сабақта өтіліп жатқан заттар мен құбылыстар жөнінде өте анық жəне дұрыс ұғымдарды қалыптастыруға жəрдемін беретінін оқу жəне тəрбие барысында естен шығармау; - оқушы бақылауларын жүйелестіріп, себеп- салдарлармен сəйкестендіру; - көрнекі құралдарды қолдана отырып, алғашқыда балаларды ондағы берілген бейнелерді тұтастай қабылдауға, кейін бастысын жəне екінші дəрежелілерін өз алдына, содан соң – қайталай тұтастыққа келтіруге үйрету. - əртүрлі көрнекілікті пайдалану, бірақ көрнекі құралдар санын шектен асырмау, себебі бұл баланың зейін шашыраңқылығын пайда етіп, негізгі мəн-мағынаны қабылдауға кедергі жасайды. Жүйелілік жəне бірізділік принципі келесі ғылыми тұжырымдарды негізге алады: қоршаған орта болмысының айқын бедерлері мида нақты бейнеленсе ғана, оқушы шынайы білім топтай алады; ғылыми білімдер жүйесін қалыптастырудың басты тəсілі – белгілі жолмен ұйымдастырылған оқу; ғылыми білімдер жүйесінің бірізділігі оқу материалының ішкі логикасымен жəне оқушылардың танымдық мүмкіндіктерімен байланысты; жеке элементтерден тұратын оқу процесінің тиімді əрі жоғары нəтижеге жетуі ол процесте орынсыз үзілістердің, ескерілмей қалған қажетті сəттердің болмауына жəне бірізділіктің қандай да себептермен бұзылмауына тəуелді. Егер дағдылар тиісті жаттығулармен жүйелі бекімесе, олар көп ұзамай жойылады; егер оқушылар логикалық ойлауға үйретілмесе, олар өздерінің ойлау іс-əрекетінде үлкен қиыншылықтарға кезігеді; егер оқу ісінде жүйелілік жəне бірізділік сақталмаса, оқушылардың даму процесі бəсеңдейді. Мұғалім практикасында жүйелілік жəне бірізділік принципі көптеген ережелерді орындаумен іске асып барады, олардың арасында аса маңыздылары келесідей: - оқушылардың білімдер жүйесін қалыпты игеруін қамтамасыз ету үшін схемаларды, жоспарларды орынды пайдалану. Оқу материалын логикалық бітімге келген бөліктерге ажырату, оларды бірізді іске асырып бару, балаларды бірізді оқу əрекеттерін жасауға үйрету; - егер жауабы табылмайтынына не шешімі алынбайтынына көзі жетсе, ондай сұрақтарды немесе мəселелерді сабаққа қоймау; - материалдың мазмұндық жүйесін, сондай-ақ оқу тəсілдерінің жүйесін бұзуға жол қоймау, ал егер жүйе себепсіз өзгеріске түсе қалса, үлгермеушіліктің алдын алу үшін олқылықтарды түзету; - əрдайым пəн аралық байланыстарды пайдалану. Мазмұндық тұрғыдан, сондай-ақ оқу əдістемелерінде барша сыныптар арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету; - оқу əдістемелерінің жетістіктерін пайдалану: оқушылармен тірек-конспекттер, оқу материалының құрылымды - логикалық схемасын түзу, білімдерді игеру процесін жеңілдететін шараларды қолдану. Оқу барысында жүйелілік пен бірізділікті қамтамасыз ету үшін бұрын өтілгендерді жиі қайталап отыру жəне жетілдіріп бару; - қысқа жəне қорытынды қайталауларды сабақтың басында немесе ақырында үй тапсырмаларына байланысты қолданып қана қоймай, оларды бүкіл сабақ барысында негізгі проблемаға орай, сонымен бірге жеке мəселелерді баяндаудан соң да пайдалану, жаңа материалдарды өтуді күрделендіретін жағдайлардан сақ болу, сабақ тақырыбына жасанды ендірілген, оған тікелей қатысы жоқ идеялар (білімдік, дамытушы, тəрбиелік) дəріс нəтижесі мен оқу құндылығын кемітеді. Осыны ескере отырып, аса маңызды болған идеяларды оқу мазмұнына жəне балалардың мүмкіндіктеріне орай игертуді, оқу-тəрбие процесінің жылдық жоспарына ендіруді алдын ала көздеу. - өтілгендерді қайталау сабақтың басында білім мен ептіліктердің игерілу деңгейін анықтау үшін немесе сабақтың ақырында ұсынылған ақпаратты бекіту үшін ғана орындалмай, бұл жұмыс логикалық бітімге келген оқу бөліктерінің əрбірінен соң, сабақ барысында іске асып баруы шарт; - оқушылардың ой өрнектеу тəсілдері мен формаларын бақылап бару, тұрақты əрі үлкен шыдамдылықпен балаларды дербес еңбектенуге үйрету. Тапсырмаларыңыз дербес орындалуда бірте-бірте күрделеніп барсын, сонымен бірге олардың табысты орындалуы үшін мүмкіндіктер жасау. Істі, мүмкін болғанша, оқушының өзі орындасын, қажет болса, көмек беру. - оқудан болар жарқын болашаққа оқушылардың сенімін жеткізу; - сезімдік тəжірибе мен тірек білімдерді орынсыз əрі жиі жаңғыртуға əуесқой болмау, жаңа білімдерді игеруге ғана қажеттерін еске түсіріп, əркімге белгілі əшейін біліктерді хабарлау үшін өзі де тығыз сабақ уақытын алмау. Беріктік принципі келесідей заңдылықтарға негізделеді: мазмұнын игеру жəне оқушылардың танымдық күш-қуатының дамуы – оқу процесінің бір-біріне байланысқан екі тарапы; игерілген оқу материалының беріктігі объектив жағдаяттарға, яғни бұл материалдың мазмұны мен құрылымына ғана тəуелді болып қоймай, оқушылардың сол пəнге, материалға, мұғалімге деген субъектив қатынастарына да орайлас; игерілген білімнің берік болуы оқуды ұйымдастыруға, əрқилы оқу түрлері мен əдістерін пайдалануға, сондай-ақ оқу мерзіміне байланысты келеді; оқушылар жады таңдамалы сипатқа ие: қандай да материал оларды маңыздылығымен қызықтырса, сол материал берік орнығады жəне ұзақ сақталады. Игерілген білімдердің бекуіне жəрдемші оқу іс-əрекеті механизмдерін түсінуден дəстүрлі оқу жүйесіне жаңа ережелерді ендіру мүмкіндіктері ашылды: - қазіргі заман оқуында ес мүмкіндіктерінен гөрі ойлау қабілеті көбірек іске қосылады. Сондықтан аса қажетті болмаған білімдік материалдарды жаттауға сарп етпей, балалардың күш-қуатын үнемдеу, ес жүктемесін ойлау əрекетіне кедергі болар дəрежеден арттырмау. - қате қабылданған немесе түсініксіз материалдардың есте бекуіне жол қоймау, бала əр уақыт саналы игерілген жəне түсінген білімін ғана есте сақтайтын болсын; - қосалқы сипатқа ие материалды жаттаудан балаларды құтқару үшін, оларды əрқилы анықтама кітаптарымен, сөздіктермен, əмбебап ақпарат құралдарымен пайдалануға үйрету. - есте сақтауға қажет материал қысқа да нұсқа болуы тиіс. Оқушының өзі ойланып, жеңіл есіне келтіретіндерінің бəрін жатталатын материалдар қатарынан шығарып тастау. - Есте болсын, өтілгенді ұмыту процесі оқу жұмысы біткен бойда қарқынды жүреді, сондықтан қайталаулар уақыты мен жиілігі ұмытудың психологиялық заңдылықтарымен сəйкестендірілуі қажет; - қайталаулар жиілігі оқушының ұмыту жағдайларына сəйкес болуы тиіс. Қайталаулардың көбі жаңа материалдың өтілу ізімен, яғни ақпараттың ең көп жойылатын мезетінде ұйымдастырылып, ал кейін бұл бекіту жұмыстары бірте-бірте кемиді, бірақ толық тоқтатылмайды; - оқушыларды өз мүмкіндіктеріне сəйкес күш салып, жұмыс істеуге үйрету. еріншектікке жол бермей, тиімді іс-əрекет желісін қалыптастыру; - алдын-ала оқу процесіне аса қажет екі сапаны – қызығу мен ұнамды қатынас қалыптастырмай, жаңа материал өтуді бастамау; - оқу материалын ұсыну логикасына назар салуды ұмытпау, өзара логикалық байланыстағы білімдер мен нанымдар жеке-дара, тұтастығы жоқ ақпараттарға қарағанда, берік игеріледі; - оқу қарқыны төмендегенін байқаудан, кейінге қалдырмастан оның себебін анықтау. Бұл жағдайдағы себептер түрі келесідей болуы мүмкін: оқу процесіне қызығушылықтың болмауы жəне шаршау. Оларды қайта қалпына келтірудің жолдарын іздестіру, оқу барысын жасанды жеделдетпеңіз. Түсініктілік принципі оқытудың көп ғасырлық тəжірибесі талаптарынан туындайды: бұл, бір жағынан – оқушылардың жастық даму заңдылықтарына байланысты келсе, екінші жағынан – дидактикалық процесті оқушылардың даму деңгейімен сəйкестендіре ұйымдастыру жəне іске асыруға тəуелді. Бала өзінің ойлау деңгейіне, жинақтаған білімі, ептілігі, ойлау тəсілдеріне сəйкес келген дүниені ғана түсіне алады. Түсініктілік принципін іске асыруда қажет, өз уақытында Я.А.Коменский өрнектеген классикалық ережелер: жеңілден-қиынға, белгіліден-белгісізге, қарапайымнан-күрделіге өту. Қазіргі заман оқу теориясы мен практикасы түсінімін оқытуда міндетті болған ережелер тізімін кеңейте түсті: - өтілуге тиіс материалдардың бəрі əр жас қабылдауына сəйкес реттестіріліп, ұсынылуы тиіс; - оқушы санасы қандай да пəнді қабылдауға дайын болуы қажет екендігін ұмытпау; - оқыту барысында балалардың табиғи мүмкіндіктерін, олардың дайындығы мен даму деңгейін арқау ету, балалардың өмір тəжірибесін, қызығуларын, бейімділігін, даму ерекшеліктерін зерттеу жəне оқытуда ескеру; - оқу мазмұны жəне тəсілдері балалар дамуынан бір шама алда жүретіндей болсын; - оқушылардың əртүрлі топтарындағы оқу ерекшеліктерін назарға алу. Бір текті мүмкіндіктері бар балаларды жіктеулі топтауға біріктіру; - оқу процесін тиімді қарқында жүргізу, бірақ күшті оқушыларды аяқтан тартпайтындай, сонымен бірге орташа жəне үлгерімі төмен оқушылардың дамуына тиімді ықпал жасайтындай етіп ұйымдастыру; - оқу жұмысы белгілі дəрежеде күш салуды қажет етеді. Олай болмаса, балалар жұмыс орындауға дағдылана алмайды. Оқушылар əрдайым өз мүмкіндіктерінен төмен оқу қарқынын қалайды. Осыны ескерумен мұғалім əр оқу ситуациясына сəйкес оқу желісін тиянақты əрі нақты белгілеп барғаны жөн; - педагогиканың жəне психологияның жаңа жетістіктерін пайдалану: нақты білімдер мен ептіліктерді кіші көлемдегі материалдар жəрдемімен қалыптастырып бару, ал қорытынды білімдерді қалыптастыруда – іріленген білім блоктарын пайдалану; - сабақ барысында ұқсастықты, салыстыруды, беттестіруді, қайшылықтарды кең қолдану, жаңа жəне күрделі материалды өтуде күшті оқушыларды қатыстыру, ал бекіту жұмыстарына - орташа жəне төмен оқушыларды тарту; - жаңа ұғымды енгізу бір сабақтың танымдық міндеттерімен ғана байланыстырылмай, бүкіл өтілген оқу жүйесіне негізделуі тиіс. Ғылымилық принциптің талабы – оқушылар игеруіне ғылым тарапынан анықталған білімдерді ұсыну. Мектептік білімденудің де міндеті осы ғылыми білімдерді игертуге бағытталған. Оқудың ғылымилығы ең алдымен мектеп білімінің мазмұнына жəне оны қалыптастыру принциптерін қатаң ұстануына; мұғалімдердің мазмұнды толық іске асыра алуына тəуелді; қабылданған білімдердің ғылымдық сипаты оқу жоспарларында, бағдарламаларында өрнектелген, пəн аралық байланыстарда іске асып барады. Озат дидактикалық жүйелер практикасы бұл принципті жүзеге келтіретін бірнеше ережелерді пайда еткен: - оқуды педагогика, психология, əдістеме, педагогикалық тəжірибенің жаңа жетістіктері негізінде жүргізу, оқу процесіне педагогикалық еңбекті ғылыми тұрғыдан ұйымдастырудың жаңа тəсілдерін ендіру; - оқу дидактикасы мен психологияның соңғы жаңалықтарын ескерумен индуктивті оқыту логикасын ғана емес, сондай-ақ дедуктивті оқу əдісін де орынды пайдалану, дерексізденген (абстракция) түсініктерді қолданудан тартынбау, себебі бұл нақты құбылыстардың тереңдегі мəн-мағынасын түсінуге жəрдемін береді. Бірақ мектеп курсы шеңберінде толық түсінік берілмеген абстракцияларды қолданудан аулақ болыңыз; - əрқандай жаңа енгізілген ғылыми ұғым, түсінікті жүйелі қайталап отыру, пəнді оқыту барысында қолданып, пайдалану, себебі жаттықтырылмаған білімдер тез ұмытылады; - ғылыми таным əдісін пайдаланумен, оқушылардың ойлау қабілетін дамыту, балаларды ізденіс, шығармашыл жұмыстарға қосып отыру; - жаңа идеялар қабылдауды бір сəттік міндет деп білмеу – əрбір құбылысты жаңадан түзіліп жатқан жан-жақты байланыстары жəне қатынастары аумағында қарастыра талдау; - оқушыларды атақты ғалымдардың өмірбаяндарымен таныстыру мүмкіндіктерін қолдан шығармау, олар енгізген ғылым жаңалықтарын шəкірттерге кең жария ету; - жаңа ғылыми терминологияны қолдану, ескірген терминдерден сақ болу, оқушыларға жаңа жетістіктердің негізгі идеяларын ашып, ұсыну, оларды жаңа ақпараттарға ден қоюға үйрету, жаңа мəселелерді ұжым болып талқылауды қолдап қуаттау; - балалардың зерттеу жұмыстарына қолдау көрсету. Оларды мүмкін болған жағдайларды пайдаланып, ғылыми-тəжірибе жұмыстарының негіздерімен таныстыру, шығармашылықты қажет еткен мəселелерді шешуде алгоритмдерді пайдалануға жаттықтыру, проблемалармен айналысудың сензитивтік (жас сатысы) кезеңдерін есіңізде ұстау; - танымдық қызметтен оқушыға жаңалық ашу, табысқа жету, қанағат табу сезімдеріне бөленуге мүмкіндік беру. Ұнамды көңіл-күй сақтау принципі бала табиғатының дамуы мен оның іс-əрекетіне байланысты туындайды. Ұнамды көңіл-күйден адам жаны нəр алады, ой өрісі сəуелелене түседі, оқу жеңіл, жылдам жəне жағымды сезіммен қабылданады. Егер оқушының кітап оқуға зауқы болмаса, оны ауыр да азапты еңбек сипатында қабылдаса, одан табысты нəтиже күтудің өзі бей-берекетсіз іс. Сондықтан да, оқу баланың ұнамды көңіл-күйін көтеріп, оны қуанышты оқиға ретінде қабылданатын дəріс жұмысына дайындау қажет. Ұнамды қатынас болмаған жерде оқу процесі өз ықпалын жояды. Ықыласы болмаған адамды оқыту – бос əурешілік. Көңілін қорқыныш, өшпенділік, жек көрушілік жайлаған баланы оқыту оның санасына шынайы болмыс деректерін зорлап ендірумен бірдей. Мұндай жолмен қабылданған білім ұзаққа бармай ұмытылады, одан келер пайда болымсыз. Сондықтан педагогтар бар шеберлігін қосып, мектеп оқу еңбегі мен білім тартымдылығын көтеруге ат салысады. Бала жанын сенім шуағымен жылытып, оның алғашқы қадамдарына қолдау көрсетеді. Мектеп өмірін мұғалімдер жарқын да қызықты істер, оқиғалармен толтырып, олардың бəрі балалық шақтың балдəурені секілді оқушы есінде ұзаққа сақталуына негіз қалайды. Оқудың көңіл-күй принципінің талаптары осы. Ал бұл талаптарды іске асыруда мұғалімнің міндеттері: - əр сабаққа дайындалу барысында оқушылардың ұнамды көңіл-күйін қалыптастыру мен қолдау жолдарын ойластыру. Алдағы оқу жұмысы неғұрлым зеріктіргендей əрқилы болса, оқу материалы неғұрлым құрғақ əрі абстракт келсе, ұнамды эмоциялар пайда етудің барша мүмкіндіктерін іздестіріп бағу; - сынып босағасын көңіл жадыратар кейіппен аттап, балалармен əзілдесе, оларды жігерлендіре сөз тауып, сабақты бастау; - демократиялық қарым-қатынас стилін ғана ұстану; - балалар болмысына, олардың істеріне қызыға қатынас жасап, араласып бару; - сыныпта қапелімде болып қалатын дау-дамайды əрқашан сабырлы, айқайсыз, тұрпайы жəне намысқа тиер сөздерсіз шешу; - күдер үзгендей əрі қиын жағдайлардан шығу үшін орайы келген əзіл-қалжыңды пайдалану; - оқуды əсем, бейнелі, көңілді өткізілуі үшін оқу процесін танымдық ойындар, жарыстар, конкурстар мен сайыстарға толтыра жүргізу; - кіші оқушының ойлауын оның сезімдері мен толғаныстарынан ажыратпау: оқу-тəрбие процесінің эмоционал көрікті болу қажеттігі - бала ойының даму заңдылықтарынан туындаған талап; - əрдайымғы көңіл-күй көтеретіндей сəттерден ұнамды эмоционал қалыпта өтетін тұрақты кейіп жағдайларына өту; - оқу материалдары, оқу əдістері мен танымдық еңбек ұйымдастыру формаларының эмоционалдық молшылығын пайдалану. Теория мен практиканы байланыстыру принципі негізіне классикалық философияның ақиқат пен танымдық қызметтің дерек көзі – тұрмыс жəне практика екендігі туралы тұжырымы алынған. Орынды ұйымдастырылған тəрбие əрқашан өмірдің өзінен, практикадан бастау алып, онымен тығыз байланыста болады, сонымен өсіп келе жатқан əулетті белсенді тіршілік қамына дайындайды. Оқудың өмірмен, теорияның практикамен тығыз байланысты болуы оқу мазмұнына, оқу-тəрбие процесінің келелі ұйымдастырылуына, оқудың тиімді формалары мен əдістерін пайдалануға, еңбек пен политехникалық дайындыққа бөлінген уақытқа, сонымен бірге оқушылардың жас ерекшеліктеріне тəуелді келеді. Оқудың өмірімен ұштастық принципін іске асыру негізі – теориялық тұжырымдар мен озат мектеп ұжымдарының тəжірибесінен туындайды. Осыған байланысты мұғалімнің атқаратын міндеттері: - мектепте игерілетін білімдердің қажеттігін оларды қоғамдық – тарихи практикамен байланыстыра, оқушыларды сендіре, дəлелдеу, оқу процесін білімнің, оған қоса мектепте алатын құндылықтарының өмірлік қажетті дүние болатынын түсініп, сезетіндей дəрежеде алып бару; - тұрмыс қажеттерінен - білімге, білімнен өмір қажеттігіне өте отырып, баланы «білім – бай, қуатты тіршілік» қағидасымен тəрбиелеу; - балаларға қазіргі заманның жаңа технологиялары, өндірістік қатынастары, озат еңбек əдістері жөнінде əңгімелеу; - оқушыларды өз білімдерін практикада тексеріп, қолдануға табандылықпен үйрету, қоршаған дүниені білім көзі жəне сол білімді қолдану саласы ретінде пайдалану; - өз жұмысының өмірлік маңызын оқушыға түсіндіріп бере алмайтын бірде бір мұғалім не сабақ болмауы тиіс; - мектеп пен өндіріс орындарының байланысын пайдалану, оқушылардың өндіріс өкілдерімен қатынастарын оқу-тəрбие жұмыстарының жалғасына айналдыру, бұл үшін «оқу пəні -өндіріс» байланысын ептілікпен бағдарлап, қадағалап бару; - оқушылармен бірге «тұрмыстық қажет» сипатындағы мəселелер мен жаттығулар түзіп, оларды сабақ материалымен байланыстыра шешуге дағдыландыру. Оқулықты балалар өмірімен ажыралмас бірліктегі қоршаған болмыс деректерімен толықтырып баруды ұмытпау. - оқуды ауыл, қала, облыс, республиканың нақты болашақ даму жағдаяттарымен ұштастыру, аймақтың келешек дамуына орай кəсіби бағдарлау жұмыстарын өткізіп бару; - проблемді ізденіс жəне зерттеу тапсырыстары теорияны практикамен байланыстырудың таптырмас құралы. Оларды əрқилы жолдармен пайдалануға тырысу; - балаларды еңбекке, қоғамдық жəне жеке меншікке саналы да ұнамды қатынас жасауға баули отырып, мұндай қатынас үлгісін мұғалімнің өз бойынан көрсетуі. Қорытындылай келе, айтарымыз: принциптер əрқашан белгілі жүйеде, бір уақытта, тығыз байланысқан күйде іс-əрекетте комплексті, параллель жүзеге асып барады, оларды кезекпен немесе бірінің орындалуымен екіншісіне тізбекті өте, пайдалану мүмкін емес. Принциптер арасында басты не екінші дəрежелісі болмайды, əңгіме тек олардан туындайтын талаптардың ауқымдылығы мен жалқылық дəрежесі жөнінде болуы мүмкін. Барша принциптер өзара кіріге ұштасқан, сондықтан бірінің талаптары, екінші бір принцип талаптарымен мəндік жақындыққа түсіп жатады. Олардың бəрінің де қызметі - бағыттау, оқудың сапалы нəтижелеріне жетудің жолдарын көрсету. Білімдендіру ісін гуманизациялаудың мəні –оқушының тəн-дене жəне ақыл-ес мүмкіндіктерін сақтау жəне дамыта түсу. Сондықтан оқу еңбегінің нəтижесі оған жұмсалған оқушы күш-қуатының деңгейімен салыстырылып, бағаланады. Принциптер баланың табиғи жəне əлеуметтік мүмкіндіктерін, күш салулары мен еңбек нəтижелерін қалыпты мөлшерлеп отырады, егер қандай да себептермен ауытқуға түспесе, олар арасындағы теңдіктің (баланс) сақталғаны. Сұрақтар мен тапсырмалар 1. Оқу заңының дидактикалық жалпы заңдылықтардан ерекшелігі қандай? 2. Оқу принциптері деген не? 3. Оқу ережелері деген не? 4. Жалпы танылған принциптер жүйесі қандай? 5. Түсініктілік принципі деген не? Оның қай ережелерін білесіз?
|