МұХАММЕД ХАЙДАР ДУЛАТИ (1499 - 1551)
Қазақстан мен Орта Азия тарихнамасында кейінгі орта ғасырлар тарихы жайлы айтқанда, еске түсірмей немесе айтпай кетуге болмайтын бір тұлға бар. Ол - Мұхаммед Хайдар Дулати. Толықтай атасақ, Мұхаммед Хайдар бен Мұхаммед Құсайын Керехан Дулат мырза. Әдеби шығармаларда Мырза Хайдар немесе Хайдар мырза деген атпен беріледі .
Кейінгі орта ғасырдың көрнекті тарихшы -ғалымы, әдебиетшісі, талантты қолбасшысы, ірі мемлекет қайраткері 1499 жылы Ташкент қаласында дүниеге келіп, Кашмирде біраз уақыт табысты өмір сүріп, елу екі жасында сол жерде қаза тапты.
Хайдар Мырза дулат тайпасының әмірлерінің ұрпағынан тарайды. өз заманында оның ата-бабалары Моғолстан мемлекетінде ұлыс бектері мен тархандары болған. Хайдар Мырза қарама-қайшылығы көп ауыр заманда өмір сүрді. Ата-бабасының текті болғанына қарамастан оның тағдыры жеңіл болған жоқ. Оның шешесі, моғол ханы Жүністің қызы - Құб Нигар ханым еді. Есімдері Орта Азия тарихында көрнекті орын алатын қолбасшы, әрі әмір Әбу Сейіт хан, сондай-ақ ұлы моғолдар мемлекетінің негізін салушы Захар ад-дин Бабыр оның туған бөлелері еді. Мырза Хайдардың балалық шағы мен жас өспірім кезеңі Орта Азияда "көшпелі өзбектерге" арқа сүйеген Мұхаммед Шайбанидің Темір әулетімен билік үшін жүргізген күрестері кезеңіне сәйкес келді.
Әмір Темірдің жаулап алу жорықтары барысында құрылған империя бытыраңқылық күй кешкен еді. Қуатты Моғолстан мемлекеті ішкі қайшылықтардан ыдырап, Қазақ хандығы құрыла бастаған кез еді. Осындай қиын-қыстау кезеңде әкесі Құсайын қайтыс болып, тоғыз жасар Хайдар Мырзаны жақын туысы, Кабулдың билеушісі Захар ад-дин Бабырға жіберген еді. 1512 жылы Хайдар Мырза Әбу Сейіт ханның қолына көшіп, Қашқарда әскери қызмет атқарды. Ол екі жылдан кейін Жаркент қаласы үшін шайқасқа қатысады, артынан Тибет пен Қырғыз жеріне жасалған жорықтарға қатысады. Осы оқиғалардан кейін оның өмірінде бірқатар өзгерістер болады. Аяқ астынан Әбу Сейіт хан қайтыс болып, билікке баласы Әбу ар-Рашид келеді. Ол дулат тайпасының әмірлерін қудалай бастайды. Хайдар Мырза елден кетіп, үндістанды билеп тұрған бөлесі Бабырды паналайды. Сол жерде ұлы Моғолдар атынан Кашмирде билік етеді.
Мырза Хайдар Дулати өз заманындағы оқымысты, әрі атақты ғалымдардың бірі болды. Ол басынан кешкен, сондай-ақ өзіне белгілі тарихи оқиғаларды өзінің кәсіби көзқарасымен қағазға түсіре білді. үндістан билеушісі Бабыр, оны үлкен ғалым ретінде бағалады.
өкінішке орай, ұлы тарихшы, жазушының бізге екі шығармасы ғана жетті. Олар: "Досаханнаме" поэмасы мен 1541-1546 жылдары Кашмирде жазылған жұртшылыққа танымал "Тарих- и Рашиди" еңбегі . Автордың өзі айтып кеткендей, бұл кітапты жазуда белгілі шығыс тарихшылары Жувейни, Жамал Карви, Рашид ад-Дин, Хамдала Казвини, Шараф ад-Дин, Әбдіразақ Самаркандилердің еңбектерін мұқият зерттеп, меңгергеннен кейін қолданған. Сонымен қатар, "Тарих и Рашидиде" басқа тілде жазылған материалдардың аудармасы, сондай-ақ жеке өмірінде бастан кешкен эпизодтарды қолдануы шығарманың қызықты болуына әсер еткен.
"Тарихи Рашидиде" Қазақстанның ежелгі және орта ғасырларына қатысты оқиғалардың суреттелуі еңбектің құндылығын арттырып отыр. Кітапта Моғолстанның ыдырауы мен Қазақ хандығының құрылуының алғы шарттары байланысты оқиғалар, Жетісу мен Дешті Қыпшақты мекендеген қазақтардың тіршілігі, олардың жүргізген шайқастары мен соғыстарындағы жеңістері, сондай-ақ қазақтардың өзбек пен қырғыздармен жасасқан одақтары жайлы айтылады. Бұл кітапта XV - XVI ғасырлардағы Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстандағы экономикалық және мәдени жағдай, қалалар мен даладағы халықтың тұрмысы, орта ғасырлық географиялық атаулар, қазақ халқын құрайтын ру, тайпалардың атаулары, олардың мекендеген жері жайлы жазылған.
1999 жылы көрнекті түркі және қазақ халқының тарихшысы Мұхаммед Хайдар Дулатидің туғанына 500 жыл толуы аталып өтті. Мерейтой халықаралық ЮНЕСКО қорының бағдарламасы аясында аталып өтті. Мұхаммед Хайдар Дулатидің бұл еңбегінің қазақ халқының өткені мен бүгінгі күніне байланысты үлкен маңызы бар. өйткені, кітап XV ғасырда Қазақ хандығының құрылуының алғы шарттары мен барысы жайлы жазылған бірден-бір дерек көзі болып табылады.
|