Сабақ жоспарлары
Мысалы: Бейнелеу 1-6 сыныпқа сабақ жоспарлары
Главная » Статьи » Тарихи тұлғалар

ӘБІЛҚАЙЫР ХАН (1693 – 1748)

Әбілқайыр – қазақ халқының тарихына тұтастай үлесі бар тұлға 1710-1748 жылдары кіші жүздің ханы болған. Оның ғұмыр кешкен кезеңі Қазақ хандығының бірлігі әлсіреп, үш жүздің және рулардың да хан-сұлтандары өз беттерінше болмақ пейілге бойұрған тұсы еді. Осыны пайдаланған Еділ қалмақтары мен жоңғарлар қазақ жеріне басып кіріп, елді Ақтабан шұбырындыға ұшыратты. Ресей мен Қытайдың да пейілдері оң болмады. Мұндай жағдайда орталықтандырылған біртұтас билік, берік бірлік, қатаң тәртіп қажет еді. Ең бастысы қабілетті, табанды ел басшысы керек-ті. Бірақ бақталастық пен тақталастық, алауыздық ол билікті мықтыға емес, әлсізге жығып берді. 1715 жылы әз Тәуке дүние салғаннан кейін, Әбілқайыр да үлкен хандыққа – қазақ хандығына үміткер болғанымен, мұрагерлік жолы бойынша хандыққа Болат сайланады.

Әбілқайыр батыр, басшылық жасауға қабілетті кісі болған. Соғыста әдіс-айла, тапқырлық таныта білген. Оны кіші жүз хандығына да, қазақ жасағының қолбасшылығына да жеткізген осы қабілеттері. Оның қолбасшылық қабілеті, әсіресе 1726-1730 жылдар аралығындағы жоңғарларға қарсы Отан соғысында айрықша көрінеді.

Әбілқайыр ханның өмірі ауыр тартыста өткен. Ол туралы әлі күнге дейін қайшылықты пікірлер айтылуда. Оның көркем әдебиеттегі  бейнесі Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романында, Т.Ахтановтың «Ант» спектаклінде жасалған.

Әбілқайыр ханды өз замандастары тұсында да, кейін де «орысқа қарады» деп кінәлаушылық орын алып келеді. Алайда сол заманда көреген кісіге халықты жан-жақтан төнген қауіптен, мүлде ыдырап кетуден сақтаудың Ресейге арқа сүйеуден басқа жолы жоқ-ты. Бұл кейін орта жүздің де, ұлы жүздің де билеушілерінің мойындап қол қойған шындығы еді. Әлбетте Ресей империясының да соған жалғасқан Кеңестік одақтың пайдасымен бірге, ұлттық мүддеде зардапты жағдайлары болғаны мәлім. Алайда, мойындауымыз керек, қалай десек те қазақтың XVIII-XX ғасырлардағы зұлматтардан ұлттығын сақтап, тілін, ділін, салт-санасын мүлде жойып алмай, негізінің аман шығып, бүгінгідей тәуелсіз елге айналып, іргелі мемлекет болып отыруында ол таңдаудың «Алыс та болса жақын жол» болғанын көреміз.

Әбілқайыр ханға барып қайтқан сапары туралы М.Тевкелев Ресей сыртқы істер алқасына жазған 1731 жылғы мәлімхатында: «Әбілқайыр хан: «бүкіл қазақ ордасы бодандыққа қарсы болып, мені өлтіремін десе де, мен алған бетімнен қайтпаймын», — деді», — деп жазған. Осы саясатын сылтау еткен бақталастары оған көп қиындықтар мен қиянаттар жасаған. Әбілқайыр хан ақырында өштесіп, кектескен Барақ сұлтанның жолын тосып, қапыда жасаған жасақты шабуылында мерт болады. Салт бойынша әуелде ажалы жеткен жерге жерленген. Оқиға 1748 жылы Қабырға мен Өлкейік өзендерінің құйылысы – Аша деген тұста, қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданы мен Ақтөбе облысының Жабасақ аталатын жерінің түйісінде болған. Бұл жер кейінде Хан, Хан моласы деп аталып кеткен. Мұнда адамдар жеке-жеке ақ жауып, аруланып жерленбеген сыңайлы. Дара бейіт емес, қарасанына қарағанда бестен – оннан, кейбірі тіпті одан да көптен болар, ру-руымен, киім-кешегімен жерленген болса керек. Бейіттер үлкенді-кішілі төбе-төбе болып жатыр. Жалғыз-ақ дара тұрғаны – Әбілқайыр ханның алғашқы бейіті болған қорымның орта тұсындағы кесектен қаланған құлаған белгінің орны. Кейін Хан сүйегі бұл жерден алынып, басқа жерге жерленген.

Категория: Тарихи тұлғалар | Добавил: Anonymous (17.01.2013)
Просмотров: 1041 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Сағат

Сауалнама
Сайтта сізге не ұнайды !!!!!!!
Результаты
Всего ответов: 3922
Сайт мәзірі
Сайт көрсеткіші
Қазір online
Қазір сайтта: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0

Лучшая рип студия!