Сабақ жоспарлары
Мысалы: Бейнелеу 1-6 сыныпқа сабақ жоспарлары
Главная » Статьи » Тарихи тұлғалар

Уәлиұлы Абылайхан
УӘЛИҰЛЫ АБЫЛАЙХАН

Уәлиұлы Абылайхан (1711-1781) - қазақ халқының әйгілі ханы. Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы, төре. Шежіре деректері бойынша Шыңғыс хан - Жошы хан – оның төртінші ұлы - Тоқайтемір - Қожа - Бадақұлан - Өріс хан - Құйыршық хан - Барақ хан - Әз Жәнібек - Жәдік - Шығай хан - Ер Есім хан - Жәңгір хан - Уәли Сұлтан - Қанішер Абылай сұлтан - Көркем Уәли - Абылай (Әбілмәнсүр) хан болып таратылады. 
Абылай хан, әкесі Көркем Уәли Түркістанға сұлтан болып тұрған кезде дүниеге келген. Бұл кезең қазақ халқы үшін жойылып кету қаупі төніп тұрған, өлім мен өмірдің арасында күн кешкендей алмағайып заман болатын. Батысында отаршылдық дәмін татып, тәсілін меңгеріп үлгерген Ресей империясы кеуделеп келе жатты. Шығысында өзін аспан әміршісіне балайтын Қытай империясы айдаһардай ысқырып тұрған кез. Оңтүстігіндегі елдерді ислам фанатизмі тұтастындырып, тәңірлік наным сенімді өмір салты еткен қазақ даласына олар да ит көрген ешкідей ажырайып қарайтын. Әсіресе, көшпелі өмір салты ұқсас, мекен тұрағы жапсарлас Жоңғар хандығы деп аталатын ойраттардың саяси бірлестігі (1635 - 1758) аш бүйірден шаншудай қадалады. Осынау тарихи жағдайды сол кездің дуалы ауыз ақыны бір ауыз өлеңмен былай бедерлейді: 

«Былай барсаң Қоқан бар, 
Қоқаңдаған әкең бар. 
Былай барсаң Қалмақ бар, 
Күшіңді еппен алмақ бар. 
Былай барсаң Қытай бар, 
Жапырағыңды бұтай бар. 
Былай барсаң орыс бар, 
Балаңды берсең қоныс бар.

Бір шумақ өлең аясына сол кездің әскери саяси ахуалы ғана сыйып тұрған жоқ, сонымен бірге қазақ даласына сұғын қадаған елдердің дипломатиялық талғам тәсілі мен басқыншылық тактикалары да айқын аңғарылады. 
Абылай хан көзін ашар-ашпастан тағдырдың осындай зұлмат тауқыметімен беттесті. Жастайынан жетім қалған Абылай Төле би сияқты ақылгөй абыздың, Әбілмәмбет сияқты ханның, Бөгенбай сияқты батырдың тәрбиесін көріп ел жұрттың саяси әлеуметтік өміріне қоса жорық жортуылдардың да қыр сырына көз қанықтырып, көңіл зерделетіп, бой үйретіп өседі. 
Абылай ханның бүкіл өмірі бір ғана мақсатқа бағынды. Ол ең далада еркін өскен қазақ халқын аман сақтап қалу үшін барлық ақыл-ойы мен қажыр қайратын сарқа жұмсады. Осынау ұлы мұрат жолында Абылай хан пендешіліктің бәрін тәрік етіп, шын мәнінде исі қазақтың біртуар көсемі бола білді. Ол он бес жасынан бастап қан майданды көзімен көріп, кейін небір қырғын шайқастарда жеке басының ерлік тапқырлықтарымен жеңіс туын желбіретті. Талай рет жекпе жекке тіленіп түсіп, Қалдан Шеріннің сүйікті жиені Шарышты бірме бір шайқаста өз қолымен өлтірді.

«Ықпалы жүрген ер еді, 
Алтыннан қылыш будырған. 
Абылайлап ат қойып, 
Жауды көрсе құтырған»,

деп жырлады оның ерлігіне сүйсінген жырау. Бұл орайда, Абылай хан өзінен бұрынғы Мүде, Бумын, Күлтегін, Шыңғысхан, Ақсақ Темір, Едіге, Тоқтамыс, Әз Жәнібек, Керей, Бабыр, Есімхан, Қасымхан сияқты, өмірдің барлық сәтінде жеке басымен үлгі өнеге бола білген көшпелілер көсемінің соңғы тұяғы еді. Ел қамы, халық тағдырына қатысты істе Абылай хан ештеңеден тартынған жоқ. Ол елі мен жеріне қауіп төндірген Ресей мен Қытайға тосқауыл болу үшін күші жетпей, сөзі өтпей қиналған сәттерде ең сүйікті бел балаларын кепілдікке берді. Рухы осындай мықты Абылай хан ардақты батырлары қан майданда қаза тапқанда көзінің жасын сығып тастайтын кездері болған. 
Абылай хан ауырып жатқанда Бұхар жырау былай деп көңілін сұрапты деген сөз бар:

«Қалыңсыз қыз алдырған, ханым ай, 
Қайырусыз жылқы салдырған, ханым ай. 
Үш жүздің боздағын жолыңа шалсам, 
Қалар ма екен бір шыбындай жаның ай!» депті. 
Халыққа қадірі артқан ханға айтылар сөз осындай ақ болар еді. 

Абылай хан қазақ халқының тарих сынынан аман өтуі үшін ең алдымен елдік тұтастық пен дербестіктің қажет екенін терең түсінді. Ол бүкіл қажыр-қайраты мен ақыл-айласын тек қана осы мүддеге бағындыра білді. Бұл мүддені жүзеге асыру жолында ол ерлік ісімен де, шешендік тапқырлығымен де, көреген ақылымен де, шебер ұйымдастырушылығымен де төңірегін таң қалдырып, өз замандастарының бәрінен де бір бас жоғары тұрды. Абылай хан қазақтың айыр көмей, жез таңдай ақын жырауларын, абыз билерін ғана аузына қаратып қойған жоқ. Ол Қытай мен қалмақ тілдерінде еркін сөйлеп, олардың да ықпалды адамдарын ұтқыр сөздерімен тосылтып отырды. Абылай хан қазақтың дәстүрлі мәдениетіне де жүйрік болды. Ол өз жанынан тамаша күйлер шығарып, Шоқан айтқандай, сол заманның эпикалық қарымдағы ерлік істерін күй тілінде бейнелей білді. 
Абылай хан қазақ халқының саяси әлеуметтік өміріне қырық жылдан астам уақыт ықпал етіп, билігін жүргізді. Бұл ретте, Әбілмәмбет өлген соң ғана Абылай ресми хан болды деп келетін кәуесет Ресейдің аққаптал саясатынан туындаған жалған сөз. Себебі, Абылай сияқты ірі тұлғаны мойындамау арқылы оның беделіне шіркеу келтіреміз деген дипломатия ол кезде осыны қажет етті. Ол жөнінде И.И.Неплюев: « Қырғыз халқында бас ханның болуы пайдалы болмайтыны былай тұрсын, зиянды да болуы мүмкін» деп жазды. Ал, ақиқатында Абылайдың ақ киізді басып, хандық биліктің тізгінін қолына алғаны Әбілмәмбет өлетін 1771 жылдың көп бұрын. Бұл жөнінде Толыбайұлы Арыстан ақынның мынандай өлеңі бар:

Қылады мекережде байлар сауда, 
Топ бұзар батыр жігіт қалың жауда. 
Сұрасаң Абылайдың тұрған жері, 
Хан болған қырық сегіз жыл Көкшетауда».

«Халық айтса қалып айтпайды», Әбілмәмбет ханның 1744 жылы Түркістанға көшуі хандық биліктің Абылайдың қолына әлде қашан көшкендігінің белгісі. Абылай ханның ордасы Көкшетауда болғанмен, оның ықпалының үш жүзге де жүріп тұрғаны тарихи ақиқат. Бұл ретте, ең беделді айғақ Абылай ханның саяси, әскери, әлеуметтік көреген де тегеурінді қимылдары болса керек. Жоңғарлардан азат болған шығыстағы байтақ алапқа Алтай асырып қазақ ауылдарын қоныстандыруы, елдің батыс шекарасының сыртындағы Пугачев дүбірін қолдап, үш мың жан кешті сарбаздарының орыс бекіністеріне шабуыл жасауы, оңтүстікте қырғыздарға қарсы жорық ашып, Іленің сол жағасы мен Шу бойындағы шұрайлы қоныстарды қазақтардың өзіне қайтарып беруі, жай қайтарып қоймай, осы жолы әйгілі Жайыл қырғынында ел рухын аспандатып, жеңіс туын желбіретуі, сөйтіп қазақ пен қырғыз арасына Нарынқолдан Қордайға дейін шекара тартып беруі, бұл шекараның күні бүгінге дейін сақталып отыруы, міне, осынау, ел тағдырының шешуші сәттері Абылай ханның бүкіл халықтық ұлы хан болғанына бұлтартпас айғақ. Мұның сыртында Ресей патшалығымен және Қытай боғдыханымен жүргізген икемді саясаты өз алдына.... 
Абылай хан туралы әйгілі тарихшы А.И.Левшин былай деп жазды: «Ол ақыл парасаты жағынан болсын, қол астындағы халқының күші мен санының басымдылығы жағынан болсын сол кездегі қазақ даласын билеген замандастарының бәрінен де басым еді»

Категория: Тарихи тұлғалар | Добавил: nauriz (31.01.2014)
Просмотров: 960 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Сағат

Сауалнама
Сайтта сізге не ұнайды !!!!!!!
Результаты
Всего ответов: 4009
Сайт мәзірі
Сайт көрсеткіші
Қазір online
Қазір сайтта: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0

Лучшая рип студия!