ЖЕТІ ЖАРҒЫ. ТӘУКЕ ХАННЫҢ ДАЛАЛЫҚ КОНСТИТУЦИЯСЫ
XVII - XVIII ғғ. қазақ қоғамы өз тарихындағы ең күрделі кезеңді бастан өткерді. Солтүстік-батыстан қазақ жерлеріне қалмақтар үздіксіз шабуыл жасады аймақтың солтүстігінде башқұрттармен, Жайық пен Сібір казактарымен жиі қарулы қақтығыстарға түсіп отырды. Шығыс пен Оңтүстік-шығыстан жоңғарлардың ұлы көшпел империясы қысып отырды. Сыртқы жауларға тойтарыс беру үшін қазақ жүздерінің жалпы күшін біріктірудің қарқыны 17 ғасырдың аяғында айтарлықтай артты, хан билігі нығайды, шұғыл да күрделі мәселелерді шешу үшін үш жүз өкілдерінің жиналысы тұрақты өткізіліп отырды.
Дала ақсүйектерінің сепаратистік көңіл-күйін өзгертуде, қалыптасқан құқықтық дәстүрлерді нығайтуда және Қазақстанда орталық билікті күшейтуде Тәуке хан (1715 ж. қайтыс болды) үлкен роль атқарды. Революцияға дейінгі белгілі орыс тарихшысы А.И.Левшин Тәуке ханды қазақтың үш жүзінің "Ликургы" және "Айдаћары" деп бейнеледі.
Тәуке хан түрлі оқиғаларға толы ұзақ өмір сүрді. Көшпелі халықтың есінде Тәуке хан билеген кезең "Алтын ғасыр" болып сақталды. Тәуке хан қазақтың атақты ханы Жәңгірдің (1652 ж. қайтыс болған) ұлы болған. Жәңгір хан өзінің жас кезінде жоңғар әскерлеріне қарсы табысты соғыс қимылдарымен танымал болған. Тәукенің жастық шағы жоңғарлармен болған бітпес шайқастарда өтті, сол кезде шыңғыстың жас ұрпағы мықты жауынгер, шебер қолбасшы ретінде танылды. ¤зінің әйгілі ата-бабалары сияқты Тәуке де хан тағына шайқас алаңында көрсеткен ерліктері үшін сайланған. Алайда осы қазақ билеушісінің кейінгі тағдыры басқаша өрбіді, бірақ оның өмірі өзінің әкесі мен атасының жолдарына қарағанда күрделі болған жоқ демейміз.
Тәукенің ұзақ жылдар бойы бүкіл қазақтың ханы болып жемісті билік жүргізуі әскери күшктің емес, оның ақылдылығының, тапқырлығының, халықтық дәстүрді, құқық пен сот ісін жақсы білуімен үндесіп жатқан мінезділігінің арқасы болды. Сол сияқты ол өзінің ру арасындағы дауларды шешудегі тәжірибелілігімен және шешендік өнерімен ерекшеленді. Көсемнің осындай жеке қасиеттері қарапайым қазақтардың арасында жоғары бағаланып, Тәуке ханның аты үш жүзге мәлім болды, халықтың айтуынша "дауласушыларды татуластыруда сирек кездесетін өнер мен адам жүрегін баулап алатын қызыл тілдің арқасында әйгілі болған". Соған қарамастан Тәуке толық билікке ие бола алмады, іс жүзінде оның әрекеті хан кеңесінің және белгілі сұлтандар, батырлар, билер съезінің шешімімен шектеліп отырды.
Тәуке билік еткен жылдары күшті сыртқы жаулардың алдында қазақ мемлекетін нығайтуға бағытталған маңызды қадамдар жасалды. Ел аузындағы деректер бойынша Кіші жүздің ең аз және әлсіз жеті руының бір тайпаға - Жетіруға бірігуі және Орта Жүздің уақтары мен керейлерінің Уақ-Керей болып бірігуі Тәуке хан есімімен байланысты. Енгізілген осындай жаңалықтар қазақ сарбаздарының әскери қабілеттілігін арттырып, тек ірі тайпалар мен рулар ғана жауға қарсы соғысқа күшті әрі жақсы қаруланған сарбаздар дайындай алатынын көрсетті.
Тәукенің ұсынысы бойынша жер мен суға байланысты топтар арасындағы бітпес даулар алауыздылықты жою үшін билер мен ақсақалдар кеңесі әр тайпа мен рудың көшіп-қону орнын анықтап берді, қазақ қоғамында қалыптасқан тарихи дәстүрлі құқық нормаларына жекелеген реттеулер жүргізілді.
Тәуке хан билік еткен уақытқа қатысты ел аузынан жеткен белгілі деректер бойынша қазақ халқының әлеуметтік қатынастарын реттеу ісінде дала заңының ролі XVIII ғ. алғашқы ширегінде күшейе түсті. Алайда, бүгінгі күні тарихшыларға ортағасырлық ескерткіш ретінде бір ғана заң - "Жеті жарғы" ғана белгілі .
Халықтың айтуына қарағанда, сол кездегі көшпелі қоғамның тұрмыс жағдайын реттеуде, даулы мәселелерді шешуде қолданылатын "жеті жарғыда" көрсетілген құқықтық нормалар мен ережелер Тәуке хан мен оның айналасындағылардың ұсынысы бойынша шығарылған. Дала өмірінде Шыңғыс ханның "Монғолдардың ұлы жазуы" (Яса) заңы өзінің көптеген ережелері өзектілігін жоғалтқан белгілі бір уақытқа дейін қолданылды.
Қазақ заңдары ұрпақтан ұрпаққа ауызша айтылып, оның толық жинағы жазбаша түрде жеткен жоқ. "Жеті жарғыны" шығаруға үш жүздің де өкілдер қатысқандықтан, бұл заңда бекітілген құқықтық нормалардың жиынтығы бүкіл қазақ даласында, бүкіл Қазақстан жерінде қолданылды деп сеніммен айтуға болады.
Осы заңдық құрылымдарды қазақ жүздерінің ішінде жүзеге асырушы әлеуметтік тұлға - билер болды. Ел ішіндегі деректер Тәуке хан өзінің саяси қызметінде бірнеше беделді билерге сүйенгендігін айтады. Ондай билер ұлы жүзде Дулат Төле би Әлібекұлы (1663 - 1756) , Орта жүзде Арғын Қазыбек би Келдібекұлы (1667 - 1763) , Кіші жүзде Әлімұлынан Самарқандтың атақты әмірі Жалаңтөс батырдың (1576-1656) немересі Әйтеке би Байбекұлы (1682 - 1766) болды.
Жыл сайын күзде үш жүздің өкілдері Ташкенттен 40 шақырым жердегі Құлтөбенің басында хан ордасының жанында 1-2 айлық кеңеске жиналып отырған. Осы жиындарда көшіп-қонудың бағыттарын реттеу, рулар арасындағы түрлі дауларды шешу, сыртқы жауларға қарсы күресу үшін қазақтардың күшін біріктіру жөніндегі мәселелер талқыланып отырды. Қазақ хандығындағы бірден-бір саяси жетекші көшпелі қоғамда аса жоғары беделге ие болған, басқа хан, сұлтан, билерге қарағанда ресми түрде "протектор-патрон" ролін атқарған Тәуке хан болғаны сөзсіз.
Бұл жылдар Қазақстанның орта ғасыр тарихындағы ең бейбіт кезең болды, ел арасындағы даулар тоқтатылып, жер даулары дер кезінде әділ шешімін тауып отырды, адамдардың тұрмыс жағдайы жақсарды. Халық есінде Тәуке ханның билікке отырған кезі "қой үстіне торғай ұя салған" кез деп сипатталуы тегін емес, яғни, бұл ең құтты, әрі тыныш кезең болды.
"Тәуке ханның заңдары" қазақтың атақты үш биі - Төле, Қазбек және Әйтеке билердің қатысуымен жасалған. Шындығында, даланың белгілі билері "Жеті жарғының" білгірлері, түрлі сот процестерінің әділ төрешілері, кеңесшілері болған. Билер адалдық пен әділдіктің жаршысы, қазы болғандықтан, олар халық арасында әділ әрі білімді адамдар ретінде танылды. Тәуке ханның тұсында дала өмірінің заңдары жүйеленіп, тәртіпке келтірілді және қатаң сақталды. Шоқан Уәлихановтың айтуы бойынша "Жеті жарғының" терең әрі озық білгірі болашақ хан Абылайдың тәрбиешісі Төле би болған.
"Жеті жарғы" дала заңдары жинағының аты ғана. ¤йткені сан-салалы әрі кең ауқымды болса да жеті ереже тұрмыс-тіршілікті толық қамти алмайды, бірақ мұнда көшпелі қазақтардың дала өміріндегі көшіп-қонудағы, малға мүлік ретінде ие болудағы психологиясы көрініс тапқан. Ал нақты дала өміріне қатысты заңдар өте көп болуы және олар адам өміріндегі жеке де, жалпы да құқықтық жағдайларды қарастырған болуы мүмкін. Мысалы, жас жігіт өзінің ұрпағы сау болуы үшін, отбасының арасында жеті буын сақталуы үшін басқа ауылдың қызына үйлену керектігі туралы заң. Бұл бап "Жеті жарғыда" да бар. Біз бұл туралы Төлегеннің Алыс аймаққа қалыңдық іздеп барып, Қыз Жібекті тапқанынан білеміз... Ал, осы поэмада болған оқиғалар XI - XII ғасырға жатады, яғни дала заңдары әр уақытта да қолданыста болған.Тек Тәуке хан тұсында ғана олар жинақталып, тіркелген.
|