Сабақ жоспарлары
Мысалы: Бейнелеу 1-6 сыныпқа сабақ жоспарлары
Главная » Статьи » Шет ел әдебиеті мен тарихы

Махатма Ганди
МАХАТМА ГАНДИ 

Қысқаша өмірбаяны

Мохандас Карамчанд ГАНДИ (02.10.1869-30.01.1948 ж.ж.) - Үндістан ұлт-азаттық қозғалысының қайраткері. 
М.Ганди Оңтүстік Африкада жүргенде бейбіт жолмен қарсыласудың теориясы мен тактикасын белгілеп, оны сатьяграха (Шындық үшін тайсалма) деп атады. 1899-1902 және 1906 жылғы ағылшын-зулус соғыстары кезінде М.Ганди сол жақта тұрып жатқан үнділерден ағылшындарға көмек көрсететін санитарлық жасақтар құрады. Бурлар мен зулустардың күресін әділ күрес деп есептегенімен, ол үнділердің ағылшындарға жәрдемі Үндістанға өзін өзі басқару құқығын беруге септігін тигізеді деп үміттенді. М.Ганди осы тәсілдің арқасында өз халқын ағылшындық отаршылдық езгіден аман сақтап қаламын деп те ойлады. Ол заманда үнді халқын аман сақтап қалудың бірден бір жолы осы тәсіл екені де даусыз еді. 
1915 жылы қаңтарда Үндістанға қайтып оралғаннан кейін М.Ганди Үндістан ұлт-азаттық Конгресі партиясымен жақындасып, 1916 жылы оған мүше болып кіреді. 1917-1918 жылдардан бастап ол ұлт-азаттық қозғалысында неғұрлым көрнекті қызметтер атқарады. Бұл тұста елде ағылшындарға қарсы бұқаралық қозғалыс кеңінен етек алған болатын. Сол жылдары М.Ганди өзі редакторы болған "Жас Үндістан" газеті мен жетісіне бір рет шығатын "Навадживан" журналы арқылы өз идеясын насихаттап отырды. 
Алайда М.Ганди күресті қару күшімен емес, бейбіт жолмен жүргізуге тырысты, ұлы мақсат жолында қандай да бір күш қолдануға жан-тәнімен қарсы болды. Кейбір солшыл топтар оның бұл көзқарасын қолдамағанымен, тұтастай Үндістан халқы Махатма жағында еді. 1919-1948 жылдары Махатма Ганди Үндістан ұлт-азаттық Конгресі партиясының идеялық жетекшісі және беделді саяси басшысы, үл көсемі бола білді. 
М.Гандидей ұлы тұлғаның арқасында Ұлттық халық Конгресі партиясы Үндістан халқының зор қолдауына ие болды. Үндістанның кемеңгер ақыны Рабиндранат Тагор қойған Махатма (Ұлы адам) деген құрметті атақ - М.Гандидің елі сүйген есімі. 
Ағылшын отаршыларына қарсы күресте М.Ганди талай рет айдалып (1922-1924, 1930-1931, 1942-1944 ж.ж.), неше қайтара сотталып, абақтыларға отырғызылды. Отаршылардың бұл әрекеті күрескер азаматты жасыта алмады, қайта шыңдай түсті. Ағылшындарға "Үндістаннан тайып тұрыңдар!" деп алғаш ұран тастаған да М.Ганди болатын. Бір қызығы ұлы тұлға 1946 жылғы үнді моряктарының көтерілісін айыптады. Себебі, М.Гандидің ойынша Үнді халқы тәуелсіздікке тек бейбіт жолмен ғана жете алатынынына имандай сенуінде еді және өзі осы жолды мықтап ұстанды. Шын мәніндегі ұлт көсемі дәрежесіне көтерілген ол ұлы мұрат жолында титтей де солқылдақтық танытпады, таңдап алған жолына адал болды. 
Ағылшындардың құйтырқы саясатының нәтижесінде 1947 жылы Үндістан-Пәкстан болып екі мемлекетке бөлінген тұста да ол үнділер мен мұсылмандарды бірлікке шақырды. 1948 жылы 30 қаңтарда Махатма Ганди Үнді реакцияшыл ұйымдарының мұшесі Натхурам Годзе дегеннің қолынан салтанатты митингі кезінде қастандықпен өлтіріледі. 
Міне XX ғасырдың атақты перзенті Махатма Гандидің энциклопедиялық қысқаша ғұмырнамасы осындай.

Махатма Ганди ұстанған бағыт және оның өмірлік мызғымас көзқарасы

Ол қапияда қас дұшпанның қолынан көз жұмғанымен М.Гандидің соңында - ГАНДИЗМ атты діни-философиялық саяси ілім қалды. Және М.Гандидің өзі осы ілімнің негізін қалады. Ол ілімнің философиялық түпкі негізі - Құдайдың яғыни бір Жаратушының қақтығын мойындау, оны ақиқатпен қатар қою. "Мен үшін Ақиқат - ең басты принцип. Ол Ақиқат - Құдай" дейді М. Ганди өзінің "Менің өмірім" атты кітабында ("Жалын" баспасы, аударған Мейрам Асылғазин, 1989 жыл). 
М.Гандидің ойынша Ақиқат гносеологиядан гөрі діни адамгершілік категориясына жатады. Оған қол жеткізу - тек адамның өз бетімен жетілуі, ізденуі және Ақиқатты өзінің күнделікті қам-қаракетінде жүзеге асыра білуі арқылы мүмкін болмақ. Ақиқатты жақын білу - Құдайды танып-білу дей келіп, ол: "Құдайдың алуан түрлі анықтамасы бар, себебі оның көрінуінің өзі алуан түрлі... Мен тек Ақиқат түріндегі Құдайға бас иемін" дейді (бұл да сол кітапта). 
Ганди Ақиқатты - абсолютті және относителді деп екіге бөледі. Біріншісі мәңгілік принцип Құдай болса, екіншісі адам санасында болады. Ізденудің мақсаты - абсолюттік Ақиқатты, Құдайдың мәнін білу. Ол мистикалық ішкі ой арқылы аян береді деп біледі М. Ганди. 
М.Гандидің этикалық қағидасы джайнизмнен (біздің жыл санауымызға дейінгі соңғы мың жылдықтың орта шенінде Үндістанда пайда болған, брахмандардың әдет-ғұрпына қас діни ілім. Өзінің жолын қуғандарға аса қатаң адамгершілік-тақуалық талаптар қояды, кез келген күш көрсетуге, оның ішінде тірі жан атаулыны жоюға тыйым салады) алынған: "тірі жанды зәбірлеуге болмайды" дейтін ахимса идеясына негізделген. 
Ганди ұсынған ұлт бостандығы үшін күрестің негізгі тактикасы "Сатьяграха" - негізінен зәбірлемеу принципіне құрылған. Ахимса мен Сатьяграха өзара үндес, сабақтас ілім. 
Үндістанның ағылшын үстемдігінен құтылатын, азаттық алатын бірден-бір жолы: "свардж (өзін-өзі басқару) тек ешкімді де зәбірлемейтін шаралар арқылы ғана іске асырылуы керек" деп үйретеді. Гандидің өзі оны адам өміріндегі күнделікті мәселелерді шешудің еңбір оңтайлы, ұтымды әдісі санайды. 
Сатьяграханы іске асырудың басты шарттарының бірі - Үндістан құрамындағы барлық халықтардың, барлық діндегілердің, көзқарастағылардың өзара түсіністік және өзара кешірімшілдік бірлігінде деп білді М.Ганди. Ол - Қамқорлық теориясын жақтады. Махатма Ганди үнділер мен мұсылмандардың бірлігі үшін табанды күрес жүргізіп, ұлт бостандығы күресіне үнділермен қатар мұсылмандардың да қатысуын қамтамасыз етті. Ол "дүниені қозғаушы күш және оны қозғалысқа келтіретін Құдайдың өзі белгілеген Заң" деп білді. 
М.Гандидің этикалық көзқарасы: "кедейлікке, жоқшылыққа мейірімділікпен қарау, жапа шегу, тақуалық принциптері мен қоғамдағы дамуы - адамның өсімпаз мұқтажын қамтамасыз ету арқылы емес, оны саналы түрде тежеу арқылы іске асырылуы керек" деген көзқарасты мықтап ұстанды. Осы айтылған қағидалардың барлығын өзінің күнделікті қам-қаракетінде, ісінде қолдана білген, бұл жолдағы қандай қиындыққа да төзе білген, өз тәжірибесін ізін қуғандарға да кеңінен қолданған Махатма Ганди адамгершіліктің шырқау шыңына көтеріле білген бірден бір әлемдік, ғарыштық ірі тұлға.

М.Гандидің негізгі принциптері: 
Ахимса, Брахмачария, Сатьяграха деген не?

Махатма Гандидің өмір жолы туралы сөз еткенде: Ахимса, Брахмачария, Сатьяграха және тағы басқа осыларға үндес, сабақтас қасиетті атауларды ауызға алмай және олардың мән-мағынасына зерделей түсінбей, ұлы тұлға туралы бірдеңе деп айтудың өзі әбестік болар еді. Біз тілге тиек етіп отырған бұл үш атау Махатма Гандидің онсыз да сом тұлғасын биіктете түсетін биік тұғырлар екені даусыз. Алда әңгімемізге арқау болатын оқиғалар шоғырының қазақ оқырмандарына түсінікті болуы үшін ең алдымен осы сөздердің біздің тілімізде қандай мағыналарға ие болатыны туралы түсіндірме сөздік түрінде қысқаша болса да түсінік бере кеткенді жөн көрдік. 
Ахимса - "күш көрсетпеу, ешкімге ешқашан да жаманшылық жасамау, біреуді жазықсыздан жазықсыз азапқа түсірмеу" деген сияқты терең философиялық мағынаға ие сөз. Ахимса ілімі ертедегі Үндістанда да болған, содан кейін буддизмде және әсіресе джайнизмде дамытылған. Үнділердің бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруда Ахимсаның үлкен мәні болды. Ахимсаны бір жағынан ұлы Махатма Ганди күнделікті өмірде адам тәрбиесіне қолданатын ілім ретінде пайдаланды. Дара тұлғаның барша өмір жолы осынау қасиетті атаумен біте-қайнасып өткенінің өзі сол сөзімізге куә. Бұл туралы алда толығырақ баяндайтындықтан әзірге осы топшылаумен ғана тынамыз. 
Брахмачария - " сөзбе-сөз аудармасы: Тәңіріге жақын келу". Бұл да - ілім. Оның жолын қуғандар адам баласына тән небір тәтті, жүрегің мен тәніңді еліктіргіш құмарлық сезім ләззатынан бас тартып, пәктік сақтап жүру. Бұл батылдық құлқынның құлы болған кез-келген пенденің қолынан келе бермейді. Бұны жүзеге асыру үшін Махатма Гандидей нағыз Құдайдың сүйген құлы болу шарт. 
Сатьяграха - "Ақиқатқа арқа сүйеу". Өзі қолданған саяси күрес әдісін атау үшін М.Гандидің өзі енгізген төл термині. Осы қозғалысқа қатысқан адамдарды - "сатьяграхтар" дейтін. Сондай-ақ, осы атаудың негізінде дүниеге келген "Сатьяграха ашрам" да М.Ганди мен оның жолын қуушылардың Ахмадабаттың маңындағы Кочраб деген жерге шаңырақ көтерген қауымының атына айналған. Қауым мүшелерінің ішіндегілердің біршамасы кезінде Оңтүстік Африкадағы қызметінде М.Гандидің ажырамас ниеттес, мақсаттас және қандай қиындық болса да ажырамас серіктеріне дейін көтеріле білген адамдар еді. Сатьяграха қозғалысының нәтижесінде ғана Үндістан мемлекеті ағылшын отарлаушыларынан ешқандай қантөгіссіз жолмен азат етілгені белгілі. Бұл жолда осы қозғалыстың көсемі М.Гандидің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз...

АХИМСА

"Адамның өзін-өзі тазартпайынша жан атаулымен бірігуі мүмкін емес. Онсыз Ахимса Заңын сақтау бос арман болып қалады. Жаны таза болмаған жан Құдайды ешқашан түсінбейді. Сондықтан адамның өзін-өзі тазартуын барлық қызмет саласындағы тазару деп ұққан жөн. Және тазару өте жұғымпаз болып келеді: бұл маңайындағылардың да тазаруына сөзсіз апарады. 
Бірақ адамның өзін-өзі тазарту жолы азапты да ауыр жол. Кіршіксіз тазалыққа жету үшін оның ойында, сөзі мен ісінде әділдік болып, махаббат пен ғадауат, жақындық пен жаттық секілді кереғар құмарлықтардан жоғары тұруы керек. Қажымай, талмай, қайтпай үнемі талпынып жүргеніме қарамастан мен осы бір үш жақты тазалыққа - ойдағы, сөз бен істегі тазалыққа әлі де болса жете алмағанымды білемін. Міне сондықтанда адамдардың мақтағаны мені қуанта қоймайды. Керісінше, ол көбіне арыма тиеді. Пендешілік құлқынды жеңу қалың қолмен дүниені жаулап алудан анағұрлым қиын іс болып көрінеді маған. Үндістанға қайтып оралғаннан бері көңілімнің қойнауында бұғып жатқан құмарлықтарымды танып білгендеймін. Мұны мойындауым жеңілісімді сездірмегенімен, өзімді өзім қорсынуыма мәжбүр етеді. Тәжірибелерім мен ізденістерім мені шабыттандырып, зор қуанышқа кенелтеді. Бірақ өзімді өзім қорсыну жолында әлі де болса алдымда көп қиындық тұрғанын білемін. Адам өз еркімен жақындарының ішінде өзін ең соңғы орынға қоймайынша оған райыс жоқ. Ахимса - ізеттіліктің ең соңғы шегі." Бұл үзінді Махатма Гандидің өз қолымен жазған "Менің өмірім" ("Жалын" баспасы, 1989 ж., аударған Мейрам Асылғазин) атты кітабынан алынып отыр. 
Қайтадан бір зер салып, осы сөздерді оқып көріңізші, қадірлі оқырман, Құран сөрелеріндей ұлағатты ойлар емес пе расында! Ұлы Махатма Ганди қаламынан шыққан осынау қарапайым да қасиетті бұл ойлардан буддизм мен ислам дінінің арасындағы ұқсастықтарды көріп таң қалмасқа тағы да шараң жоқ! Сіз бен бізге ұқсайтын Құдайдың бір пендесінің аузынан шыққан бұл сөздер жай ғана айтыла салмаған. Жетпіс сегіз жылдық ғұмырының ішінде Махатма Гандидің өзі тұла бойымен сезініп, бар болмысымен шындап жүзеге асырған адам баласы таң қаларлық ғажайып ерліктің бір ұшқыны ғана бұл. 
Жер басып жүрген бұл пенденің екісінің бірінің қолынан келе бермейтін ұлы ерлікке барған Махатма Гандиге таң қалмасқа шараң жоқ. Сөзі мен ісінің арасында алшақтық болып көрмеген Махатма Гандидің өмір жолы бұрын-соңды адамзат баласы басынан кешіп көрмеген теңдесі жоқ үлгі-өнеге! 
"Ақиқат іздеген жан тозаңнан да төмен тұруға тиісті. Тозаңды бәрі таптайды, ал Ақиқат іздеген жан тозаң тұтып, шаң басқандай, көмпіс болуы керек. Тек сонда ғана болмаса, оған дейін ол Ақиқаттың ұшығын да көре алмайды. Бұл Васишта мен Вишмамитраның сөйлескен сөздерінен айдан анық көрінеді. Христиан мен ислам діндері де мұны толық қуаттайды. Егер оқырманға менің сөздерім асылық айтқандай болып көрінсе, онда эксперименттерімнен бір қате кеткені және менің көргенім Ақиқаттың нышаны емес, сағым ғана болғаны. Мендейлердің жүзі құрбан болса да мейлі, тек Ақиқат үстем бола берсін. Мен сияқты адасқан пенделердің ісіне баға бергенде, Ақиқаттан қылдай да таюға болмайды" деген Махатма Гандидің әр сөзінен ең алдымен қарапайымдылық көрініп тұрса, сол қарапайымдылық арқылы ұлылықтың ұлы тұлғасы мен мұндалап алыстан көзге шалынады. 
Барша адамзат баласы ес біліп, етек жапқалы бері іздеп келе жатқан асыл заты - осы емеспе! "Қолда барда алтынның қадірі жоқ" деп қазақ мақалында айтылғандай, сол бір барша адамзаттың асыл перзенті Махатма Гандиді көзінің тірісінде барша әлем мойындамады. Тіпті өзінің діндес, қандас бауырының қолынан қастандықпен өлтірілген де осы Махатма Ганди болғаны қандай өкінішті еді десеңізші! 
Мынау қамшының сабындай қысқа ғұмырда тіршіліктің мәні мен мағынасына шындап көз жібермей, аз күнгі қызық дәуренді малданып жүрген біз - пенделердің осы бір бейшаралықтарымыздың өзіне Махатма Ганди асқан түсіністікпен, кешірімдікпен, төзімділікпен қарады. Ұлылықтың өзінде де сірә шек жоқ-ау. Махатма Гандиді оқып отырғанда алдымен байқалатыны - Адам баласының қандай дінде де, қандай елде де, қандай ұлтта да бір-біріне өте ұқсас қарапайым ғана пенде екендігінде. Олардың қайғысы мен қуанышы, жеңісі мен жеңілісі, өкініші мен жетістігі, кемшілігі мен кемелдігі, жақсылығы мен жамандығы, адамгершілігі мен жауыздығы, адалдығы мен арамдығы, қулығы мен ақкөңілділігі, бары мен жоғы - бір-бірімен өте ұқсас. Бүгін жер бетінде қанша адам болса, соншалықты түр-түс, мінез-құлық бар. Былай қарағанда барлығы да - Ақиқаттың ақ жолын іздеп жүргендер сияқты көрінеді немесе сондай болып көрінуге тырысады. Ал шындап тереңдеп үңілсең - мәселенің барлығы ондай емес. Неге?.. 
Адамдардың бірін-бірі көре алмауы, бір-біріне ор қазуы, табан астында бірін-бірі алдап кетуге немесе бір-біріне қастық жасауға даяр тұратыны неліктен? Небір алтынмен аптап, күміспен күптеп сарайлар салдырған, әлемнің түгелін болмаса да жартысынан астамын жаулап алған, сан миллион жазықсыз жандарды қырып жойған әміршілер де бұл Жалғаннан өтті. Солардың бірде бірі көзі тірісінде жиған тау-тау алтынын, атақ-даңқын ана жаққа өзімен бірге алып кете алған жоқ. Сонда олар не үшін жанталасты, не үшін әлемдік өркениетті жермен жексен етті, не үшін асып-толды? 
Осы XXI ғасырға дейін жер бетінде небір сойқан қырғындар болыпты, қисапсыз адам қандары судай ағыпты. Жеңіпті, жеңіліпті. Сонда осы екі жақтың қайсысы түптің-түбі аңсаған арманына жетіпті? 
Ол қандай әмірші болсын мейлі, қанішердің аты - қанішер, жауыздың аты - жауыз. Адам қанын судай шашқан, далаларды шаңға бөктіріп, қалаларды өртеп-қиратқан, Александрия мен Отырар сияқты қалалардың кітапханаларын өртеп күлге айналдырып, тіпті кейбірін мүлдем жойып жіберген Цезарьдан, Македонскийден, Шыңғыс ханнан, Наполеоннан, Гитлерден, Сталиннен соңдарында не қалды? 
Алғыс па, қарғыс па? Цезарын, Македонскийін, Наполеонын... мақтаныш еткен қазіргі заманғы батыстық центристік тарихшыларды, басқа да қанішерлерді ұлы бабасына балаған әдебиетшілерді не деп түсінуге болады? 
Сан мыңдаған жылдар бойы адамзаттың небір кемеңгер ақыл-ойлары іздеген - Шындық пен Ақиқат осы ма? 
"Мен", "Мен" деп кеуде соққан пенденің не ойлағаны бар, сонда? Пенделіктен асып, қайда барамын дейді екен? Менмендіктің түбі - құрдым немесе бейшаралық екенін ұғып түсінуге шама-шарқы мен өресі жетпеген жанды кім бағалайды? Тарих па, тобыр ма?.. Сұрақ көп, жауап жоқ! 
Міне біз өмір сүрген Өмірдің қатал заңы осындай. Түптің-түбі адамзат баласы ақылына келіп, барлығы бірдей бір кісінің баласындай асқан төзімділікпен, қамқорлықпен, қайырымдылықпен, кешірімділікпен тату-тәтті өмір сүретін күн туар ма? Ақиқаттың ақ туы салтанат құрып, жер бетінде желбірейтін шақ тым алыста жатыр ма?.. 
Махатма Гандиді оқып отырғанда басыңа келетін алғашқы ойлар осындай... Ешкімді ешқашанда іренжіткісі, біреуге зәбір көрсеткісі келмеген, бар ауыртпалықты бір өзі ғана мойнымен көтерген, басқалар үшін не азапты да басынан кешкен, сонысымен замандастарына үлгі болған, адам баласының кез келгенінің қолынан келе бермейтін шыдамдық пен төзімділікке барған, Ақиқаттың ақ жолын таңдап алған, өмірінде бір рет те өтірік айтпаған, жан баласын іренжітпеген, тіршілік атаулыға аялай қараған, қолынан Жақсылықтан басқа келмеген, жеке басының бақытын, қуанышын, ләззатын тәрк еткен, ешкімді ешқандай ұлтқа, ұлысқа, мемлекетке, хандыққа, патшалыққа, сұлтандыққа, сектаға, дінге, сословияға бөлмеген, осы жолда қандай азап болса да қаймықпаған, Ақиқаттың ақ жолы үшін өлімнен де қорықпаған жер бетінде бір ғана адам болса, соның бірегейі азат Үндістанның ұлы перзенті - Махатма Ганди.

БРАХМАЧАРИЯ

Мохандас Карамчанд Ганди (Махатма - туған халқы құдайдай көріп, құрметтеп қойған ұлы есімі) - үнді халқының оның көзі тірі кезінде-ақ аты аңызға айналған көсемі екендігі турасында жоғарыдағы тарауларда азды-көпті әңгімелеп беруге талпындық. Енді ұлы адамның бейнесі жан-жақтылы толық ашылуы үшін оның басынан кешкен кейбір оқиғаларды ғана баяндап бермекпіз. Үндістанның ұлы перзентінің басынан кешкен барлық оқиғаларды баяндап шығу мүмкін емес. Тек қалың оқырманды еріксіз ойға қалдыратын, Ақиқатқа жетелейтін оның өмірінің кейбір тұстарын ғана тілге тиек етпекпіз. 
Жалпы Гандилер әулеті үндінің Бания кастасына жатады. Олардың соңғы үш ұрпағы Катхиавар княздіктерінің бірсыпырасында бас министр қызметтерін атқарған. Өздері көп ағайынды, өсіп-өнген ұрпақ. Соңғы ағайынды екеуі бірінен-кейін бірі Порбандардың бас министрі қызметін атқарады. Мохандас Гандидің өз әкесінің аты - Каба Ганди. Ол төрт рет үйленген. Бұрынғы үш әйелі жастай қайтыс болады. Екі әйелінен екі қыз қалған. Төртінші әйелі - Путлибай бір қыз, үш ұл көтереді. Мохандас - солардың кенжесі. 
Әкесі Каба ешқандай байлыққа ұмтылмаған, өз әулетіне берілген, шыншыл, ержүрек және мәрт адам болған (бұл екі қасиеті Мохандасқа дарыған сияқты. Авт. Ж.К.), бірақ қызба еді. Сезім ләззатын мейілінше татпайынша жүре алмайтын. Ешқандай білімі жоқ, бірақ тәжірибесі мол адам еді. 
Шешесі Путлибай - құдайға құлшылық етіп алмай, тамақ туралы ойламайтын аса діндар адам болатын. 
"Шешем парасатты жан еді. Мемлекет ісінен жап-жақсы хабардар болатын, сарайдағы әйелдер де оның ақылдылығын құрметпен ауыздарына алатын. Бала кездегі еркіндіктің арқасында шешемнің соңынан еріп, сарайға жиі баратынмын, оның такор-сахибтің жесір қалған шешесімен қызу әңгімелесетіні осы уақытқа дейін есімде" деп өз өмірбаянында жазғандай туған анасын қатты құрметтегені көрініп тұр. Сонымен Порбандарда немесе Судампуриде 1869 жылы 2 қазанда Мохандас деген бала дүниеге келеді. 
Мохандас барлық балар сияқты жеті жасында мектепке барады. Оның өзі айтқандай "бастауыш мектепте өте нашар оқиды" (сонда). Жасы он екіге қарағанда орта мектепке ауысады. Мохандастың өзі айтқандай "мұғалімдерге немесе мектептегі жолдастарыма бір рет те болса өтірік айтқаным есімде жоқ. Тым именшек едім және балалардан қашқақтап жүретінмін". 
Бірде халық ағарту инспекторы Джайлс деген шенеунік балалардың білімін тексеруге келгенде Мохандас класс жетекшісі қанша көмектескісі келсе де, алған бетінен қайтпай "қазан" деген сөзді толып жатқан емілелік қатемен жазып, жазықты болғаны бар. "Мұғалім айтып жібергісі келіп, мені аяғымен түртті. Білмеген сөзді қасындағы баладан көшіріп алсын дегендегісі" деп осы оқиғаны М.Ганди естелігінде ауызына алады (сонда). Өйткені ол өзінің ұстазы үйреткендей, қанша мүмкіндік туып тұрса да ешкімнен көшіріп алғысы келмеген. Ол ешқашан да біреуден білмеген сабағын көшіріп алу дегенді мектепті бітіргенше үйрене алмай-ақ кетеді. 
Мохандас мектепте жүргенінде өзі құдайдай көретін ұстазының бойынан көптеген кемшіліктер көріп, таң қалғаны бар. "Үлкендердің кемшілігін мүлдем аңғармайтыным бар еді. Кейініректе мен мұғалімнің басқа да көптеген кемшіліктерін білдім, бірақ үлкендердің ісін сынамай, айтқандарын орындап үйренгендіктен, оған деген құрметімді жойған жоқпын" дейді тағы да ол сол естелігінде. Әке-шешесі Мохандасты мектепте оқып жүргенде он үш жасында үйлендіреді. Оған дейін оны ата-анасы үш рет басқа біреудің қыздарына атастырғаны тағы бар. Алғашқы рет атастырғанда жасы жетіде екен. 
"Бұл тарауды тіпті жазбай-ақ қойсам ба деп едім: мұны әңгімелеу үшін көптеген ащы естеліктерді жаңғыртуға тура келеді. Бірақ мен басқаша істей алмаймын, өйткені ақиқаттан тайғым келмейді. Он үш жасымда мені қалай үйлендіргенін айтуды ауыр міндетім деп есептеймін. Камқорлығымда жүрген осы жастағы балаларға қарап отырып, некелескенімді есіме алғанда, өзімді өзім аяймын әрі менің көргендерімді бұлардың бастарына бермегенін ойлап, қуанамын" деп жазады естелігінде М.Ганди "Балалық некесі" туралы. 
Қалыңдығына қосылып, ұлан-асыр той жастатқан түні жеңгесінің алдын-ала үйреткеніне қарамастан қойнындағы қалыңдығына дұрыстап еркектік міндетін көрсете алмай, масқараға ұшырағаны таусылмайтын бір әңгіме. Кейін нәпсіқұмарлығы оянғанда, нағыз тойымсыз еркектің өзі болып, жас келіншегін ұйықтатпайтын жаман әдет тауып алады. 
"Ол кітапшаларда ерлі-зайыптылардың махаббаты, ұқыптылық, балалық неке және басқа жайлар айтылатын... Бұл кітапшалардағы өмір бойы күйеудің мойнына әйелге деген адалдық жүктелетіні жүрегіме мәңгі ұялады. Оның үстіне мен шындықты сүйетінмін, сондықтан әйелге өтірік айта алмайтынмын. Және осынша жас кезімде оны алдауым тіпті мүмкін емес-ті. "Егер мен әйеліме адал болуға тиісті болсам, онда әйелім де маған адал болуы керек" - деп ойладым мен. Бұл ой мені қызғаншақ күйеу етіп шығарды... үнемі аңдып жүруге мәжбүр етті..." (М.Ганди "Менің өмірім", "Жалын" баспасы, 1989 ж., ауд. М.Асылғазин) деп жалтақтамай ашық жазады сол бір балалық пен жігіттіктің қызықты шақтарын есіне алғанда. 
Келіншегі Кастурбай асқан инабатты әйел болады. Ал Мохандас болса мектепте сабақ оқудың орнына үйінде қалған жас келіншегін ойлап, үйге тез жеткенше асығатын. "Үлкендерден ұят болады, сабыр сақтасаңшы" деген оның өтінішіне қарамастан талай рет ұятқа қалғаны тағы бар. Оның үстіне Мохандас сондай қызғаншақ болады. Әйелінің әр басқан ізін аңдып, тіпті, төркініне де жібермей, оны қызғыштай қорып, әуреге түседі. Ол Кастурбайға шын мәнінде ынтыға ғашық болған еді. 
Мохандастың қызғаншақтығының арқасында жас келіншек Кастурбай білім алуға мүмкіндігі болмай, сауатсыз болып қалады. Бұған алдымен кінәлі - қызғаншақ күйеу екенін Мохандастың өзі де мойындайды. Бұлар отау көтерген Мохандастың 13 пен 18 жасының арасы түгесіп бітпес тән ләззатына толы болады. Ол он сегіз жасында Англияға оқуға кетіп, жанып-күюі аздап болса да басылғандай еді. 
Айтпақшы, мектептегі жазуы нашар бала да - осы Мохандас болған еді. Ол кейін бұл жөнінде өзінің естелігінде қатты өкініп жазады. "Балалардың жазуы әдемі болуы үшін оларды ең алдымен сурет салуға үйрету керек, содан кейін барып көркем жазуға бейімдесе дұрыс болар еді" деп жазады ол кейін өз естелігінде. Тағы да сол естелікте назар аударуға тұрарлықтай мынадай жолдар бар: "Барлық үнді орта мектептерінде ана тілінен басқа: хинди, санскрит, парсы, араб және ағылшын тілдерін оқыту керек деп ойлаймын. Бұл ұзақ тізімнен қорқуға болмайды. Шын мәнінде хинди, гуджарати және санскрит тілдерін парсы және араб тілдері сияқты бір тіл ретінде қарастыруға болады. 
Мохандас - барлық балалар сияқты досқа бай болады. Соның бірі Мохандастың оны жақсы жолға түсіргісі келген барлық әрекетін жоққа шығарып, керісінше оның өзін жаман жолға бастайды. Жас келіншегі Кастурбай ол досын бір көргеннен-ақ суқаны сүймей, онша ұнатпайды, бірақ, еркектік жалған намысқа берілген Мохандас әйелінің сөзін құлағына да қыстырмайды. Ол жөнінде М. Гандидің өзі былай жазады: 
"Екінші достығымды өмірімнің күйігі деп есептеймін. Ол ұзакқа созылды. Мен оны түзеуді мақсат етіп достасып едім... Қателескенімді кейіннен түсіндім. Түзетуші түзетем деген адамымен ешқашан тым жақын қарым-қатынаста болмауы керек. Шынайы достық дегеніміз - бұл дүниеде сирек кездесетін жан жақындығы. Тек мінездері бірдей адамдардың арасындағы достық қана ұзағынан әрі баянды бола алады. Достар бір-біріне ықпал етеді. Сондықтан достық түзеуге жол бере қоймайды. Жалпы аса көп жақындықтан аулақ болу керек деп ойлаймын: адам баласы жақсылықтан гөрі жамандықты анағұрлым тезірек қабылдайды. Ал құдай деген адам жапа-жалғыз қалу керек немесе бәрін де дос етуі керек. Бәлкім мен қателесіп те тұрған шығармын, бірақ баз біреулермен жақынырақ достасайыншы деген бір еңбегім зая кетті". 
Әлгі досы оны діншіл үндістерге жат әрекет - ет жеуге, темекі тартуға, аздап шарап ішуге үйретпек болады. Тіпті ұрлық жасауға дейін барады ("Біршама кейініректе қызметшінің ұсақ тиындарынан гөрі ауырлау ұрлық жасадым.. Ол досының азғыруымен лақтың етін жеп, кейін жазықсыз лақ байғұстың маңыраған жалынышты дауысы түні бойы құлағынан кетпей, қатты азап шегеді. Содан былай ол үзілді-кесілді ет жеуден, еттен жасалған тағамнан татып алудан бас тартады. 
Тағы бірде сол досы Мохандасты басқа әйелге апарып, зинақорлық жасауға итермелейді. Тыр жалаңаш шешініп, мұны күтіп жатқан жас сұлудың қасынан қашып шығып, әлгі ақшасы төленген әйелдің "сен еркек емессің!.." деген табалауына ұшырап, жер болып, қайтып мұндай әрекетке бармастай күй кешетіні де өз алдына бір әңгіме. 
Алдын ала оқиғадан озып баяндайын, Мохандас Ганди өле-өлгенше әйеліне адал болып өтеді. Келіншегі Кастурбай да дініне берік, нағыз еркегі үшін жан беретін төзімді әйел болады. 
Мохандас Англияда оқуда жүрген кезінде де, лондондық бикештердің қанша айналдырғандарына да көнбей, тән ләззатынан жанын арашалап, небір ерлік көрсеткені белгілі. Асылы, Мохандас жас кезінен өтірік айту, біреуді алдау дегенді білмей өседі. Ол - тек шындықты, қандай қиындық болса да төзімді, кешірімді болуды ғана жақтайды. Оның мұндай әрекеттерге баруына ең алдымен тумысынан бергі бойындағы ұяңдығы, қорқақтығы себеп болғанын ол өзі де жазған естелігінде ашық мойындайды. 
Қорқақтық демекші, жас келіншегіне үйленген кездері, қараңғы түсе сыртқа жалғыз шығудан қорқатынынын қанша жасырып қалғысы келгенімен, онысы білініп қалып, тағы да ыңғайсыз жағдайға қалғаны есінде. 
Өзі "Менің өмірбаяным" деген естелігінде жазғандай, қатты нәпсіқұмар болғаны белгілі. Әрине ол кезде қылшылдаған бозбала болатын. Бірде әкесі қатты ауырып өлім аузында жатқанда, әлгі нәпсіқұмарлық сезімі оянып кетіп, ұяттың бәрін жиып қойып, жас келіншегі Кастурбайдың тәтті ұйқыда жатқанына қарамай, оны жұлмалап оятып, толық ләззат алып, әл үстінде жатқан әкесіне келсе, маркұм о дүниеге аттанып кетіпті. Өзінен үлкен ағасы әкесінің соңғы аманатын естіп, бұл мына қылығына қатты пұшайман болып, бармағын тістеген сәті де адамға тән кейбір осалдық мінездеріміздің бір белгісіндей еді. 
Сол бір оқиға жайлы М.Ганди аталмыш кітабында былайша ағынан ақтарылады: 
"Сағат кешкі он жарым немесе он бір шамасы еді. Әкемнің аяғын уқалап отырғанмын. Ағай мені ауыстырайын деді. Мен қуанып, жатар бөлмеге кеттім. Әйелім қатты ұйықтап жатыр екен, байғұс. Бірақ мен барда ұйықтай алушы ма еді? Оятып алдым. Алайда біраз уақыттан кейін қызметші есік қақты. 
- Не болды? Айт. 
- Әкей жоқ енді бізге... 
Қатты ұялдым, өзімді бір бақытсыз сорлы сезіндім. Егер хаюандық құмарлық көзімді тұмандантпағанда... 
...Бұл арада айтып отырған масқаралығым сол - тіпті аса құнтты күтімді қажет ететін әкемнің өлер сағатында да мені нәпсіқұмарлығы биледі. Бұл арсыздығымды ешқашан ұмыта алмаймын және ақтала да алмаймын". 
Менің ұлы адамның бойындағы бұл қасиеттерді тізіп жазып отырғаным, Махатма Гандидің де бәріміз сияқты пенде болғанын, оның да жас кезінде бәріміз сияқты небір өрескел әрекеттерге байқаусызда ұрынып қалып отырғандығы, бірақ ешқашан да өтірік айтып, жалған сөйлеп көрмегендігі жасы ұлғайып, әлем мойындағын ұлы тұлғаға айналған тұсының өзінде де, кітап жазғанда да ештеңені ешкімнен бұғып қалмай ашық жазғанынан оқып-біліп, соны ауыз-екі әңгіме ретінде баяндап отырғаным бұл. 
Махатма Гандидің тұтас ғұмыры - аңызға толы. Ең бастысы оның балалық, жастық шағының көпшілігіміздің өмірімізге ұқсастығында болса, азамат болып қалыптасып, халқына қызмет еткен жылдары адам төзгісіз небір төзімділіктерге барып, адам қолы бара бермейтін жеке бастық баз кешулері, басқаларға үлгі болуы үшін істеген адамгершілікке толы қилы-қилы әрекеттері ешқайсысымызды да бей-жай қалдырмасы даусыз. 
Мохандастың жас кезіндегі қай бір әрекетін алып қарасаң да, саналы түрде әдейі істеген жағымсыз қылықтарын кездестіре алмайсың. Тіпті балалықпен, бозбалалықпен істеп қойған қылықтарының өзінен адалдықты, шыншылдықты, ақиқатты байқау қиын емес. Оның бойындағы адам баласына деген шексіз мейірімділік, төзімділік, ыждағаттылық, ұмтылушылық оның әрбір қылығынан, әрекетінен тап-таза шындық болып, айнадағыдай анық көрініп түрады. 
"Адамгершілік бүкіл әрекеттің негізі, ал ақиқат - адамгершіліктің мәні деген сенім ғана санама терең тамыр бойлатқан еді. Ақиқат менің бірден-бір мақсатым болды. Осы оймен күннен-күнге ширыға бердім, ақиқатты түсінуім де барған сайын кеңейе түсті". 
Міне осылайша ағынан ақтарылған М.Ганди ешкімнен ешқашан ештеңе бүгіп көрген емес. Халқына, Жаратушыға адал қызмет етудің бір түрі - Брахмачария антын қабылдау деп ұққан ол әлемде ешбір еркек бара бермейтін батыл қадамға барады. Брахмачария анты - әйелге деген төсек ләззатынан, тән құмарлығынан бас тарту деген сөз. Және анау-мынау емес еркектік қабілеттің әбден кемеліне келіп толысқан шағында нәпсі жағынан өзін-өзі құрбан ету әй ешкімнің қолынан келмейтін әрекет. Ал М.Ганди небары 37 жасында осындай көзсіз ерлікке барады. 
"Ант берудің мәнін бұдан бұрынғыға қарағанда көбірек сезіне бастадым. Анттың нағыз бостандыққа барар жолды жаппайтыны былай тұрсын, қайта соған жол ашатынын ұқтым. 
...Өзіме өзім сұрақ қойдым: мұндай жағдайда әйеліме мен қалай қарауым керек? Оған деген адалдығымның мәні нәпсі қанағатын тек содан ғана тауып жүргенім бе? Әзірге ындынның құлы болғандығымнан менің адалдығым түкке де тұрмайды. Әйеліме әділ қарауға тиіспін: ол ешқашан да әзәзіл болып көрген емес. Сондықтан егер қаласам, Брахмачария антын алу мен үшін ешқандай қиындық келтірмейтін. Нық шешімге 1906 жылы ғана келдім. Сатьяграха әлі басталмаған, оны бастала қояды деген ойымда да жоқ. ...Ұрпақ өрбіту және үнемі балалардың қамын ойлап жүру қоғамға қызмет етуге сыйспайтынына көзім жетті". Міне көріп отырсыздар, Махатма Гандидің қандай ерлікке барғанын. Өз басым мынандай көзсіз ерлікке барған адам баласын тұңғыш және соңғы рет көріп отырғандаймын. Ұлы тұлғаға таң қала отырып табынамын, адам тілі айтып жеткізе алмас бұл қасиетін қандай адамдық өлшеммен белгілеуге болатынын өз басым білмеймін. Ұлтқа, халыққа, адамзатқа қалтқысыз қызмет етудің мұндай ерекше түрін бағалау қиын. Қарапайым халық мұны түсіне қоймасына өз басым сенемін. 
Сонымен Махатма Ганди: "1906 жылы 37 жасымда жан-жақты ақылға салып, ойланып ант бердім. Бұл сәтке дейін ойларымды әйеліме айтқан жоқ едім, онымен ант бергенннен кейін ғана ақылдастым. Ол қарсы болмады. Алайда маған түбегейлі тоқтамға келу өте қиынға соқты. Табандылығым жетіспеді. Құмарлығымды тыя алар ма екенмін. Күйеуінің әйелінің жыныстық қатынас жасаудан бас тартуы ол кезде оқыс құбылыс болатын. Дегенмен құдай өзі жар болар деп осындай қадам жасадым". 
Брахмачария шартын орындау үшін - тамақтануды шектеу және ораза ұстау керек. Бұны жақсы білген Махатма Ганди: "Біздің құмарлығымыздың қарқындылығы соншалық - оны тек іштей де, сырттай да қатаң шектеп қана тыйып отыруға болады. Баршаға мәлім, егер мүлде нәр татпаса, құмарлықтың қуаты таяды, сөйтіп құмарлықты тыю үшін ораза ұстау, сөз жоқ, өте пайдалы. 
Брахмачария шарты - ой, сөз және әрекетке байланысты сезімдерді бақылау... Брахмачарияның мүмкіндіктері қандай шексіз болса, баз кешудің мүмкіндіктері сондай шексіз". 
Міне құрметті оқырман, Махатма Ганди қабылдаған Брахмачария анты дегеніміз осы. Бұл жөнінде әлі де көптеген қызықты деректерді келтіруге болар еді, өкінішке орай сіз оқып отырған сайттың көлемі оны көтермейді. Сондықтан бұл жөніндегі әңгімені осымен доғара тұрып, Сатьяграха дегеніміз не, енді соған тоқталайық...

САТЬЯГРАХА

Бұл ең алдымен - М.Ганди өзі бас болып өмірге әкелген ұлт азаттығы жолындағы қозғалыстың атауы. Және ұлы тұлғаның Брахмачария антынан кейінгі ұлы қадамы, тапқан термині және оның бүкіл өмірінің айнасы. Ол жөнінде М.Ганди тағыда өзінің аталмыш еңбегінде былайша толғайды: 
"Сатьяграха" деп аталатын принцип термин ойлап табылмастан бұрын пайда болған... Бұл принципті гуджарати тілінде сипаттау үшін біз бастапқыда "бәсең қарсылық" деген ағылшын сөзін пайдаландық... Маганлал Ганди "сатаграха" ( ста - шындық, аграха - кәміл) деген сөз ойлап тапты... Мен оны "сатьяграха" деп өзгерттім". 
Махатма Ганди өзі құрған Сатьяграха қозғалысының арқасында еш қандай қарсылықсыз, қантөгіссіз, күш көрсетусіз, асқан төзімділікпен Үндістан халқын тәуелсіздікке жеткізуге шындап бел буады. 
Ол бүкіл Үндістанды жаяу аралап, будда, христиан, мұсылман дін орындарында болып, ешкімді ұлтына, дініне, әдет-ғұрпына алаламай ортақ күреске шақырады. Бірақ күрестің басты шарты - ешқандай күш көрсетпеу болып есептеледі. Бұл қозғалыс М.Ганди Оңтүстік Африкада жүргенде дүниеге келіп, Үндістан халқы толық тәуелсіздік алғанға дейін жалғасын тапты. Мәңгілік тарихта қалды. 
"Мен ойымда, сөзімде және іс-әрекетімде Брахмачария ұстауды да, сатьяграха қозғалысына бар уақытымды арнауды да бірдей аңсадым. Бұған мен тек қана өзімді өзім тазарту жолымен жете алатын едім. Сондықтан өміріме одан әрі де өзгерістер енгізе бастадым және тамақтануға байланысты қатаңдау шек қойдым. Ораза ұстау және тамақтан тартыну өмірімде анағұрлым елеулі роль атқара бастады. ...Денемді жетілдіргім әрі тәртіптегім келген, бірақ ендігі басты мақсат тежеле білу және талғамымды көндіктіру болғандықтан, мен алдымен бір тамақты, одан кейін екіншісін тандап ішіп, бірте-бірте оның азықтық құрамын кеміте бердім. Алайда тамақтануды жаным сүйе беретін болды. Өзіме ұнаған бір тамақтан бас тартып, басқасын ішсем, онда бұл соңғы тамақ мені жаңадан әрі анағұрлым артық тұшынтатын болды". 
Тамақ ішуді шексіз шектеген М.Ганди аптаның екі-үш күнін ораза ұстап, қалған уақытында бірнеше тал таза жеміс-жидек жеп, таза су ғана ішіп, ауырғанда топырақпен емделіп, үй-ішінің барлық адамдарын осы әдіске көндіреді. Ата-бабасынан келе жатқан үйіндегі барлық асыл заттарды, тіпті әйелі Кастурбайдың қанша жылап қарсыласқанына қарамай, үстіндегі асыл заттарды сыпырып алып, банкіге өткізіп, оның өсімін жетім-жесірлер мен қозғалыс мүддесіне жұмсап отыруы да былай қараған адамға ақылға сыймайтын әрекет. 
М.Ганди Үндістан халық Конгресіне белсене араласып жүрген тұста, әр шеттен келген делегация мүшелерінің өздері тұрып жатқан жердегі тазалыққа мән бермейтініне назар аударады, тіпті аналар еш нәтиже шығармағанда, өзі қолына су мен шүберек алып зәр мен нәжісті еш қиналмастан тазалай бастайтын тұсы бар. Ол бұл әдісті Калькуттадағы бай адамдар тұратын махалладағы тазалықты тексергенде, аналардың қанша алтын мен күміске малынып отырса да адам баласы төзгісіз тазалықтарын көріп, оларды тазалауды өз мойнына алып, еш жиіркенбестен шешініп тастап, жұмысқа кірісіп кетуінен де байқайсыз. 
Оңтүстік Африкада жұмыс істеп жүрген кезінде Махатма Ганди үйінде жатып жүрген қозғалыстың белсенді бір мүшесінің күнде астына жіберіп қоятынына қарамастан асқан төзімділік танытып, тіпті әйелі Кастурбайға сол бейтаныс еркектің астын тазалататыны, жарының қарсылық көрсеткенінен ештеңе өнбейтіні де адамды ойға салады. 
"Көп ұзамай мен бірыңғай жеміс диетасымен күнелтейін әрі тамаққа мүмкіндігінше ең арзан жемістерді пайдаланайын деп ұйғардым. Тақыр кедей адамдар қалай өмір сүрсе, біздің де солай өмір сүргіміз келеді. 
Жеміс диетасы аса қолайлы болып шықты. Тамақ дайындауды қойдық. Күнделікті дастархан мәзіріміз - шикі күйіндегі жер жаңғағы, банан, құрма, лимон және зәйтүн майы. 
Мен дегенмен Брахмачария болуға тырысатын адамдарды сақтандыруға тиістімін. Диета мен Брахмачария арасындағы тығыз байланысты көре білгеніммен, сөз жоқ, негізгі нәрсе - ақыл-парасат. Рухтың толайым пасық пиғылдарын оразамен тазартуға болмайды. 

Категория: Шет ел әдебиеті мен тарихы | Добавил: nauriz (08.02.2014)
Просмотров: 1195 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Сағат

Сауалнама
Сайтта сізге не ұнайды !!!!!!!
Результаты
Всего ответов: 4009
Сайт мәзірі
Сайт көрсеткіші
Қазір online
Қазір сайтта: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0

Лучшая рип студия!