Сабақ жоспарлары
Мысалы: Бейнелеу 1-6 сыныпқа сабақ жоспарлары
Главная » Статьи » Тарихи тұлғалар

Сәбит Мұқанов
(І900-1973)

XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінін бірі – академик жазушы Сәбит Мұқанов. Бүкіл шығармашылық жолы кеңес өкіметінің билік құрған жылдарымен тұспа-тұс келген ол өз заманының көкейкесті тақырыптарын шығармаларына арқау етті. Әдебиеттің барлық жанрында еңбек етті. Қоғамдық мәселелермен айналысты.

Өмір жолы. Сәбит Мұқанов 1900 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар деген жерде дүниеге келеді. Қазір бұл ауыл Сәбит Мұкановтың есімімен аталады.

Жеті жасқа келгенде әкесі, бір жылдан соң шешесі қайтыс болып, жетімдіктің зардабын шегеді. Жастайынан ауыл байларының малын бағып, жалшылықта жүреді. Сегіз жасында ауылдағы молдадан оқып, сауатын ашады. Табиғатынан зерек Сәбит хат танығаннан-ақ, әр түрлі кітаптарды оқуға талпынады. Түрлі қисса, дастандарды оқиды. Абайдың, татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың шығармаларымен танысады. Көп дастандарды жатқа айтатьн болады.

Бірте-бірте әдебиетке, өлеңге қызығушылығы оянады. Он екі жасынан бастап, өлең шығаруға талаптанады. Ойын-тойда айтысқа түсіп, өлең шығарып, "өлеңші бала" атанады.

1918 жылы бірқатар жаңашыл мұғалімдерден дәріс алады. 1919 жылы Омбыдағы мұғалімдер курсын бітіріп, ауылда аз уақыт мұғалім болады.

Кеңес өкіметінің жұмысына араласады. 1919-1922 жылдары ел арасынан астық жинау науқандарына қатысады, Ақмола губерниялық комитетінде әр түрлі қызметтерде болады. 1922 жылы Орынбордағы жұмысшылар факультетіне (рабфак) түседі. Бірқатар орыс ақындарының шығармаларымен танысады. 1926-1928 жылдары әр түрлі баспа, баспасөз орындарында істейді. 1928 жылы Ленинград университетіне түседі. Бірақ тұрмыстың ауыртпалығынан оны бітіре алмайды. 1935 жылы Мәскеудегі қызыл профессура институтын тәмамдайды. Алматыға оралып, "Қазақ әдебиеті" газетінің редакторлығына тағайындалады. 1936-1937 және 1941-1954 жылдары Қазақстан Жазушылар одағын басқарады, 1937-1941 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогика институтында дәріс оқиды. 1954 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі болып сайланады. 1968 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанады. Бірнеше съездерге делегат, басшы органдардың мүшесі болып сайланады.

1973 жылы қайтыс болады.

Поэзиясы. Сәбит Мұқановтың артына қалдырған әдеби мұрасы аса бай. Ол – әдебиеттің барлық жанрында өңдірте жазған қаламгер. Шығармашылық жолын әдеттегідей өлең жазудан бастаған. Сәбит өз заманының тарихи шындығын бейнелеуде көркем әдебиеттің барлық жанрының мүмкіндіктерін мейлінше молынан пайдаланды. Оның 1917 жылы жазылған "Көңілім", 1918 жылғы "Зарығу", "Жоқшылыққа" деп аталатын өлеңдерінен-ақ, болашақ ақын жырларының басты бағыты аңғарылған еді. Оның шығармаларына ел өмірі, қазақ еңбекшілерінің тұрмысы, ой-арманы арқау болды. Сәбиттің өлеңдері қазақ халқының жарты ғасырлық өмірін өте дәл бейнелейтін, публицистикалық леппен жазылған азаматық саяси лирика болды. Кезеңде заман тынысымен, қоғамның өзгерістерімен оқушысын таныстырып, әрдайым алға жетелеп отырған бұл өлеңдер тәуелсіздік тұғырында тұрған бүгінгі оқырмандар тарих көзімен қарап, елеп-екшеп оқитын бай поэтикалық мұраға айналды.

Қазақ халқының бір белестен екінші белеске, бір қоғамдық құрылыстан екіншісіне өту жолын, 1917 жылғы төңкерістерден кейін орнаған кеңестік заманның тынысын Сәбит Мұқанов өзінің "Жұмаштың өлімі" (1923), "Альбом" (1924), "Ленин" (1924), "Балбөпе" (1926), "Октябрь өткелдері" (1927), "Ақ аю" (1935), "Жұпархан" тәрізді поэмаларында кең ауқымда жырлады. Оларда әр түрлі тарихи кезеңнің күрделі оқиғалары қамтылып, өз уақытына сай қалыптасқан адамдардың образы, іс-әрекеті көрініс тапты. Сәбит поэмаларында кешегі мен бүгінгі, ескі мен жаңа салыстырыла жырланады.

Сәбит Мұқановтың поэмалары кезінде қазақ поэзиясы үшін жетекші рөл атқарды. Ақын поэмаларында әдіс-тәсіл қолданысының небір үлгісі кездеседі. Бірқатар шығармаларында оның халықтық поэзия үлгілерімен, ауыз әдебиетінің дәстүрлерімен терең сабақтастығы аңғарылып жатады. Ең бастысы – Сәбит Мұқанов поэмаларында ежелден келе жатқан фольклорлық мұраларымызға тән бейнелеу құралдары мен ақын өмір сүрген жаңа тарихи дәуірдің өзгешелеу ырғағының қызықты үйлесімі бар.
"Сұлушаш" поэмасы. Сәбит Мұқановтың қазақ әдебиетінің алтын қорына қосқан талантты шығармаларының бірі – "Сұлушаш" поэмасы. Оны өлеңмен жазылған роман деп те атайды. Қалай болғанда да осы шығармасы арқылы ақын дәуір шындарын тарихи тақырып тұрғысынан кең қамтып бейнелеуде елеулі табысқа жетті.
Шығарманың сюжеттік желісін ел аузындағы аңыздан алғанымен, ақын оны өз дәуірінің талабымен шебер ұштастырады. Жастардың бостандыққа ұмтылуы арқылы автор жалпы адамзат баласына тән азаттыққа ұмтылу идеясын көрсетеді.
Автор аңыздағы халықтық сарынды сақтайды да, оқиға мазмұнына өз жанынан өзгерістер енгізеді. Сол арқылы өмір шындығын, әлеуметтік мәселелерді терең бейнелейтін реалистік шығарма жасайды. Поэмадағы оқиға бірін-бірі сүйген екі ғашық – Сұлушаш пен Алтайдың махаббатына кұрылған.
Поэманың кейіпкерлері Сұлушаш пен Алтай екі түрлі әлеуметтік ортадан шыққан. Сұлушаш атақты Тілеуберді байдың ерке өскен қызы болса, Алтай – байдың малын бағып жүрген жалшы жігіт. Өмірден көрген қиындығы мен таршылығы Алтайдың намысшыл, жігерлі болып өсуіне ықпал етеді. Оның бойында тағдырдың әділетсіздігіне қарсылық, наразылық ерте оянады.
Алтай Сұлушашқа ғашық болады. Қыз да өнерлі жігітті ұнатады. Бірақ қоғамдағы салт-сана тәртібі екеуінің қосылуына жол бермейді. Өйткені бірі – байдың қызы, бірі – құл мен күңнің баласы.
Армандарына жету жолында жастар көп қиындықтар көреді. Озбырлардан қанша қысым көрсе, олар өз сезімдері жолында бастарын тәуекелге байлайды. Махаббатқа адалдық оларды неге болса да тайсалмай қарсы тұруға жетелейді. Алтай мен Сұлушаштың озбыр топтан қашып шығып, қол ұстасып иесіз тауды паналаған кездерінде, ашығып-тарыққанда оларға осы сезім қуат береді. Алтайдың жанында сенімді серігі Қайсар болады.

Үшеуі тауды паналап, талай қиындыққа кездеседі. Құстың ұясынан жұмыртқа алам деп жартасқа өрмелеген Қайсар құздан кұлап өледі. Алтай мен Сұлушашты оңайлықпен ұстай алмасын білген қуғыншылар таудың етегіндегі қалың орманға өрт қояды. Сондай бір сәтте өрттен қашқан жолбарыспен бетпе-бет келген Сұлушаш жар басынан өзенге секіріп суға кетеді. Жан досы мен сүйген жарының өлімін көрген Алтай өз жүрегіне өзі қанжар салып көз жұмады.

Ел ауызындағы аңыз желісіне құрылған поэманың оқиғасы осындай. Адам баласының бас еркіндігін аңсаған жастардың трагедиясы аянышты. Дегенмен бұл трагедияны ақын бірлі-жарым жастардың басындағы күй ретінде суреттемейді. Оны әлеуметтік мәселе дәрежесіне көтереді. Бұл қайғылы оқиғаға себешпі сол кезеңдегі қазақ өміріндегі әлеуметтік теңсіздік екенін баса айтады.

Поэмадағы оқиғалар біріне-бірі жалғасып, ширек дамиды. Кейіпкерлердің іс-әрекеті де үнемі үдеп, бірте-бірте тұлғалана түседі. Оқиғаны баяндауда, кейіпкерлердің образын сомдауда автор фольклорлық бейнелеу құралдарына жүгініп отырады. Мәселен, С.Мұқанов суреттеген Сұлушаштың сұлу бейнесі де, байдың қызы бола тұрып, кедей жігітке ғашық болуы, сол жолда мерт болуы да лиро-эпостық жырлардағы ару қыздарға ұқсайды. Дегенмен Сұлушаштың іс-әрекеті нақты, өз дәуірінің әлеуметтік жағдайларымен үндес, шынайы өмір шындығымен астасып жатыр.

Парасатты, көркіне ақылы сай Сұлушаш ғашығы Алтайдың кедейлігін мін санамайды, онын адамгершілік қасиеттерін қадірлейді. Алтайдың бойында да байлар әулетіне деген ыза мен кек бар. Өйткені көзін ашқаннан бері көргені – байдың есігіндегі жалшылық, жоқшылық, қиянат. Дегенмен шынайы махаббат сезіміне келгенде екі жастың арманы да, мақсаты да үндесіп кетеді. Бірлесе отырып өмірдегі қиянат атаулыға қарсы, адамның бас еркіндігі жолында ақтық, сәттеріне дейін күреседі.

"Сұлушаш" поэмасында автор тек әлеуметтік мәселелерді, екі ғашықтың махаббат жолындағы трагедиялық тағдырын ғана суреттемейді. Поэмада адалдық» ар тазалығы мәселесі бар. Сұлушаш пен Алтай арасындағы ғашықтық арқылы ақын махаббатқа адалдық, ардын тазалығы туралы мәселе көтерсе, Қайсар образы арқылы досқа адалдық, адамгершілік тазалығы жайынан оқырманға ой тастайды. Поэманың композициялық құрылымы шебер, тілі көркем. Бейнелеу құралдары әр алуан. Оқиға барысын, кейіпкерлерінің іс-әрекетін баяндағанда, ауыл тіршілігін, жылқышылар өмірін, табиғат көріністерін сипаттағанда, ақын қарапайым бояумен әдемі өрнек салады. Поэма кейіпкерлерінің ішкі толғаныстарын, сезім күйлерін әсерлі бейнелейді.

Категория: Тарихи тұлғалар | Добавил: nauriz (14.09.2012)
Просмотров: 2107 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Сағат

Сауалнама
Сайтта сізге не ұнайды !!!!!!!
Результаты
Всего ответов: 4012
Сайт мәзірі
Сайт көрсеткіші
Қазір online
Қазір сайтта: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0

Лучшая рип студия!